Сенбі, 23 Қараша 2024
Бәсе... 5223 0 пікір 7 Қыркүйек, 2015 сағат 12:30

ЖАЙЫҚТЫҢ ҚОС ЖІГІТІ АТҚА ҚОНДЫ

«Қосылған қос өзен секілденіп...». Жайықтың қос жігіті атқа мінді... Екеуі де қатардағы көлденең көк атты емес; ойы кем, мойыны бос, оңай шағылар жаңғақ та емес...

Біріншісі - алаштың адуынды һәм оралдың орақ тілді айтыс­кер ақыны, әрі өз інім Бауыржан ХАЛИОЛЛА. Айтыста алдына тексіз тұяқ түсірмеген көптеген халықаралық, республикалық айтыстардың жеңім­паз-жүлдегері, «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы, 2001), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал, 2005), «Жұлдыз жауған жарық түн» (2012 жыл, Орал) атты жыр жинақтарының авторы Бауыржан Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының Қособа ауылында 1979 жылы дүниеге келді.

«...Мінезім үшін өте көп таяқ жедім. Бірақ көзбен көріп тұрған нәрсені қалай бұрмалап жеткізесің? Жағымпаздық қаныма жат...» – дейтін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегінің жұмыр басына не зауал соқпады дерсің?!.

Алдымен, халықаралық айтыстың бас жүлдесін иеленіп, Батыс Қазақ­стан облысының сол кездегі әкімі Нұр­ғали ӘШІМОВтен пәтер алған Бау­ыржан Қалиолла екі жыл өткен­де аяқ астынан мемлекеттік бағдарлама бойынша заңсыз пәтер алған 72 шенеуніктің қара тізіміне ілініп, «жемқор шенеунікке» айналып шыға келді. Әкімнің уәделі үш бөлмесінің табанда екі бөлмеге қыс­қарып кеткеніне көңілі күпті болып жүрген ақын «Адамның ар-ожданына тиетін мәселе»-ге қатты қапаланды. Сол тұстағы Мәжіліс депутаты Бекболат ТІЛЕУХАН«Бауыржан Қалиолла сияқты ақын сирек. Ақынды сыйлаумен біз өзіміздің рухани деңгейімізді көрсетеміз. Ақын қашанда халықтың сөзін айтып келе жатқан тұлға» – деп араша түсті. Бауыржанның өзі: «Пәтерімді тартып алса да, өнерімді тастамаймын» деп, тастүйін шешімге келгенде, облыстың жаңа әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ дауға әупірімдеп нүкте қойды...

Қашанда бір шеңбердің аясына сыймай ойын еркін жеткізіп, көбіне жұмыссыз жүретін Бауыржан Қалиолланың: «Әкемнен сегіз жасқа толар-толмас шағымда жетім қалдым. Содан кейінгі көрген шешемнің бейнеті көз алдымда. Енді қызық көрем бе дегенде, мәңгілік ұйқыға кете барды. Егер менен «өкінішіңіз не?» деп сұрар болса, «Анамды бақытты ете алмағаным» дер едім. Алладан кейінгі адамзаттың асылы аналар – сендер аман болыңдаршы. Біз сіздерді аялау үшін жаралғанбыз» – деген жан сыры миллиондаған адамдардың жүрегін жылытып, жандарын мұңға көмді...

...Кенет, осыдан үш жыл бұрынғы мамырдың бір мамыражай түнінде бетперде киген белгісіз біреулер ақынға өз үйінің алдында қарулы шабуыл жасап, травматикалық қарудан оқ атып, үш жерінен пышақтады. Десе де, ауруханаға барудан бас тартып, үй жағдайында емделген Бауыржан: «Айналып келгенде, Алладан басқа дос таппайсың. Жалғанның жалғандығын көре тұрып, өз-өзіңді алдаудан асқан қиянат жоқ шығар. Бойымды тіктеп, келер күнге деген үмітімді үкілейтін нәрсе — Құдайдың бар екеніне сеніп, Құранның шындығына көзімді жеткізіп, Пайғамбарымызды мойындау секілді ислами сенімдер...» – деп, ешкімге шағым айтпады...

