Зеренді қарағайлары
Нұр құйып ерек жаныма
Алыста қалған айлары,
Шақырды мені тағы да
Зеренді қарағайлары.
Автор.
Елбасының ықылым замандардан бергі ұлт рухының ұлық Қағбасындай Ұлытау төріндегі толғаныс-тебіренісі бүкіл қазақ қоғамын дүр сілкіндіргендей болды. Сонымен бірге, әрбір қазақтың жүрегін бір-бір Әулиебұлақ сылдырымен оятқандай. Әркімнің өзінің кіндік қаны тамған кіші Ұлытауын еске түсіріп, қастерлеп қадірлеуге, аялауға шақырғандай. Сәбең жарықтық, Сәбит Мұқанов «Ботагөз» романының аяқталар тұсында Көкшенің кеудесінде тұрып қазақ даласының ұлы тауларын жіпке тізіп шығатыны бар ғой: «Азат – аяқ астында, Сырымбет – сырық сілтер жерде, Жыланды – жанында, Бұқпа – бауырында, Айыртау – аясында, Имантау – иығында, Сандықтау – сағасында, Ақан – ағайыны, Зеренді – замандасы, Шортан – шөбересі, Торыайғыр – тұстасы, Көксеңгір – көршісі, Ереймен – ерулесі, Баян – бауыры, Қарқаралы – құдасы, Ақтау – андасы, Ортау – одақтасы, Ұлытау – ұйымдасы, Қаратау – қайыны, Алатау – ағасы, Алтай – атасы» деп осы аталған таулардың біразын көзімен, көз жетпегенін аспанда шарықтап ұшқан сұңқар қанатты сезіммен көргенін айтады емес пе. Мен де сондай күй кештім. Байтақ Ұлытауыммен қоса барқыт Зерендімді, көркем Көкшетауымды қаусырып құшағыма алғым келді, перзенттік парызды махаббатымды алқаға салғым келді.
Көкше десем –
Түседі еске көктемім.
Көкше десем –
Мейірленер көкте Күн.
Бір керемет жалын кернеп кеудемді,
Сезінемін шапағат нұр өпкенін.
Өйткені…
Жырымда ауылымның алауы бар,
Туған жер –
Тағдырымда тарауы бар.
Зергердің зерлеп соққан зереніндей,
Зердемде Зерендінің жалауы бар.
Иә, осылай деппіз. Ақтық демді алғанша осыдан танбаймыз. «Туған жер деген иенің, Болған-ды сондай киесі. Зерендім, сені сүйемін, Ұлыңды сен де сүйеші!» деп әрқашан тәңіріміздей табына беруден жазбаймыз. Өйткені, Отан деген қастерлі де қасиетті ұғымды әуелі туған ауылымыздан, туған жерімізден, отбасы ошағымыздан, мешітті ғалам үйімізден танығанбыз. Сол үшін де Қақпастасты дүниедегі ең биік тау деп санағанбыз, бауырындағы кішкентай Көктеректі бар әлемге балағанбыз.
Ал енді: «Қазағымның көп тарихы Көкшеде, Қаланып тұр Оқжетпестей текшеге», десек, ол да рас. Оған да ешкім дау айтпас. Сол тарихтың көптен көбі, қысы мен жазы, күзі мен көктемі Зерендінің елі-жерімен, жасанған барқыт белімен байланысты болып келеді. Заманында алыптар тобының еркесі болған айтулы ақын Жақан Сыздықов: «Арғы атам батыр Қанай ту байлаған, Бауырын Зерендінің ен жайлаған» деп жырлауының да мәнзел-мәнісі сол қатпарлы тарихта жатыр. Бүгінгі бақуатты да бостан заманда Зерендінің барқыт белін жайлаған қалың елдің бір бабасы Қанай би жоңғар шапқыншылығынан титықтап, ел басына екіталай күн туған талқылы шақта тарих биігінен табылып, көреген көсемдікпен ел бастайды, сардар батырлықпен қол бастайды, ділмәр шешендікпен сөз бастайды. Қара тіл мен қайқы қылышты қос-қатар қаруы етіп, даланың дана жүрек сайыпқыраны азаттық дабылына үн қосады. Соңына атығай-қарауылдың қосынын ертіп, Итішпес, Аңырақай, Бұлантыда, қалмақтай қырғын салып бұралқыға, қазақтың қасиетін ұран қыла, тіл безеп, найза кезеп, Бөгенбай, Қабанбайлармен қатар шабады.
