Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Әдебиет 11590 0 пікір 20 Қараша, 2014 сағат 12:32

«ӨТСЕМ ДЕДІМ ӨМІРДЕН ӘН САП ҚАНА»

        «Қызықпай атаққа да, мансапқа  да,

        Өтсем дедім өмірден ән сап қана»-, деп төгілте жырлаған ақын Әбен Данабекұлы Дәуренбеков ағамыз «қанымызға қағазсыз сіңген» бекзат өнер поэзияның қасиетіне қылау түсірмей, керісінше оны барынша қазақы қалыппен кестелеп, жүрегінің терең түбінде тұнытып, тау бұлағындай мөлдір қалпы оқырманына қайта ұсынып, жыр сүйер жұртшылықтың мейірін мейлінше қандыра білген қарымды қаламгер.

Асқаралы қазақ әдебиетін алып теңізге баласақ, сол теңізге құятын бастауын тұнық қайнарлардан алатын Жетісу өңірі әдебиетінде қазақтың көрнекті қаламгері, сөз зергері  Жұматай  Жақыпбаев   айбынын асырған  асыл үрдісті Әбен Дәуренбеков өзіне тән қазақы өлшем, көркем кесте, шымыр шумақ, ұтқыр ой, пайымды пәлсапа, ұлттық ұғыммен астастырса, Әбен әлемін өзіне шығармашылықта  үлгі тұтқан інілері: Жамау Бұқарбаев, Ордаш Кендірбаев, Ахмет Кендірбекұлы, Әміре Әрін, Қуат Қайранбаев, Жомарт Игімандар салған сара сол жолды кейінгі толқын Қалмаханбет Мұхаметқали, Жұматай Оспанұлы,  Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасенова,  Жангелді Немеребайлар  өзіндік үнімен уақыт легіне жалғап келеді.

         «Әбен Дәуренбеков» дегенде жыр сүйер жұртшылықтың есіне әдемі ғана жымиып, жылы ұшырап тұратын бипаз жан көз алдына елестейтін болар. Әбен есімі бүгінде өлеңнің бөлшектенбес бір парасына айналып үлгерді.  Соңына   өлмейтұғын мұра қалдырған ақын қандай ғұмыр кешті?  Нендей іс тындырды?  Бұл сұрақ бәріміздің де көкейімізді мазалары анық.

         Фәниден бақиға озғанына көп уақыт бола қоймаса да оның тұлғасы уақыт ағымымен бірге  cатылай жайғасқан тау өркештері секілді біртіндеп биіктеп бара жатқаны шындық. Ал енді осы  көркем кестелі ақынның өмірбаянына бір сәт үңіліп көрсек...

         Ол 1939 жылы 17 қазанда ҚХР Шығыс Түркістан  өлкесі, Жарсу елді мекенінде дүниеге келген.  1967 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын мұғалімдіктен  бастаған ол араға аз уақыт салып,  тілшілік қызметке ауысады. 1970 жылдан  бастап Талдықорған облыстық «Октябрь туы», «Жерұйық» газеттерінде бөлім меңгерушісі,  Қазақстан Жазушылар Одағының «Аққұс» қауымдастығының төрағасы қызметтерін атқарды.     Әбен Дәуренбеков үркіншілік жылдары шекара асып, кейіннен туған жеріне қайтып оралған қарапайым отбасының үшінші ұлы екен. Әкесі Данабек елдің жиын, сайлауларын ұйымдастырып, үнемі аттың үстінде жүрген адам болыпты. Кішкене кезінен жазу-сызуға бейім болып, зерек өскен Әбен-Әбубәкірден әкесі көп үміт күтсе керек. Алдымен ауыл мектебінде, соңынан Сүйдіндегі орта мектепті өте жақсы тәмамдаған ол ақыры Құлжадағы мұғалімдер даярлайтын училищеде оқып, ұстаз мамандығын меңгеріп шығады.

