ӘБДІШЕВТІҢ БАСТАМАСЫ АЯҚСЫЗ ҚАЛАТЫН БОЛДЫ
Мен осылай ойлайтын болдым. Кейінгі кездері. Өйткені үкіметіміз үлкен-үлкен үміт артқан, халқымыз кәдімгідей қоңырайып аузына қараған «жап-жақсы» адамдарымыз «екі жеп биге шығамын» деп, аяқ астынан сотталып кететін болды. Тіпті кейде ойлаймын, қайбір жылдары президентіміз «любойыңды» қолыңнан жетектеп отырып, сотқа апара аламын» деп бекерге айтпаған екен ғой деп. Бекерге айтпаған. Мен қарапайым халықтың бірімін, сондықтан осы қарапайым халықтың бірі ретінде «мемлекеттік қызметтегі мафияға» мүлде сенуден қалдым. Ел мақтаған, «қыз жақтаған» жап-жас министрлеріміз бен агенттік басшылары шеттерінен «без очередь» сотталып кетіп жатыр. Ал енді сотталып жатқан үлкенді-кішілі, ұзынды-қысқалы әкім-қаралардың есебінде тіпті де сан жоқ. Храпуновтың түрі анау – мырс-мырс күліп Швейцарияда жатыр. Ерлан Арын деген үлкен ғалым, “свежий» әкіміміздің жағдайы да жақсы емес сияқты: темір тордың арғы жағында жанталасып жатыр ақ тер, көк тер болып – «репутациямның тазалығын дәлелдеймін» деп.
Жә, біздің айтайық дегеніміз бұл емес, біздің айтайық дегеніміз мынау: әкімдеріміз сотталып жатыр. Ақталып жатқан ешқайсысын көрмедік. Мәселен, еліміздегі ең үлкен индустриалды қала болып саналатын, кенші жазғандардың астанасы деп аталып кеткен Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан ӘБДІШЕВ деген азамат та сотталайын деп жатыр. Араша түсейік деп жатқан жоқпыз, біздің зайырлы сотымыз бірдеңе білетін болса, я соттайды, я ақтайды. Бұған біздің дауымыз жоқ. Айтайық дегеніміз, осы азамат үстіміздегі жылдың басында айтып еді – Елбасының бастамасына сәйкес мемлекеттік бағдарлама бойынша жас маман-отбасыларға жыл аяғында жап-жаң үй беріледі деп. Ел соған сеніп еді, өйткені БАУЫРЖАН әкім, жасыратыны жоқ, қатты жұмыс істеп жатыр еді. Алла болмаса, әкім атаулының назарынан тыс қалған осынау кеншілер астанасы Әбдішев келген бір жылдың айналасында бірден гүлденіп сала берді. Бұл сөзіме ел куә. Ал енді Ақтөбеден «абайсызда» келіп қалған НҰРМҰХАМБЕТ әкім Бауыржанның бастағанын аяқтап, көздері жәутеңдеген жас отбасыларға жаңадан салынып жатқан көп қабатты үйлерден баспана бере ала ма? Күмәніміз бар, өйткені жергілікті жағдаятты жақсы білмейтін ақтөбелік әкім әлі күнге дейін «облыспен танысу» мәселесімен әуре болып жүр. Жастарға тиесілі деген көп қабатты екі үйдің бірінің құрылысы тоқтап қалған. Сөйтіп, «Қолжетімді тұрғын-үй» бағдарламасы бойынша биылғы жылы берілуге тиісті бірнеше тұрғын үй құрылысы да «ақсақ қой түстен кейін маңырайдының» кебін киіп, жетімсіреп тұр. Ұзын сөздің қысқасы, «халық үшін кәдімгідей жұмыс істеп жатқан» әкімдерді пытырлатып соттай бермей, оларға бастаған істерін аяқтауға мүмкіндік беру қажет. Храпунов сияқты шет елге қашып кетпеулері үшін «спецслужбаның иттен де көп» адамдарын соңдарына салып, аңдытып қою керек, жүдә болмай бара жатса. Ал оларды соттауға «қарпол (қаржы полияциясы), жолпол (жол полициясы), патпол (патрульдер полициясы) сияқты өңкей «полдар» мен КНБ-СНБ дегендеріміз әрқашанда үлгереді. «Если надо будет» деп орыстар айтпақшы.
Марат МАДАЛИМОВ
Abai.kz