Ұлытау төріндегі толғанысында Елбасы айтқандай, қазақтың ен даласындағы көп қасиетті жерлердің керемет алқасынан Зеренді де көрікті інжу-моншақтай көз тартады десек, қателеспеспіз. Себебі, Зерендінің тарихы да қазақтың елінің, елдігінің, азаттық жолындағы қияпатқа толы күресінің тарихымен бір қара қазанда қайнап, астасып араласып жатыр. Жоғарыдағы Қанай би қазақ мемлекеттігінің аса күрделі кезеңінде Төле би, Шақшақұлы Жәнібек тархандармен ақылдас-қолдас болып, сетінеген ел іргесін бекітуге, кетеуі кетіңкіреген бірлікті нығайтуға, билікті берік қолға беруге зор үлес қосып, осы орайда тағдырлы рөл атқарған талайлы тұлға. Бұған ақиқатшыл ақын Мағжанның: «Ту баста Абылайды хан көтерген Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» деген жыр жолдары да куәлік етіп, айғақ болғандай. Қасиетті Ұлытаудың ұлан төбесінің қасындағы жазыққа елді бастап әкеліп үйірушілердің де, Абылайды ардақтап хан көтерген ақ киіздің бір бұрышын ұстаушылардың да бірі емес, бірегейі осы Қанай. Жас баһадүрді ертіп апарып әулие Төле би мен айбынды Шақшақ Жәнібектің батасын алғызатын ақжолтай мәмілегер де Қанай болғанға ұқсайды. Сөйтіп, алтын тақ, ата мирас адастырмай, Абылайдай кемеңгерге бұйырады.
Көкшетауда қырық сегіз жыл хандық құрған, атығай-қарауыл жасаулап алты қызын берген халқымыздың азаттығының алдаспаны Абылай ханның оң тізесін басқан биі, былайша айтқанда, бас уәзірі Қанай би болғанын ел аузындағы әңгімелер растай түседі. Осы ретте Ұлытау төріндегі сұхбатта Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген» деп өте орынды айтты. Құлағымызға бала кезімізден сіңісті, бабалары Абылайханға, одан Қасым мен Кенесарыға төле болған Бабасұлы Есенғалаш деген қарияның 1926 жылы айтқан бір әңгімесін есте сақтап, кейінгіге жазып қалдырған Асқар Нұғыманұлы дейтін ояу көкірек кісінің ескі дәптері Қанай шешен мен Мұсақұл балуанның Ташкентке барған сапарынан шежірелі сыр шертеді. Он екі қақпа Ташкенттің құшбегісін Қанай би сөзде жеңіп, қырғыз бен өзбектің де дауын шешіп, тоқтамды төрелік айтып, үлкен абырой-атаққа жеткен. Сол ұлы жиын тойда арқасында жалы бар, жүрегінде жалын ұйтқыған жиырманың үшеуіндегі жас Мұсақұл күресте сарттың қоңыраулы Қара-Қапылан балуанын жеңіп, жамбы атыста жебесімен тай тұяқты түсіріп, ал құйрығы шолақ, құлағы шұнақ Кербестісі үш жүз аттың алдында келіп, өзінің батыр деген аты шығып, оған қоса қазақтың мерейін үстем етеді. Бәсте жеңген Қанай осыдан соң аз уақыт Ташкенттің бегі болды, сол жақта да тұқым-жұрағаты қалды деген аңыз, әңгімелер бар. Мұсақұл атасы қазірде Зерендіде бір рулы елді құрайтын бірнеше ауыл. Ал оның құбакерінен кейін талай-талай жел қанатты жүйріктер тарағаны сөзсіз. Ақан серінің атақты Құлагер тұлпарының да түп атасы осы Мұсақұлдың құбакері болғанына шәксіз иланамыз. Оны Ілияс ақынның дастанында: «Қашаннан қазағымның қолтумасы» деп Күреңбай сыншы шегелеп кеткен ғой. Ал енді сөз тұлпарлар жайына ойысып кеткен соң қалдырмай айта кетейік, Шоқан Уәлихановтың уәжіне жүгінсек, болашақ Абылай хан қарауыл Дәулет байдың жылқысынан таңдап мінген Шаңқұйрық тұлпармен батыр атағына жетіп, қазақтардың құрметіне бөленген дейді. Және бір мазасыз ойым Зеренді ауданындағы бұрынғы Қарабұлақ, қазіргі Қанай би ауылының бұрынғы аты Дәулет болғандығына меңзейді. Осы жер де, осы аттас көл де ертеде жақсылық қарауыл Дәулеткелді байдың жайлауы болған. Сабалақ атанған жас Абылай осы байдың жылқысын баққаны белгілі. Кебенек ішіндегі ерді батасымен алқаған да, Шалқұйрық тұлпар мінгізіп жарылқаған да сол Дәулеткелді бабамыз екен. Зергер тарих Зерендінің шежірелі зеренінің түбінен осындай ғажап сырларды суыртпақтап шығарады.