-  Қайжан, мен Қайыпжамалды солай атайтынмын, нағыз ақынның жары дейтін жан еді ғой. Сәкен, Секен Иманасов сияқты ақын-жазушылардың жанында өскен ол табиғатынан кең, қонақжай, кешірімді болатын. Менің әлгі: «Ішіндегі ең сауы менмін!» дейтін әңгімем бар емес пе еді. Қатты кейігенде: «Тағы да ең сауы болып келіп жүр ме»,- дейтін де қоятын. Бір күні «Октябрь туының» барлық жігіттері әлдебір қуанышты біздің үйдің жанындағы баққа келіп жудық. Үйде Қайжан: «Бір ағайындарды қонаққа шақырамыз»,- деп дайындалып жатқан. Арақ та, тамақ та бар екенін білемін. Әбен қызғаннан кейін жігіттердің бірін қалдырмай үйге шақырмаймын ба. Алакеуім уақытта Тәкен, Бейбітжан, Сейітқали, Жайырбек, Амангелділер сау етіп үйге кіріп келгенде, жеңгең мыналар Әбеннің жаманатын естіртуге келген екен деп қатты сасыпты. Сөйтсе, жігіттердің ең соңын ала тәлтірек басып мен кіріп келе жатпаймын ба. Қайжан қуанғанынан қонаққа деп әзірлеген барлық дәмін дастарханға жайып жіберіп, келгендерді төрге шақырғанда көл-көсір дастарханды көріп енді бұлар таңғалыпты. Жалпы, Қайжан өте көпшіл, көңілді жан болатын. Онымен бірге менің ырыс-бақытым да кеткендей», -дейді Әбен ақын  жары Қайыпжамал туралы Қуат Қайранбаевтың «Ардақ ақын» атты сұхбатында.

         Ақынның Света, Гүлзада,  Әсия, Жазерке, Айдын атты ұл-қаздары бар. Бүгінде барлығы да үйлі-баранды. Жарынан  жас кезінде айрылған ақын осы балаларының қанатының қатаюына ерекше еңбек сіңірді. Әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білді. Міне, осындай тағдырдың  тартуына мойымаған ақын, Алматы сынды үлкен әдеби ортадан жырақта жүріп-ақ, қазақ сөзінің бойына қонған киесін ардақтай білген сөз шеберін әдеби қауым да ерте танып,  талант-талайының ашылуына барынша жағдай жасағаны анық. Сондықтан да,   оның « Мөлдір тамшы», «Саяхат», «Балконнан ұшқан көгершін», «Мамыр айы» «Тамшыбұлақ» , «Белжайлау», «Құс тілінен тамған жыр»  атты  жыр жинақтары бірінен  соң бірі араға көп уақыт салмай жарық көріп жатты.

     Ардақ ақынның әнге айналған, «Белжайлау сазы», «Шопан атаға хат», «Тойың тойға ұласcын» өлеңдері еліміздің  үлкен сахналарынан бастап,  әр қиырдағы қазақы  той-томалақтардың  түндігін желпілдетіп, қуаныш көрігін қыздырған үстіне қыздыра  түсуі,  аз жазса да саз жазған талғампаз ақынның  жұрт көңіліндегі  қуаныш пернелерін  дөп басып,  халқының  сезім сетеріне  айналғанын айғақтамай ма?!

    Әбен аға туралы әңгіме бола қалса, оны жұрт өлеңнің өлшемі ретінде ғана қарап,  сөз зергерін   өңешті, өзекті  жанға тән  пенделік, тұрмыстық  хал-ахуалдан тыс періште кейіпте қарастыратыны бар.  Иә, шындығында  да оның пенделіктен биік тұрған болмысы ақын тұлғасын көзі тірісінде-ақ  аңызға айналдырып, әр түрлі әңгімелерге желеу болғаны рас-ты.

