Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6861 0 пікір 12 Қараша, 2014 сағат 12:12

АҚШ-ты да ҚҰТҚАРҒАН ЖОЛДАР МЕН КӨПІРЛЕР ЕДІ

Елбасымыздың «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа жолдауының бұрынғы жолдауларға қарағанда ерекшелігі көп: біріншіден, әдеттегідей, қыс айларында емес, қара күзгі қарашада, үйреншікті мерзімнен бұрын жарияланды. Екіншіден, жаңа жолдауда нақты іс-әрекет жасауға баса назар аударылған, яғни, «Нұрлы жол» бүкіл әлемді дендеген дағдарыстың әсерінен болатын зардаптарға төтеп беруге бағытталған іс-шаралар кешенін қамтитын жалпыұлттық даму жоспарына айналып отыр. Үшіншіден, жаңа жолдаудың алдыға қойып отырған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлінуі. Биыл жыл басында ел экономикасын қолдауға 1 триллион теңге бөлініп, оның жартысы бірінші траншпен қажетке жаратылғаны белгілі. Жолдауда осы қаржының қалған бөлігі, яғни, 500 млрд. теңге мынадай маңызды бес бағытқа жұмсалатыны көрсетілді: 1) шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеуге – 100 млрд. теңге; 2) банк секторын жақсартуға – 250 млрд. теңге; 3) арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға, атап айтсақ, «Қорғас-шығыс қақпасы» мен Атырау және Тараз қалаларында «Ұлттық индустриялық мұнай химия технопарктерін» дамытуға 81 млрд. теңге; 4) ЭКСПО-2017 көрме кешенін несиелеуге бұрын бөлінген 25 млрд. теңгеден бөлек тағы да 40 млрд. теңге; 5) Астана әуежайын жаңғыртуға 29 млрд. теңге бөлінбек.

Бұған қоса, Елбасымыз өз Жолдауында 2015-2017 жылдар кезеңінде «Нұрлы жол» экономикалық даму жоспарына Ұлттық қордан жыл сайын 3 млрд. доллардан бөлінетінін жеткізді. Әсіресе, көлік-коммуникация саласын дамытуға ұлттық маңызға ие ерекше басымдық беріліп отыр. Кезінде, 1929-1933 жылдары АҚШ-та болған «Ұлы депрессия» кезеңінде де осындай шешім қабылданған. «Ұлы депрессия» дағдарысы асқынып тұрған сәтте, 32-ші АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельт хайуей (highway), яғни, жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін даңғыл жолдар мен әлемде теңдесі жоқ көпірлер салуды қолға алғаны тарихтан белгілі. Бастапқыда президенттің бастамасын американдықтар дұрыс түсінбей, оның бастамасы қатты сынға ұшыраған екен. Сол кездегі американдық қоғамда «Дағдарыс кезінде жол салғаны несі?» деген сұрақтар мен наразылықтар көп болыпты. Бірақ Ф. Рузвельттің Жаңа курсы (New Deal) өзінің дұрыс бағытты таңдағанын дәлелдеді, жол құрылысына миллиондаған американдықтар тартылып, жұмыссыздық деңгейі күрт төмендеді. Жол және көпір құрылысы экономика дамуына мультипликативтік әсер беріп, жол салуға экономиканың көптеген салалары тартылды, инфрақұрылым дамыды. Нәтижесінде, жалпы американдық жобаға айналған жол-көлік саласын дамыту ұлы экономикалық дағдарыстан шығуға игі ықпал етті. Сондықтан да, АҚШ тарихи тәжірибесінен сабақ алуымызға болады. Қандай жол болсын, темір жол ма, авто жолдар ма бәрібір, жол құрылысы - қаржы-қаражаттың тек қана ірі қалаларда шоғырланып қалуына жол бермейтін, ауыл-аймақтарды қамтитын, жалпы ұлттық құрылыс сипатына ие экономика саласы болып табылады. Бұл өте көп жұмыс қолын қажет ететін сала болғандықтан, мыңдаған қазақстандықты жұмыспен қамтып қана қоймай, қаржы ресурстарының ел аумағына біркелкі тарауына да кең мүмкіндіктер береді. Елбасымыз Астана мен ел өңірлерін қосатын «Нұрлы жолдың» құрылысын жүректен тараған қан тамырларымен салыстыруы тегін емес. Жол – экономиканың күре тамыры. Жол мен көпір салу өзін-өзі толық ақтайтын әрі шариғаттағы сауапты да берекелі іс саналады.