Иә, Зерендідегі алты ауыл Қанайдың айдыны ежелден басым. Олар қазақи қаймағы еш заманда да бұзылып көрмеген Қарабұлақ, Игілік, Ұялы, Жамантұз, Ескенжал-Еңбекбірлік және Қойсалған ауылдары. 1999 жылы рухы қасиетті Түркістанда Абылай баһадүр ханмен қатар дамылдап жатқан ұлы бабаның 300 жылдығына орай үлкен ас беріліп, Қарабұлақ Қанай би ауылы деп аталған-ды. Қанай би ауылы Бурабай алқабындағы Абылай хан ауылымен, Кенесары кентімен көрші қонып, қанаттасып жатыр. Бұл да болса жалғасқан жақсылықтардың жөргемді нышаны шығар.
Қанай бидің ұрпақтары да мерейлі. Немересі Бекболат би туралы «Қазақтың 100 шешен билері» кітабында баяндалған. Ол да жалпақ елге үлгілі сөз айтқан, ұлағатты адам болған. Ал әйгілі Балуан Шолақ «Нағашым жалпақ Қанай» деп мақтаныш ете жар салып өткен. Қанай ұрпақтары Балуанның басына іс түскенде жиендерін жан сала қорғап та отырған. Қанайдың кейінгі замандағы ең атақты ұрпағы Кеңес Одағының батыры, академик ғалым, 100 жылдығы ел бойынша кеңінен аталып өтілгелі жатқан, баршаға ардақты, күллі қазақтың, әсіресе, зеренділіктердің мақтаны Мәлік Ғабдуллин. Мәлік ағаның майдандағы ерлігі, бейбіт күндердегі өмірі ұрпаққа ұран һәм өнеге екенін айтып жатудың өзі артық. Тағы бір ұрпағы Зеренді-Көкшетау өңіріндегі халықтық қасиеттің қазығындай жүрген, қырық жылдай бірнеше ауданның бірінші басшысы қызметінде жүрген, Социалистік Еңбек Ері, дүниеден жүз жасап өткен қадірменді қария Баян Жанғалов болатын. Көкшедегі көркем биік еді. Тоқсанының тойына ақ сәлеммен арнайы атбасын бұрып Нұрсұлтан Әбішұлы келіп еді. Елордадағы салтанатта Елбасыға рәсімді ақ бата берген асыл абыз еді. Зеренді жерінің көп жарқын тарихы осы кісінің еңбегімен бедерленіп жасалғаны бүгінгі ұрпақтың көз алдында.
Қазақ әдебиетінің заңғарлары Тахауи Ахтанов, Сәкен Жүнісов, Әзілхан Нұршайықов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтер Баян ағамен сыйлас, тіпті, сырлас болғандары да жадымызда. Жарықтық Әзағаң Баян Жанғалұлының Зеренді аупарткомының бірінші хатшысы кезінде Зерендінің бір ауылында ол да зеренділік азамат, жазушы Жанайдар Мусинмен «Үйірі қысырақтың мақпал қара!» деп бастап Ақан сері әнін қасқайып тұра қалып қосыла шырқағандарын естелік-толғанысында елжірей жазып еді. 1971 жылдың күзінде Зерендінің аудандық газетінде тәжірибеден өтіп жүргенімде «Лениншіл жастан» Сағат Әшімбаев пен фототілші Сиез Бәсібеков келе қалып, оларға бірінші хатшы ауданды өз «Волгасымен» аралатып жүріп көрсетіп, жақсы көретін алматылық ағаларымның Жанғалов ұлағатына аса разы болып аттанғаны да есімде. Өзімді «Көкшетаудағы Қорғаным» деп көтермелейтін Мырзабеков Кеңшілік ақын ағам «Социалистік Қазақстаннан» іссапармен келгенінде мен де ере жүріп, күзгі орақтың қарбалас күндерінде Баян Жанғаловпен өз кабинетінде жарым сағаттан аса жүздесіп әңгімелескен болатын. Одан ауданды араладық. Қостомардағы озат механизатор Орал Құсайыновты іздеп бардық. Кеңағамның керемет очеркі бір бөлек, одан кейінгі Баян ағаға арнаған поэма толғанысында үлкен тұлғаның кісілік келбеті, Зеренді елінің ұлағаты, жерінің сұлу сымбаты соншалықты сүйіспеншілікпен, зор құрметпен жырланғанын да ұмытқан емеспін. Иә, шынымен де Баян ағаның болмысы Зерендіні бейнелейтін. Аяулы ақын Саттар Сейтхазиннің:
Арқада сұлу Көкше төрім еді,
Ата-баба тер төккен жерім еді.