        Тағдырдың талайына жазған сан алуан  қыл көпірден жыр кемесін жарға жықпай   өткізген ақын шығармаларында  күйреуік, тағдырына, айналасына, билікке, жаратқанға деген өкпе, назды білдіретін өлеңдердің болмауы да оның тағы бір азаматтық қырын аша түскендей. Пенделіктен биік тұра білген ақын халықтың құрметіне бөленген төл перзенті ретінде сол елге қатысты әрбір істе өзіндік азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ұлт пен ұрпақ қамы үшін  от пен судан тайынбайтынын талай дәлелдегенін тұстастарынан, сол оқиғаларға куә болғандардан талай естіп, білдік. Бірақ әр ісін міндет қылмайтын ақын онысын ешкімге бұлдамаған. 

        Жарнамаға елітпейтін, қызметін бұлдамайтын қаламгердің тәуелсіздігіміздің  дүмпуі білініп, кеңес одағының  темір пердесі сырыла бастаған тұста  бұғаудағы  ұлт рухын оятуға орасан еңбек сіңіргенін  естен шығармағанымыз абзал.  Ол өзі ғұмыр кешкен Талдықорған қаласындағы тұңғыш қазақ мектебін ашуға жан аямай кірісіп, «Қазақ мектебіне бала жиналмайды», деген сылтаумен  білім ошағын ашуға тосқауыл қоймақ болған әкімшілік жүйенің жүйкесін жүн түткендей ете жүріп, әр қазақтың есігін ерінбей қағып, бала жинап, бала жинап қана қоймай көптеген отбасының ұлттық рухын тірілтіп, еңселі қазақ орта мектебінің  шаңырағын тік көтергенін бейбіт күндегі ерен ерлік, асқақ азаматтық деп бағаламасқа  бола  ма?

         Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар Одағының жанынан құрылған қазақтың көрнекті  қаламгері  Оралхан Бөкей жетекшілік еткен  «Аққұстың» яғни, ауылдағы қазақ қаламгерлерінің ұйым серіктестігінің Талдықорған өңіріндегі бөлімшесін басқарған тұста  қазақ мәдениетінің, әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын қалам ұстаған қауым жақсы біледі.  Оған сол кездегі  ауқымды түрде өткізілген түрлі мәдени-рухани шаралар легі мен осы серіктестіктің  атынан шығып тұрған «Шабыт» журналы дәлел.    

           Ақынның бүкіл мінезі, ішкі рухтық қуаты, қайраты, жігері, ұстанымы, дүниетанымы өлеңінде болады емес пе?- деп  сырласуға ден қойдым.

         Адам бір сәт те ойсыз өмір сүре алмайды. «Қарын тойдыру»  туралы    қарабайыр ойдан бастап, ірілі-ұсақты, мақсатты-мақсатсыз ойлар қу жаныңды күніне қырық рет қуырдақ қылып, мазаңды алады емес пе? Бұдан кейін сөз өнерін серік еткен адамдардың ойшылдығы туралы айтып жатудың өзі артық. Сонымен қатар ақын – сезімнің ордасы. Ой мен сезім қосылғанда, «минут сайын ми қабығын мың қажап» қаламгерге қанша азап тартқызады екен, өлшеп көрсе ғой, шіркін! Сондай бір азапты күйді сөзімізге арқау болып отырған дарын иесі: 

                   Қашқан ойды қаумалап құрықты сап,

                   Бір қораға қамадым ұрып, тұсап.

                   Бірікпеген бастары бәтшағарлар,

                   Бір-бірімен, сонда да, қырық  пышақ, – деп бейнелепті.

  Сократ деген данышпан айтыпты деген сөз бар: «Пенденің бәрі философ, менің олардан айырмашылығым ойларымды қағазға түсіріп жаза аламын». Шындығында да, ақынның басқадан айырмашылығы – адамдардың ішкі діліндегі таным тетіктерін тап басуында болар. Оған бір ғана ойды ғажап өлеңге айналдырған сөз зергерінің құдіреті дәләл. «Басымда неше түрлі ой бар», деп әркім айтады. Онысы есте қалмайды, әсер де етпейді. Ал, сол өлі сөзге жан бітіріп, асау ойға құрықты сап, ұрып, тұсап тұрған шайыр құдіретіне қалай бас имейсің. Осы бір шумақ өлеңде ауылда өскен қазақ баласына таныс қаншама сөз бар.     

