Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Күбіртке 10339 1 пікір 11 Қараша, 2014 сағат 14:13

«Таза ислам» «Иассауидің кесенесін» қиратумен келе ме?

 

Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә. НАЗАРБАЕВҚА ашық хат

 

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!!!

Қазақ мәдениеті, ұлты, мемлекеттілігі мен тарихы ешқашан діни платформада екі жақ болып тартысқан емес. Оған тарихымыз, діни тәжірибеміз, діни танымымыз куә. Тарихи тәжірибемізде елдің бірлігі мен панасы болған басты құндылықтарымыз негізінен Иасауи мәдениеті төңірегінде болып келді. Себебі, осы бір тарихи тұлғаның атымен барша түркі әлеміне кеңінен тараған ілім арқылы ислам өркениеті мен діні қазақ болмысына айналды. Ислам құқықтық Ханафи жүйесі де, Матуриди діни танымдық мектебі де осы ілім арқылы қазақ даласынан орын тепті. Тіпті келесі жылы тойланғалы тұрған қазақ хандық мемлекетінің негізінде де осы тұлғаның рухани, діни, құқықтық салада салып кеткен даңғылы жатыр. Бұл құбылысты құндылық ретінде тану және құрметтеу бүгінгі мемлекеттілігіміз бен тұрақтылығымыздың тұғыры, руханиятымыздың күретамыры, елдігіміздің іргесі, ұлттығымыздың діңгегі дегенге саяды.
Мен осы саланың маманы ретінде сізге жариялауыма себеп болған бірнеше қат - қабат проблемалар бар. 
Қоғамда қазір жахандық үдерістер мен құбылыстарды сыналап, қазақтың болмысы мен тұрақтылығына, мемлекеттілігімізге қарсы жасалып жатқан жобалар жетерлік. Соның бірі уахабилік тенденциялық әрекеттер. Солардың ішінде  «такфиршілер» деп аталатын топқа сот шешімімен елімізде тыйым салынды. Заңмен тыйым салу ең соңғы шешім екендігі белгілі. Рас, бар мәселені заңмен шеше де алмаймыз. Әсіресе, діни танымды. Міне, осы діни таным қазақтың кейбір жастарын Сирияға, соғысқа бағыттап жіберді. Дәл осы діни таным зайырлы мемлекет ұстындарына деген құрметсіздік пен мемлекеттің негізгі саяси  ұстанымы мен ұлттық құныдылқтарды елемеуді бойларына егіп жатыр.

Сіз өз Жолдауыңызда «зайырлылық біздің басты құндылығымыз» деп атап көрсеттініз. Бұл өте маңызды тұжырым, «Мәңгілік ел» идеясының ең басты тұғыры деп бағалап, қуана қабылдадық. Осы жолда бүгінгі дін істері комитеті де барынша сақ, ғылыми танымдық негізде сындарлылықпен өзіңіздің көрсетіп берген сарабдал саясатыңызбен жұмыс істеп келеді.
Дегенеменде діни таным қазақ мұсылмандығын ревизиялап, өткен ата бабаларымыздың діни тәжірибесін мансұқтап, елді жікке бөліп барады. Қазір жастар санасында, интернеттегі әлеуметтік желілерде өзара төзімсіздік, агрессиялық психологиялар қалыптастырып отырған да осы жобалар. 
Қазір біз әлеуметтік желілердегі бір бейне түсірілімде Түркістандағы Әзіреті Сұлтан кесенесі мен Қожа Ахмет Иассауи қабірін өртеп, тозақ отымен шыжғыртып, оны да «ширк» ретінде танытқанына куә болып жүрміз. Бұл өте қауіпті таным,бұның ақыры вандализмге апарып соға ма деп қорқамын. Бұл қаупім де орынсыз емес, себебі уахабилік танымға негізделген саяси ағым тарихта «қабір қиратушылар» деген атпен белгілі. Қазір уахабилік таныммен уланған жастар арасында Қазақстанға «таза ислам» «Иасауидің қабірін қирату» арқылы келеді деген таным мен түсінікті қалыптастыру науқаны жүріп жатыр. Оның да түпкі ізі - уахабилік тенденция. Себебі уахабилік - сопылықты ислам дініне енген жаңалық, бидғат (ересь) деп қабылдайды.
Міне, әлеуметтік желілерде оның қабірін өртеп жатқан діни таным ертең іс жүзінде көрініс таба деп қауіптенемін.

Құрметті Елбасы!!! 

Кезінде Иассауи мұрасы кеңестік жүйеде ысырылып, исламға «оппозиция» ретінде танылып, сол идеологияға құрал болып қолданылды. Мұның тарихы туралы өзіңізбен болған Түркістандағы жүздесуде сұхбаттасқан болатынбыз. Бүгін  тағы да сол «Иассауи тұлғасы» қазақ мұсылмандығына жат діни таным болып табылатын уахабилік тенденцияның құралына айналмақшы...
Сөзімнің соңында, мемлекетіміздің басшысы ретінде, ұлт көшбасшысы ретінде, Конституциямыздың кепілі ретінде, осы проблемаға назар салсаңыз деген тілегімді білдіргім келеді.
Ахмет Иасауи ғұламаның кесенесі, қабірі, тарихи тұлғасы мен орны қазақ мемлекеттілігінің баяндылығының символы ретінде қарап, оған ерекше статус беріп өз қорғауыңыз бен кепілдігіңізге алуыңызды сұраймын. 

Құрметпен,

Досай Кенжетаев,

Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963