ҚАЗАҚАСТАНДА 18 КОНФЕССИЯ ӨКІЛІ ТҰРАДЫ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бөлімінің1- бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,–деп атап көрсетілген.
Қазақстанда түрлі наным-сенімді ұстанатын көптеген этностар мен ондаған діни конфессиялар бейбіт қатар өмір сүріп,оның саяси тұрақтылығына,экономикасы мен мәдени дамуына жұмыла үлес қосып келеді.
Еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет болғаннан кейінгі негізгі мақсаттарының бірі халқымыздың Тәуелсіздік туы астында өзара тату-тәтті әрі бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету болса,қазір Қазақстанда жасампаздық пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндердің өзара әрекеттесуінің әлемдік моделі қалыптасты.
Қазақстан қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың қасиетті ордасы екенін әйгілі етті. Дін еліміздегі бірліктің рухани тірегі болып,халықтың ынтымағы мен тыныштығы үшін қызмет ететін өзінің негізгі міндетін мінсіз атқарғанының нәтижесінде Қазақстан осындай биіктерге қол жеткізгені анық.
Қазіргі уақытта еліміздегі конфессиялар – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі, Қазақстандағы Рим–Католиктік шіркеуі, Қазақстандағы Иудаизм, Қазақстандағы Буддизм бейбітшілік пен келісімді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Олар мәдениеттер мен дәстүрлердің және көзқарастардың әр алуандығына қарамастан, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында, бейбітшілік пен татулық үшін мәдени, діни іс-шараларды «Бейбітшілік пен келісім сарайында»келісе отырып жүзеге асыруда.
Республикамызда көпэтникалық және конфессионалды Қазақстан халқының діни мүддесін білдіретін 18 конфессияның өкілдері бейбіт қатар өмір сүреді және өзара әрекеттеседі.
Қазақстандағы діндер діни тәжірибелерімен және қоршаған ортаға деген көзқарастарымен еркешеленетін, әр түрлі сенімдерді ұстанатын әр түрлі ұлыстар, тіл, мәдени және әлеуметтік топтағы адамдармен қамтылған.
Ішкі тұрақтылығы бекем Қазақстан қазіргі әлемдік дамудың күрделі,қарама-қайшылыққа толы,іргелі мәселелерін шешудің аса маңызды әдісі ретінде өркениеттер үнқатысуын ұйымдастыру үшін үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп отыруды дәстүрге айналдырды.
Дін басшыларының2003 жылы болған алғашқы Съезінде ел Президенті Н.Назарбаев:«Материалдық игілікпен мүлдем байланысты емес,адам үшін басым және негізгі болып қала беретін дау тудырмас құндылықтар бар. Олардың бастысы–руханият,имандылық. Олардың негізгі көзі әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және діни дәстүрлерін,өзіндік тарихи әрі мәдени тәжірибесін сақтаушы дін болып табылады»,–деген болатын.
11 қыркүйектегі сойқан лаңкестік әрекеттен кейін,әлемге «өркениеттер қақтығысы»дейтін қара бұлт төнгенде, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен шақырылған бұл форум 2006 жылы Таяу Шығыстағы ахуал шиеленісіп, Иракта соғыс жүріп жатқан күрделі уақытта екінші Съезді ұйымдастырды. Үшінші Съезд әлемді шарпыған ең күшті қаржылық экономикалық дағдарыс қызып тұрған шақта өтті. Бүкіл әлем үшін бетбұрысты кезең, «әлемдік тәртіптің жаһандық трансформациясы басталған» кезеңде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезі өтті.
Осы съездің алдында Дін көшбасшылары кеңесі құрылып, оның құрамына әлемнің жетекші конфессиялары – Исламның, Христандықтың, Иудаизмнің, Буддизмнің, Индуизмнің, Синтоизмнің, Зороастризмнің өкілдері енгізілді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші Съезін ашарда сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Қазіргі дүние жол айрығында тұр. ... Дін–руханисыздықпен ашкөздіктің алдындағы аса берік қорғаушы бөгеттердің бірі. ...Әлемнің ұлы ойшылдары дінді өнегелілік формуласы деп атайды»,–деу арқылы әлемдік деңгейдебейбітшілік пен келісімді сақтаудағы діннің өлшеусіз ізгілігін меңзейді.
Осы жылдың 17-18 қыркүйек күндері Съезд Хатшылығы Жұмысшы тобының ХІІІ отырысы болып,онда 2015 жылы Астанада өтетін V Съездге байланысты барлық мәселелер қаралды.
Кез келген шынайы мәдениеттің наным-сенімге негізделетіні,наным-сенімнің түп қазығы дінге барып тірелетіні белгілі.Ал дін атаулының бейбітсүйгіштік,ізгілік қасиеттерге бағышталатын құндылығын игі мақсаттарға пайдалану–айтуға ауыз бармайтын нәубеттерден ғаламды құтқарып қалудың бірден-бір жолы.
Толғанға тасымай,болғанымызды бекітіп жүруді,қазіргі аласапыран заманда жастарымызды арандап қалудан сақтандыруды уақыт талап етуде.Қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік және рухани сұраныс себептеріне қарай қоғамның дін саласында біраз өзгерістер мен үдерістер орын алды. Бірнеше конфессияға тән және еліміздің дүниетанымына жат түрлі діни бірлестіктер пайда болды.