         Ақындардың халық арасында  орасан зор беделге ие болуы оның шынайы шындықтың сөлін сорғалатқан қалпы, найзадай түйреп, айтатын жерде айта алатын қасиеті болса, екінші жағынан олардың қуаныш пен қайғыны, шаттық пен мұңды, ізгілік пен парасатты жырлап, аярлық пен арамдықтың, жамандық пен жақсылықтың қайшылыққа толы шайқасын өз жүрегінен өткізіп барып, оқырманына нәрі мен әрін, танымы мен талғамын ұсынатындығында болса керек. Әбен Дәуренбеков жырларының дені ізгілікті ту етіп, этнопедагогикалық, этнопоэтикалық қуатты барынша мол сіңіргендігінен  болар шайыр шығармаларына зейін салсаңыз, шым-шымдап тереңіне тартыла бересіз. Оның осындай орасан қуатпен жазылған ерекше қаламгерлік арынын танытқан, кең тынысты  аңыз-дастандары «Аққу ана», «Аңшының зары», «Кісі киік», «Маралдың қозықасы», «Аққұтан және үйректің балапаны» сынды көлемді сюжетті толғаулары. Бұл толғамды туындылардың шымырлығы мен көркемдігі туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. Ал, біздің айтпағымыз шырынды шығармалардың ұлттық сана мен сезімді арқау еткен тағылымды түйіндері,  оқырманын  асқақ адамгершіліктің шыңына жетелеп отыратын ғаламат қуаты.  Ал, мұндай өшпес өрнек салған ақын уақыт өткен сайын зері айқындалып, көркемдігі көз тартар жауһардай жарқырай бермек.

         Балаң кезде шайыр шығармаларын жатсынбай оқып, жаныма тез сіңіріп алуымның себебі, оның сөздік қорының мейілінше қазақылылығында, ұлттық нақышқа толылығында екен ғой. Мына бір өлеңі есіңде жаттамаймын десеңде жатталып қалады. Әбен ақын атауын алты алашқа алаулатып ала жөнелгенде осы қазақы сөз қайнарын мейілінше мөлдектетіп пайдаланатын қасиеті ғой.

       Мұндай қазақы тұрмысқа қатысты бейнелі сөздерді ақын шығармашылығынан көптеп кездестіруге болады. Мысалы: «Кәрі емен» туралы өлеңінде:

                   Үндемеген қалпында қарсы алады,

                   Жабағыдай  жалбырап  әр   сабағы.

                   Ақ боранмен алысып, ақ дауылмен,

                   Көрініп тұр қалжырап, шаршағаны, –деп төгілтеді. Осы бір шумақ өлеңнің өн бойынан кәрі еменнің бүкіл тарихын тануға болады емес пе? Көз алдыңызға көрінісі де көлбеңдеп тұра қалады. Әсіресе, кәрі еменнің “жабығыдай жалбыраған әр сабағы” деген теңеуі өте сәтті табылған көркемдік кестесі. Жабығының не екенін жақсы білетін жан, қандай шеберлік деп сүйсінеріне мен кепіл.

         Шалқар шабыт иесінің кез келген өлеңін оқысаңыз, қазақы мінездің, ұлттық болмысымыздың бояуына қанығып шыға келесіз. Таңдай қағасыз. Сүйсініп тұрып қаламгер зерделігіне зейін қоясыз. Дәлел керек пе? «Ата қоныс» деген өлеңін алға тартайық. Бұл өзі сюжетті өлең. Қысқаша мазмұны былай: Таңқурайлы, бүлдіргенді Талдыесік беткейінің бауырын бұрғылап,  бір топ кенші кен іздеп жүр. Кезекті бір қопарылыс кезінде қайдағы бір қаңғыған тас осы жайлауда мал бағып отырған Орманбайдың сиырын мерт етеді. Кінәсін сезген кенші жігіт кешірім сұрай келеді:

                   ... Байқалмайды реніш ағада көп,

                   Сиыр жатқан ентігіп жағаға кеп.

