Шағын бизнестің ширығатын шағы
«Шағын және орта бизнесті (ШОБ) экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына дейін ұлғайту бағытындағы жұмысты жалғастырған жөн. Бәлкім бұл көрсеткішке одан бұрынырақ қол жеткізерміз. Сондықтан ШОБ үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 млрд. теңгені құрайтын несие желілерін Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі және Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет»,- деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты ағымдағы жылдың 11 қарашасындағы Қазақстан халқына жолдауында.
Мемлекет басшысы Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 млрд. теңге толықтай игерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі кезекте жаңадан құрылған кәсіпорындар тоқтамай жұмыс істеп, табыс әкелуін бақылауға алу керек. «Салынған кәсіпорындар тоқтап тұрмауы керек. Мұны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті әкімдер өз бақылауына алсын. Бұл шаралар бізге қосымша 4,5 мың жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді»,- дей келе Президент ШОБ-ты қолдау бағдарламасына қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 млрд. теңгеге асып түскенін, отандық бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалғанын тілге тиек етті.
Шындығына келсек, дағдарыс кезеңінде ШОБ-ты қолдауда Қазақстан ТМД елдерінің арасында көш бастап келеді. Мемлекет дағдарыс одан әрі ширықтаратын отандық кәсіпкерлердің өсіп-өркендеуі үшін қолынан келетін барлық мүмкіндіктерді туғызуда. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылы 2 сәуірде тағы бір мәрте ШОБ-ты тексеруге мораторий жариялады. «Жоспарлы тексерулер деген түбірімен жойылады. Мемлекеттік органдар әлемдік стандарттарға сәйкес келетін тексерулерді анықтау жүйесін әзірлейді. Осы жүйеге сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап тек заңнамамызды қатаң бұзған кәсіпкерлер ғана тексерілетін болады. Ал заңның барлық талаптарын орындайтын кәсіпкерді тексеруші органдар мүлдем мазаламайды»,- деді Президент.
Жуырда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) мен Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті бірлесіп өткізген брифингте ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев 2015 жылдан бастап бизнесті жаппай тексерулер тәуекелдерді басқаруға ауысатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ең алдымен тәуекелдік факторы ескеріледі. «Бұл жерде заңнаманы бұзуға деген қаншалықты тәуекел бары анықталады. Мысалы, белгілі бір нысандағы төтенше жағдай, улану және т.б. оқиғалардың ықтималдығы тексеріледі. Егер сондай қауіп болса, ол кәсіпкер тексеріледі, ал тәуекел төмен болса, онда тексеріс жүргізілмейді»,- деп түсіндірді жаңалықты Н. Әлтаев.
Жоспардан тыс тексерулердің алынып тасталатынын Астана қаласындағы Мемлекеттік кіріс департаментінің жетекшісі Әбілқайыр Сқақов та растады. «Біз заңсыз қысым жасамай-ақ, қарапайым азаматтар мен қоғам тарапынан бақылау орнату арқылы кәсіпкерлердің арасында түсіністікке қол жеткізе алатынымызды толық сезіндік. Заңды бұзу есебінен бәсекеге түсу дұрыс емес және ондай қадамға барғандар алысқа ұзамайды. Мұндай алаяқтық бәсекелестік тұтынушылардың сенімінен айырып қана қоймай, жалпы нарықты жоғалтуға алып баратыны белгілі»,- деді ол. Сонымен қатар, құзырлы мекеме өкілі заңды қасақана бұзған кәсіпкерлердің тізімі алдағы уақытта ҰКП-сына жіберілетінін ашық айтты.
Айтпақшы, бұған дейін ҰКП-сы бизнестің жұмысына кедергі келтірген лауазымды тұлғалардың есімдерін БАҚ-да ашық жариялауға уәде берген болатын. Аталған басқосуда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнестің жұмысына кедергі келтірген шенеуніктердің аты-жөні тиісті мемлекеттік органдардың тексеруінен кейін жарияланатынын хабарлады. Оның айтуынша, 2014 жылдың соңына дейін барлық облыстарда кәсіпкерлердің мүддесін қорғау жөніндегі кеңестер өткізіліп, өңірлерде кәсіпкерлікке кесірін тигізген лауазымды тұлғалардың тізімі жасалады. Абылай Мырзахметов қазірдің өзінде осындай 30-ға тарта адамның аты-жөні бар екенін, бірақ ҰКП-сы әзірше олардың есімдерін БАҚ-да жариялай алмайтынын жеткізді. Әуелі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Бас Прокуратура әлгі шенеуніктердің ісін тексеріп, сотқа жібереді. Соттың шешімінен кейін, олардың есімі жұртқа белгілі болады.
Әмірлан Әлімжан.