Сенбі, 23 Қараша 2024
Міне, көрдің бе? 8342 1 пікір 23 Мамыр, 2014 сағат 16:08

НАҒЫЗ ҚАЙЫСПАС СУРЕТШІ


Кеше Алматыдағы "Ғалымдар үйінде" антиядролық "Невада-Семей" халықаралық қозғалысының 25 жылдығына арналған  конференция болып өтті.  Бұл бас қосу басталғанда жиналған жұртшылық 12-гимназияның Балалар хорына қосылып, антиядролық  қозғалыс гимні  "Заман-айды" шырқады. Олжас Сүлейменовтың, Мұрат Әуезовтың, қозғалыс ардагерлерінің сөздері  өте әсерлі болып, тереңдігімен баурады. Ардагерлер түрлі естеліктер айтты. Осы ширек ғасыр ішінде дүниеден өткен қозғалыс белсенділерінің есімдері ілтипатпен еске алынды.  Әрбір облыстардан келген "невада-семейліктер" қазіргі кезде өз өңірлеріндегі экологиялық ахуалдардың қаншалықты ушығып отырғанын нақты мысалдармен жайып салды. Әсіресе, еліміздің мұнайлы батыс аймақтарынан келген делегаттардың ашына отырып келтірген дәйектері төбе-құйқаны шымырлатты. Мұнай өндірудегі атүстілік пен мисыздықтың экологияға тигізіп отырған орасан зияны, байлықтың соңына түскен алпауыттардың  жойдасыз әрекеттерінің кеселінен бүгінгі және келешек ұрпақтардың  денсаулығының құруы, туған жердің тозуы жөніндегі нақты мысалдарға негізделген баяндамалар Қазақстан төбесіндегі қауіптің бұлты  қайта қоюлана бастағанын аңғартты. Кофе-брейк кезінде қозғалыстың қарағандылық белсенді мүшесі, полигон құрбаны және антиядролық қозғалыс символы атанған қолсыз суретші  Кәріпбек Күйіков бауырым қасыма келіп: «Аға, екеуміздің бірге түскен суретіміз жоқ екен, түсейікші» деді. Түстік. Бірнеше рет. Мынау соның бірі. 

Кәріпбекті білмейтіндерге бір ауыз сөз.

Суретші Кәріпбек Күйіков 1968 жылы Егіндібұлақта туған. Тумыстан екі қолсыз, белі бүкіштеніп дүниеге келген ол қаршадайынан Алматы мен Ленинградтың  ортопедиялық институттарының зерттейтін әрі протез сынайтын объектісіне айналған. Мүгедек балаларға арналған арнайы мектеп интернатқа қабылданған. Сонда жүріп, бояулы қарындаштарды алғаш көргеннан-ақ  ол суретші болуды армандайды.  Сөйтіп, қалай болса да, қайтсе де сурет салуға ұмтылған. Қолы болмағандықтан алғашында аяғымен салуға машықтанған. Құдай  оған қол бермесе де талант берген екен! Оның қылқаламды башпайына қыстырып салған суреттеріне жұрт қызыға бастайды. Бірақ, мольберт алдында ұзақ отыру белін одан ары бүкірейтетін болған соң дәрігерлер оған аяғымен сурет салуға тиым салған. Қайсар мінезді Кәріпбек бұған мойымай, ендігі уақытта қылқаламды аузына тістеп алып, тісімен сурет салуды үйреніпті. Қандай қажыр, неткен төзім, не қылған өмірге, өнерге құштарлық десеңізші!

 Тырнақалды туындыларының ең елеулісі «Жарылыс» деп аталады.  1989 жылы О.Сүлейменов «Невада-Семей» қозғалысын құрғанын естіген ол Олжасқа хат жазған екен.  Сол тұста, оның Жазушылар одағындағы орынбасарларының бірі ретінде антиядролық қозғалыстың ақпараттық жұмысына белсене араласып, үйлестіру кеңесінің мүшесіне айналып, гимнінің сөзін  жазып  жүрген күндерімнің бірінде Кәріпбекпен таныстым. Олжас оны өзі ұйымдастырған «Алматы –Хиросима» телекөпіріне қатысуға шақырған болатын. Дүниені дүр сілкіндірген бұл әйгілі телекөпірден Кәріпбектің албырт жүзін көріп, жан тебірентерлік сөзін естіп, тамаша туындыларымен танысқан жапон елі оны да Олжаспен бірге халықаралық форумға қатысуға шақырды. Токио, Хиросима, Нагасакиде оның картиналарының көрмесі болды. Жапония сапары оның атын кеңістікке шығарып, өнерін әлемге танытты. Бұдан кейін оның тісімен салған картиналары дүниежүзін шарлады.  Көрмелері Америка,Германия,Түркияда, Қытайда және Қазақстан қалаларында да ұйымдастылып, айрықша табыспен өткізілді. Таңдаулы туындылары осы елдердегі жеке және мемлекеттік коллекцияларға алынды. Сөйтіп, тағдыр тақсіретін тартқан қолсыз суретші антиядролық қозғалыстың бетжүздігіне әрі қажымас қайраткеріне айналды.  Сол кезеңде аждаһа полигонды жаптыру үшін Алматы мен Семейде өткізілген қаншама шараларға бірге қатысып, үзеңгілес жүрдік. «Мен өмірге тістей қатып жабысқан адаммын» дейтін ол. Оның тісімен салған суреттерін біздер қос қолдап сала алмаймыз. Нағыз азулы,  нағыз қайыспас қайраткер,  қаһарман суретші! Төменде Кәріпбектің екі туындысын назарларыңызға ұсынып  отырмын.   

 Ұлықбек Есдәулет

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371