Жұма, 22 Қараша 2024
Экономика 11565 0 пікір 6 Қаңтар, 2015 сағат 11:22

«СӨЗДЕРДІ ДҰРЫС ҚОЛДАНУ, ӘЛЕМДІ ТҮСІНБЕУШІЛІКТЕН АЗАТ ЕТЕДІ»

 

«Общественная позиция» газетінің «бас оқырманы» - Ермұрат Бапи мырза 2014-жылдың 30-қаңтарында бір бағана арнау жазып, өзіміздің әріптесіміз, ғалым-экономист Болат Хусайынов мырзаның ҚазТАГ тілшісіне орыс тілінде берген сұхбатының тәржімесін жариялаған болатын. Бапи мырза өз арнауын: «... Бөкеңнің дегеніне қарсы шығам немесе анау-мынау қосарым бар деп, білек сыбанып шығар экономист болса, газеттің төрт бетін тегін беруге бармыз», - деген уәдемен аяқтаған еді.

Шет елден «шен алып, шекпен кимесек те», «қоянды – қамыс, ерді – намыс өлтіреді» дегендей, оның үстіне ағылшын тілін жете меңгергенімен қазақ «әліпбиін таяқ» деп танымайтын әріптесіміздің әңгімесіне қарап отырып, қолға қалам алуға бел будық. Бұл қадамға баруымызға тағы бір себеп болған жайт, жоғарыда аталған арнаудағы «қайсың барсың-ау?!» - деп атой салғандай әсер еткен мына бір жолдар болатын.«Елдегі нақты экономикалық жағдайды саясатпен араластырып, бұтын-бұт, қолын-қол ғып беретін экономистер жоқтың қасы. «Мен – экономистпін» деп жүрген бірен-сараны «бас жаққа» бармай, түртіп қашудан арғыны қазудан қаймығады,» - делінген еді.

Арнау басындағы саясат пен экономика егіз ұғым және бірін бірі айқындайтын тұтас дүние, – деген Бапи мырзаның өте орынды, ақсиомалық пайымдауын қолдай отырып, алайда «бөрік кигеннің намысы бір» демекші, еліміздің қазақи экономистерінің баршасына сенімсіздік білдіруіне қосыла алмайтынымды мәлім етемін.

Өйткені «экономикалық жағдайды саясатпен араластырып, бұтын-бұт, қолын-қол ғып беретін» өзім білетін экономист ағаларымыз бір төбе. Нақты айтар болсақ, Астанада – академиктер Арыстан Есентүгелов, Сайлау Байзақов, Ғабдығаппар Сеитқасымов, профессор Орақ Әлиев, Алматыда – академиктер Оразалы Сәбден, Аманжол Қошанов, профессор Тоқтар Есіркепов, Қарағандыда – профессорлар Әбділда Әлімбаев, Қуандық Айнабек, Ақтөбеде – профессорлар Үкібай Байжомартов, Бауыржан Жүнісов, Ұбайдолла Мәмбетов, Түркістанда – академик Серік Ыдырыс тағы басқалары. Бұл аталғандар алпыстан асып, жетпісті алқымдап, сексенге аяқ басқан «аға буын» өкілдері ал кейінгі жас «іні буын» өкілдері қаншама ...

Өзім атаған «ағалар» («үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» - демекші) суырылып шығып, Бапи мырза қойған талап деңгейінен табылып, барша қазақ экономистерінің абыройын көтеріп-ақ тастар деп үміттеніп жүргенде зымырап жылға жуық уақыт өтіп, тіпті мемлекетіміздің Елбасы, ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев келесі жылға (2015) Қазақстан халқына кезекті жаңа «Нұрлы жол» атты  Жолдауын да ұсынып үлгеріпті. Ал Бапи мырза қойған төрт сұрақ өз жауабын әлі де таппапты. Сондықтан «сен кім едің соншама?» деуі мүмкін болса да,   Болат Хусайынов жауабын бермей кеткен сұрақтарға кезек-кезек түсінік беріп, «...төрт беті тегін берілетін» газетке «экономистпін» деп білегімді сыбанып шығып отырмын, «ештен кеш», - дегендейін.

Оқырманды «Дат» газетінің өткен жылдың 30-қаңтарындағы нөмірін іздетіп әуреге салмау үшін Бапи мырзаның жауапсыз қалған сұрақтарын рет-ретімен, мәтінін келтіре отырып, кезек-кезек жауап берейік. Сонымен, 1-сұрақ. Әлемдік өркениет пен дүние жүзілік экономиканың даму биігінен қарайтын болсақ «орта шаруа» деген кім?

Қанша қайталасаң да маңызын жоймайтын даналық тұжырымдар қатарынан Рене Декарттың: «Сөздерді дұрыс анықтасаңыз, сіз әлемді түсінбеушіліктің жарымынан азат етесіз» - деген нұсқауын атауға болады. Мәселені осы тұрғыдан қарастырар болсақ, Бапи мырза қаншалықты ойы ұшқыр, тілі өткір, қаламы үшкір, қазақ атаулына қорған, шенеунік атаулына қаһар шашып, найзадай түйрелетін қаламгерлер ішіндегі бетке ұстарымыз деп мойындасақ та, өкінішке орай, экономика ғылымы тұрғысынан алғанда, «орта шаруа» ұғымының архаизм немесе көнерген, ал «өркениет пен дүниежүзілік даму биігінен қарайтын болсақ», мүлдем айналыстан (қолданыстан) шығып қалған ұғым екенін мәлімдеуге мәжбүрміз.

