Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзім... 5039 0 пікір 13 Қараша, 2014 сағат 11:28

Нұрлан Ерімбетов: «Айтпарктің» жұмысы жаңа деңгейге шықты

«Сұрақ-Жауап» атты интернет-ресурсында Үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) дамыту саласында сарапшы, Қазақстанның Азаматтық альянсының басшысы Нұрлан Ерімбетов қонақта болып,  оқырман тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

 1.Қазақстан Азаматтық альянсының мақсаты, атқарып жатқан қызметтеріне тоқталып кетсеңіз?

- Қазақстанның Азаматтық альянсы – түрлі қоғамдық ұйымдардың бастамалары бойынша құрылған заңды тұлғалардың ірі бірлестігі. Қазіргі кезде Азаматтық альянс еліміздегі 500-ден астам ҮЕҰ-ларды біріктіріп отыр.

Біздің басты мақсатымыз –қоғамның, ҮЕҰ-лардың мүдделерін қорғау және білдіру, түрлі деңгейде – бизнес құрылымдар, әкімшіліктер, Үкімет, Парламент, халықаралық ұйымдарға олардың мүдделерін жеткізу.

Біздің маңызды бағыттарымыз – әр  екі жыл сайын – Үкімет пен әкімдер ҮЕҰ-лардың алдында есеп беретін Азаматтық форумды ұйымдастыру. Сондай-ақ біз жемқорлықпен күрес, үкіметтік емес ұйымдар желісін көбейту, Қазақстандағы ҮЕҰ-лардың байланыстарын күшейту және ҮЕҰ-лардың корпоративтік этикасын дамытумен айналысамыз. Бұл бағыттағы біздің жұмыстарымыздың бірі ҮЕҰ-ның ар-ұждан Кодексін дайындау – бұл ҮЕҰ-ға теріс бағыттағы бәсекелестіктен бас тартып, өз қызметтерін кәсіби деңгейде және нақты бір салаларда жүргізуін ұсынады. Сондай-ақ, үкіметтік емес салада әлеуметтік қызметтердің стандарттарын дайындау идеясын қолға алудамыз. Бұл мәселелердің барлығы саланың ары қарай дамуы үшін маңызды.

Қазіргі кезеңде біз үшін басты тапсырма – ҮЕҰ-ды қаржыландыру бойынша заңға өзгеріс енгізу. Біз бұл ретте гранттар мен жүлделерді бөлу, сондай-ақ ҮЕҰ-лар үшін қаражат бөлу конкурсын өткізу шарттарын азайту ұсынылады.  

Қазіргі кезде бұл заң қоғам және Азаматтық альянс тарапынан мақұлданып, Үкіметтің қарауына ұсынылды. Біз биылғы жылы осы заңның қабылдануына қол жеткізбекпіз. 

 

2. Еуразиялық одаққа көзқарасыңыз қандай? Үкіметтік емес ұйымдар жұмысы қалай болмақ?

- Менің көзқарасым бойынша, ҮЕҰ-ның шекарасын кеңітуге ықпал ететін одақтардың болғаны жақсы. Түрлі шектеулерді алу және Евразиялық одақ көлемінде әлеуметтік үдерістерге қатысу шарттарының қысқартылуы ҮЕҰ-ға серіктестік орнатып, тәжірибе алмасу, жаңа бастамаларды көтеру үшін үлкен мүмкіндік береді.

 

3.Қалай ойлайсыз үкіметтік емес ұйымдардың шетелден қаржыландырылуы дұрыс па?

-ҮЕҰ әлеуметтік салада күнделікті адамдардың проблемаларын шешумен айналысады. ҮЕҰ-ға мүше адам саудагер емес, ол көлденең табыс таба алмайды. Сондықтан, мұндай игі іске кез-келген көмек маңызды және қажет. Егер, шетелден қаражат алып, қоғамға көмектесіп, түрлі мәселелерді шешуге ықпал етсе – бұл өте жақсы. Менің пікірім бойынша бұл істегі басты нәрсе – өз еліне кесірін тигізбеу. ҮЕҰ-ға шетелдік демеушілердің қай кезде шын мәнінде көмектескісі келеді, қай кезде ҮЕҰ-ның қолымен біздің қоғамға және азаматтарымыз үшін пайдасы жоқ, жеке көзқарастарын тықпалағысы келеді. Біз міне соны біліп отыруымыз керек.  

 

4. Жастардың саяси белсенділігі мен азаматтық позициясына көңіліңіз тола ма?