Жаңа жолдауда Қазақстандағы толғағы жеткен өзекті проблемалар да өзінің шешімін табатыны айтылған: 1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға 200 млрд. теңге, қосымша қаржыландыру көздерінен 100 млрд. теңге; 2) 2015-2016 жылдарға жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 180 млрд. теңге; 3) мектептер салуға 70 млрд. теңге, балабақша құрылысына 20 млрд. теңге; 4) еліміздің он жоғары оқу орындарында ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға 10 млрд. теңге; 5) шағын және орта бизнесті дамытуға айқын басымдық беріп, жоғарыда көрсетілген сомадан бөлек, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Әлемдік банкі сияқты қаржы институттарынан алынатын 155 млрд. теңге несие желісін тиімді пайдалану міндеті қойылып отыр.

Сонымен қатар, жолдау аясында Елбасы жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың діңгегі болып табылатын Инфрақұрылымдық дамудың бесжылдық жоспарын жариялады. Бұл жоспарды жүзеге асыруға жүзден астам шетелдік компаниялар қатысуға ынта білдірген, нәтижесінде 6 триллион тенге инвестиция құйылмақ (оның 15 пайызы Қазақстан үлесі).

Ендігі мәселе – осы бөлінгелі отырған қыруар қаржы-қаражатты шашау шығармай, талан-таражға салмай жететін жеріне дейін жеткізу. Елбасымыз да жұмсалатын қаржының қайда кеткені қатаң қадағаланатынын, бір тиынына дейін қайда кеткені сұралатынын қадап тұрып айтты. «Нұр Отан» партиясы тарапынан қосымша бақылау жасалатыны көрсетілген. Осы жерде мынадай мәселеге назар аударғанымыз жөн сияқты: жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттердің орындалуына, қаржы-қаражаттың орын-орнымен жұмсалуына тек қана бір партия жауапты деп түсінбеуіміз керек. Қазақстанның дамуы жаңғыз Елбасына, немесе, «Нұр Отан» партиясына ғана керек емес қой, дамыған отыз елдің қатарына кіріп, бақуатты өмір сүру барша қазақстандықтарға қажет. Сол үшін де, барлық азаматтық қоғам институттары тізе қосып, бүкіл халық болып қадағалауды үйренуіміз керек. Жолдауды жүзеге асыруға бөлінген орасан зор қаржы-қаражаттың іске жаратылуына жалпы халықтық бақылау жасалатын болса, береке де болады, жемқорлықты да ауыздықтай аламыз.

Жалпы, жаңа жолдауда жоспарланып отырған мақсат-міндеттерді іске асыру елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге тікелей байланысты. Мұны Елбасымыз ерекше атап көрсетті. Әрбір қазақстандық азамат осы ақиқатты саналы түрде ұғынса ғана жұмылған жұдырықтай болып, «Біз - Қазақстан азаматымыз, қазақстандық халықпыз» деп, бірігіп іс-қимыл жасайды, бейбіт елде бірге өсіп-өнеді. Мемлекет халқының идентификациясы дұрыс болса ғана қоғамдық келісім орнап, саяси тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Яғни, ел азаматтары шығу тектерінің қандай екеніне қарамастан (ұлты, діні, жынысы, әлеуметтік жағдайы т.б.) өздерінің тағдырларын тұрып жатқан мемлекет пен сол мемлекеттің негізін қалап отырған төл (титулды) ұлттың тағдырымен тікелей байланыстырып, азаматтық сана-сезіммен өзін өзі айқындауы тиіс. Егемендік пен мемлекеттілік сонда ғана нығаяды, ел халқында өзара сенімділік пен отаншылдық сезімі арта түседі. Қазіргі алмағайып заманда тар ұлттық мүддені ысырып қойып, жалпыұлттық мүддені, азаматтық сана-сезім мен халықтық ұстанымды, ұлттық идея мен мемлекетшіл идеологияны дамытқан ел ғана өзінің тәуелсіздігі мен егемендігін, территориялық тұтастығы мен конституциялық құрылысын сақтауға қабілетті. Халқының ауызбіршілігі бар, ынтымағы жарасқан бірегей ел ғана терроризм, экстремизм, агрессия, экспансия, ғаламдану, дағдарыс сияқты толып жатқан жаһандық сипаттағы қауіп-қатерлердің бәріне төтеп бере алады.

 

Мұсатаев С.Ш. – саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371