«Орта шаруа» XX ғасырдың 20-30шы жылдары большевиктер кеңінен қолданысқа енгізген ұғым болатын. Ешкімді жұмысқа жалдамай, жаттың еңбегін қанамай, өз жеке мешігі мен өзінің және отбасы мүшелері: қатын-қалаш, бала-шаға, туған-туыс еңбегіне сүйеніп, ауыл шаруашылығында өндіріс жүргізіп, ауқатты қожалық жасағандарды «орта шаруа» қатарына жатқызған. Большевиктер орта шаруа жеке меншік иесі және ауқатты қожайын ретінде бізге жау, алайда өз еңбегімен тірлік жасап, кулак сияқты қанаушылық жасамағандықтан – ол бізге дос деп есептей келе, оны бір жола «дос» қылу үшін жеке меншігінен бас тарттырып, ұжымдық меншік – колхозға біріктіріп, колхозшыға айналдыруды коллективтендіру науқаны арқылы жүзеге асырды. Қазақстандағы 1929-1933 жылдардағы коллективтендіру ең ауыр, қасіреті шексіз нәубәтке айналып, елімізде қазақ ұлтының 3,5 миллионға дейін адамын қырғынға ұшыратып, «Голощекин геноциді» деген атпен Қазақ халқының тарихынан орын алды. Ал 1936 жылы И.В. Сталин «Социализмнің КСРО-да жеңіп, оның іргетасы, негізі қаланды» деген мәлімдемесінен кейін «орта шаруа», орысша «середняк» деген ұғым қолданыстан біржола шығып қалған. Сол кезеңнен бері бұл ұғым тек әдебиет пен тарихи шығармалар еншісіне бұйырған.

Ендеше, бәлкім, Ерекеңнің «орта шаруа» дегені «орта тап» болар деп пайымдаймыз. Өйткені, жоғарыда аталған арнау басында, «...елдегі тұрмысы орта класстағы (астын сызған-біз) халықтың үлесі басым болады» - деген сөз тіркесі осылайша қабылдауға икемдейді. Мәселе осылайша өрбісе, онда жағдай мүлдем басқаша... Сонымен, «бүгінгі әлемдік өркениет пен дүние-жүзілік экономикалық даму биігінен қарайтын болсақ», кез келген заманауи мемлекет билігінің (Куба, Солтүстік Корея мен Қытайды есепке алмағанда) сүйенері де, сенері де, капитал мен жеке-меншік кәсіпкерлікке негізделген қоғамның ірге тасы да «орта тап» болып табылады. Қоғамы өз мүшелерінің табыс көзіне, әл-ауқатына, атқаратын қызметі мен алатын саяси-әлеуметтік орны мен рөліне қарай таптарға жіктелетіні белгілі.

Мәселен, егер адам өз жұмыс күшін саудаға салып, капитал иесі – кәсіпкерге жалданып, оның қарамағында, оның әмірімен, оның тапсырмасын орындап, еңбек етіп, жалақы түрінде табыс табатын болса, онда ол жалдамалы жұмысшы табына жатады. Бұл тапқа мемлекет пен билік ешбір сенім арта алмайды. Өйткені, өзінің енжарлығы, жалқаулығы, ізденіс, талпыныс жасауға бейімсіздігінің салдарынан кедей болып күн кешіп, біреудің дегенін істеп, бағынышты тірлік жасай отырып, өз кедейлігін басқадан көріп, өзгенің байлық, дәулетіне не сұраншақ, қайыршылық, немесе қызғаныш пен қарақшылық көзбен қарап, «күні кіжінумен» өтетін тап –бүгінгі билікке тірек емес.

Кезінде большевиктер жұмысшы табы мен кедейлерді өздерінің коммунистік идеяларын жүзеге асыру барысында қолданып бақты. Тіпті, жұмысшы тапты билеуші тап (пролетариат) деңгейіне көтеріп, еңбекші халықтың ең озық, ең жаңашыл бөлігі деп идеологияда әсірелегені баршамызға аян. Еліміздің әлем өркениетінің даму жолының жиегіне шығып қалуы да, ұлттық болмысымыз, халық санының салмақтылығынан ұтылуымыз да, ұлттың бетке шығар қаймағындай алаш зиялыларынан айрылуымыз да, басқа да толып жатқан «әттегене-айлардың» негізгі себебі «пролетариат диктатурасы» мен «жұмысшы таптың гегемониясы» екені белгілі.

Ал бүгінгі нарықтық экономикаға негізделген демократиялық бағыт ұстанған мемлекеттердегі билік жүйесінің сенгені бұқара халық, жалпы тұрғындар емес, пролетарий де емес, қаржы олигархтары да емес, ірі кәсіпкерлер миллиардер, миллионерлер де емес, өйткені аталған таптардың ешқайсысы да мемлекетке қорған бола алмайды. Кедейлер, жарлы-жақыбайлар масылдықпен мемлекеттен тіленші болса, жұмысшы тап (пролетарийлер) өз жағдайлары мен жалақы деңгейін көтеру үшін топтасып көшеге шығып, көсемдері мен арандатушылардың ұрандатқан итермелеуіне иланып, талап қойып бүлікке шығып, билік кемесін шайқалтып, әлемдік жаһанданған экономика мұхитында жүзуіне кедергі келтірсе, аса ауқатты олигархтар, миллиард, миллион иеленген ірі кәсіпкерлер өз мүдделері үшін билікті ырқына көндіруге тырысып, көнбеген билікті кедейлер мен жұмысшыларды шағыстыру, әлеуметтік толқулар ұйымдастыру арқылы ауыстырып, немесе өз капиталы мен байлығын сақтау үшін ұлтын да, елін де құрбан ете салып, «жылы жаққа» ұшатын «жыл құсына» айналары хақ. 

Дүние жүзілік тарихи тәжірибе тек «орта тап» қана табанды, табжылмай ыждаһатты өз Отанын қауіп-қатер төнгенде жанын пида ете қорғап, бейбіт заманда мемлекет, халық сайлаған билік үшін тынымсыз еңбек етіп, қабылданған заңдар мен діни-моральдық ұстанымдармен өмір сүріп, өз үкіметі мен билік шаңырағын шайқалтпай, ел байлығы мен өз мемлекетінің беделі үшін қажырлы іс-әрекет жасайды. Сонда «орта тап» өкілдері кімдер? Олардың мемлекет билігіне жан-тәнімен берілу себебі неде?