Әлемнің түрлі бөліктеріндегі, соның ішінде кейбір көрші елдердегі этно-діни қайшылықтардың күшеюі, Қазақстанға сырттан экстремизм мен радикализмнің әртүрлі нысандарының кіруі айтарлықтай қауіп туғызады. Қоғамда орын алып отырған әлеуметтік және тұрмыстық жергілікті мәселелер де этностық рең алып кетуі мүмкін. Жас ұрпақты тәрбиелеуде жіберілген олқылықтар көпэтносты Қазақстан халқының этносаралық және мәдениетаралық төзімділік дәстүріндегі сабақтастықтың бұзылуына қауіп тудыруы мүмкін.Сондықтан осындай қауіпті болдырмау үшін ізгі іс-шараларды уақыт оздырмай іске асыру –бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірегейі.
Көп ұлт пен ұлысты және әртүрлі конфессияларды құраған зайырлы мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі – халықтың рухани сұранысына жауап беретін діни құндылықтарға көңіл бөле отырып, осы салада келелі қызметтер атқару.
Зайырлылық ұстанымы бойынша дін мемлекеттен бөлінгенмен, қоғамнан ажырамайды. Дін– халықтың, тұтас қоғамның ажырамас бөлігі. Дін – кез келген ұлттың болмысын, тарихын және дүниетанымын қалыптастыруда маңызды мәнге ие. Ал зайырлы мемлекет өз кезегінде түрлі конфессияға тән діни бірлестіктердің қызметін заң қағидасына сай реттеп отырады.
Мемлекеттің зайырлылық сипаты діни бірлестіктердің қоғамдық өмірден, әлеуметтік үрдістерден, ең алдымен, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және сол сияқты басқа салалардан оқшаулығын білдірмейді.
Қазақстан халықтары Ассамблеясының мерейлі ХХ сессиясында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев:«Біздің қоғамның тұрақты дамуының берік кепілі – мемлекетіміздің зайырлы қағидаттарын терең зерттеу болып табылады. Дін бұл – адамның жаны мен әдебінің аясы. Әрбір дін өкілінің уағыздайтын жоғары адамзаттық құндылықтары мемлекет тарапынан әрқашан қолданып, құрметтеледі»,- дейді.
Діни ахуалдың тұрақтылығы – еліміздегі ішкі және сыртқы қауіпсіздіктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, бірлік пен татулықтың және бейбітшіліктің кепілі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы Жарлығына сәйкес ҚР Дін істері агенттігі (қазіргі Дін істері комитеті) құрылды. Агенттік азаматтардың дін ұстану бостандығы құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-әрекеттестік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар жасау; елімізде азаматтардың дін ұстану бостандығы құқықтары және діни бірлестіктердің, миссионерлердің қызметі саласында болып жатқан үрдістерді жан-жақты және объективті түрде зерделеу, жалпы қорытынды және талдау жасау, сонымен қатар еліміздің діни ахуалын тұрақтандыру мақсатындағы қызметтері мен міндеттерін атқаруда.
Еліміздің көп ұлтты және көп конфессиялы жағдайы– өз кезегінде мемлекетіміздің әлем сахнасында қарыштап дамуымен қатар, қоғамымыздағы діни ахуалдың өзара үйлесімділік пен татулық негізінде жүзеге асуына әсер етуші тегершіктердің бірі.
Зайырлылық ұстанымы негізінде қоғамда діни сана мен толеранттылықты арттыру, халықтың дін саласындағы рухани қажетін өтейтін мәселелерге аса ұқыптылықпен қарау күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің қатарынан орын алып отыр.
Сол себепті де идеологиялық саладағы басты міндетіміз – діни саладағы мемлекеттік саясатты халыққа жеткізу, қолданыстағы заңнаманы түсіндіру, дәстүрлі құндылықтар мен зайырлылық қағидатын насихаттау, тұрғындардың түрлі топтары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу.
Алдағы мақсаттарға қол жеткізу үшін бірнеше бағытта қызметтер мен іс-шаралар күн тәртібіне қойылды. Олар:
- азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын жүзеге асыра отырып, діни бірлестіктермен өзара байланысқа түсуі жөніндегі мемлекеттік саясат жайлы ұсыныстарын негіздеу;
-азаматтардың сенім-бостандығы құқығының аясында діни бірлестіктермен қатар миссионерлік қызметтің жан-жақты әрі объективті түрде зерделенуі;
- мемлекетіміздің заңына сәйкес Дін істері комитеті тарапынан жүктелген басқа да міндеттерді атқару;
- өскелең ұрпақ санасына тарихымыз бен дәстүрлі рухани құндылықтарымызды сіңіре отырып, Отанға деген құрметін арттыру;
- ынтымақтастық кепілі болған ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілікті ары қарай жетілдіру және т.б.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші Съезінде еліміздегі дінаралық сұхбат пен келісімнің маңыздылығы ерекше атап өтіліп, конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі қағидаттары айқындалды.Олар – толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл қағидаттар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды.
Бұл туралы Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында былай дейді:«Біз барлық діндердің тең құқығылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз».
Қоғамның қозғаушы күштерінің бірі болып есептелетін діни ахуал адам мен адамның, адам мен қоғамның арасындағы қарым-қатынасты реттей отырып, мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығын сақтауда маңызды міндет атқарады.
ХХІғ.адамзаттың дамыған әлемдік Өркениетке,ғаламшардағы барлық мәдениеттер мен діндердіңізгілік жолындағы бір мақсатқа бет бұруын талап етіп отыр.«Өркениеттер тоғысы»діннің шын мәніндегі өркениеттілікті,адами асыл қасиеттерді,демократияны жақтайтын игі қағидаттарын халыққа жан-жақты түсіндіріп,адамзаттың рухани кемелденуін қажет етуде.Барша адамзат үшін қатерлі лаңкестік пен экстремизмге қарсы күресте ынтымақ құрып,күш біріктіру–адамзат алдындағы парасатты парыз.
А.Әбуов
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық
орталығының директоры
филос.ғ.д., профессор
Абай-ақпарат