Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6433 0 пікір 10 Қараша, 2014 сағат 10:11

САПАРБАЕВТА «УАЗиК» ЖОҚ ПА?

Басқаны қайдам, әйтеуір біздің шығысқазақстандықтар Парламент дегенде, Парламенттің депутаты дегенде өзгелерден гөрі ең алдымен Нұртай САБИЛЬЯНОВтың есімін естеріне түсіреді. Өйткені бәрі біледі, бұ кісі заң шығарушы органның күнделікті қағазбастылығынан қолы босай қалса болды, ел жағдаятына алаңдап, ел аралап жүре беруден шаршамайды. Еріккеннен емес әрине, өзіне үміт артып, «жыртығымызды жамап, тесігімізді түгендеп» береді» деп күпті көңілмен көздері жәутеңдеп өзін күтіп отырған сайлаушыларына асығады. Сайлаушылары осылай ойлайды. Біз де осылай ойлаймыз, әлбетте. Өйткені халық қалаулыларының көпшілігі «тескен тау асып», шет елдерде шірене демалып жатқан кезде НҰРТАЙ депутат көбінесе ел аралап жүреді және елді жәй аралап жүрмейді, сайлаушыларының көкіректерінен күрсіне-күрсіне шығып жататын өзекті де өзекті мәселелерді «қойын дәптеріне» түртіп алып жүреді. Жай ғана түртіп алып жүрмейді, ондай-ондайлардың ұсақ-түйектерін ыңғайы келсе табан астында шешіп тастап жүреді. Кесек-кесектеріне келешекте көмек беретінін айтып, көпшіліктің көңілін демдеп те жүреді.

Парламент мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі болып саналатын осы кісі биылғы демалысында тағы да (жылдағыдай дегеніміз ғой) ел аралап қайтты. Жай араламады, «салмағы тонна-тонна тартатын» табаны күректей он төрт кездесу өткізіп қайтты. Аягөз, Үржар аудандарының аяқ жетер жердегі бірқатар елді мекендерінде қарашамен кездесулер өткізген мәжілісмен ел ішінде кезек күттірмей шешуді қажет ететін маңызды мәселелердің көп екеніне биылғы жылы да кезекті мәрте көз жеткізді. Бұлардың ішінен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін заманауи кәсіпорындар құру, ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақы деңгейін көтеру, ауылдық жерлердегі автожолдарды қалпына келтіру сияқты ағымдағы мәселелерді бөле-жара атап өткен ләзім. НЕГЕ?

Мәселен, мәжілісмен «машинамен әрең-әрең жеткен» Үржар ауданына қарасты бір ғана Қарабұта мен Ақшоқы ауылдарын алып қарайық: Үржар ауданының орталығынан Қытай мемлекетіне қарай қайқая тартылған асфальтталған автожол шамамен алпыс шақырымнан кейін екіге айырылады. Тұп-тура тартылған асфальт автожол сол қалпымен, яғни жылтыраған асфальтталған қалпымен отыз-қырық шақырымнан кейін «Бақты» кеден бекетін басып өтіп, «зуылдағаннан зуылдап отырып «коммунистер басқарып отырған қытекеңдердің» территориясына сүңгіп кететін болса, солға қарай бұрылған автожол бес-алты шақырымнан кейін кәдімгі ойқы-шойқы тас жолға айналады. Кеңес заманында атағы аспанға шапшыған атақты миллионер совхоздардың бірінен саналған Қарабұта мен Ақшоқы ауылдарына бүгінгі күні олигархтар мінген «Джиптер» мен фермерлер «ертоқым салған» баяғы «Уазиктер» ғана бара алады. Ат арба, мотоцикл, велосипед дегендеріңіз есептелмейді, өйткені адамдар санасын ғаламтор мен санды технология жаулап алған қазіргі өркениет заманында қалаңыз түгілі, айдаладағы ауыл адамдары да «матасекл, белсебед» дегендеріңізді онша-мұнша менсіне бермейді. Міне, осындай да осындай мәселелер НҰРТАЙ депутаттың «қойын дәптеріне қонақ болып» биыл да жайғасты, ал енді мәселелердің мәнісі қалай шешіледі – ол енді алдағы уақыттың еншісінде. Неге десеңіз, қырына шықсаңыз, көршілес елдің қытайлары көрініп тұратын Қарабұта мен Ақшоқы сияқты ауылдардың өзекті мәселелері ауыл, аудан түгілі, облыс басшылығын да онша ойландыра қоймайтын сияқты. Ал сонда автожолдары қиқы-жиқы болып жатқан аталмыш ауылдарға мәжілісменнің аяғы жеткенде... әкімдердің республикалық рейтингтерінде «бәйгенің басын» бермейтін Бердібек САПАРБАЕВтың аяғы жете алмай жатыр ма? Әлде... облыс әкімінде «Джип», тіпті болмағанда қойшылардың кәдімгі «Уазигі» жоқ па? Бұл сұрақтардың жауаптарын біздер әзірге таба алмадық.