Бір ұлы сол Көкшенің Баян аға,
Көзіме Зеренді боп көрінеді, – деп жырлайтыны сондықтан екен ғой. Осынау Алашқа аян Баян ағамның жырымды бағалап, ақ батасын бергенін мен де мақтан тұтамын.
Бұдан басқа, елге еңбек сіңірген Қанай ұрпақтарынан әсіресе математик Мыңбай Ысқақов, гидрогеолог-қаламгер Айтқажы Қазбеков есімдерін айтпай кетуге болмас. Олар да Зерендінің тас жарып шыққан текті қарағайлары еді, аруақтары разы болсын.
Зерендінің елдік қасиеті Абылай заманында Қанай би атымен сипатталса, халқына азаттық аңсаған Кенесарының жорықты жолдарында қылды қарауылдың Көмекей атасынан шыққан Бөгембай Құттықадамұлы қазақтың соңғы ханының батагөй биі ретінде таңбаланып тарихта қалды. Кенесарыны әуел бастан қолдаған, Зеренді өңірінің көп елі-жұртын, атығай-қарауылдың мен атайын, сен тұр сайыпқыран жігіттерін соңынан ертіп көтеріліс қосынына қосылған, жорықты жолдарда Кенесарымен бірге Ұлытауға да тәу еткен. Әділ билігі үшін хан қатты құрмет тұтып, оң жағына отырғызған, қырғызбен арадағы мәмілегерлікке жүргізген. Жорық тығырыққа тірелген толқулы шақта:
Кенесары ханымыз,
Сөзге құлақ салыңыз.
Орыспенен соғыссақ,
Төгілер көп қанымыз.
Көрші қонсаң қорған ғой,
Орыспенен соғысу
Шама келмес зордан ғой.
Қырғызыңа барайық,
Ақылына ой салайық.
Қан төгіспей қосылсақ,
Риза болар халайық, –
деп ақыл қосады. Батагөй Бөгембай қандай талқылы тығырық шақта да әр даулы істі бейбіт жолмен бітіру жағында болады. Қырғыздармен: «Осы батаны бұзғанның қаны мына көк қошқардың қанындай шашылсын» деп құран оқып баталасудың басы-қасындағы бастамашысы болады. Бірақ соғыс жағдайы ерікке қоя ма? Қазақ-қырғыз қақтығысының сол аума-төкпе алмағайыбына біз төреші емеспіз. Бір анық нәрсе сол, қан төгілді, бата бұзылды. Батагөй Бөгембай етегін үш қағып түрегеліп: «Енді мен бұл істеріңнің ішінде жоқпын» деген екен. Содан Кенесары ханның ризашылық рұқсатымен соңынан ерген біраз жұртты алып Зерендіге бет түзепті.
Бөгембай би елге келген соң тағы 19 жыл ғұмыр кешіп, 105 жас жасап дүниеден өткен екен дейді. Кенесары көтерілісінің тағы бір бас қаһармандарының бірі, Есілдегі Бала Баубек батырмен хабар-ошарын үзбепті. Дуалы ауыз, көріпкелдік, адами әділ қасиеттері басым болған. Қара шекпендер қаптап келген заманда ескі қорымдағы зиратының жанынан Лосевка деген село орнап еді. Қазірде сол Лосевканың өзі қазақтанып, халықтың қалауымен, биліктің шешімімен Бөгембай бабамыздың ардақты атын иеленіп отыр. Ағасы Әз екеуінің басына екі бөлек еңселі кесене тұрғызылған. Ел ішінде Әз-Бөгембай деп ежелден екеуінің есімі қатар айтылады. Бұл да болса бүгінгі ұрпақтың аруақ сыйлағандығының белгісі болар.
