Дәурен Қуат. «АРҒЫ БЕТ» ПЕН «БЕРГІ БЕТ» (жалғасы)
«Арғы бетке» сапарымыздың барысында қазақ тілінде сегіз сағат ақпарат таратып, әдеби әм музыкалық хабарлар беретін Үрімжідегі радиоға құлақ қойдық. Жалпы, қытайдаға қазақ радиосына бала кезімізден қанықпыз. Өйткені біздің жайлауда Үрімжі мен Құлжадан сөйлейтін қазақ радиосы қырыл-сырылсыз анық естілетін. Сол радио сол қалпында екен. Журналист-тілішісі де, бағадарламаға қатысып отыған қонағы да қазақтың бай, құнарлы тілінде әңгіме айтады. «Бұл радионың міндеті қарапайым халыққа қызмет ету, соның керегіне жарау», - деп бізге радио турасында «Сен қазақ» сайтының бас редакторы Ахытбек мырза түсінік беріп қойды. Дегендей-ақ, радио қонағы мен тілші екеуінің әңгімесі «мал тұқымын көбейтіп, асылдандырудың алдындағы әрекеттер» деген тақырыпқа арналды. Бағадарлама қонағы Толы ауданының мал шаруашылығы мәселелеріне жауапты адам екен және өз ісін жақсы білетін маман болса керек, телефон арқылы қойылған сұрақтардың бәріне жауап қайырып тыңдарман қауымды да, бізді де аса риза етті. Тыңдарман аудиториясы да белсенділік танытты. Бәрі қарапайым, бәрі шынайы. Бір қарт кісі тіпті «Әй, мына бұзау жөтеліп қалды», - деп те қоңырау шалды. Отағасының сұрағы мен дауыс ырғағына таң қалған біздер рахаттанып бір күліп алдық. «Айттым ғой сендерге бұл радио халыққа осылай етене жақын радио. Халықтың өз тілінде, өзіне қажетсін ғана береді», - деді Ахытбек тағы да радио жайынан сөз қозғап.
Қонақ үйдегі бөлемемізде «3-арнаның» таулы Алтай қаласынан жасаған репортажын тамашаладық. «3-арна» да жаңғы қазақ радиосы сияқты 6-7 сағат қазақтілді аудиторияға қызметететін арна. Біз көрген репортажда алтайлық қазақтардың мал еті мен сүт, көкөніс өнімдерінің жәрмеңкесі туралы баяндалды. Ермен дәмді ешкі еті дейсіз бе, 120-130 келе саламақ басатын қошқар дейсіз бе, түйе сүтінен жасалаған тағамдардың түрлері дейсіз бе, не кереметтің бәрі бар. «Бұрын түйе сүтінен он шақты өнім алатын едік. Енді қолы ұсынақты әйел жолдастар сол өнім түрлерін отыздан асырып, тауарларына марка алды. Ермен дәмді ешкі еті де маркалы болды», - дейді осы жәрмеңке жайын әңгімелеген маман.
Суретте: солдан оңға қарай: Дәурен Қуат, abai.kz сайтының бас редакторы және Атажұртын бір көруді аңсап жүрген Тәліп аға
Жүңго елінің бүгінгі билігі ұстанған экономикалық саясатқа бейімделген «арғы беттегі» қазақ осылайша тәп-тәуір өмір сүріп жатыр. Заңға қайшы әрекетке бармайтын, оның үстіне тап іргесінде Қазақстан дейтін байтақ отаны бар жұртқа қытай да дұрыс қарайтын сияқты. Алайда «арғы беттегілердің» де көңіліндегі алаң – ұрпақ мәселесі. Тіл мәселесі. «Былайынша бұл жақта өмір сүре беруге әбден болады. Көйлегіміз көк, қарынымыз тоқ. Бірақ жас ұрпақ мүлде тіл білмей, өз қазағын танымай өсе ме деп қорқамыз», - дейді бізбен әңгімесінде кәсіпкер Талғат Дүйсенбі. Қытайда, әсіресе, мемлекеттік қызметтегі мамандардың жағдайы жақсы көрінеді. Пәтер құнының 20-30 пайызын құйсаң болды, қалғанын үкімет көтереді екен. Сіз үкімет төлеген қаржатты бірнеше жылға бөліп тастап құтыласыз. Автокөлік аламын десеңіз де солай. Қытай өкіметі жеке кәсіп ашамын, халықты жұмыспен қаматамасыз етемін десеңіз алдыңнан тоспайды. Тек ерінбе. Заңды айналып өтпе. Батыс аймағын игеру үшін қазір қытай барын салуда. Тұрғын үйлер мен жолдар, кәсіпорындар, тасып төгілген сауда базарлары... соның бәрінде ханзу ұлты жүр. Ұйғырларды анда-мында бір көресің. Қазақтың қарасы тым аз байқалады. «Нағыз қазақты, нағыз қазақтың тұрмыс-салтын көргілерің келсе, ауылдарға барып қайтыңдар», - дейді Ахытбек. Ауылдарға шығуға уақытымыз тығыз болды да, біз кейбір жайттарды өзімізбен жүздескен қалалық қазақтардан сұрап біліп жүрдік. Мысалы, «арғы беттегі» қазақ құдаласып, қыз беріп, қыз ұзатудың бұрынғы жолын, әдеп-ғұрпын қатты ұстанады екен. Қыз алатын жақ үкіге бір ат, біздіңше 100 мың теңге ақша, кемінде бес адамға киіт әкеледі. Құдалық 300 мың теңге, тағы бір таңдаулы ат, соғым, кемінде 10 адамға қымбат матадан киіт. Той қарсаңында қыз әкесі салық салады, аз дегенде 5 ірі қара, 300 мыңнан 500 мыңға дейін ақша, 15 адамға киіт. Қыз ұзатыларда қыз әкесі қызға жасау деп, осының 40-50 пайызын қайта жасап береді. Атап айтсақ, бір бұзаулы сиыр сауынға айдатады, бір жақсы ат ер-тұрманымена мінгізеді, үйдің мүліктерін (теледидар, кір жуғыш, шаң сорғыш т.б) алып береді.
