АРДАГЕРДІ АРДАҚТА: ҚОСТАНАЙДЫҢ ҚАРИЯЛАРЫ
Қостанай өңірінде Ұлы Отан соғысының 368 ардагері ғана қалған. Олардың алды тоқсаннан асып, соңы тоқсанға таяп отыр.
Облысқа ғана емес, бүкіл Қазақстанға аты мәшһүр теміржолшы Бертран Рубинштейн ақсақалдың жасы биыл 92-ге қарады. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысты. Батыс, Калинин, 3-ші Беларусь, Забайкалье, Қиыр Шығыс майдандарында талай кескілескен ұрыстарға қатысты. Құрлықтағы әскер қатарында талай қиындықтарды бастан кешкен. Бертран Иосифович - көпті көрген, құймақұлақ, зиялылығымен де көптің құрметтісіне айналған ақсақал.
Оның бірнеше естелік кітабы бар. Әлі сергек, қимылы ширақ. Соғыстан кейін Мәскеудегі Теміржол көлігі инженерлерін дайындайтын институтты бітірді. Қазақстан теміржолы Қостанай бөлімшесін көп жылдар басқарды. Майдандағы ерлігі үшін екі «Отан соғысы» орденін, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Кеннигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарын кеудесіне таққан.
Бейбіт күндегі өнегелі еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген теміржол қызметкері» атанды. Қазақстандағы теміржол саласының бүкіл жетістігі мен проблемаларын ұзын-сонар етіп айтудан жалықпайды. Әлі күнге дейін теміржол саласының мамандары оның ақыл-кеңесін ескеріп отырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатына ризашылығы да мол. Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге түскен суретін суретшіге салдырып, төріне іліп қойған.
Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов Елбасының құттықтау хатын жеткізу үшін алдымен осы Бертран Иосифович ақсақалдың үйіне келді. Майдангер облыс әкімін есіктің аузынан өзі қарсы алды. Амандықтан кейін сөзді әкім емес, өзі бастады.
- Нұралы Мұстафаұлы, теміржолдың мүмкіндігін қараңыз. Шұбаркөлдің көмірі Батыс Еуропаға артылды. Бұл - өте дұрыс, бұл - біздің табысымыз. Әрине, ойласатын проблемалық жайттар баршылық. Ал биыл біздің Қазақстан Түрікменстан арқылы Парсы шығанағы елдеріне шықты. Алдағы уақытта Ыстамбұл, Теһран, одан әрі Лондонға шығуға мүмкіндігіміз бар, - деп ақсақал әңгімесін бастады. Оны үнсіз тыңдаған Нұралы Мұстафаұлы қағаберіс сәтте Елбасының құттықтауын жеткізуге келгенін айтты.
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында соғыс ардагерлерін Жаңа жылмен құттықтауды біздің Президентіміз бастап отыр. 2015 жылы Жеңіс мерекесін өзіңізбен бірге тойлайтын боламыз. Денсаулығыңыз мықты болсын! - деді әкім. Ардагер өзіне көрсетілген бұл құрметті «Біздің Президент - кемеңгер адам» деген бірауыз сөзбен жеткізді. Бертран Иосифовичтің бай кітапханасының өзі оның терең білімі ғана емес, зиялылығынан хабар бергендей. Қызы Елена Рубинштейн - тарих ғылымдарының докторы, белгілі ұстаз. Елена Бертрановнаның тілегімен олар әкіммен бірге суретке түсті.
Мұнан кейін облыс әкімі Ұлы Отан соғысының тағы бір ардагері Әбілжан Нұрмағамбетов ақсақалдың үйіне келді. Балалары мен немерелері атасына Елбасының құттықтауын жеткізетін күнді мерекедей қабылдапты. Кеудесі орден-медальға толы костюмін кигізді. Алдағы жылы ардагерді қос қуаныш күтіп тұр. Майдангер Жеңістің 70 жылдығын қуана қарсы алады. Сонымен қатар, өзі 90 жасқа толады. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов Елбасының Жаңа жылмен құттықтауын жеткізгенде, ардагер бұл күнге жеткен де, жетпеген де бар екенін толқи тұрып айтты.
