Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7157 0 пікір 10 Қазан, 2014 сағат 07:59

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҚЫТАЙ КӨСЕМІ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРЕДІ

Қытай кинематографиясында талайды мойындатқан талантты режиссер Жанар Сағатқызы жайлы естуіңіз бар шығар?  Кәсіби шеберлігімен көптің ішінде көзге түсе білген қандасымызға Қытай көсемі Мао Цзе Дун туралы телехикаяны түсіру де сеніп тапсырылған. Миллионның ішінен доданы жарып шығу үшін не істеу керек?

Жанар Сағат есімі қытайлық көрерменге жақсы таныс. Кинодағы жолы 16 жасында «Жетім қыздың махаббаты» фильмінде басты рөлде ойнауынан басталды. Ал 1998 жылы Украинада түсірген «Құрыш қалай шынықты?» фильмінен кейін Жанардың бағы жанды.

Жанар Сағатқызы, кинорежиссер:

- Менің де жолым ашылып кетіп, көп адам Жанардың бар екенін білді. Көптеген ұсыныс келді.

Бүгінде Жанар 20-ға жуық телехикая түсірген. Соның ішінде «Таң сәрідегі астыртын сайыс» туындысы Қытайдағы телехикаялар арасында жыл фильмі атағын жеңіп алды. Бұдан бөлек, Қытай көсемі Мао Цзе Дунның студенттік өмірі туралы «Бір дәуірдің жастары» фильмі өте жақсы бағаға ие болды. Оның білікті режиссер екенін мойындаған киномайталмандар Маоның балалық шағын түсіруді сеніп тапсырады. 60 бөлімнен тұратын телехикаяны түсірген 4 топтың ішінде Жанардың жұлдызы тағы жанды.

Жанар Сағатқызы, кинорежиссер:

- Бір көсем жайлы осындай биография фильмін жасауда, соның ең алғашқы жиырмадай сериясын бір қазақ қызына сеніп тапсырғаны мен үшін үлкен қуаныш. Сол сенімге рахмет деу керек. Ол сенімді де мен ақтадым деп ойлаймын.

Көптің ішінен көзге түсіп, Қытайдағы ірі кино жобаларға қатысу үшін не істеу керек? Жанар өз құпиясымен бөлісті.

Жанар Сағатқызы, кинорежиссер:

- Адам өте көп, бәсекелестік өте жоғары. Сол үшін адамдар арасынан жарылып көріну қиын ғой. Бірақ меніңше, қай жерде болса да көріну үшін жақсы қызмет істеу керек.

Ол қазақстандық әріптестерінің жұмысын қалт жібермей қарап отырады. Қазақ киносында есіңізде қалған фильм деп сұрағанда «Балалық шағымның аспаны» мен «Жау жүрек мың баланы» атады. Жанар Сағатқызы Қазақстанның соңғы уақытта тарихи фильмге көңіл бөлуін жақсылыққа балап отыр. Өйткені, Қытайда да киноиндустриясы өз тарихын насихаттаудан басталған.

24.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383