АСТАМДЫҚПЕН, НАДАНДЫҚПЕН КҮРЕС ТИЯНАҚ ТАБАР ЕМЕС
Ибрахим пайғамбардың тұсында Намрот деген патша болыпты. Намроттың халқы қараңғы екен. Надан екен. Не болса соған иланып, бас ұрады екен. Пұтқа табынады екен. Патша бұқара жұртының Жаратушы Хаққа деген итихатсыздығын пайдаланып өзін Құдайға балапты.
Бір күні ол қол аяғын байлап отқа тастағанда жанбаған Ибрахим пайғамбарды алдына келтіріп:
- Дүнияда менен құдіретті кім бар? – депті тасынып.
- Мен, - депті патша, - қаһарыма іліккен пендені жазалай аламын. Басын шабамын. Мына жұрттың тағдыры менің қолымда.
Сонда Ибрахим пайғамбар былай депті:
- Сен өзіңді Құдіреті күшті Тәңірге теңемексің бе? Сен не істей аласың? Таңды атырып, кешті батыра аласың ба? Күн мен Айды көкте жүргізіп, қара жерді кіндігінен айналдыра аласың ба? Осыған патшалығыңның әмірі жүре ме?
Пайғамбардың аузынан осындай уәж естіген патша сөз таппай дағдарып отырып қалады.
Халықтың қараңғылығын, қорғансыздығын пайдаланған әміршілер пайғамбарлар өмір сүрген замандарда да болған ғой. «Түсетұғын төрт кітап түсіп қойды» (Есенғали), Алла соңғы елшісін жіберіп (Мұхамед.с.ғ.с) болса да «миссиясын аяқтап, демалып жатыр». Бірақ, астамдықпен, надандықпен күрес тыянақ табар емес.
Дәурен Қуат.
Abai.kz