Орта тапқа, бірінші кезекте, өз меншігінде азын-аулақ капиталы, жері, мүлкі бар, шағын және орта кәсіпкерлікпен, ауыл шаруашылығында фермерлікпен, өнеркәсіпте өндіріспен, саудада алып сатарлықпен, көлік, байланыста және т.б. салаларда қызмет көрсетумен айналысып «пайда», «пайыз», «дивиденд» пішінінде табыс тауып, бюджетке салық төлеп, еңбек нарығына жұмыс орнын беретін, «өз қолы өз аузына жететін» орташа әл-ауқаты бар, осы жетістігін мемлекет билігінің қорғап, демеп, қолдауының нәтижесі санағандықтан оған өзін мәңгі борыштымын деп ұғынып тірлік жасаушыларды жатқызамыз.

Екінші кезекте, орта тапқа шығармашылықпен, ғылым, білім, медицина, техника, технология саласында жалақы пішінді табыс тапса да, әл-ауқаты және өз дәулетін мемлекеттік билік тұрақтылығымен және жүргізіп отырған өзі қолдаған баянды саясатымен байланыстыратын зиялы қауым өкілдерін жатқызуға болады. «Орта таптың» негізгі мәні – оның мемлекеттік билікті пір тұтып, онсыз өз жағдайының мүшкіл екендігіне күнделікті көз жеткізіп, өз жағдайы мен мемлекет ахуалының терең тәуелділігін толық мойындап, «Әуелі Алла, одан соң мемлекет», - деген қағидамен өмір сүруі. Қысқаша айтқанда, мемлекет өз асыраушысы, өзінің сенімді тірегі ретінде орта тапқа қаншалықты тәуелді де қарыздар болса, орта тап өкілдері де өз қорғаны, қолдаушысы, демеушісі ретінде мемлекеттік билікке соншалықты тәуелді де, борышты.

Сондықтан, заманауи өркениетті елдерде экономикалық өсу, макроэкономикалық тұрақтылық, тұрғындарды еңбекпен қамту, мемлекеттік қазына – бюджеттің толығуы, әлеуметтік саяси қалыпты ахуалы т.б. – бәрін де «орта тап» қиюластырып отырады. Осы баяндауымызды оқырманның оң қабылдауы үшін келесі нақты деректер келтіре кетейік. АҚШ-та шағын және орта кәсіпорындарда еңбекке жарамды тұрғындардың 53%-дан астамы жұмыс істейтін болса, Жапонияда 71,7%-ы, ал басқа жоғары дамыған 30 елдің орташа көрсеткіші 70% бен 90% аралығында. Орайы келгенде айта кетейік, ірі кәсіпорындарда еңбек ететін жалдамалы жұмысшылармен салыстырғанда шағын кәсіпорын жұмысшылары санаулы, жұмыс беруші орта тап өкілінің күнделікті көз алдында болғандықтан кәсіподаққа кірмей, саяси іс-шараларға көп араласа алмай, шағын кәсіпкердің қас-қабағына қарауға мәжбүр болады. Мұны да мемлекеттік билік орта таптың билік орнықтылығына қосқан үлесі іспетті жоғары бағалайды.

Орта таптың арқасында  өркениетті елдерде бәсекеге негізделген, кідіріссіз алға ұмтылған, инновация мен жаңғыруға сүйенген, тұрақтылықты мақсат тұтқан экономикалық даму үдерісі орын алып отыр. Сондықтан осы жыл басында ҚР-ың Елбасы өз жолдауында шағын және орта бизнестің бүгінгі жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) 20% үлесін 2050 жылға қарай 50%-ға дейін ұлғайту керек деп талап қойған болатын. Алайда бұл жерде, орайы келіп тұрғанда, Елбасы Жолдауының осы тұсында жіберілген цифрлардағы қателікті айта кетуім қажет деп есептеймін.

Алғашында бұл қателікті Уалихан Қайсаров   «Общественная позицияның» 23-қаңтарындағы, 3-нөмірінде орысша жариялаған болатын. Елбасы Жолдауында 2013 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 2,4 млн. адам жұмыс істейтін 800 мың шағын және орта кәсіпорынның (ШОК) өндірген өнімі 8,3 млрд. теңгені құрады делінсе, 2,4 млн. жұмысшыға осы шаманы бөлсек, орташа алғанда ШОК-тағы әр жұмысшы бір жылда 3500 теңгеден кем, ал ай сайын 300 теңгеден кем өнім өндірсе, ол қандай мөлшерде айлық жалақы алады, ал мұндай ШОК өз ісін қалайша жүргізеді? – деп Қайсаров мырза өз тарапынан пұшайман болған еді.

Назар салып, іздестіре келгенде жоғарыдағы, Жолдауда орынсыз келтірілген қате деректер алғашында 2013 жылдың 20-желтоқсанында Индустриализация күніне арнап өткізілген жалпыұлттық телекөпірде Елбасының баяндамасында жарияланғаны анықталды. Ең өкініштісі, Жолдаудың мәтінін «құрастырушылардың», отандық статистика мен экономистердің арына салмақ боларлықтай қисынсыз қыңыр деректер сол бәз баяғы күйінде «Казахстанская правда» газетінің 25-қаңтарында (2014 жылғы) үшінші дүркін тайға таңба басқандай жарқырата жарияланды.

Көпшілікке түсініктеме бере кетейік. Елбасы Жолдауы жарияланған тұста ресми деректер бойынша еліміздегі орташа айлық жалақы деңгейі 106 000 теңгені құраса, ал ең төменгі өмір сүру деңгейі 19 966 теңге деп есептелсе, онда айына 300 теңгенің (дәлірек есептесек 288 теңге) өнімін өндіретін ШОК-тың жұмысшысы қандай айлық жалақы алып, қалай күнін көріп, ал ШОК-тың өздері жаппай банкрот болмай шаруашылығын дөңгелетіп жүр екен? – демеске амал жоқ.