- Қазақтың бұрынннан келе жатқан дәстүр-салты, құдалық жолы десекте осының өзі қайсібірімізге ауыр тюде, - дейді Құлжа қаласында жолғысып әңгімелескен кісілеріміздің бірі Тәліп ақсақал.
Тәкеңнің ұлдары бірінен кейін бірі шаңыраққа келін түсіріп, ақсақалдың жиыған-терген қарасын қалыңмалға айдатып жатқан көрінеді.
- Ол ұлдар Қазақстанға келіп неге үйленбейді? Бізде қыз «тегін» ғой, - дедік біз сөзімізге қалжың араластырып.
- Соны айтамын да, - деді Тәкең де «күйіп».
Тәкеңмен әңгіме үстінде Үрімжіде Талағаттардан, Асайлардан естігенімізді қайталап ұқтық (http://abai.kz/post/view?id=1953).
Тәліптердің білуінше, Қазақстанның күйі нашар екен. Мектеп жоқ екен. Аурухана жоқ екен. Жол жаман. Ел іші бұзық. Үкімет оралманға жағдай жасамайды-мыс. Баспанамен қамтамасыз етпейді-міс.
- Мұның бәрін терістей алмаймыз, - дестік біз, - бірақ соншалықты сорлап отырғанымыз жоқ. «100 мектеп, 100 арухана» деген бағдарлама бойынша ауылды жерлерде мектептер салынып, ауруханалар іске қосылған. Қазір керісінше, сол бағадарламаның пәрмені тиіп бой көтерген мектептерге баратын бала саны жетпей қалуда. Қазақстанның қытаймен шекараласатын ауылдары мен аудандарына ерекеше назар аударамаса болмайды. Халықтың дені қалаларға көшіп кеткен. Баспана арзан. Тірлік қылып тырбанған адамаға жұмыс көп.
- Қапал дейтін аудан Ақсуға қосылған күннің ертеңінде-ақ қаңырап қалғандай еді, - дедім мен өзім жақсы білетін әңгімені қозғап. – Содан сол ауылға Алтай жағының қазақтары келіп қоныстана бастады. Қазір Қапалдың айналасы мыңғырған мал. Оралман ағайын әбден жерсініп, тұрақтап қалды. Осы күні барға қанағат, шүкір етіп отыр. Сіздер көшіп келсеңіздер сол ағайынның қатарына тезірек қосылып кетесіздер.
Тәкеңе біздің сөзіміз қаншалықты әсер етті білмейміз, бізді шығарып салып тұрып «осы айдың 29-ы тойға келңіздер. Інімнің баласы отбасын құрып келінді болып жатырмыз», - деді ол.
Қысқасы, ағайынды Атажұртқа шақырғанда оған бар жайды айтып, ақпараттандыру керек екендігін осы сапарымызда қапысыз түсіндік. Қазақстанның қай облысына барған дұрыс? Ондағы елдің тұрмыс-ахуалы қандай? Үйдің құны қанша? Нені кәсіп етуге болады? Заңды қалай пайдалану керек?,т.б. Осы және өзге де сауалдардың нақты жауабына қаныққан қазақ көші сірә қатардан қала қоймас.
... Сөйтіп біз «Қорғас» кеден бекетіне жеттік. «Қорғасқа» келгенде-ақ көкайылданып, әркімге бір соқтығып жүрген әйелді көрген едік. Сол ақыры «арғы беттен» өтіп «бергі беттің» азаматына айналған жігітке соқтығып тынды.
- Қытайдың құлы едің, Қазақстанға келіп құтырайын деген екенсіңдер! Құртыңдар көздеріңді! – деп тепсінді ол. Онысымен қоймай намысқа булығып, қатты ашуланған жігітті кеден сақшысына көрсетіп те жіберді. Сақшы, бірақ, қолына еліміздің көк төлқұжаты тиген бауырымызды көп әуірелеген жоқ. Сөзге келмей қоя бере салды.
«Қорғас» кеден бекеті... қанша айтып, қанша жазылса да былқ етпейтін, өзгермейтін, өз дегенінен қайтпайтын «Қорғас» -- Қазақстанның қорасы сияқты; алақап сүйреткен сауадагарлер мен өзге де жолаушыларды өзінше қарсы алып, қалаймақан болып жатты.
(Соңы)
Алматы-Құлжа-Үрімжі-
Үрімжі-Құлжа-Алматы.
Abai.kz