Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 10576 1 пікір 18 Қараша, 2014 сағат 13:10

Сәуле ДОСЖАНОВА. ҚАШҚЫННЫҢ ЗАРЫ

Фото: Рембрандт. "Адасқан ұлдың оралуы"

 

 «Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

 Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...»,- деп

Мұқағали бауырым Фариза ақынға өлең арнағанындай, қарындасым, мұңымды Сізге шағып, осы сәлем хатты жолдап отырмын!,- деп басталған үшбу хат алдым. Бірге оқиық...

«Мен – Қазақстанның халықаралық іздеу жариялаған қашқынымын. Елден безгеніме биыл он жыл болады. Жасым Пайғамбар жасына толады. Отаныма деген сағыныштан от оранып жүрген жайым бар. Сағыныштың сар запыраны толған зарымды Сізге жолдап отырмын.

Жалғыз жаныңның амандығын ойлап, қарабасың қаңғымалап қашып жүргеніңмен, жан дүниең туған еліңнен бөлініп кете алмайды екен. Жаныңның бір бөлшегі сонда қалып, әркез есіңе түсіп, ет жүрегің езіле ойлай бересің. Ұйқы қашқан, күлкі дегеннің өзі көңіліңнің тоқтығында, жаныңның жайлылығында ғана екен. Соңғы кездері сөткелеп ұйықтамаймын. Көзім ілінсе болды – туған жерімді, өскен елімді көремін.

 - Халыққа өкпең болмаса, билікке өкпелі шығарсың. «Мында» дегенің қайда? Бұл жер сенің Отаның емес пе? Кезінде саған сенім жүктеп, елдің тізгінін берді. Азды-көпті, жақсылы-жаманды дегендей биледің. Мәңгілік ештеңе жоқ! Дүние кезек деген. Енді келесі азаматқа бер тізгінді!,- деген әкемнің әмірінен шошып оянамын.

«Байтақ мекенім,  Қазақстаным! Туған жерім! Сенің қасиетің, сенің құдіретің, сенің «тартылыс күшің» осын­дай ма еді?! «Тасжүрек, қашқын» ұлың осыны енді ұғынып, енді сезініп жатыр. Кешіре гөр!..»,- деп күбірлеймін. Бірнеше рет осылай қайталанды. Жаралы жүрегім сыздап, көңіліме неше түрлі күдік оралып содан таңға көз ілмеймін.

Сағындым, қатты  сағындым кіндігімнің қаны тамған, анам аузыма сүт дарытқан, жалаңаяқ жүгірген  ата мекенімді! Иә, кіндік  қаның тамған жер қайда болса да ыстық, қасиетті де қастерлі. Көксейсің, бір көрсем деп армандайсың.  Жасың ұлғайған сайын дүниенің қызығынан безініп, тек туған жеріңді ойлайды екенсің. Ол сағындырады, ол аңсаттырады. Жиі түсіңе енеді. Түсіңде соның қасиетті топырағын басып жүресің....Ал оянған кезде… жат жерде, жат топырақты жастанып жатқаныңды сезгенде – ішің удай ашып, бағанағы түсім өңім болса екен деп көзіңді жұма түсіп, ұзақ тілейсің.  Мейлі, қай шетінде болса да тек соның бауырында  жатсам екен дейсің. Егер уақытты қайта айналдыру мүмкін болса, маған мына Еуропаның жүрегі дейтін Праганың ғажаптарының да, балаларым тамашалап жүрген әлемнің кереметтерінің де керегі жоқ. Еуразияның жүрегі атанған өз Отаныма құстай ұшқым келеді. Сені ешқашанда ештеңеге де айырбастамас едім, туған елім. Шіркін, шыр етіп жерге түскен, балалық бал шағым өткен туған жерімді бір көрсем арманым бар ма?! Влтава өзенінің әдемі жағасында жалғыздан-жалғыз отырып, елге деген сағынышым тербетіп, көзімнің ыстық жастары қалың тас төсеуіштерге таматын кездері де болады...