Тарихшы ғалым Жанұзақ Қасымбаев 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 9-санына шыққан Біләл Молдыбайұлының Кенесары хан туралы мақаласын келтіреді. Сол мақалаға жүгінсек, көнекөздердің әңгімелеріне сүйенсек, Зеренді өңіріндегі қарауыл ішінен Бөгембайдан басқа, Амалдық, Кенжебай, ағайынды Арлан, Шамай, Шауыпкелұлы Баубек, Елубай, Көбе батырлар басшы болып Кенесарыға еріп кеткен көрінеді. Осының ішіндегі Кенжебай батыр көрнекті ақын, кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінің Көкшетау, одан кейін Қарағанды облыстарындағы меншікті тілшісі болған Еркеш Ибраһим ағамыздың төртінші атасы. Кенжебай ноян Наурызбай батырды екі рет ажалдан алып қалған атышулы, жүрек жұтқан оққағары болған екен. Еркештің үзеңгілес іні жолдасы Сарбас Ақтаевтың айтуына қарағанда, кемеліне келген ақын өзінің осынау батыр бабасы жайында көлемді дастан жазуды армандап өтіпті. Бірақ сол кездегі тымырсақ заман да, қатыбас тағдыр да оған мұршасын келтірмепті. Қалай болғанда да, Зеренді өңірі Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі қосынының негізгі бөлігі, ұйтқылы сардар тобы өз төсінен аттанған сайыпқыран өрендері екенін әркез мерей-мақтаныш ете алмақ.
Тағы да Ұлытау төріндегі Елбасы толғамдарына жүгінсек, қасиетті атамекеннің, бұрынғы өткен бабаларымыздың бұл да бір біле жүретін, қастерленуге тиіс, әлі де зерделей түсетін, мәңгі-бақи тағзым етерлік тарихы. Иә, шын мәнінде де, біле білсек, Абылайдың оң тізесін басқан Қанай би, Кенесары хан батагөйім деп қадір тұтқан Бөгембай билер өз заманының Кет-Бұқалары, ел қамын жеп еңіреген Едігелері болмады деп кім айтар? Бір құптарлығы, Тәуелсіз еліміздің бүгінгі көркейген, зер қарағайлы, күміс көлді, таза таулы, бақша-баулы Зерендісі өткен тарихты өнеге етерлік, аруақты риза қыларлық парызды істерді парасаттылықпен бастап та кеткен. Зерендінің орталық алаңы Мәлік Ғабдуллин есімімен аталатын болған. Осы көктемде Батырдың биік ескерткіші еңселеніп тұғырға қонып, ата жұртындағы аса көрнекті көзайымға айналды. Шынымен-ақ, «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?». Тап осы мақала жазылып жатқан күндерде елден тағы бір сүйінерлік хабар алдым. Қанай би ауылында елшіл азаматтардың қолдауымен осынау Абылайды таққа қондырған ардақты бабамыздың ескерткіш мүсіні орнатылыпты. Бәрекелді! Ал енді алдағы айда, құдай қаласа Ақан сері әнінің бас кейіпкері Балқадишаның ескерткіші Зерендінің көркіне көрік, Мәлік батырдың ескерткішіне әндей ажарлы, өмірдің өзіндей базарлы серік қоспақ. Кәдімгі Ақан сері әнге қосқан Зерендінің ару қызы Балқадиша. Серінің сол тамылжыған таңғы арайдай тамаша әнімен атағы алты Алашқа жайылған Балқадиша. Оны былай қойғанда, ғажайып әнші Әміре Қашаубаев 1925 жылы дүниежүзілік өнер көрмесінде шырқай салып, әлемге танылған алғашқы қазақ әнімен бірге есімі де дүйім дүниеге паш етілген Балқадиша. Асқақ Ақан серінің алтын жүрегін тебірентіп, содан күні бүгінге дейін қазақ қызының сұлулығы мен сырлы назының символына айналып, әнсүйер Алаш қауымының ауызынан түспей келе жатқан ардақты да аруақты Балқадиша. Бұл Зерендінің елі мен жерін дүниежүзілік ЭКСПО-мен, әлемдік өркениетпен байланыстыратын жаңа тарих. Ескерткіш қаржысын халық өзі көтеріп жатыр. Бұған қалай қуанбассың! Осыдан отыз жыл бұрынғы өлеңімде айтылғандай-ақ:
Ақан да мұнда ән салған –
Балқадишаның жайлары.