- Мен жастар саясатында және еліміздің өркендеуі үшін жұмыс істеп жүрген көптеген жастарды білемін. Статистика бойынша қазақстандық ҮЕҰ-ның 45% -ы жастар ұйымдары. Мұндай азаматтық белсенділік қуантады. Жастар ұйымдары – жас азаматтар үшін өте жақсы мектеп.

Әрине, негативті нәрселер де бар. Қоғамның қолдауы мен мақұлдауын көрген соң, жас белсенділер бюрократтар мен мәнсапқорларға айналады. Сондай-ақ, жас көшбасшыларға ұсынысым бар – өз қызметтеріңізді қалалардағы оқу орындарымен шектемей, ауылдағы жастармен де бөлісіп, белсенді жұмыс істегендеріңізді сұраймын. Бірақ, жалпы  алғанда жастар ұйымдары қоғамда белсенді, мақсаты биік жастарды тәрибелеуге үлкен үлес қосып отыр деп санаймын. 

 

5. Мемлекет тарапынан қоғамдық қорларға, ұйымдарға бөлінетін гранттардың түрлері мен көлемін айта аласыз ба?

- Қазір мемлекет ағымдағы заң бойынша ҮЕҰ-ның күшімен жүзеге асырылатын әлеуметтік жобаларды қолдау үшін мемлекеттік тапсырыс жасайды. Бұл ретте мемлекеттік қаражатты ҮЕҰ-лар тек мемлекеттік қызмет үшін жұмсайды. Жеке дамулары үшін бұл қаражатты жұмсауға заң мүмкіндік бермейді. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үшін 6 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа орташа алғанда бүкіл еліміз бойынша 1000-1200 әлеуметтік жоба жүзеге асырылады.

Біздің заңдарымыздағы басты мәселе – шетелдегідей гранттарды мемлекет бөлмейді. Мұнымен қатар шетелдік гранттарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен салыстырғанда ҮЕҰ-лар қызметті орындағаны үшін де, сондай-ақ өздерінің дамуы үшін де  жұмсай алады.

Бұл ретте Азаматтық альянс қазіргі «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы»  заңға өзгерістер дайындады. Біз бұл ұсыныстар заңға енгізілсе, ҮЕҰ-ны қаржыландыру және сыйақылар беру үшін бөлінетін қаражатты ҮЕҰ-лар мақсатты тапсырысты да, жеке дамуы үшін де жұмсай алатын болады  деп ойлаймыз.

Сондай-ақ, біз ҮЕҰ-лар үшін конкурстардың шарттарын қысқарту және ашық, мемлекеттік органдардан тәуелсіз болуын ұсынамыз. Бұл үшін қор түріндегі ортақ оператор құрылып, оның көмегімен конкурстар ұйымдастырылып, ҮЕҰ-лар арасында мемлекеттік гранттар бөлінуі керек. Ортақ қор арқылы қаржыландыру тәжірибесі шетелдерде  табысты жүзеге асырылуда және бұл біздің үкіметтік емес салада да жұмыс істеуі тиіс. 

6. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мемлекет тарапынан бақылануы керек деп ойлайсыз ба?

- Егер шетелдік тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген Батыс елдерінде ҮЕҰ қызметі қаржыландыру тұрғысынан бақылауда екенін байқауға болады. Францияда, Германияда, АҚШ-та және Ұлыбританияда өз табысын жасыратын ҮЕҰ үшін өте үлкен жауапкершілік жүктелген. Бұл дұрыс, себебі қоғам ҮЕҰ-ға сенім артады, оған ерекше мәртебе беріп, қызметі бойынша түрлі жеңілдіктер қарастырады. Бұл істе оңай табысқа қол жеткізем дейтіндерге жол бермеу керек.

Бізде де қоғам ҮЕҰ қаржысының қалай жұмсалып жатқанын білуі керек деп санаймын, себебі олар негізінен салық төлеушілер қаржысына өмір сүреді. Қазақстан үшін, менің ойымша, аталған бағытта АҚШ тәжірибесін алған дұрыс. Бұл елде ҮЕҰ-лар өз жобалары және мемлекеттік қаржының қалай шығындалып жатқаны туралы ақпарат жариялайтын барлық азаматқа қолжетімді мәліметтер базасы бар.

 

7. Азаматтық қоғамның қалыптасуында үкіметтік емес ұйымдардың басым рөл ойнауы керек қой. Біздегі ұйымдардың осы бағыттағы жұмыстары туралы не айтасыз?