Қаланы кезіп, қанша сандалсам да жүрегіме жақын бейне, жарқын жүз көрмеймін. Қазақтың қой көзін, қысық көзін, сығыр көзін, тіпті сықсиған көзін де сағындым. Мейірім төгіліп, бетіңе тіктеп қарамай, ұяла қарайтын қара көздерді сағындым. Не айтса да күліп айтатын, не айтса да күлдіріп айтатын жағасы жайлау ақжарқын бауырларымды сағындым. Мына жердегі  адамдар бетіңе бағжия қарап, шарасы үлкен көздерімен тесіп жібере жаздайтындай болады. Жүздері де суық. Шанда бір шығысқа тән бет-әлпет кездесіп қалады, оның өзі  - қытай не жапон болып шығады. Олар мені де жапонға ұқсатады. Көзіме көзілдірік, басыма шләпі киіп, спорт кәстөмімен жүремін, жұрт көзіне түспеу үшін.

Кейде-кейде Карловы-Варыға барып қайтамын, қазақтарды сыртынан болса да көрсем деп. Қазақтың асын іздеп батысты шарлайтынымды айтпай-ақ қояйын... Бүгінде Қазақстанның атын әлем біледі, қазақтар баяғы мен қызмет еткен тоқсаныншы жылдардағыдай емес, ауқатты тұрады. Олар бала-шағаларын ертіп алып әлемнің ең жақсы демалыс орындарында жүреді. Карловы-Варыға да келеді топ-тобымен бала-шағаларын ертіп.

Жасы менімен шамалас ерлі-зайыпты дәл алдымдағы үстелде тамақтанып отырды, қазақша сөйлеген дауыстары маған анық естіліп тұрды. Мына үн, мына сөз жүрегіме жағып, жаным еріп, егіліп естіп отырмын. Мен үшін жарық дүниеде  қазақ тілінен артық тіл жоғын, сол сөздерден тәтті сөз жоғын жан дүниеммен енді түсініп отырғандаймын.

Өзіңнің ана тіліңде сөйлеу, ана сүті, әке күшімен қаныңа сіңген сөздерді айту қандай бақыт.  Өз Отаныңда, өз ана тіліңде, өз шаңырағыңда қатын-балаңмен абыр-дабыр болып сөйлесіп жүру қандай бақыт. Бақыт дегеннің ортасында жүріп бағаламай, бастан ұшқанда ғана біледі екен пенде. Соның зарын енді тартып жүрмін.

Баяғы кезім болса, сол үлкен кісілермен танысып, жөн сұраса кетпес пе едім. Қазақтың әлемдегі барлық ұлт пен ұлыстан ерекшелігі – жүзге бөлініп, ру сұраса жөнелетінінде ғой. «Қай атаның баласысың?» дегенде, еркек екенің шын болса ата тегіңді түгендеп сайрай жөнелесің. Жеті атасын білмеген жетесізден безетін біздің қазақтар ғана шығар. Дүниенің қай түпкірінде болсын, елінің оңтүстігі мен солтүстігі, шығысы мен батысы бірін-бірі тіл қатысқаннан ұғатын қазақ қана. Басқа қай ұлтты алсаң да тұрған жері мен өскен ортасына қарай диалектісі, сөз айырмашылығы болады. Қытайлар тіпті бір мекеннен шыққаны екінші мекеннің адамының тілін қытайша сөйлеп тұрып та ұғыспайды. Әріптері де солай.

Карловы-Варыда бірде дос-жар болған жігіттерді де сыртынан көріп қалдым. Тани кеттім. Алдымнан шаға келгенде аузыма бірден «Ассалаумағалейкүм!»,- деген сөз түсе кетті. Аузымды аша бере тілімді жұта қойды сорлы басым. Дереу бұрылып кеттім...

Сондағы жүрегімнің соғысын сезсеңіз ғой. Ойпырмай, жүрек байғұс жүрек те ана адамның өз бауыры, өз қандасы екенін біліп, мені сүйрей жөнелгендей. Әрине, жақын бармадым, қашқын деген атым бар емес пе, қайтейін. Демалысқа келетіндердің көбі зиялы қауым ғой, олардың біразы мені танитынына сенімдімін. Бір кезде арыстандай ақырып қызмет үстелінде отырған мен жат жерде сорлап, еркек басыммен, дыбысымды шығармай, егіліп жыладым...