                   Сойып, етін таратты таудағы елге:

                   «Аяқты мал жанымнан садаға», деп.

 

                   Қызық-думан табылса, жетер тамақ,

                   Мал ашуы лезде кетер тарап.

                   Кешірім сұрай келген кенші жігіт,

                   Бара жатты жарты қап ет арқалап, – деп аяқталады.

     Осы бір өлеңнің өн-бойында қазаққа ғана тән мәрттік, жомарттық, асқақ адамгершілік, үлкен жүректі жылылық жатқан жоқ па? Баяғы кеңестік кесіммен айтар болсақ, оқымаған, қараңғы, мал бағуды ғана білетін біздің Орманбайларымыздың өзі осындай кесек тұлғалар ғой. Оның орнында басқа біреу болсыншы кенші жігіт он есе айыппұл төлеп, жұмысынан сөгіс алып, сотқа дейін барып, сандалып қайтар еді. Мұның барлығы сайып келгенде ақын танымының тамыры тереңде жатқандығын, өзінің шынайы болмысты тұлға екендігін, өз ұлтын, оның әрбір салт–дәстүрін ерекше қадір тұтатындығының белгісі емес пе?

Бірақ осы сол кезге жат дүние қазір біз үшін қап түбіндегі алтын секілді. Айналамыз ғаламданып, неше түрлі мәдениет мидай араласып, көжедей біте қайнасып жатқан тұста, Әбен Дәуренбеков сынды ұлттық бояуы қалың қаламгерлердің тағылымды туындылары ғана қазақылығымызды қақпақылдан қорғап қала алады. Ендігі біздің міндет толайым тұлғасымен ұлтшыл, бірақ әлдекімдердей жалт етпе атақ іздеп ұрандамайтын, ақырын жүріп, анық басатын еңбегі далаға кетпес шалқар шабыт, дарабоз дарын иелерінің шырынды шығармаларын кеңінен насихаттап, жас ұрпақты тәрбиелеуде басты құрал етіп пайдалану.  

       Әспетті ақынның кез келген шығармасында елдік мұрат пен ұлттық мүдде жалауы желбіреп тұрады. Өйткені ол қашанда туғанда дүние есігін өлеңмен ашатын жаны жомарт, ырысы жұғысты, адалдықты темірқазық еткен жұрттың өзіне деген ыстық ықыласына арқа сүйеп, емін-еркін тілдесіп отырған.

                            Жүрегі – жүзге жекжат, мыңға бауыр,

                            Есімнен бір кетпейсің туған ауыл.

         Немесе:

                            Маңғазым, мақтанышым, мақұлдарым,

                            Ағалар шеттерінен ақыл-дарын.

                            Жүрмісің аман-есен ауыл-аймақ,

                            Ет бауыр, етенедей жақындарым.

 

         Әбен ақын  поэзиясы — қазақы қуатты бойына барынша сіңірген кеңістіктің кестелі де дестелі,  құдіретті сөз нәрімен суарылған шығармалар жиынтығы. Содан да болар бір қарағанда жатық, қарапайым көрінетін оның өлеңдері жан-жүрегіңе шым-шымдап енген сайын көркемдік пен  терең  танымның  тұнбасына байқатпай тарта жөнеледі. Себебі ақын жырлары арқылы біз кірлеңкіреп қалған көңіліміздің бұлақ көзін тазалап, ақиқат әлемінде серуен құрамыз. Ал қызарып, сұрланған ынтық жандар ақын жырлары арқылы гүлзар сезімнің теңізіне бойлап, мөлдір іңкәрліктің  патшалығында дәурен кешеді. Сезіміңіздің қуатын тексеріп көргіңіз келе ме? Ендеше “Мәдинаны” оқиық:

                   Саусағыңды саусағым сипап еді, Мәдина,

                   Саусақтарың не деген шипалы еді, Мәдина.

