«ЖЫРТЫҚ ҮЙГЕ ТАМШЫ ЖАУ»
Биыл Халық артисі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, кинорежиссер жерлесіміз Шәкен Аймановтың туғанына - 100 жыл!
Қазақтың ұлттық театр және кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Шәкен Айманов режиссерлік шығармашылықпен де айналысты, «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарды. Баянауыл жерінде өзінің бірнеше фильмін түсіргені де көпшілікке аян.
Айтайық дегеніміз Баянауыл ауданының орталығындағы төрт мектептің бірі - №1 қазақ гимназия мектебі 1973 жылдан бері Шәкен Аймановтың есімімен аталады. Мектептің іргетасы 1938 жылы қаланған, яғни сол жылы ғимараты салынып, 1939 жылы алғаш рет шәкірттерін қабылдаған екен. Жарты ғасырдан астам уақыттан кейін, нақтылай айтқанда 1994 жылы құрылысы 3-4 жылға созылған қазіргі ғимаратқа - Бүркітбай көшесіндегі №1 үйге көшірілген. О баста алыстағы малшылардың балалары үшін интернат салу көзделгенімен, қаражат тапшылығына байланысты бұл құрылыс салынбай, оның орнына осы мектептің бұрынғы (1938 жылы салынған) ғимараты интернат есебінде, міне күні бүгінге дейін пайдаланылып келеді.
Қазіргі уақытта 504 орындық гимназия мектебінде 246 оқушы білім алады, 25 түлек мектеп бітіреді, 11 бала дайындық сыныбында екен. Яғни алдымыздағы жаңа оқу жылында 11 бала мектеп табалдырығын аттайды.
Мектептің салынғанына аз ба, көп пе, 20 жыл, ширек ғасырға таяу уақыт өтіпті. Тау мен тасты да шөктіретін уақыт мектеп ғимаратын айналып өткен жоқ. Қазір білім ордасы тозыңқырап тұр. Жыл сайын сылап-сипап, тазартып, күтімге алынғанымен, ескіргені анадайдан көзге ұрады. Мектептің шағын ауласында Шәкен Аймановтың мүсіні қойылған. Бірақ атауы ғана, әйтпесе мүсін тұрпаты Шәкен ағаға мүлдем ұқсамайды әрі көзге қораш, әйгілі актерге, қала берді гимназияға мүлдем лайық емес. Екінші бір мәселе - жаңбыр жауғанда, қар ерігенде мектеп төбесінен су ағады.
Білім ордасына 2009-2010 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Алғашында жылу жүйесі, келесі жылы төбесі мен акт залы жөнделген.
- Күрделі жөндеуде ғимараттың төбесіне жұмсақ жабын жабылған. Ол біздің жақтың күрт өзгеретін ауа райына мүлдем сәйкеспейді, - дейді мектеп директоры Баянбек Қайырбекұлы. - Су аққан тұстарды битум ерітіп, өзіміз жөндейміз, бірақ жарылып, қайтадан су ағады. Осы жағдай жүдетіп тұр, - дейді ол.
Мектепте Шәкен Аймановтың мұражайы бар. Өткен күздегі бір іссапарда соғып, жай-күйімен танысып кетіп едік. «Баяғы жартас - сол жартас» күйінде тұр. Шәкен ағаның көзі деп тамашалайтын ешбір зат жоқ. Тек бір ғана қаламы мен «Шәкең иығына жамылған еді» деп Кәукен, Асанәлі ағалар сыйға тартқан екі шапан ғана бар. Төрт қабырға толы «жәдігерлер» тек актердің кинофильмдердегі фотосуреттері ғана. «Мұғалімдер Алматыдағы «Қазақфильмге» барып, жәдігерлер іздестіріп еді, ештеңе табылмады. Ол жақтағы Шәкеңнің мұражайы жөндеуде екен» дейді Баянбек Қадырбекұлы. Мектеп ұжымы актердің осы фотосуреттерін түрлі-түсті етіп жасауды көздеп отыр. Жалпы, мұражай ішін талаптағыдай жасау үшін қаражат бөлінбекші. Ол қалай болар екен? Бір қаламсап пен екі шапан үшін ақша шығындап, мұражай ішін алтынмен аптап, күміспен күптесе де, жәдігер болмаса мәні болмайды ғой.
Актердің туғанына 100 жыл толуына орай мектеп ауласындағы мүсіннің орнына лайықты ескерткіш орнатылмақ деген игі хабар да естілді. Бәрекелді! Ол ескерткіш Шәкендей өнер алыбының атағын аспандатып, мектеп ғимаратының іші мен сырты талапқа сай болса, қанекей!
Ұлттық театр және кино өнерін биікке көтеріп кеткен, Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға атсалысқан талантты жерлесіміз Шәкен Аймановқа көрсетілер құрмет оның атақ-даңқына, елге сіңірген еңбегіне лайық болуы тиіс!
Жоғарыда мектептегі мұражайды сөз еттік. «Ойды ой қозғайды» демекші, тағы бір мәселе - Баянауыл ауданы - қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, өнері мен ғылымына аса қомақты үлес қосқан ұлы тұлғалардың Отаны. Бұқар жырау, Шоң би, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан бастап С.Торайғыров, Қ.Сәтбаев, Ш.Шөкин, Ә.Марғұлан, Ә.Бектұров, Е.Бекмаханұлы, Ж.Аймауытов, Д.Әбілев, З.Шашкин, З.Ақышев, Қ.Исабаев, Ш.Айманов, К.Кенжетаев, Ж.Шанин , т.б. осы өңірдің тумалары. Әрқайсысы бір-бір тарихқа айналған осынау тұлғалардың арасында Қ.Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, С.Торайғыровтың ғана (кейбіреулерінікі мектептерде бар) мұражайлары бар. Е.Бекмаханов, Ж.Шанин, Ш.Айманов, К.Кенжетаев, З.Ақышев, Д.Әбілев, т.б. есімдері мен еңбектері тек мерейтойларында ғана там-тұмдап айтылғанымен, елеусіз қалып келеді. Олардың өмірі мен шығармашылықтары бір үлкен музейге сұранып-ақ тұр. Баянауылдың ортасында өлкетану музейі ашылып, жоғарыдағы есімдері аталған тұлғаларға бір-бірден зал арналып, кеңінен дәріптелсе деген ой мазалайды.
Сая МОЛДАЙЫП
Дереккөз: «Сарыарқа самалы» газеті
Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: «Жыртық үйге тамшы жау»-дың күйін кешуде!