"АТАҚТЫҢ" ТҮБІ — ШАТАҚ…
Кеңестік-тоталитарлық жүйе кезінде социалистік жарыс жеңімпаздарын әртүрлі атақ-даңқпен, орден-медальдармен марапаттап жататынының талай рет куәсі болғанымыз бар. Еңбектегі ерен ерліктері үшін еңбек адамдарына — Социалистік Еңбек Ері, Ленин ордені, т.б. орден-атақтарынан бастап шүлен таратқандай үлестіріліп жатса, неше түрлі мемлекеттік сыйлықтар, Халық артисі, Халық жазушысы, өнер қайраткері сияқты толып жатқан үлкенді-кішілі атқтардан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Бұл — социалистік қоғамның қалың еңбекші бұқараны "жарылқағанының" жарқын белгісі болатын. Сол қаптаған атақ-даңқтар шынайы иелеріне беріліп жатты ма, жоқ, болмаса, сүйеушісі, жарылқаушысы барларға ғана бұйырып жатты ма, бұл өз алдына әңгіме. Келмеске кеткен ескі жүйенің ескі-құсқысын енді бүгін қайтадан қоқсытқымыз келмейді.
Әңгіме басқада. Бір қарағанда Қазақстан тәуелсіздігімен қоса – әлемдік өркениеттің жолын таңдап алғанға ұқсайды. Бұл – сырттай ғана көрініс. Ал, ішіне үңіліп қарасаң, сол — баяғы "таз қалпынан" көп өзгере қоймаған біздің тәуелсіз мемлекетіміз. Дәлел керек пе? Ол — табылады. Күнделікті өмірдегі Қазақстан "кереметтерінің" барлығын тізіп жатпай-ақ, бір ғана атақ-даңқ мәселесін алып қарайықшы.
Кеңес Одағы кезіндегі орден-медальдар, толып жатқан атақ-даңқтар сырттай аты өзгертілген күйінде туған Қазақстанымызда қайтадан мемлекеттік "қамқорлыққа" алынған.
Социалистік Еңбек Ері мен Кеңес Одағының Батырының орнына — Халық қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтар, Халық артисі, Мәдениетке өнері сіңген… т.б. деген сияқты атақтар сол күйінде қабылданған. Дәл сонау ескі жүйе кезіндегі сияқты айтулы даталар қарсаңында жыпырлатып тұрып, үлестіріліп жатқаны солардың.
Кімнің жоғары жақта мықты сүйеушісі бар, бұл атақтар соларға ғана бұйырады. Қалған "сорлылар" сол кеңестік кезеңдегідей мың жерден батыр, мың жерден дарынды болса да бұл атақтардан сырт қалып жатқаны.
Ең алдымен осы атақтар керек пе өзі деген заңды сұрақ туындайды? Біздіңше, түкке де қажеті жоқ. Естуімізше өркениетті мемлекеттерде халық атынан берілетін сыйлықтарды мемлекет тағайындамайды, ол — қоғамдық қорлар мен ұйымдардың құзырында көрінеді. Бізде, бәрі керісінше. Сол баяғы советтік замандағыдай барлығы да мемлекеттің есебінен. Бұл неғылған байлық далада шашылып жатқан?!
Егер мемлекетіміз соншалықты "бай болса" — анау күнін көре алмай жүрген миллиондаған жұмыссыздар мен зейнеткерлерді, көп балалы отбасыларын, мүгедектер мен қарып-қасерлерді неге алдымен жарылқап алмайды?
Тіпті осы атақ-даңқтар соншалық қажет болып бара жатса, нағыз дарындыларға, ұлты үшін еңбек еткендерге ғана неге таңдап, талғап берілмейді? "Кімнің көзі жақсы, кімнің сөзі жақсы"дегендерді ғана жарылқаумен отырған қазіргі сыйлықтардың құны жұрттың көз алдында түсіп бара жатыр.
Халық жазушысы, Халық артисі, Халық қаөһарманы деген атақтарды ат төбеліндей ғана билік басында отырғандар анықтайтын болса, былайғы халықтың қандай қадыр-қасиеті болмақ. Бұл – біріншіден.
Екіншіден — осы атақ-даңқ, сый-құрмет елдің арасын алатайдай бұзып бітті. Бұны — ең алдымен жұрттың арасына іріткі салу деп түсіну керек. Түкке тұрмайтын шығармалары үшін жұрттың бәрі дарынсыз санайтын ақын-жазушының "мемлекеттік сыйлықтың лауреаты", "халық жазушысы" болып жатуы, қолынан түк келмейтін, бірақ жоғарыдағы бір дөкейдің туысы болғаны үшін "қаһарман" атағын алып жатқан бір ғалымсымақты көрген қарапайым халық мемлекеттік "құрметтерге" сенімсіздікпен қарайтын болды. Шын дарын мен жалған дарынның, шын ғалым мен қолдан жасалған ғалымның, шын артис пен өтірік артистің кім екенін былайғы жұрт онсыз да жақсы айырады.
Жұртты алдағанның жөні осы екен деп, лаға берсе, ондай мемлекетте, үкіметте, билікте қандай құн, қадыр-қасиет болмақ?
Мемлекет тарапынан жасалатын атақ-даңқты, құрмет- сыйлықты халық атынан үлестіру, тағайындау мүлдем қате қадам. Егер біз шын мәніндегі өркениетті мемлекет болатын болсақ, қазірден бастап, елді біріктірудің орнына оларды бөлшектейтін, алалайтын, қажет болса іріткі салатын қадамдардың қандайынан болса да мемлекеттік деңгейде бас тартуымыз қажет.
Содан кейін тап бір жетпіс жеті атамыздан бері бөлінбеген еншіміз бардай кешегі кеңестік дәстүрден, соның тікелей мұрагері бүгінгі ресейлік салт пен саясаттан толығымен арылатын, жаңаша, мүлдем басқаша, қажет болса өзімізге ғана тән қазақстандық жолмен жүруге неге тырыспаймыз? Жүздеген, мыңдаған жылдық тарихы бар, үрдісі, жолы бар ата-бабамыздың жолын неге таңдамаймыз? Біз неге бәрін тек қана орыстан, Ресейден үйренуіміз керек? Құлдық психологиядан билік басындағылардың өздері толық арылмайтын болса, былайғы жұрттың маңдайының соры бес елі болғандығы деп түсіну лазым.
Атақ бар жерде — шатақ бар. Бұл ешқандай дәлелдеп жатуды қажет етпейтін ақиқат. "Бөлінгенді – бөрі жейді" деп дана халқымыз айтып кеткен. Өзіміз бірдеңені ойлап тапқанси бергенше, халқымызда, ұлтымызда бар асыл қасиеттерді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты осы заманға лайықтап, қайта жаңғыртуымыз керек. Сонда ғана ұлт болып, мемлекет болып, ешкімнен ұялмайтындай күй кешеміз, ағайын!
Жұмаш Көкбөрі
Abai.kz