Жолдаудағы қате деректің қисынсыздығын былайша да дәйектендіруге болады. Мәселен ШОК-тың ЖІӨ-дегі үлесі 2013 жылы 20%-ды құраған деп баяндалған (дәлірек есеп 19,1% екенін көрсетті), ал 2013 жылғы ҚР-нда ЖІӨ көлемі – 33,5 триллион теңгеге жеткен. Осы көрсеткіштің 20%-ын алсақ, ол ШОК-тың ЖІӨ-дегі үлесі – 6,7 триллион теңге екенін көрсетеді. Енді осы көрсеткішті 2,4 млн. ШОК-тарда жұмыс істейтіндерге бөлсек, әр жұмысшы жылына 2 млн. 792 мың теңге, ал ай сайын орташа есеппен 232 мың 640 теңгенің өнімін өндіреді деген сөз. Бұл шама жұмысшының айлығын, қазынаға салық төлеуге, ШОК-тың шығындарын өтеп, аз-маз пайда табуға жетіп қалары хақ. Үш мәрте Елбасының Жолдауы мен баяндамарында орын алған қисынсыз қате дерек, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген статистикамыздың сан жүйесіне деген немқұрайдылығын, Президент әкімшілігіндегі «құрастырушылардың» орындаушылық тәртібінің, кәсіби мамандық деңгейінің төмендігін, ал оқырман қауымның «соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендейлік сауатсыз көнбістігінің нәтижесі сыңайлы...

«Ауру қалса да, әдет қалмайды», - деген сияқты келесі жылға арналған ҚР Президентінің Жолдауында 11 қарашада теледидардан көріп, өз құлағымен естіген кейбір өзекті мәселелер еліміздің орталық ресми газеттерінде басылым таппай, байыпты телекөрермендерді аң-таң қалдырғанына не дерсіз? Мысалы, 1-2 пайызбен тұрғын үй алушыларға несие беру сияқты ... 

2-ші сұрақ. Президенттің «жақсы сөз» жоралғысын жүзеге асыру үшін, ел экономикасы қандай болуы тиіс?

Кез келген елдің экономикасының сапасы оның өндіріс құрылымына (структурасына) тікелей байланысты. Құрылымы деп өндіріс жүйесіндегі салалардың ара-қатынасын, үлес-салмағын айтамыз. Басқаша түсініктемелесек: өндірілген ЖІӨ көлемінде орман, ауыл шаруашылығы, ауыр, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен орындарын игеру, өнім өңдеу, туризм т.б. өндіріс салаларының алатын орыны мен қосар үлесі.

Өз кезегінде ұлттық экономикалардың өндіріс құрылымы дүние жүзілік еңбек бөлінісі арқылы жүзеге асырылуы шарт. Бұл жерде үш түрлі басымдылық есепке алынуы қажет. Ұлттық экономикалардың әлемдік экономикадағы орны мен өндіріс құрылымы, бірінші кезекте, Адам Смит XVIII ғасырда негіздеген «абсолюттік артықшылықтарға байланысты қалыптасуы керек. Бір елдің экономикасының басқа елдерден абсолюттік артықшылығы сол елдің геология-географиялық орналасуы, ауа-райы, климат жағдайы, тау-кен, қазба байлықтары мен тарихи өндіріс дәстүрлеріне сәйкес қалыптасады. Бір ғана қысқа түсіндірме: біздің елмен салыстырғанда Индияда шай, Бразилияда кофе, Ганада банан, Жапонияда телерадио жасау, балық аулау анағұрлым тиімді жағдайда жүргізіледі десек, есесіне жылқы еті мен бидайды біздің елде өндіру абсолютті тиімді.

Екіншісі – салыстырмалы артықшылық, оны Давид Рикардо XIX ғасырда түйіндеген. Мысалы, Өзбекстанда мақта да, бидай да өндіріледі, Қазақстан да мақтаны да, бидайды да өндіреді. Мақта өндіруде Өзбекстан басымдылық танытса, бидай бойынша біз үстемдік етеміз. Д. Рикардо теориясы бойынша біз мақта өндірісін шектеп, бидайды ұлғайтсақ, ал Өзбекстан бидайды шектеп мақтаны көбірек өндіріп екі ел өз-ара айырбасқа түссе, онда мақта мен бидайды өндірудің жалпы жиынтық, қосынды көлемі анағұрлым қомақты болар еді.

Үшіншісі – бәсекелестік артықшылық, оны XX ғасырда Майка Портер енгізген еді. Әр елдің тарихи дамуының ерекшілігіне, ғылым, білім, мәдени деңгейіне, өндірістік тәжірибе дәстүріне, ұлттық діні мен діліне, инновациялық кәсіпкерлік белсенділігіне сәйкес бәсекелестік артықшылығы болуы мүмкін. Мұндай артықшылық геолого-географиялық, кен-тау, қазба байлығы, жер ресурстарына байланысты болмайды, ол ұлттың адам капиталының, ғылыми технологиялық, жаңалық-жетістіктерді жедел игеріп, өндірісті жаңа әдіс, құралдардың көмегімен ұдайы жаңғырту арқылы әлемдік экономикада басымдылық, жоғары дәрежедегі бәсекеге қабілеттілік танытуын айтамыз.       

Осындай үш түрлі артықшылықтың ұстанымы мен дүниежүзілік еңбек бөлінісі қағидатына сүйене отырып, ұлттық экономикалар әлемдік экономикадағы өзінің төл орынын іздеп таңдап алуға тиісті. Осы таңдап алған орнына сай экономикасындағы өндірістік құрылымды қалыптастырып, әр түрлі өндіріс салаларының ұтымды ара-салмағын жасау үшін мемлекет билігі салиқалы, сындарлы, жан-жақты ойластырылған (қоғамдық ұйымдар, бейресми азаматтық қауым, ғалымдар мен мамандардың талқысынан  өткізілген) экономикалық саясат қабылдауға тиісті.

Осы арада бір «лирикалық» шегініс жасап, еліміз егеменділікке қол жеткізіп, тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақ Кеңестік Социалистік Республика экономикасының өндірістік құрылымына көңіл бөлейік. Бұл әрекетімізде біз Республикамызға еңбек сіңірген экономист, көп жылдар ҚазКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитетінің (Гос план КазССР) төрағасының орынбасары қызметін атқарған, 1990шы жылдардың басында ҚР-ның Мемлекеттік экономика комитетінің кеңесшісі болған марқұм Абуталипов Жарысбек ағайдың Алматыда 1992-жылы жарияланған «Әлемдік экономикадағы Қазақстан» атты келешек ұрпаққа тарихи құндылық бола алатын қысқаша шолуы көмек болады. (Жарысбек Абуталипович Абуталипов «Казахстан в мировой экономике» Алма-Ата КазНИИКИ 1992г.)