- Бүгінгі күні Қазақстанда 30 мыңдай ұйымнан тұратын үкіметтік емес сектор бар. Тәуелсіздік жылдары ҮЕҰ өмірдің барлық салаларына бас сұқты десе де болады. Біз түрлі құрылымдар жұмысы мен ғарышқа ұшудан бастап лаңкестікке қарсы күреске дейін алуан түрлі мәселелерді шешуге ат салысамыз.

Әрине, әркім азаматтық белсенділік танытып қоғамдағы ең өзекті мәселелерді шешуге көмектесуі керек. Меніңше, бұл ретте денсаулық сақтау саласы, мүгедектерге, қарттарға көмек, қиын жасөспірімдерді тәрбиелеу бағытындағы мәселелер ең маңыздылары. Қазірдің өзінде елімізде бұл салалар бойынша көптеген кәсіби ірі ассоциациялар мен ҮЕҰ одақтары жұмыс істеп жатыр.

Қоғамда қазір азаматтық қоғам институттары рөлі туралы нақты түсінік қалыптасқан және көптеген мәселені мемлекеттік органдарға қарағанда бізге шешу оңайырақ. Біз қарапайым азаматтардың жағдайын білеміз, күн сайын олармен бетпе-бет жұмыс істейміз, сонымен қатар қоғамдық бақылау институтына аударылатын назар ҮЕҰ-лардың белсенді түрде жұмыс істеуінің арқасында кез келген түйткілді мәселені шешуге көмектесе алады.

Мысал ретінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жариялау бойынша байқау өткізу барысында ҮЕҰ-ға алдын-ала қаражат бөлу мәселесін шешудегі Азаматтық альянстың атқарған ісін келтіре аламын. Осы жылдың мамыр айына дейін ҮЕҰ әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында алдын-ала қаражат алмайтын, сәйкесінше үкіметтік тапсырыс бойынша әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында қарызға бататын.  Алайда, біздің белсенді түрде жүргізілген қоғамдық кампаниямыздың арқасында бұл мәселе өз шешімін тапты.

 

8. Үкіметтің үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік тапсырысы туралы айтып бере аласыз ба?

- Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы бесінші сұраққа жауап беру барысында айтып өткенмін. Тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың ҮЕҰ үшін қаржы бөлуде тым ебедейсіз үлкен жүйе екенін және жетілдіруді қажет ететінін қоса кетейін. Азаматтық альянс бұл мәселені шешу бойынша заңнамалық бастамалар көтеру арқылы жұмыс істеп жатыр.

 

9. Баяғыда «Айтпарк» деп аталатын пікір алмасатын алаңыңыз болып еді. Сондай алаң қазір керек деп ойламайсыз ба?

- Бұрын біреуі болып еді, қазір басқасы бар. Мен Астана телеарнасыда «Открытая студия» бағдарламасын жүргіземін. Жаңа жылдан бастап Астанада мен құрған «Эксперт» атты жаңа пікірталас клубы жұмыс істей бастайды. Бұл жоба да түрлі қоғамдық маңызды тақырыптарды талқылауға бағытталған.

Сонымен қатар, мен жолға жиі шығамын, аймақтарда елмен кездесемін. Азаматтық альянс жұмысы түрлі мәселелер бойынша қоғамдық дискуссияларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұған қоса проблемаларды зерттеу және шешімін табу бойынша жұмыс істейтін үлкен командамыз бар. Мысалы, Азаматтық альянс базасында жеті салалық комитет құрылды, олардың әрқайсысы денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты, ТҮШ мәселелері және тағы басқалар бойынша жеке диалогтық алаң болып отыр.

Осылайша менің «Айтпарк» аясында жүргізген жұмысым қазір мүлдем басқа деңгейге шықты және бұрыннан да көп мәселелер санын қамтып отыр.

 

10. Азаматтық альянстың мүшесі болу үшін не істеуге болады?

- Азаматтық альянс – заңды тұлғалардың бірлестігі, басқаша айтқанда ұйымдар бірлестігі. Егер сіздің өз ұйымыңыз болса, өтініш тапсыра аласыз, осыдан кейін Жарғыға сәйкес Азаматтық альянс Кеңесі сіздің өтінішіңізді қарастырып, ұйымды Альянс мүшесі ретінде қосу мәселесін шешеді. Сонымен қатар, әр облыста біздің аймақтық өкілдіктеріміз бар, олар да мен жоғарыда айтып өткен процедура бойынша мүшелікке қабылданады.

 

11. Жастар саясатын мемлекет дұрыс жүргізіп отыр деп ойлайсыз ба?