Алғашқы жылдары бөтен жерге қалай сіңіп кетем, қайтсем қаржы табам деп жанымды жеп жүріп уақыттың зымырап, он жылдың өте шыққанын да байқамаппын. Алпыстың асқарына шыққаннан жанымды жалғыздық айналдыра бастады. Тәнімде сырқырап не шаншып, не буындырып алып бара жатқан ауруым жоқ. Санамның бір түпкірінде, жүрегімнің сонау-сонау бір тереңінде бір нәрсе сыздап тұрады. Елден, жерден жырақ кетіп, сағыныштан сартап болып ауырғанда өмірдің де керегі болмай қалады екен. Туған жердің топырағын бір басып, ауасынан бір жұтып өле кетсем! деген арман туады. Менің мына ауыруым нағыз сұрап алған ауру болды. Халық айтқандай: «сұрап алған аурудың емі жоқ».

 Ел егемендігін алған алғашқы жылдары алдымен халықтың санын біліп алайық деп арнайы агенттік құрылды.  «Қазақтың нақты санын білеміз» деп қандас бауырларым қуанып жүрді. Анам әулетіміз басқа тапшы болғандықтан: «топырақтан бала жасай алмай жүргенде, кімнен туса одан тусын, біздің әулетке тән бала» деп ағайындарымыздың бірнеше баласын бауырымызға басқаны бар еді. Бірнеше атадан жалғыз ұл боп жалғасып келеміз. Бір тәубесі –  үзіліп қалмағанымыз, содан әкем де «қой ақсағымен мың болады»,- деп бізге қарағанның бәрін бауырына тарта беретін. Ата-анамның көбейгенді тілегенін  Құдай да құптады ма, қазақтың басын, халықтың санын  түгендейтін осынау жақсы іске мені басшы етіп тағайындады Үкімет.

Бұрын да біраз игілікті істерге басшылық жасап жүрген едім, бұл жолы да барымды салдым. «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып істе»,- дегендей. Бойында қаны бар қай азамат болса да ұлтына керек дегенде не жан қалсын. Елім өз алдына шаңырақ көтеріп, еңсесін тіктеп жатыр. Екі орынбасарым да, басқалары да ойға, қырға шауып, өркениетті елдерден үйреніп, тарихтың түбін қопарып дегендей Ұлттық санаққа кірісіп кеттік.

Өкінішке орай, нәтижесі насырға шапты. Біз халық санын дұрыс бермеген болып шықтық. Қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекеттің сеніп тапсырған қаржысын талан-таражға түсірді деп екі орынбасарыма бірінен кейін біріне кісен салып, темір торға тоғытты. Тықыр маған да таяды...

Жаным ашып-ақ істеген ісімнің сор әкелгеніне ашуланып,  еңбек демалысына кетіп барамын дедім де Антальяға тарттым. Елде қалған жанашырларым сымсыз хабар алғызып тұрды. Бір айдан кейін сыртымнан  «Халық санағына бөлінген қаржыны жымқырды» деген айыппен маған халықаралық іздеу жариялады. Тіпті бұрынғы атқарған қызметтерімде қару-жарақты заңсыз сақтаған, жемқорлыққа жол берген, тағы да басқа толып жатқан сұмдығы да бар қосымша. Естігеннен есім шығып, одан әрі бой тасалай түстім. Жарты жылдай елді шулатып сыртымнан «он жылға кесті» дегенді естігенде «түрмеде шіргенше қашқын атанып қаңғып кеткенім жақсы»,- деп Отаныма өкпелеп, Еуропа асып жоғалдым. Құқық қорғау органдарының қолына түскенде де қашып құтылдым. Қайсыбірін тәптіштеп айта берейін, соңында өзімді саяси босқын ретінде жариялатып жібердім.

Бабалардың «жылағанды – жұбат, жығылғанды – жебе, адасқанды – ізде, айрылысқанды – табыстыр. Сазды құрап – жер ет! Азды құрап – ел ет!»,- деген аманаты бар мен сияқты еркек боп туып, анасы қалжа жегендерге. Мен соны орындай алмадым. Бабаның аманатын орындау былай тұрсын, жалғызының тілеуін тілеп, жолында құрбан болған әкеме де топырақ салуға жарамадым. Сол кеткеннен қайтып елге оралмадым. Соңғы қоштасуымды есіме алсам ішім өртеніп, жанымды қоярға жер таппаймын...

