Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5682 0 пікір 7 Қыркүйек, 2015 сағат 09:20

ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ АҚСАҚАЛ ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ

Ардақты ағайын, Қазақ руханиятының абызы, әдебиеттанушы ғалым, қазақ ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Тұрсынбек Кәкішев ақсақал 89 жасына қараған шағында дүниеден озды. Алаш баласына қайғыра көңіл айтамыз!

Abai.kz ұжымы

 

Тұрсынбек Кәкішев  1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Бөрлі аулында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші. Филология ғылымының докторы (1972), профессор (1973), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1979). Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1950), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген (1960). 1944–1945 жж. Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгеруші, 1950–1958 жж. Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1960–1968 жж. Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер. 1968 жылдан ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, профессор, филологияның сырттай (1978–1985), күндізгі (1985–1986) факультеттерінің деканы, көп жыл осы университеттің филология факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі болған. Қазір осы университеттің профессоры.

Қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өнімді еңбек етіп келеді. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3-т., 1–2-кіт., 1967), «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» (1970, Мәскеу, орыс тілінде), т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жазысуға қатысты. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді: «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), Сәкен Сейфуллин (Мәскеу, ЖЗЛ, 1972, орыс тілінде), «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге, 1997), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Мағжан-Сәкен» (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) деген он шақты кітап жазды.

Қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеп, «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» монографияларын жазды. Соңғы еңбегі жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып келеді. «Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Жасампаз өлке» (1989), «Сандалтқан «садақ» (2002) сияқты кітаптары қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын іздестіру барысында өмірге келді. «Санадағы жаралар» (1992), «Ескірмейді естелік» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995) жинақтары, «Мағжан-Сәкен» ғылыми эссесі (1999), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), «Мерей» (2002) кітаптары жарық көрген. Сәкен шығармаларының көп томдығының құрастырушысы (10 томы шықты).

Қазақстан Жазушылар Одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371