- Егер жастар ары қарай жетілу үшін, үлкен өмір бастауы үшін жақсы мүмкіндіктерге ие болып отырса, онда мемлекеттің жастар саясаты дұрыс деген сөз. Бұл бағытта бізде белгілі бір теңсіздік бар. Қала жастары үшін ауыл жастарына қарағанда мүмкіндік көбірек. Яғни саясатқа өзгерістер енгізу қажет.

Жалпы қазір мемлекет орталық деңгейде болсын, жергілікті деңгейде болсын жастар ұйымдарының жұмысына аз қаражат бөліп отырған жоқ. Елімізде Қазақстан жастарының конгресі бар, басқасы бар, түрлі жастар ұйымдарының үлкен желісі жұмыс істеп жатыр, арнайы заң да бар, жастармен жұмыс істеуге бағытталған Білім және ғылым министрлігі мен әкімшіліктер жанындағы департаменттер мен басқармалар да жетерлік. 

Жастар саясатына мемлекет үлкен назар аударуда, ендігі кезекте, менің ойымша, осы бағыттағы жұмысты қадағалайтын қоғамдық бақылау керек. Әсіресе, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың жүзеге асуын ерекше атап өтер едім. 

 

12. Мәденит пен спорт саласының бір министрлікте болғаны туралы не ойлайсыз? Жалпы үкіметтегі соңғы  реорганизация туралы ойыңызды білсек деп едім.

- Менің ойымша, мұндай шешім шенеуніктер санын қысқарту қажеттілігінен келіп туындап отыр. Аталған реформа мемлекет пен қоғам өміріне қандай өзгерістер алып келетінін алдағы уақытта көреміз. Күте тұрайық.

 

13. Сізді фейсбук пен твиттер әлеуметтік желілерінен іздеп көрдім. Таппадым. Бәлкім, дұрыс іздемеген болармын. Әлеуметтік желілерде барсыз ба? Егер аталған екі әлеуметтік желіде және басқа да әлеуметтік желілерде бар болсаңыз, онда өзіңіздің парақшаларыңызға сілтеме бере аласыз ба?  Қазір Қазақстанда қоғамдық пікір қалыптастыруда әлеуметтік желілерді пайдаланудың күшеюі анық байқалады. Егер әлеуметтік желілерде жоқ болсаңыз, не бар болғаныңызбен жүйелі түрде жүргізіп отырмаған болсаңыз, онда сізге бұрынғы «Айтпарктің» жетекшісі ретінде бүгінде неліктен бұқарамен байланысты жеңілдететін әлеуметтік желілерде белсенді болмасқа?

-         Мен жолға жиі шығамын және адамдармен бетпе-бет сөйлесемін, сосын Интернет пен компьютерге уақытым жоқ. Тікелей кездесіп отырып, әңгіме-дүкен құрғанға ештеңе жетпейді деп санаймын және осы ережеден ауытқымауға тырысамын.

 

14. Қазақстандағы саяси ахуалға әлеуметтік желілердегі (дәлірегі фейсбуктағы) түрлі посттарға қарап сипаттама берген уақытта, ислам діні ұстанымындағы топ пен тәңіршілдік ұстанымдағы топтар арасында күрестің бар екені байқалады. Осы екі топ арасындағы тайталастың бар екендігі ара-тұра фейсбуктағы посттардан көрініп қалып жатады. Осы екі топтың мүддесіндегі сайттар да ашылып жатыр. Бәлкім, бұл қате пайымдау болуы да мүмкін.Осындай топтар бар екені расымен де анық болып, бұлардың арасындағы күрес жалғаса беретін болса, нәтиже қандай болуы мүмкін? Әлде мұндай топтар мүлдем жоқ па?

- Бұл сұрақ менің құзіретімде емес.

 

16. Үкіметтің қазіргі жұмысына көңіліңіз тола ма? Министрліктер мен агенттіктер санын қысқарту және біріктіруден нақты қандай пайда болмақ?

- Кеңестік әзіл классикасын еске түсіретін болсақ, Үкімет не болған күнде де әйтеуір бәріне кінәлі болып шығады. 

Таза менің пікіріме келсек, мен белсенді азаматтық ұстанымды жақтаймын, яғни барлық процестерге араласу мен өз өмірімізді құруға барынша үлкен үлес қосуды қолдаймын. Ештеңеге араласпай, біздің бақуаттылығымыз үшін жұмыс істеп жатқан Үкіметті ме, басқаны ма сырттан сынап-мінеу қолымнан келмейді. Журналист ретінде де, Азаматтық альянс жетекшісі ретінде де мен шамам келгенше өмірімізді жақсы жаққа өзгертуге тырысамын.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371