Басыма бұлт үйірілгенін сезгеннен соң алдымен әкеммен қоштасып кетуге ұйғардым. Ұзаққа бара жатқанымды, теңіз асып кететінімді жасырмадым. Әкем де сұңғыла адам ғой:

- Сен кімге өкпелеп кетіп барасың? Әлде бірдеңе бүлдіріп, елден қашып барамысың?,- деді бетіме сүзіліп қарап отырып.

- Елге өкпем жоқ қой. Әзірге мында маған лайық қызметтің жөні болмай тұр. Сондықтан біраз шетелге барып қызмет істеп, әрі ел танып келейін..,- дедім мұрнымның астынан міңгірлегендей болып.

- Халыққа өкпең болмаса, билікке өкпелі шығарсың. «Мында» дегенің қайда? Бұл жер сенің Отаның емес пе? Кезінде саған сенім жүктеп, елдің тізгінін берді. Азды-көпті, жақсылы-жаманды дегендей биледің. Мәңгілік ештеңе жоқ! Дүние кезек деген. Енді келесі азаматқа бер тізгінді. Бір кезде солар сенің әміріңде жүрді, енді сен олардың ортасында жүр. Білгеніңмен бөліс. Отан –  ортақ. Қызмет беріп, пәпкі құшақтасаң Отан да, билік бермесе –  жат бола ма? «Бәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң бақыр жоқ», «Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол»,- деп бабаларың айтып кеткен. Осы мақал есіңде болсын. Ойлан!,- деп әкем маған көзінен от шашырай, қадалып қарап қалды.

Үнінен үй тербеліп кеткендей болды.

Мен атқа мінгелі бері әкемнің қатты сөйлегені осы шығар. «Жалғызым жөн білетін, жол білетін азамат болып өсті» деп, үлкен үміт артып, іштей мақтаныш ететінін сезіп жүруші едім. Сол үмітінің күл-талқаны шыққанын енді көргендей, жасыл көздері шапыраштанып тұрды. Төрінен көрі жақын әкемнің мына қарасынан кірерге тесік таппай, орнымнан тұрып кеттім. Сыртқа шығып кетсем сөзін құлаққа ілмеген болармын деп ойлап, терезенің алдына бардым да сыртқа көз салдым. Далада биылғы жылдың алғашқы қары жауып тұр. Нәзік қар ұшқындары терезенің әйнегіне келіп жабысып, тез еріп кетіп жатыр.

Ұстарамен тықырлап алдырып тастаған жылтыр басын үлкен алақанымен ұзақ сыйпалап отырған әкем бір кезде қатты қақырынып жөтеліп алды да мен жаққа мойынын бұрды.  Өзіне қарап тұрғанымды көріп, тыңдайды-ау дегендей, қайта сөзін жалғастырды.

- Біздің аталарымыз да бір-біріне өкпелеген. «Ағайыннан балталаса да кетпейсің»,- деп бірлікке тәрбиелеген. «Мұсылманның өкпесі үш-ақ күндік»,- деп аптаға жетпей қайта табысқан, бірақ кектеспеген, алдына келсе атасының құнын кешкен. Жүрегін қарайтатын кекке,  зұлымдыққа бой алдырмаған. Менің тәрбиемнің қай жерінен қата кетті! «Маған лайық қызмет жоқ»,-деп елге өкпелеген сені көрдім. «Ерінен айырылған көмгенше жылайды, Елінен айырылған өлгенше жылайды»,- деген бар, айдалада еңіреп қалма, байқа,- деді сөзінің соңына салмақ сала. Негізі әкем көп сөйлемейтін адам. Бір сөйлесе ойын ұзақ жеткізеді. Онысы ұстаздық машығынан қалған болса керек. «Мұғалім қырық бес минут сөйлейді»,- дейтіні бар еді өзінің бір жерде сөз аларда.