- Тағдырдың мұнысына шүкір. Талай боздақтар майдан даласында қалды, талайлар бұл күнге жете алмады. Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтау сәлемі жаныма қуат бергендей болды, сол баяғы жауынгерлік рухым жаңғырғандай әсердемін, - деді қуанышын жасыра алмай.
Әбілжан Нұрмағамбетов Торғай даласындағы Тосын құмында туып-өсті. Сол жерден 1942 жылы майданға аттанды. Украин, Беларусь майдандарында кескілескен ұрыстарға қатысты. Соғыстан кейін Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, Қостанай өңірінде партия, кеңес, кәсіподақ органдарында қызмет етті. Кеудесінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырайды. Әбілжан атайдың бейбіт күндегі еңбегі де еленбей қалған жоқ, «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Жетпіс жыл уақыт өтсе де, қанды қырғын Әбілжан атайдың көз алдында.
-1943 жылы Днепр өзенін кешке қарай кесіп өттік. Ауыр ұрыс болды. Өзеннің арғы бетіне өтуге қайық жетпейді, жау ұшақтары оқты жаңбырдай жаудырады. У да шу. Оққа ұшқандар қаншама. Мен паромның шетінен ұстап алып, келесі бетке жүзіп шықтым. Киімім малмандай су, тек автоматты суға тигізбеу үшін қолымның талғанына қарамай, жоғары көтеріп отырдым. Одан кейін Александриевский қаласында да қырғын ұрыс болды. Бір облыстан бірге барған, бірге жүрген солдаттардың көз алдымда оққа ұшып қалғанын көру маған өте ауыр тиген еді. Олардың бетін жасыруға да уақыт болған жоқ, «Алға, алға!» деумен өте шықтық. Бүгін Елбасының құттықтауын алып отырып, сол боздақтар есіме түсе берді. Тірі қалғанда олар да біз сияқты бейбіт күннің несібесін көрер еді, - деді ардагер атай.
Осындай естелігінен кейін ардагер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қамқорлығы, құттықтауы үшін алғысын айтты. Тәуелсіз елімізде бүгінгі ұрпақтың еш нәрсеге мұқтаж болмай өсіп жатқанын, Қазақстанды алпауыт елдердің танып, біліп отырғаны үшін өзінің жүрегін мақтаныш кернейтінін де жеткізді. Әбілжан ата алты бала тәрбиелеп өсірді. Үш ұл, үш қызының барлығына жоғары білім берді. Қазір атайдың 12 немересі, 7 шөбересі бар. Бүгінде ардагерді кіші қызы, балалар дәрігері Райхан мәпелеп бағып-күтіп отыр. Бұл туралы egemen.kz хабарлап отыр.
Облыс әкімі мұнан кейін де бірнеше соғыс ардагеріне кіріп, Елбасының Жаңа жылмен құттықтауын жеткізді. Халдерін сұрады, уақыт тауып әңгіме-тілегін тыңдады. Сонымен қатар, аудандарда тұратын соғыс ардагерлері де Елбасының өзін Жаңа жылмен құттықтауынан құлағдар болған. Оларға да сол құттықтауды аудан әкімдері жеткізуде. Жеңіс жылы туған баланың өзі алдағы жылы 70-ке толады. Толарсақтан қан кешіп жүріп, Отанды қорғаған, патриотизмнің асқан үлгісін көрсеткен майдангерлер бүгін жауһардай қымбатымызға айналған. Олардың әрқайсысын Елбасының Жаңа жылмен құттықтауы да биік адамгершіліктің асқан үлгісі еді.
Абай-ақпарат.
(Мақала «Қазақпарат» ХАА жарияланымы негізінде әзірленді.)