                   Күлімдеген көзіңнен күн көрінген, Мәдина,

                   Көре алмайды ол күнді кім көрінген, Мәдина.

         Бұл мөлдір пейілдің өрісімен шырмалған тәтті жырдың бір үзігі ғана. Тамсанып қалдыңыз ба?   Әбен ақын жырлары кіл осындай тамсантулардан тұрады. Шеберлік шетіндігі дегеніңіз осы болар. Осыншама қаймақты қасиет, мінсіз мөлдірлік, кіршіксіз көңіл, ақжарқын арман, пәлсапашыл парасат, өрнекті өре, зерлі зейін ақын бойында қалайша тоқайласты екен? Мұншалық асыл қазынаны жинау үшін қаншама  қажыр-қайрат тері төгілді екен? Асылды жасықтан айырып, торта қайнатқандай тозаңынан тазалап, тал бойына талғаммен жинауда ізденімпаз жанға кімдер көмекке келді екен?

Сөйтсек мұның жауабын шалымды шайыр әлдеқашан «Ұлытауға шықтың ба?» өлеңінде айтып қойыпты:

                   …Ұлар етін жегем жоқ, Ұлытауды көрмедім,

                   Өлең болды жасымнан, кестелеген, өргенім.

                   Қызыл тілдің шешені, қара сөздің көсемі,

                  Болмағанмен, әзірге намысымды бермедім.

                   Ағайынның алдында жасырмаймын мінімді:

                   Бола алмадым, әрине, жұрттан асқан білімді.

                   Сүтпен сіңген сүйекке, қанға сіңген қағазсыз,

                   Асылыңды ардақтап, кестеледім  тіліңді,

                   Жоғалтпадым тілімді.

                   Осы тілмен келемін өздеріңді өкшелеп,

                   Жиғанымды беремін осы тілмен кестелеп.

                   Ойланамын күнімен, толғанамын түнімен,

                   Жұмыр басты пенденің жүрегіне жетсем деп.

         Сүтпен сүйекке, қанға қағазсыз сіңген бабалар мұрасының мирасқоры Әбен Дәуренбековтің: «Жұмыр басты пенденің жүрегіне жетсем»,- деген арманы  бүгінде саналар төрінде салтанат құрып, уақыт легінде жөңкіліп барады.

           Ақын мұрасын қадірлейтін жыр сүйер қауым  жетерлік.  Қазақтың белгілі ақыны Әбен Дәуренбековпен жезде, балдыз болып әзілі жарасып жүретін, «сөз қадірі –өз  қадірім» деп білетін, жездесіне кезекті бір реткі әзілде  сөзден тосылып, айыбына «өті жоқ мал» төлеп жүретін  Ахмет Кендірбекұлы өзінің баспадан шығып бара жатқан кітабының орнына Әбен Дәуренбековтың «Таңдамалы  жинағын» өзі құрастырып, және бір баспаға тағы тапсырыс беріп  естелік жинағын   шығаруға атсалысқандығы Әбен мұрасының қадірін тағы бір асырғандай. Облыс әкімінің кеңесшісі, белгілі ақын Ахмет Кендірбекұлы ағамызға Жаркент жұртшылығы және қаламгерлер қауымы атынан үлкен алғысымызды білдіреміз.

          Ал дүние жанарындағы ақын кемесі асқақ поэзияның мәйегін бетке алып, желкенін желмен желбіретіп жүйткиді. Ол сонда мәңгі мекендеп қалмақ.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ,

ақын, «Әбдіраштың   Жарасқаны»

 атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Талдықорған қаласы.

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2012