Мен терезе алдына әлі тұрмын. Орнымнан қозғалсам бір сұмдық болатындай. Әкеме бірдеңе деп айтуға да шама жоқ. Үнім құмығып, еріндерім бір-біріне жабысып қалғандай. Сырттағы суық менің ішіме түсіп кеткендей күллі денем суып, қалтырап барамын. Сөз сүйектен өтеді деген осы шығар. Әр сөзі сүйек-сүйегімді тесіп, мың-сан ине қадап жатқандай.

Төсекті сықырлатып әкем орнынан тұрды. Жанына жетіп барып, қолынан ұстап едім, қағып жіберді.

- Немене, мені өлгенше жетелеп жүресің бе? Айшылық сапарға атанып барасың, уайымдама, өз күнімді көрермін. Мына түріңмен топырақ салуға да жарамассың!..,- деді де сыртқа беттеді.

Мен артынан еруге де жарамай, бөлме ортасында қаққан қазықтай болып қалдым да қойдым.

Дәретін алып келген сыңайлы. Сандық үстінде жинаулы тұрған жайнамазын қолына ұстап, аяғын қалтылдай басып үйреншікті орнына беттеді. Әкемнің қатты қартайып кеткенін осы жолы анық байқадым. Аяныштан жүрегімнің тұсынан бірнәрсе төмен қарай үзіліп түскендей болды... Санама «соңғы рет көріп тұрған жоқпын ба?,- деген сұмдық ой келді....

Санасы санға бөлініп, сабыры сарқылған сорлы әкем құбылаға бетін бұрып:

- А, Алла тағала! Менікі емес, өзіңнің маған берген аманатың еді ғой мына пендең. Мен ұқпайтын, өзі де түсінбейтін бір сапарға кетіп барады. Жортқанда жолын болдыра гөр. Қайып ерен, қылық шілтен шылауында болсын. Қайда жүрсе де жанында қайырымды, жақсы адамдар жүрсін.

 Атадан жалғыз едім, бұл да жалғыз болды. Бір жаман ұл жалғыз боп ілесті оған да. Қайтейін басқа жарымаған пақырың ем, сол жалғызды көз көрмес, құлақ естімес беймәлім сапарға шығарып тұрмын. Елі үшін ұлы бір істің соңында жүрсе арман не, қайтейін!,- деп дауыстап тұрып зарын айтты. Бұрын басын сәждеге қойғанда мұнша дауыстамайтын әкемнің мына қылығы маған істер амалының қалмағанынан болар. Құдайға зарын дауыстап айтса мен де естіп есі кірер, алған бетінен қайтар дей ма екен?

Менің мінезім сол әкемнің дәл өзінің мінезіндей – алған беттен қайтпайтын пәлемін.  Сондықтан да болар мені дәл бір соңғы рет көріп тұрғандай, қайтпас сапарға шығарып салып тұрғандай болған жетпістен асқан әкемнің Аллаға да, адамға да қаратып айтқан сөзіне де тоқтамадым. Қай әке болса да  перзентінің өзіне тартқанына қуанады емес пе. Дәл осы жолы әкем менің өзіне тартқаныма өмірінде бірінші рет өкінген шығар. Анам мінезі жұмсақ, жылауықтау еді. Оның төркінін – нағашыларымды әкем «босбелбеулер» деп кейде ұнатыңқырамай отыратын.  Бауырлары бірдеңені бүлдіріп қойып, солар үшін анам күйіп-пісіп, ақырында жылап тынатын. «Еркек болып бірдеңені бүлдірген соң істегенді мойынмен көтермей ме, ұялмай кел-е-е-п әпкесінің етегіне тығылады. Қорқатының бар, артыңды қысып жүр!»,- деп әкем зілденетін. Өзім оның ешбір іске басқа біреуді араластырғанын көрмеппін. Бірде ашу үсті ағайынын қамшымен сабап салып, ол сотқа беріп, туыстар кешірім алып береміз деп жиналғанда таратып жіберіп, соңында аудандағы түрмеде он бес тәулік жатып та келгені бар. Соғысқа қатысқан кісі ғой, бірақ кейбіреулер сияқты мен қан көріп келдім деп көтеріліп сөйлеп, әркіммен жағаласып жүрмейтін. Анама топырақ салып тұрғанда да жарықтықтың көзінен жас шықпады-ау. Әкемнің қаталдығы бар еді, бірақ жауыз емес. Еменнің иір бұтағы сияқты адам еді.

