Жұма, 22 Қараша 2024
Сүйінші! 5960 0 пікір 28 Қазан, 2014 сағат 21:31

АЛТЫ АЙДА АЗАМАТТЫҚ АЛЫП, БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Шетелден келетін қандастарымызды ҚР Үкіметі тегін пәтермен қамтамасыз етеді. Ал, азаматтықты алты айдың ішінде алуға болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және миграция комитетінің төрағасы Аслан Қаржаубаев мәлімдеді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Өздеріңіз білесіздер, осы уақытқа дейін оралмандардың көшіп келу квотасы тоқтатылған болатын. Осыған сәйкес қаржылай көмек беру де тоқтатылды. Ал, азаматтық алу құқығы 4 жылға қалдырылған еді. Квота тоқтаған 2012 жылдан бергі статистикаға қарасақ, 2012 жылы 39 мың ағайын көшіп келді. 2013 жылы 35 мың ағайын келді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының мәліметтеріне сүйерсек, 7 мың қандасымыз көшіп келген», - деді А.Қаржаубаев.
Шетелден көшіп келген этникалық қазақтардың статистикасынан хабардар еткен комитет төрағасы олардың азаматтық алуына жағдай жасалып отырғанын да атап өтті.
«Көшіп келу деген оңай нәрсе емес. Сондықтан Үкімет тарапынан оларға көмек керек екені белгілі. Үкімет осыны ескеріп жаңа қабылданған заңға өзгерістер енгізді. Заңға сәйкес, ағайындар Қазақстан аумағының қай өңіріне келсе де өзі таңдайтын болады. Елімізге келісімен «оралман» мәртебесін алады. Тұрақты тұруға рұқсат үшін төлем қабілетін растамайтын болады. Тұрақты тұруға рұқсат алысымен азаматтық алуға өтініш бере алады. Былай қарасаңыз жарты жылдың ішінде Қазақстан азаматы атануға мүмкіндік бар», - деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар, қандастарымыз үшін материалдық жағдай да жасалмақ. Олардың ең басты проблемасы баспана мәселесі шешімін табатын болды.
«Үкімет белгілеген мекендерге келген ағайындарға көшіп келу шығындарын төлейді. Міндетті түрде қызметтік пәтермен де қамтамасыз етіледі. Бұл қызметтік пәтерді олар 5 жылдан соң меншігіне алуға құқылы. Енді осындай жағдайлар жасалып отырғанда шетелден келетін қандастарымыздың саны артады деп ойлаймын. Шетелден келетін қазақтар үшін Қазақстанның есігі әрдайым ашық. Кейбір азаматтардың жаңсақ ақпарат таратып «шетел қазақтарына Қазақстан тосқауыл қойды» деген сөздері дұрыс емес. Осыны әрбір қазақ біле жүргені жөн. Шетелден қазақ осы уақытқа дейін көшіп келді. Алдағы уақытта да көшіп келе береді», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және миграция комитетінің төрағасы Аслан Қаржаубаев.

Өткен  сәуір айында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова шетелден келетін қандастарымызға барлық жағдайлар жасалатынын, олардың азаматтық алуына байланысты құқықтық кедергілер алынып тасталатынын айтқан болатын.Ал, 6 тамыздағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қандастарымызға жағдай жасаңдар» деп тиісті министрліктерге тапсырма берген еді. Ендігі мәселе Парламент депуттарының   «Көші-қон заңына» тездетіп өзгерістер енгізуіне тіреліп тұр.

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302