Сенбі, 23 Қараша 2024
Әкім мен халық 10938 0 пікір 22 Қазан, 2014 сағат 10:28

БАЛА ӨЛТІРГІШ ӘКІМНЕН АРАШАЛАҢЫЗ!

 

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісінің депутаты Дариға Нұрсұлтанқызына

 

АШЫҚ ХАТ

 

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

          Мен Босынова Айда Болатқызы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақтөбе ауылының тұрғынымын. Көп баланың анасымын. Үш ұл, екі қызым бар. Жолдасым Ешмаханбетов Нұрхат жұмыссыз, мен де үй шаруасындағы әйелмін.  Бірақ өз ауылымызда өз тіршілігімізді кешудеміз.

         Менің Сізге осы ашық хатты жазу себебім, ауылымыздың әкімі Байдаулетов Бағлан менің жолдасыммен өштескендігіне біраз уақыт өтті. Сол менің жолдасыма деген өшпендігінің, араздасуының салдарынан бізге де кесірі тиіп жатыр. Атап айтқанда әкім Б.Байдаулетов үйге келіп: "Күйеуіңді түрмеде шірітемін" деп, балағаттап, ар-намысымды қорлайтын сөздер айтып, мені де қорқытты. Алтыншы балама жүкті едім, алты аптада тірі болған балам соның кесірінен сегіз аптада өліп қалды.

       Осы іштегі алтыншы баламды аман-есен босанып,  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен "Күміс алқа" аламын ба деп үміттеніп отырғанда, осындай жағдайға ұшырадық. Осы жағдайды Шу ауданы әкімі Б.Нұркеновке де кіріп айтып едім, бірақ ауыл әкімі Б.Байдаулетовтың сөзін сөйлеп маған тұщымды жауап та бермеді. Аудан әкімі осы іс бойынша комиссия құрып қарағандай болды, бірақ, сол комиссия мүшелерінің барлығы да әкім Б.Байдаулетовтың сөзін сөйлеп, менің арызымды тек бір жақты қарады. Сөйтсем Шу ауданы әкімі жанынан құрылған комиссияға менің жеке өмірім, болашақ өмірге келетін баланың тағдыры, жалпы адам тағдыры қажет емес екен. Оларға тек өздерінің сыбайласы болған, нағыз зұлым Б.Байдаулетовтың қылмыстарын жауып, адам өлтіргіш әкімді ақтау ғана екен. Тіптен осы жағдаймен мен Шу ауданаралық прокуратураға да арыздандым, бірақ олар да әкімнің сөзін сөйледі. Сонда біз секілді қорғансыз қара халықтың сөзін кім сөйлейді, мұңын кім мұңдайды?! Ата заңымызда аталған ең басты байлығымыз – адам өмірінің құны болмағаны ма сонда?

       Тіптен менің Б.Байдаулетовтың үстінен аудан әкімдігіне жазған арызымнан кейін ,  Б.Байдаулетов біздің үйге тағы да келіп: «Балаңмен бірге енді өзіңді де өлтіремін, менің кім екенімді білмейді екенсіңдер, менің сөзімді аудан, облыс, тіптен республикаға дейін сөйлейді, маған ешкім ештеңе істей алмайды. Бәрін ақшамен сатып алғанмын» деп, күнде аңдитыны біз болды. Біздің күн көруіміздің өзі мұң болды, тіптен ауылда тұрады деген анықтаманың өзін бермей отыр әкім. Тіпті Елбасының сөздерін айтсақ та ештеңеден тайсалар емес, Елбасы тапсырмаларын құлағына да ілер емес.

       Елбасымыздың саясаты ауылды гүлдендіру, көркейту, ауыл халқының жағдайын барынша жасау, ал ауыл әкімі Б.Байдаулетовтің көздегені Елбасымыздың осы саясатына қарсы келіп, тек көздегені өз пайдасы, жеке қамы. Ауыл әкімі Б.Байдаулетов мен секілді қаншама ауыл халқының көз жасына қалып отыр, қоластында жұмыс істейтін жетім-жесірлердің өзінен ақша талап етіп жұмыстан қуғандығына қанша ауыл халқы куә. Б.Байдаулетовтің сұраған ақшасын дер кезінде тауып бере алмаған қарамағындағылардың  қалай жұмыстан қуғындалып, ақыры жұмыстан кеткеніне ауыл куә. Ондай мысалдар көп, бірақ мен өз басымдағы жағдайды ғана баяндап отырмын.

            Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы! Қазақ халқының дені ауылда тұрады, қазақылығымыздың қаймағы да ауылда сақталған.  Ал, өз ісін пара арқылы бітіріп, жемқорлық жолмен ғана қылмысын жабатын, мемлекеттік саясатты тіпті түсінбейтін, тіпті өз аты-жөнін жаза білмейтін, асқан сауатсыз, өзі залым Б.Байдаулетов секілділердің ауыл халқын басқаруы Елбасымыздың саясатына  қарамы-қайшы болып тұрғандығын бүкіл ел түсініп отыр. Бірақ әкім Б.Байдаулетов айтқандай: «Бәрін сатып алғаннан соң» ештеңені де дәлелдей алмайды екенсің.

        Өткен жылы Б.Байдаулетовтың қалай заңсыз жолмен сайланғандығын, оны Шу ауданы басшылығының қандай жолмен «сайлағандығына» куә болып едік. Енді міне...

         Мен Сізден жұмыс сұрамаймын, басқа да әлеуметтік көмек те сұрамаймын, тек сұрарым әбден жүгенсіз кеткен, сөзін аудан, облыс сөйлеп отырған ауыл әкімі Б.Байдаулетовтен араша болуыңызды сұраймын.

      Осы ашық хатқа қосымша жоғарыда арызда айтып өткен іштегі баламның алты аптада тірі болғандығы, және ауыл әкімінің мені әдейі келіп қорқытқаннан кейін өлгендігі туралы медициналық анықтамаларымды тіркедім.

        Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

       Менің жанайқайымды өзіңіз секілді елге жанашыр басшылар ғана түсініп, тиісті нәтиже шығатындығына, жүгенсіз кеткен басшылардың қылмыстарына тосқауыл болатындығыңызға сенімім кәміл.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364