Мен де сол бұтақтың бірімін ғой, шынымен алған беттен қайтпадым. Әкемді соңғы жолы көріп отырғанымды ішім сезсе де алған беттен қайтпадым. Төсекте қушиып отырған қара шалды құшақтап қоштасқанда да жүрегім езіліп тұрғанымен, сапарымды тоқтатуға себепші бола алмады. Ең болмаса жанында анам болғанда аяғыма оралып жылап, ата-бабамның әруағын қозғап зарлап жанымды толқытар ма еді. Әкемнің қатты мінезі мені одан әрі қатайтып тастағандай еді. Кәрі емен мен асқақ шынардың долы желге иілмеуге тырысып қасарысқанындай әкелі-балалы екеуміз тағдыр желіне қарсы тұрдық.

Заман желі екеумізді екі жаққа айырды...

Төсектен арық аяқтарын салбыратып түсті де, табаны жер тіреп тұрып мені құшақтады. Бала кезімде осылай әкемді құшақтап алғанда қапсырған қолдарының ортасында қалушы едім, енді әкем менің құшағымның ортасында қалып, басы ғана көрінеді. Жарықшақ, қалтыраңқы дауыспен амалсыздан айтқандай «Аман бол!»,- деді. Оған деген қимастықтан тамағыма ащы бір өксік тіреліп, мен де «Аман болыңыз!»,- дегендей болдым, бірақ құмығып үнім шықпады.

Далаға атып шықтым. Төңірек аппақ қар. Биылғы жылдың алғашқы қары. Жанарыма шағылысады. Көзімнің жасы парлап бетімді жуып келеді. Жанымдағы жігіттерге сездірмеу үшін олардан ілгері, қатты адымдап  туған үйімнен ұзадым. Жан әкемді жалғыз қарындасымның қолына тастап елден безіп барамын. «Енді бұл табалдырықтан аттаймын ба, жоқ па, кім біледі?»,- деген ой мені қуалай жөнелді...

Содан түн ортасында әлемнің Батысына қарай ұшаққа отырдым. Әйелім мен ұлымды алдын-ала аттандырғанмын. Шет ел асып, қашқын атанған соң оңай ма, алдымен аты-жөнім өзгертілген төлқұжат жасаттым. Содан бері нағыз есімімді ешкім білмейді. Азан шақырылып қойған атың  аталмаса да сағынады екенсің. Осы он жылдан бері өз атымды өзім тірідей өшіргендей болдым. Атының аталмағаны адам түгілі хайуанға да ауыр тиетінін жақында бір жерден оқып-білдім. Оның өзі де менің туған еліме қатысты.

Ғаламтордан Қазақстан жайлы жазылғандарды іздеп тауып оқып отырамын. «Азаттық» радиосынан қазақтардың үнін естіп, сазын тыңдап жанымды жұбатамын. Бірде: «Тәжікстан астанасының зообағында Қазақстаннан апарған Тұрсынбай атты сусиыр өліп қалды»,- деп жазды әлемнің бірқатар ақпарат құралы. Ақпараттық агенттіктің хабарлауынша, Душанбеге барған соң сусиыр туған жерін қатты сағынып, жүдей бастаған көрінеді. Барлы-жоғы жеті-ақ ай өмір сүрген. Жануар екеш жануар да кең байтақ Қазақстанын сағынып өлген. Оның туған жерге деген адал сезімі әлемдік ақпарат құралдарының өзекті тақырыбына айналды. Ол жайында Бейбіт Бөженов деген  ақынның өлеңін де жариялапты. «Тұрсынбай немесе сағыныш құрбаны»,- деп атапты өлеңді.

Талай тәжік әңгіме қып кесімін,
Көзін сұғып көп тигізді кесірін.
«Тұрсынбай» деп атап кеткен қазақтар,
Жеті ай бойы естімеді есімін.

Соңғы кезде сағынды ел қыратын,
Ауасына зар боп жүрді «бір атым».
Жануар-ай, мұңға батып кеш батса,
Жанарынан жас сорғалап тұратын.

