Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3918 0 пікір 5 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ЭНЕРГИЯ ТАРИФІН ТҰРАҚТАНДЫРУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ

Мемлекет басшысы ұсынған 5 институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамында» электр энергетикасы саласын ауқымды қайта құру, «бiрыңғай сатып алушы» моделiн енгiзу мәселесi қаралған. Бұл өз кезегiнде өңiрлер арасындағы электр энергиясына тарифтер айырмашылықтарын болдырмауға мүмкiндiк бередi. Бұл ненi бiлдiредi? Бұл жағдайда өндiрушiлер арасында бiрыңғай сатып алушыға электр энергиясын беруге келiсiмшарт жасасу үшiн бәсекелестiк дамиды.

Республикамыздың үлкен энергетикалық әлеуетiне қарамастан елiмiздiң оңтүстiк өңiрлерiнде электр энергиясының тапшылығы байқалады. Негiзгi тұтынатын арзан электр энергиясының басым бөлiгi басқа аймақтардан тасымалданады. Өйткенi, өзiмiзде өндiрiлетiн электр энергиясы өз қажетiмiздi өтемейдi. Оның үстiне, «3-Энергоорталық» АҚ-ы мен «Жамбыл ГРЭС» АҚ-ында өндiрiлетiн электр қуатының құны Өзбекстаннан импортталатын табиғи газ бен мазут бағасының қымбаттығына байланысты жоғары болып отыр. Осының салдарынан электр энергиясының 50%-ға жуығын елiмiздегi үш iрi электр стансасы өндiрiп, оларға салмақ түсуде. Бұл өз кезегiнде қуаттарды таңдауда тұтынушының құқықтары мен бостандықтарының шектелуiне алып келуде. Сол себептi электр энергиясы көтерме сауда нарығында қолайлы бәсекелестiктi қажеттi деңгейiне көтеруге қол жеткiзе алмадық.

Қазiргi таңда қолданыстағы нарық моделiн пiсiп-жетiлдiретiн кез келдi. Онда елiмiзде 2030 жылға дейiн өндiру/тұтыну болжамды теңгерiмдерi және сала алдындағы мiндеттерi мен басымдықтары ескерiледi. Бұл үшiн барлық нарық субъектiлерiнiң жұмысына ашық және бәсекелестiк жағдай жасалуы қажет.

Келесi қадам – бұл өңiрлiк электржелiлiк компанияларды (ӨЭК) iрiлендiру. Оңтүстiк Қазақстан облысында электр энергиясын бөлу және тарату қызметiмен тарифi 0,94 теңге/кВт-сағ., – 5,23 теңге/кВт-сағ., ұзындығы 8 шақырымнан – 22942 шақырым болатын 6 табиғи монополия субъектiлерi айналысады. Олардың бiрiгуi энергиямен жабдықтау сенiмдiлiгiн арттыруға, аймақтарда электр энергиясын беру мен бөлу қызметiнiң шығынын азайтуға және тұтынушылар үшiн электр энергиясы құнын төмендетуге мүмкiндiк бередi.

Тағы бiр маңызды жаңалықтардың бiрi – электр энергетикасы саласына инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тарифтiк саясатты енгiзу жоспарланып отыр. Ол бойынша тариф екi компонентке бөлiнедi. Бiрiншiсi – күрделi шығындарды қаржыландыру үшiн белгiленген тiркелген бөлiгi. Екiншiсi – электр энергиясын өндiру барысындағы айнымалы шығындарды жабуға арналған пайдаланылған электр энергиясының төлемдерi. Сарапшылар тарифтер «шығындар» әдiсi бойынша бекiтiлсе, тарифтердiң жаңа құрылымы қалыптасқан жағдайды өзгертетiнiн айтып отыр.

Монополияға қарсы орган қызметiнiң жұмыс iстеу концепциясын өзгерту және ЭЫДҰ стандарттарына сәйкестендiру үшiн бiрқатар өзгерiстер енгiзу жоспарланған.

ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес, монополияға қарсы орган төмендегi институционалдық стандарттарға сай болуы тиiс:

1) монополияға қарсы орган басқа мемлекеттiк органдардан тәуелсiз болуы керек, яғни ол басқа мемлекеттiк органның бөлiмшесi болмауы тиiс;

2) монополияға қарсы органның басшылығы белгiленген мерзiмге (5 жыл) тағайындалуы қажет және осы мерзiм аяқталғанға дейiн, қылмысқа жол берiп қоймаса, оны атқаратын лауазымынан жөнсiз босатудан қорғалуы тиiс;

3) монополияға қарсы орган тек бәсекелестiктi қорғау және экономикалық тиiмдiлiкке қол жеткiзудi ғана мақсат етуi тиiс. Яғни ол тұтынушылардың құқын қорғаудан, бағалардың өсуiн тежеу және өзге де тарифтiк реттеулерден босатылуы керек.

ЭЫДҰ-ның ұсынымдарына сәйкес, монополияға қарсы орган еркiн бәсекелестiктi дамытумен айналысатын дербес орталық – атқарушы орган болуы тиiс.

Б.IЗБАСАРОВ, ҚР Ұлттық экономика министрлiгiнiң Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау комитетiнiң ОҚО бойынша департаментiнiң бөлiм басшысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371