Сөз орайы келіп тұрғанда, әуелі аяулы ағамыз осы шолудың 4-бетінде келтірген мына бір керемет деректі көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік: «ЮНЕСКО ғалымдарының тұжырымдауы бойынша Қазақстан жері саналы тыйянақты қолдана алса, 1 миллиардтан астам адамды асырай алады». («По выводам ученых ЮНЕСКО, земля Казахстана может при разумном использовании прокормить более 1 млрд. человек»). «1990 жылы Қазақстан экономикасы 57 млрд. 472 миллион доллар өнім өндіріп, дүние жүзінде 53-інші орында болды». Биліктің 2010 жылдардағы әлемдегі ең озық 50 ел қатарынан көрінеміз деген ұраны 90-ы жылдары қол созым жерде болғанына көз жеткізуге болады.

Екінші кезекте, ресми дерек көздерінде көрініс таппай, кейінгі апалаң-топалаң кезеңнің оқырманға, тыңдарман көпшілікке билік әрекетін әсірелеп көрсету үшін көлденең тартыла беретін еліміздегі жан басына шаққандағы ЖІӨ шамасы. Қазақстанның барша тұрғындарының жан басынша шаққандағы ЖІӨ 1990 жылы 3'433 долларды құрап, Польша, Аргентина, Колумбия, Тайландтармен теңдескен деңгейде, ал АҚШ деңгейінің 18,7%-ын және бұрынғы Одақ деңгейінің 69,3%-ын құраған, - деп атап өткен еді. Егер АҚШ-тың ұлттық экономикасындағы инфляция жыл сайын орташа есеппен 5-6% екенін есепке алсақ, онда өткен 24 жылдың ішінде АҚШ долларының құнсыздануы ең кем дегенде екі есе, ендеше бүгінгі доллардың сатып алу қабілетіне сәйкес есептесек еліміздегі 1990 жылғы жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 7 000 доллардан келері хақ. Келтірілген дерек саналы азаматқа әсіре қызылдан салқындатқыш болары хақ. Соңғы кездері билік басындағылар 1990-жылдары бұл көрсеткіш 500 доллар, 700 доллар болды деп ел жұртты тіпті дүние-жүзілік қауымдастықты алдаусыратуда.

Енді қарастырып отырған мәселеге оралар болсақ, ол жайында білікті маман Жрысбек ағамыз былай деп жазған болатын: «Қазақстанның өнеркәсіп құрылымы жалпы кеңестік экономиканың мұқтаждықтарын өтеуге бағытталған орталықтан жоспарлау жүйесінің экономикалық және саяси негізін кескіндейді». Минералды шикізат қорына негізделген кен алушы және өнім өңдеу салаларын дамытуы Қазақстанның осы салаларыныңсалыстырмалы артықшылықтарына сүйеніп емес, ал бүтіндей Кеңестер Одағының даму қажеттілігіне сәйкес жүргізілді. Соның салдарынан жалпы ұлттық өнімдегі өнеркәсіптің алар үлесі бар болғаны 17%. Барша КСРО бойынша өнеркәсіп үлесі - 32%, Жапонияда - 33%, ФРГ-да - 38%; ауыл шаруашылығы КСРО-да 18% болғанда Қазақстанда - 34%; қызмет көрсетуде Жапония мен ФРГ-де - 56%, Канада, Франция мен АҚШ-та 65-69% болғанда, елімізде - 35% ғана болатын, құрылымы бұрысталған (деформацияланған) экономика орын алып отыр». Қысқа қайырсақ, 1990 жылдың басында ЖІӨ-дегі өнеркәсіп үлесі - 17%, ауыл шаруашылығы - 34%, қызмет көрсету - 35%, ал көлік, сауда мен байланыс салалары қалған - 14%-ды иеленген екен.

Бапи мырзаның «ел экономикасы қандай болуға тиісті» деген сұрағына қысқа қайырсақ, шикізатқа тәуелділіктен аулақ, әртараптандырылған, жаңашыл инновациялық, жаңа қосылған құнды молынан өндіретін, өңдеуге, ақтық тұтынуға жарамды, сапалы, дайын өнім жасау басымдылығына негізделген, дүние жүзілік еңбек бөлінісінде жаһандану талаптарына сай өз орнын тапқан, заманауи өндіріс құрылымына ие экономика болуға тиісті деп жауап берер едік. Өз кезегінде оқырман санасында, тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда өз билігімізді қолымызда ұстай отырып, түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгертулер барысында елімізде шикізаттан тәуелсіз, ұлттық ерекшеліктерімізбен, абсолюттік, салыстырмалы, бәсекелік артықшылықтарымызға негізделген, теңдестірілген, жан-жақты таразыланған таңдаулы да, озық өндірістік құрылымы бой көтерген ұлт экономикасына қол жеткізген шығармыз деген үміт оты жылт етуі мүмкін. Алайда мұндай үміт оты бүгінгі ел экономикасының құрылымы жайлы деректермен танысқанда «су сепкендей» басылары хақ.

Ресми республикамыздың статистикалық мәліметіндегі деректерге сүйенсек, 2013 жылдың қаңтары қарсаңындағы экономикалық өндіріс құрылымы былайша сипат алған екен. Ауыл шаруашылығының үлесі – 4,1%, тау-кен өнеркәсібі – 17,2%, дайын өнім өңдеу өнеркәсібі – 11,3%, электр энергиясымен жабдықтау – 1,7%, құрылыс – 6,3%, сауда – 14,8% көлік пен байланыс – 9,7% және басқа да қызметтер көрсету салаларының үлесі – 34,9%. (Соңғы дәйексіз бұлыңғыр көрсеткіштің ышқырында не жатқанын дерек берушілердің өздері де айқындай алмасы бізге түсінікті). Бүркемеленген шикізатты жер бетіне шығарып, сақтап, тасымалдау қызметтері ме екен деген топшылау жасауға болады. Мәселен, Жарысбек Абуталипов жоғарыда аталған еңбегінде 1991 жылы Қазақстан газ конденсатымен қоса есептегенде 26,670 млн. тонна мұнай шығарғанын  куәландырады. Ал былтырғы жылы елімізде таза мұнай шығару 81,6 млн. тоннаны құраған болса, онда тек мұнай негізінде шикізат шығарудағы ел тәуелділігі 23 жылда 3 еседен астам артқанына көз жеткізе аламыз.