Біржан да саған тамсанған,
Зеренді қарағайлары.
Әркімнің өз Зерендісі бар. Сырбай Мәуленов Зерендінің көлін көргенде былай тебіренген екен:
Жасыл толқын Зеренді,
Жасырындың сен неге?
Өзіңдей бір өлеңді
Құя салдың кеудеме.
Кейде Зеренді табиғаты кіл тастардан салынған жанды суреттердей болып елестейтіні бар. Мұндағы жер аттары Қақпақтас, Шошалатас, Әулиетас, Шымылдықтас болып келеді. Ұлытауда Әулиебұлақ болса, Зерендіде Әулиетас бар екен. Әр тастың өз аңызы бар. Ана бір жылы Еркеш ақынның елу жылдығына Хамаң шері Ерғалиев келіп, азаматтар Зеренді көлінің жағасындағы бір тақталы түйе тасты аға ақынға қонақкәде сый етіп тартып, оны «Хамит тағы» деп атаған болатын. Бұл да Зерендінің қазіргі тарихының бір үзік тарауы болып жазылып қалғандай.
Жалпы Көкшетауды, оның ішінде Зерендіні ең көп жырлаған ақын Еркеш. Тауларын да, бауларын да, орман-көлін де жырға қосты.
Анау не шөгіп жатқан бота ма екен,
Зерленіп мұнарменен жата ма екен.
Содан ба Зеренді деп аталуың,
Атыңнан айналайын атамекен!
Иә, Сандықтау-Зеренді қос аққудай қатар қонған Көкшенің алқасындай қатар сыңғырлайды. Туған ел мен жерді жаудан қорғап өткен Кенжебай батырдың шөбересі Еркеш ақынның атамекенге деген сүйіспеншілігі мен сағынышы әрқашан алабөтен еді.
Есен бе Қайыңдының қайыңдары,
Бүгінгі Мәліктері, Саиндары.
Есен бе Зерендімнің зер толқыны,
Толқынның жарға соққан жайындары.
Есен бе Қарағайлым, Көктерегім,
Тезірек сағынышыма жет деп едім.
Шіркіндер жапырағын ұшырса да,
Солардан бір хат алмай өкпеледім.
Сағындым қозы тасын Зерендінің,
Сағындым кездік тасын Өлеңдінің.
Сағынып жүру болса нағыз бақыт,
Ендеше, бақытты жоқ менен бүгін! – деп наз-базынасын ақтара, еркелей де өрлей ақтарылады Еркеш ақын Зерендінің абыз қарты Баян Жанғалұлына жолдаған жүрек сырында. Қайран ақын аға, менің Көктерегімді де қосыпты өлеңіне! Қазір Еркеш ақынның өзі де атамекеннің бір аяулы да ардақты тарихына айналған. Туған жердің, туған елдің алдында ақынның жүзі жарқын. Бірақ неге екені белгісіз, еленіп жүрген Еркеш есімі байқалмайды. Қазақ поэзиясының Қадыр мен Тұманбайдай қос заңғары ұстаз тұтып құрметтеген, халқы жырларын қалтқысыз сүйген, бәрін былай қойғанда, Елбасымызды сонау Теміртаудағы горновой кезінде тұңғыш жырға қосқан Еркеш ақынның аты әсіресе атамекенде, көгілдір Көкшетауында, зерлі Зерендісінде, сырлы Сандықтауында ардақталуға лайық. Бұл мәселе енді кешеуілдемесе екен деп тілек етеміз. Тарих талабы да, халық қалауы да осы болса керек. Өйткені, Еркеш ақын да Қанай би, батагөй Бөгембай, батыр Мәлік, Ақан сері әнге қосқан ару Балқадиша сияқты Зерендінің зерлеп жазылатын тарихы. Ал тарихты ұмытуға болмайтынын, қастерлеу қажеттігін қасиетті Ұлытау төрінде тұрып ескертіп, тағы да еске салды емес пе Елбасы?!
Толғай берсек туған жерге айтар біздің де сырымыз көп. Атамекен дегенде атқақтап соғады жүрегіміз. Көкіректегі Зерендінің сыры мен жыры, Ұлытаумен астасқан оның да ұлағаты түгесілмес, лайым. Әзірге осымен шектеліп, перзенттік сәлем арқалаған осы мақалам арқылы елге сәлем жолдайын.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ақын,
Зеренді ауданының құрметті азаматы.
Алматы
Abai.kz