АЛ ОСЫ КЕЗДЕ... осы әкімнің төрағалық етуімен облыс әкімдігінде селекторлық режимдегі кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Иә, бәріміз білеміз, кеңейтілген мәжіліс дегеніміз екі күннің бірінде ылдым-жылдым болып, қас пен көздің арасында өтіп жататын саны бар да, сапасы жоқ қаптаған көп «планеркалардың» бірі емес. Сондықтан болар, селекторлық режимдегі кеңейтілген мәжіліске үлкенді-кішілі әкімдер мен ұзынды-қысқалы басқарма басшылары кәдімгідей-ақ дайындалыпты. Барлығы да компьютер болмаса, анау-мынау адам баласының ақыл-есінде онша сақтала қоймайтын көптеген цифрлар мен атау-есімдерді қардай боратып, жаңбырдай сорғалатты. Басқаларын білмеймін, мәселен, мына мәселені өз басым онша түсіне қоймадым: мысалы, адам түсінбейтін атаулар мен құмырсқадай қаптаған құрғақ цифрлардың кеңейтілген мәжілісте көтеріле қоятындай қажеті бар ма еді? Мінбеден оқылып, автомат оғындай пытырлаған қаптаған құрғақ цифрлардың дұрысы қайсы, бұрысы қайсы – адам түсініп болмайды, шынын айту керек. Мәселен, облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айтқазы ШЕРУБАЕВ мырзаның мәлімдегеніне сенетін (өз басым онша сене қойғам жоқ) болсақ, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 2011 және 2013 жылдар аралығында 20 миллион теңгенің қаржысы игеріліпті. Осы уақыт ішінде елу бес елді мекенде ұзындыққа шаққанда 685 шақырымға жуық болатын су құбырлары төселіпті. Облыстың 32 мың тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіліпті. Шерубаевтың айтуына қарағанда, «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бүгінгі күнге дейін аяқсыз қалған, әлі де болса қолға алына қоймаған сегіз жоба бар екен. Әйтсе де қазіргі кезде олар бойынша тиісті жұмыстар, сот процестері жүргізіліп жатқан көрінеді. Алайда олардың қандай «тиісті жұмыстар», қандай сот процестері екені мәжіліс барысында айтылған жоқ, сірә, соған  қарағанда басқарма басшысының өзі де ол мәселеден оншалықты хабардар емес сияқты. Енді біз осы тұста қарапайым ғана қарабайыр есептің шотын қағып көрейік: мысалы, Шерубаев басқарып отырған басқарма екі жылдың ішінде 685 шақырымға пәленбай құбыр төсеп, соған қатысты 20 миллион теңгені игеріп тастапты. Менің ойымша, аталмыш цифрлар адам көңіліне оншалықты қона қоймайды, дәл бүгінгі күні 20 миллион теңге дегеніңіз түк емес! Жиырма миллион теңге  дегеніңіз дәл бүгінгі күні анау-мынау әкім-қараларымыз «ерттеп мініп» алған бір ғана «Мерседес» немесе «Джиптің» құны ғана. Соны сезді ме екен, әлде басқа да бір себебі болды ма, АЙТҚАЗЫ мырза әңгімесін аяқтаған кезде Бердібек Сапарбаев оған қадала қарап тұрып, былай деді: «... «Ауыз су» бағдарламасы аясында жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге аз қаржы бөлінген жоқ. Бірақ сол құжаттардың біразы әлі дайындалу үстінде. Бұған кім жауапты? «Олар бойынша сот процестері жүріп жатыр» дейсіздер, қашанға дейін созылмақ бұл істер? Аталмыш келеңсіздіктер ең алдымен тиісті бақылаудың жоқтығынан орын алып отыр. Салада тәртіп жоқ. «Жұмыс жүріп жатыр» деген жаттанды тіркесті қайталаумен келесіздер. Бізге нақты нәтиже керек...»

Жаттап алған цифрларын жаңбырша сорғалатқан Шерубаевқа облыс әкімі осылай деді. Айқайлап айтқан жоқ. Қағып алатын көңілі болса, ретін келтіре отырып ренішпен айтты. Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена ЯСИНСКАЯ ханымға Бердібек Мәшбекұлы жыл аяғында  моноқалаларға бөлінген қаржының есебі жүргізілетінін ескертті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: халықтың ішінен шығып, сол халықтың қалаулысы болып үлгерген мәжілісмен Нұртай Сабильянов қалың бұқараның қыжылын тыңдап, қазақтың қайран даласында шашылып жатқан елді мекендердің шешімін таппай жатқан шым-шытырық проблемаларымен айналысып жүргенде Бердібек Сапарбаев әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде әкім-қаралар мен басқарма басшыларының, әлде мәнді, әлде мәнсіз, мәліметтерін тыңдап отырды.

«Балапанды күзде санайды деуші еді», Бердеке, міне сол күзіміз де келді. Ал сонда кеңейтілген мәжіліс қорытындысы қолымызға қашан тиер екен?

Марат МАДАЛИМОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371