«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықтының» керін керлеп егемендік жариялап, тәуелсіздік туын желбіретіп қоғамда жүйелік, іргелі нарыққа көшу барысында жаңғырту жасағандағы қол жеткізгеніміз: кеше КСРО-ның шикізат «айылы» болсақ, бүгіндері әлемдік шикізат «бүйеніне» айналыппыз. Ең өкініштісі, ұлттық болмысымыз бен болашағымыздың сүйеніші ауыл шаруашылық саласының ел экономикасындағы үлесінің 34%-дан 4,1%-ға, немесе 8 еседен астам қысқаруы. Осы 8 еседен астам қысқарудың астарында 1991 жылдағы демографиялық өсім, бала туу деңгейіне сәйкес есептегенде дүниеге келе алмай қалған 1,5 млн. нәресте, шаңырағы ортасына түскен кеңестік, ұжымдық шаруашылықтар жабылып, жұмыссыз, әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени қараусыздықтан қалаға босқын болған 1 миллионнан астам ауыл тұрғындарының, шарасыздықтан, қалаға көше алмай, жұмыс таба алмай маскүнем болған немесе өзіне-өзі қол салған талай қазақ баласының көз жасы мен сорасы жатыр десеңізші...

1990 жылы Қазақстан жан басына шаққанда 1,702 кг дәнді дақылдар, сойылған салмақпен өлшегенде 93 кг ет өндірсе, ал бұл дегеніңіз 25-28 млн. тонна жылына астық жинап, 1,5 млн. тонна етке мал сойса, соның бәрі бүгінгі күні көзден бұл-бұл ұшты демеске амал жоқ.

Осы тұста тағы бір жаңсақ жаңылыс қолданыстағы ұғымға тоқталмаса болмас. Қалың қазақтың ауылдарын тастап қалаларға босуын «урбанизация» деп атау. Урбанизация дегеніміз өнеркәсіптің үрдіс дамуы немесе индустрияландыру кезеңінде, жұмыс күші тапшы болғанда ауыл тұрғындарының тұрмыс дәрежесі жоғары, жұмыс, баспана беруге құлшынған капиталдық шақырумен көшіп, тұрғын үй, жұмыс орнына ие бола алатын болған соң жаппай ауылдарынан қалаларға көшуін айтамыз. Біздің елдегі ауыл тұрғындарының шарасыздықтан қалаға көшіп, не жұмыс, не баспана таба алмай бейшара күй кешуін әлеуметтік-демографиялық босқындық деп мойындап, бағалау қажет. Бұл ең ауыр, нәубәт іспеттес мәселенің шешімі табылмақ түгілі билік тарапынан бұл үдерістің өмірде болып жатқанын растап, шындық екенін түсіну де, оны талдап сараптау да мүлдем орын алып отырған жоқ. Басын құмға тыққан күрке тауық жасырындым деп мәз болғаны сияқты, «қайдағы босқындық, урбанизация деген заңды құбылыс емес пе? Деген жұбату мен ұйықтату орын алып отыр. Нәтижесінде айналдырған 12 миллион қазақ 10 қалаға жиылса, ел даламыз қаңырап бос қалса, миллиондаған гектар жерді басқа елдерге жалға бермеске, немесе Ресей сияқты көз алартқан көршілерге алсаң ала бер демеске шара қалмасын бүгінгі билік ойлады ма?»

3-сұрақ. Халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейін анықтайтын нақты халықаралық өлшем қандай?

Әрине, жалғыз жарым өлшеуіш арқылы «халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейін» анықтау мүмкін емес. Халықаралық кеңістікте осы мақсатта барша мемлекеттер Біріккен ұлттар ұйымы мақұлдап бекіткен ұлттық есеп жүйесін қолданады. Мұндай барлық елдерге ортақ біркелкі есеп жүйесінің болуы, әр елдің қаншалықты бай-қуатты, тұрғындарының әл-ауқаты қандай, өмір сүруге қаншалықты жарамды, тұрмысы мен болашағының баяндылығы тағы басқа сіз айтқандай «халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейін» бір-бірімен салыстыра отырып анықтауға мүмкіндік береді.

Осы ұлттық есеп-қисап жүйесінің бастапқы көрсеткіші ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) болып табылады. Бұл көрсеткішті Болат Хусайынов мырза да мақала басында біз атаған сұхбатында атап өтіп, алайда одан гөрі жалпы ұлттық кіріс (ЖҰК) маңыздырақ деп көрсетіпті. Бұған келісуге әбден болады десек те, біз оқырманға ұлттық есеп жүйесі түсінікті болуы үшін оның көрсеткіштерінің анықтамаларына тоқтала кетейік.

Сонымен ІЖӨ дегеніміз не? Ол: бір жылда ел аумағының ішінде отандық және шетелдік кәсіпорындардың өндіріп, ағымдағы нарық бағасымен сатып өткізген тұтынуға дайын тауарлар мен қызметтер құнының жиынтығы болып табылады. Бірақ осы көрсеткішке ұқсас көбінесе алдыңғы қатарлы елдер қолданатын өлшем – жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) деп аталады. ЖҰӨ деп бір жылда отандық кәсіпорындардың өз елінің аумағының ішінде және шет елдерде өндіріп, ағымдағы нарық бағасымен сатып өткізген тұтынуға дайын тауарлар мен қызметтер құнының жиынтығын айтамыз.