Туған жердің түзде туған «батырын»,
Құрбан қылды сауда-саттық бақыры.
Тәжіктердің топырағын жерсінбей,
Сағыныштан ажал құшты ақыры.

Жастанса да суы мөлдір сан-сайды,
Сорлы жүрек туған ел деп шаршайды.
Болмаса да қазақтың төл түлігі,
Бегемот та топырағын аңсайды.

Адалдығын естіп көзге жас келді,
Орнатса да болады екен тас белгі.
Бесігіңде жатқан жерің жұмақ қой,
Кіндігіңді кескен жерің қастерлі,-

P.S.

Батыс жаққа бағыт байлап жасын кіл,
Шекараны ши көрместен асып жүр.
Хайуандар сағыныштан мерт болып,
Ал адамдар шетел жаққа қашып жүр».- деген өлеңді тура маған бағыштағандай.

Ұзақ өлеңнен менің жаныма әсер еткені осы бес шумақ болды. «Ойпырмай, менің сусиыр құрлы болмағаным ба?», бұдан да сол сияқты сағыныштан өліп кеткенім жақсы еді-ау»,-деп ішімнен зар еңіредім. Ел мен жердің қасиетін сағындым. Менің шерімді түсінетін жанымдағы жарым ба, бауырымдағы балам ба?! Ол екеуінен де елге деген сағыныш сезбеймін. Қаңғымалап қайда барып тұрақтасақ, сол жер туған Отандарындай, ақшасы болса болды - өмірлеріне риза. Тіпті Қазақстанды естеріне де алмауға тырысады. Мүмкін іздеуде жүргенімізді ойлап, қорқатын да болар. Ол байғұстарды да осы күнге түсірген мен емес пе!

Осылай ауыр ойлардан соң, террасаға шығып,  қайда барсам да арқалап жүретін домбырамды қолыма  алып шерте бастаймын. Әлқисам әрдайым – «Әупілдек» болады. Бала кезімде әкем домбыра жасатып беріп, ең бірінші етіп осы әнді үйреткен болатын.

«Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,

Сарғайдым осынау көлдің суын іше, әупілдек.

Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,

Ауылыма барар едім, әлденеше, әупілдек»,- дегенде даусым дірілдеп, көзіме жас үйіріледі. Адам тағдыры ол өмірге келмей тұрып жазылып қояды деген рас-ау. Әйтпесе әкем менің тағдырымның түптің-түбінде осылай боларын, елден-жерден безіп, сағыныштан сарғаярымды білгендей, осы «Әупілдекті» үйретер ме?!

 

Биыл мұсылманша айтқанда Пайғамбар жасына толамын. «Көптен шыққан көмусіз қалады» дегенге жеткенім бе? «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деуші еді. «Пәлен жерде пайда бар, өз еліңдей қайда бар?! Жақсы жігіт жер шолып, ақыр түбі айналар» деген дана халқымның сөзі де жиі еске оралады. Әйеліме осы ойларды сыр бөліспекке айтып едім:

- Ол жақта сені кім сағынып отыр?  Жалғыз әкең жоқ, қарындасың – ауру, өз күнін зорға көріп жүр. Құқық қорғаушылар көрсе болды қолыңа кісен салады!,- деп зекіп тастады.

- Мейлі! Есің­де болсын, мен туған жерімде өлгім келеді. Туған өлкемнің топырағын жастанғым келеді. Сен неге ұғынбайсың осыны?! Жас болса келді. Өстіп жүріп  өлсем, сүйегім қайда қалады. Одан да туған жерімнің түрмесінде өлгенім жақсы! ,- деп мен де дауыс көтердім.

Елден шыққанда туған жердің бір уыс топырағын ала кетпегеніме қатты  өкінемін. Жат жерде өліп кетсем, үстіме себер еді ғой сол қасиетті топырақты. Содан өлсем топырақ елден бұйырсын деп, әкеме тартқан бірбеткей мінезіммен Сізге осы хатты жазып отырмын. Сәлемімді халқыма жеткізерсіз.»,- деп аяқталған хаттың соңына шындығында іздеуде жүрген елге таныс азамат аты-жөнін жазып, қолын қойыпты. Не істесек екен, ағайын?!

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295