Сөз жоқ, «Айтысқа қуарып келіп, қуанып қайтамын» деген Халиолла бәрібір елінің тағдырына елеңдемей жүре алмады, көзбояу жасалған жалған шаруа­ларды; топас-тоғышарлардың мысықтілеулігін жұмсартып айтып, жанамалап жеткізді. Ақырында: «Қырымбек Көшербаев кеткелі біздегі мәдени саладан мән кетті. Мәдениетіміз мүгедек, әдебиетіміздің жағдайы әлжуаз күйге түсті» деген тұжырыммен тоқтап, дем басты...

Ақынның көңілі мен болмысы алабөтен ғой, аракідік Бауыржан: «Қазір өмір сүру амалдарын меңгергім келіп жанталасамын, жағынамын, жалпақтаймын. Онымнан түк шығатын емес. Басымды тауға да, тасқа да соғамын...» – деп те қалды...

Иә, ақынның аласапыран ішкі-әлемі Жайықтың толқындарындай тыным таппай, талай шайқалып, шырын толғамдар айтты:

1. «Менің барлық тағдырым көне шаҺар Оралмен, кәрі өзен Ақ жайықпен тығыз байланысты...»

2. «Көңілім даланы аңсайды да тұрады. Тас қаланың тас бауыр тіршілігі адамды бауырмалдықтан, мейірімнен, одан қалса, табиғи шынайы сезімнен алшақтатып жібереді...»

3. «Мен, негізі, Құдай маңдайыма несібесін мол жазған адаммын.»

...Рас екен. Бір бұрылыс-бұлқы­ныста: «Менің алаңдайтыным, айтыс өнерінде Батыс өңірінде өсіп келе жатқан өрімдей жастар көп. Әттең, маңдайынан сипайтын адам жоқ. Ойыма алған жоспарым жетерлік, қайсысына үлгеріп, не ұқсатарымды уақыт көрсетер…» - деген Бауыржан Халиолла бауырымның несібесі нәсіп болып, облыстық Жастар шығармашылық орталығының директоры орынтағына отырды.

«Ай-күнім туады оңымнан,

Өмірім тепсе де өзекке.

Қасірет, былай кет жолымнан,

Қашанғы тұрамын кезекте.

Мұң-қайғы жанымды кемірме,

Азапты сүйер деп ақындар.

Бар-жоғы баянсыз өмірде,

Бақытты болуға қақым бар!» (Бауыржан Халиолла)

...Дау жоқ, Бауыржанның құқы толық, сөзі тура. Баянды болсын!

 

...Атқа қонған Ақ Жайықтың тағы бір арда ұлы, екінші бір інім – Артур НЫҒМЕТОВ.

Артур – публицист, саясаттанушы. 2007 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Тарих факультетін тәмамдады. Мәскеу саяси зерттеулер мектебінің түлегі. Швециядағы SIPU International (Стокгольм, 2008) мемлекет және жергілікті басқару институты мен Конрад Аденауэр Қорында (Берлин, 2012) тағылым-сынақтарынан өткен. 2008-2012 жылдар аралығында бірқатар қазақ­стандық және шетелдік БАҚ-­тар­да журналист және редактор қыз­меттерін атқарған. «Назарбаев Орталығында» бас сарапшы да болды.

Сонымен қатар, IWPR Британ Институты басылымында Соғыс және бейбітшілік тақырыптарында, Ресейлік экстремал журналистика бағытындағы «Оазис» Интернет-журналында, «Новая газета – Казахстан» газетінде, «Астана» журналында мақалалары жарық көрді.

Қазақтың мұң-мүддесін тура айтып, бағытынан жаңылмаған Артур ініміз 2012 жылы «Халық қалаулысы» сыйлығының «Үздік публицист» номинациясы бойынша лауреат атанды. 2014 жылдан бері «Smart Advice» коммуникациялық тобының басқарушы серіктесі болып, жыл соңында «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық Саясат Институты директорының штаттан тыс кеңесшісі қызметіне кірісті. Мұнда Нығметовке институттың жобалау істері бойынша тәуелсіз кеңестер беру міндеттері жүктелді.

Мінеки, өркени заманның тың тетіктерін толық меңгеріп, әлемнің бірнеше елдерінің тәжірибелерін бойына терең сіңіргенАртур Нығметов Алматы қаласының талабы зор, тәлімі мол су жаңа әкімі Бауыржан БАЙБЕК-тің баспасөз қызметі жетекшілігіне тағайындалады.

Мен білетін Артур – игіліктің жоқтаушысы, ізгіліктің адамы. Атамыз қазақ: «Құласаң – нардан құла» дейді. Алынған абзал қамал – інімнің шыққан биігінің соңы болмағай!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395