Мұқият оқырман екі өте ұқсас анықтамалардағы елеулі айырмашылықты аңғарған болар. ІЖӨ-ді кім өндіріп, сатса да бәрібір, әйтеуір ел аумағында әрекеттенсе болды. Мәселен, мұнай-газ саласындағы 75-80% пайыз өнімді шет ел компаниялары өндіреді десек, дайын өнім біздікі емес, біздің мемлекет бюджетке олардан тек қана салықты еншілей алады. Ал өндірілген өнімді шетелдіктер өз елінің ЖҰӨ көлеміне заңды да, қисынды қосады.

ІЖӨ мен ҰЖӨ айырмашылығы ел дамуының деңгейін толық сипаттай алады. Озық өркениетті елдерде (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония т.б.) ҰЖӨ көлемі ІЖӨ-нен анағұрлым артық болады, өйткені табиғат қазба байлықтарын және басқа да қоршаған ортаға зиянды өндіріс орындары мен кәсіпорындарын дамуы мешеу, артта қалған елдерден ашып, әрекет етеді, ал дайын тұтыну заттар мен қызметтерді өз елінің аумағында өндіргенді дұрыс деп санайды. Керісінше, арта қалған, мешеу елдерде ІЖӨ (шет елдік өндірушілердің өнімінің есебінен) ҰЖӨ-нен анағұрлым артық болады. Егер озық елдердің статистикасында ІЖӨ де, ЖҰӨ де бірдей жарияланып, талдау, сараптау барысында тең дәрежеде қолданылып, тіпті ЖҰӨ-ге ерекше көңіл бөлінетін болса, керісінше, мешеу елдерде ЖҰӨ-ді статистикада есепке алып, жариялаудан аулақ болғанды қалайды. Біздің үкіметіміз де статистика саласында ЖҰӨ көрсеткішін мүлдем мойындамай бағуда, өйткені, шын мәніндегі отандық ұлттық өндірушілердің күш-қуатын анықтағаннан көрі, бүркемеленген, алдамшы ІЖӨ көрсеткіші биліктің жеткен, жеткізген жетістігін паш етіп, әсіреқызыл мақтаншақтық үшін қолданылады, өйткені шет елдерде өнім өндіріп жатқан ұлттық отандық өндіруші кәсіпорындар жоқтың қасы.   

Жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) көрсеткіші халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейінің базалық негізін кескіндегенімен, ол деңгейдің ауқаттылығын көрсете алмайды, өйткені бір жылда өндірілген ЖҰӨ-нің бәрін тұтынуға жұмсай алмаймыз ғой. Сондықтан келесі көрсеткіш таза ұлттық өнім, яғни ТҰӨ деп аталып, ЖҰӨ шамасынан өндіріске қайтарылатын қолданылған капитал амортизациясын (шикізат, тұқым, энергия т.б. келесі жылы өндірісті қайталауға қажетті өндірістік құрал-жабдықтардың жиынтық құнын) шегеру арқылы есептеледі. Біздің елде ЖҰӨ көрсеткішінің орнына ІЖӨ өлшеуші қолданыс тауып, одан амортизация шегеріледі.

Орайы келіп тұрғанда айта кетейік, халықаралық ЖҰӨ-ін өлшегенде, атаулы (номиналды) ағымдағы бағамен есептелген ЖҰӨ және шынайы (реальный,инфляцияға сәйкес түзетілген) ЖҰӨ деп айырады. Сонымен қатар, шығындар қосындысы арқылы есептелген ЖҰӨ және табыстар қосындысы бойынша есептелген ЖҰӨ деп бір-біріне тең болуға тиісті баланстық көрсеткіштер ретінде ажыратады.

Егер таза ұлттық өнімнен ТҰӨ-ден қосалқы (акциздік) салықтар қосындысын шегерген болсақ, онда ұлттық табыс (ҰТ) деген көрсеткішке қол жеткіземіз. Егер есептеу бастапқы ІЖӨ-нен басталса ҰТ деп, ал егер ҰЖӨ негізінде есептелсе, жалпы ұлттық табыс (ЖҰТ) деп аталады. Болат Хусайыновтың сұхбатын аударған тәржімашы жалпы ұлттық кіріс (ЖҰК)-деп жаңсақ аударған, өйткені валовый национальный доход (ВНД) ЖҰК деп  тәржімеленсе, онда орыс тілінде валовый национальный приход болып келу керек еді. Алайда орыс тілдегі экономика ғылымында мұндай ұғым көрсеткіш ретінде бой көрсеткен емес.

Сонымен ЖҰТ дегеніміз не? Бұл терминді Біріккен ұлттар ұйымы БҰҰ ЖҰӨ-нің орнына енгізген болатын. Анықтамасы былай: Жалпы ұлттық табыс (ЖҰТ) – ел ішіндегі экономикалық қызметтің ғана емес, сонымен бірге елдің басқа елдердегі экономикалық аумағымен байланысты институционалдық бірліктері (меншікті резиденттері) қызметінің де, сондай-ақ осы елдің аумағындағы басқа елдердің осындай байланысы жоқ өкілдері (бейрезиденттер) қызметінің де нәтижелерін сипаттайтын макроэкономикалық көрсеткіш. Ұлттың иелігіндегі жалпы табыстан тұтынылған негізгі капиталды (аударылған өтемпұлдық жарнаны) шегеру жолымен таза ұлттық табыс (ТҰТ) алынады.

Халықтың әл-ауқатын толық сипаттау үшін енді осы ТҰТ-тан үй шаруашылықтарының, жеке тұлғалар мен отбасыларының төлейтін жеке салықтар қосындысын шегерсек қолдағы жеке табыс, ҚЖТ көрсеткіші шығады. Міне бұл көрсеткіш халықтың бай-қуаттылығын анықтауға негіз бола алады. Дегенмен бұл өлшеуіш те халықтың әл-ауқатын анықтауға қауқарсыз, сондықтан қоршаған орта, ертеңгі күнге деген сенімділік, ден-саулық деңгейімен оны сақтау қызметтерінің іс-әрекетінің қанағаттандырылуы, білім беру мен маман дайындау, мәдени қызметтер сапасы, бос уақыт мөлшері («болашақтағы байлық өлшемі жұмыс уақытымен емес бос уақыт шамасымен анықталады» - К. Маркс) т.б. қамтитын адам даму индексі (АДИ) арқылы салыстырыла таразыланады.

