Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7295 0 пікір 7 Желтоқсан, 2014 сағат 23:47

Айдос САРЫМ. ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК

Мемлекеттік тіл туралы заң емес, Қазақ ұлттық мемлекеті туралы конституциялық заң керек сияқты. 

Осы жылдың қыркүйек айында еліміздің тіл туралы заңының қабылданғанына 25 жыл толған екен. Осы 25 жыл ішінде "тәуелсіз мемлекетке тән жаңа заң керек" деген әңгімелер еш тоқтаған емес. Бірнеше заң жобасы ұсынылып та көрді. Олардың барлығы жалтақ саясаттың кесірінен ысырылып, кейінге қалдырылып отырды. 
Менің ойымша, бүгінгі күні мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануы да аздық етеді. Геосаяси жағдайды, еліміздің ішіндегі үрдістер мүлдем күрделеніп кетті. Еліміздің қабырғасын қатайтып, ұлтымыздың еңсесін көтеру үшін бізге "Қазақ ұлттық мемлекеті туралы" заң қабылдау керек сияқты! 
Оның бірнеше алғышарты бар:
Алдағы жылы Қазақ хандығының 550-жылдығын атап өтеміз. 
Алдағы жылы Қазақ елінің егемендігін қамтамасыз еткен ең үлкен құжат - Егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 25 жыл толады. Бұл құжаттың басты мақсаттарының бірі - қазақ ұлттық мемлекетін құру деп айқындалған болатын.
Алдағы жылы Егемендік туралы декларация мен Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы конституциялық заңның негізінде жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Респуликасы Конституциясының 20 жылдығы. 
Алдағы жылы қазаққа қатысты біраз дүние қарастырылған, бірақ іске аспай қалған Ұлттық бірлік Доктринасының талқыланып, қабылданғанына 5 жыл толады. 
Сайлау өтеді де кетеді. Бірақ, осы заң жобасын әзірлеу, дайындау, жалпыұлттық ұранға айналдыру қазақ ұлтшылдарының барлық буындарын біріктіре алатын тұғырға айнала алады. 
Қазақ ұлттық мемлекеті туралы конституциялық заңда бірнеше ірі-ірі мәселе қарастырылуы керек:
- заң Қазақстан Республикасының қазақ ұлттық мемлекет екендігін айқындап, қазақ ұлттық мемлекеттігінің, тәуелсіздігінің мызғымас принциптері мен мүддесін белгілеуі керек (оның ішінде интеграциялық жобаларға қатысу-қатыспау туралы мәселе бар); 
- заң еліміздің унитарлық құрылымы мен тұтастығын тағы да растап, оған қарсы шығуға қатаң тыйым салуы керек;
- заң Қазақстан Республикасының Қазақ Республикасы болып аталуын қамтамасыз етуі керек;
- заң еліміздің отарсыздануына қатысты басты принциптерді анықтап, осы үрдістердің мемлекеттік саясатқа айналуына жол ашуы керек (осының ішінде коммунизмді қылмыстық идеология деп танып, оған саяси-құқықтық баға беру, еліміздегі жаңа ономастикалық және топонимикалық саясаттың негіздерін жасақтау мәселелері де бар);
- заң еліміздің барша тұрғындарын шығу тегіне қарамастан "қазақ" деп тауып, қазақ халқының мемлекетқұраушы статусын айқындауы тиіс; 
- заң қазақ ұлттық мемлекетінің дүние жүзінде тұрып жатқан барша қазаққа қатысты тарихи жауапкершілігін, Қазақ әлемін құру саясатының негізін қалау, қазақ көшін жандандыру мәселелерін көтеруі керек;
- заң қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін тағы да айқындап, әрбір шенеунік пен депутатты қазақ тілін еркін білуге міндеттеп, мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті кәсіп пен қызмет түрлерінің тізімін бекітіп, барлық мемлекеттік мекемелер мен қызметтердің мемлекеттік тілде қызмет етуін, іс қағаздарын қазақша жүргізуге міндеттеуі тиіс;
- заң еліміздегі барлық бала-бақшалардың тек қазақ тілінде болуын қамтамасыз етіп, орта, ортакәсіптік және жоғары білім беру мекемелерінің ұлттық мүддеге сай жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек.
Екінші мүмкіндік: заң керек емес десе, онда Президент, Парламент, Үкімет, Сот, партиялар, негізгі қоғамдық ұйымдар, этномәдени орталықтар қол қойған "ұлттық келісім декларациясы" болуы мүмкін. 
Бір жыл бойы той-томалақ өткізгенде не бітіреміз? Одан да ұлт болып, қоғам болып осындай ірі, өзекті дүниелерді талқылайық!
Қалай ойлайсыздар?

Саясаттанушы Айдос Сарымның «Фейсбуктегі» жеке парақшасынан алынды. 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383