Сонымен қатар халықаралық өлшемде халықтың әл-ауқатының басқа да қырларын суреттейтін ондаған көрсеткіштер есептеліп шынайы ахуалды кескіндеуде қосымша толықтырғыш ретінде қолданылады. Мәселен, жан-басына шаққандағы негізгі азық-түлік түрлерін тұтыну мөлшері (ет, ет өнімдері, сүт, сүт өнімдері, қант, балық, құс еті, көкініс, жеміс-жидек т.б.) және 10000 адамға шаққандағы ауруханалардағы кереует мөлшері, мектептегі оқу орын саны, 1000 адам иеленетін компьютер, теледидар, телефондар саны, 10 мың адам мінген жеңіл автомобиль шамасы, 100 000 адамға келетін студенттер саны т.б.

4-сұрақ. Әлемдегі біздер шамалас елдермен салыстыратын болсақ, Қазақстанның бүгінгі ахуалы аузымызды айға білеуге мүмкіндік бере ме?

Жылдағыдай БҰҰДБ – Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы ПРООН-ның 2014 жылы жариялаған әлемдегі елдердегі адам дамуының индексі 2013 жыл бойынша Қазақстан Республикасы (Қазақ елі-мәңгілік ел) 0,757 балл мен 70-орынды иеленді. Бізбен шамалас алыс шет елдегі Норвегия 0,944 баллмен 1-орынға, Дания 0,900 баллмен 10-орынға, Финляндия 0,879 баллмен 24-орынға, Венгрия 0,818 баллмен 43-орынға, Хорватия 0,812 баллмен 47-орынға, Болгария 0,777 баллмен 58-орынға, Венесуэла 0,764 баллмен 67-орынға, Коста-Рика 0,763 баллмен 68-орынға ие болыпты.

Ал ТМД елдеріне келер болсақ біздің, мәңгілік-қазақ елінен озғандар мыналар: Эстония 0,840 баллмен 33-орынды, Литва 0,834 баллмен 35-орынды, Латвия 0,810 баллмен 48-орынды, Беларусь 0,786 баллмен 53-орынды иеленген. ТМД елдерінің ішінде біздің мәңгілік елімізден кейін қалғандар мыналар: Грузия 0,744 баллмен 79-орынға, Укриана 0,734 баллмен 83-орынға, Армения 0,730 баллмен 87-орынға, Туркменстан 0,698 баллмен 103-орынға, Өзбекстан 0,661 баллмен 116-орынға, Қырғызстан 0,628 баллмен 125-орынға, Тәжікстан 0,607 баллмен 133-орынға ие болған. Сараптаумен барлығы 187 ел қамтылған. Ең соңғы 187-орынды 0,337 баллмен Нигер елі иеленген.

Осы жерде оқырманға Адам даму индексі жайлы қысқаша түсініктеме берсек дейміз. БҰҰДБ (ПРООН) 2010 жылы адам дамуы деген ұғымға жаңаша анықтаманы былайша пайымдаған еді: «Адам дамуы – адамдардың ұзақ, ауру-сырқаусыз, шығармашыл, жасампаз өмір сүруі мен басқа да мақсаттарына жету еркіндігінің кеңею үдерісі» болып табылып, олардың пікірінше, аса құндылық деп танылатын: ғаламшарымыздың тұрақты дамуы мен әділеттілікті қамтамасыз етуге белсенді ат-салысу мүмкіндігі.      

 Адам даму индексі (АДИ) белгілі бір елдегі адам даму деңгейінің жиынтық көрсеткіші, сондықтан бұл ұғымды «өмір сүру сапасы», «өмір сүру немесе «тұрмыс-тіршілік деңгейі»» деген ұғымдардың баламасы, синонимі ретінде қолданады.

АДИ негізгі үш бағытты қамтиды:

1.  Дүниеге келгеннен кейін болжамды өмір ұзақтығы арқылы өлшенген ден-саулық пен өмір ұзақтығының көрсеткіші.

2.  Ересек тұрғындардың сауаттылық деңгейі мен біліммен қамтудың жиынтық жалпы коэффициенті арқылы өлшенген білім алу мүмкіндігі.

3.  Сатып алу қабілеті басымдылығы (паритет покупательной способности) ППС бойынша АҚШ долларымен есептелген жан басына шаққандағы (ІЖӨ) ішкі жалпы өнім шамасымен өлшенетін тұғырлы өмір деңгейі.

Міне осы тұста жоғарыда аталған сұхбатта Болат Хусайынов әріптесіміз көтерген мәселеге оралсақ, онда ІЖӨ негізінде өлшенгеннен гөрі (ЖҰТ) – жалпы ұлттық табыс арқылы есептелген дұрыс екеніне осы мақала барысында мұқият көңіл салған оқырман санасына жеткізе алдық деп үміттенеміз. Әрине, ЖҰТ негізінде есептелген АДИ бойынша біздің еліміз 70-орыннан әлденеше төмен сырғитыны анық.

Сонымен соңғы сұрақты қорытындыласақ, «Қазақстанның бүгінгі ахуалы аузымызды айға білеуге мүмкіндік» бере алмайтынына көз жеткіздік деп ойлаймыз. «... қысқан бай болады» демекші Абай атамыз қашық бол деген бес дұшпанның ішіндегі «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақты доғарып», Мәңгілік елімізде ақиқат пен шындық салтанатына сүйеніп, қажырлы, салмақты, тиянақты, сауатты іс тындырайық, ағайын! – деп аяқтаймын аса қадірменді Бапи мырзаның өзекті сұрақтарына берер жауап-мақаламды. Көңілдеріңізден шықпай қалған жері болса, оқырманнан кешірім. Қолдан келгені осы болды.

 

Жанкелді ШЫМШЫҚОВ,

ҚР БҒМ «Экономика институтының» Астана қаласындағы филиалының директоры .

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269