Жұма, 22 Қараша 2024
Мың бір мысал 10944 0 пікір 31 Тамыз, 2015 сағат 11:08

ЕСЕКТІҢ ТІЛІ

Ертеде бір есек адамдардың арасында бақытты өмір сүріп жатыпты. Иесі бай, жұмысы бар, қора-жәйі жылы, жатар орыны жайлы, жем-шөбі жетерлік, жалдаушыларының бәріне керек еді. Уақыт өтіп, техникалар, роботтар, компьютерлер өмірге келді. Соның бәрін адамдардың өздері ойлап тапты. Адамдар өздері атқаратын жұмыстарын техникаға тапсыратын болды. Тіптен кітап оқып, жұмыс істеуді, жаяу жүруді ұмыта бастады. Не керек, аяғында есек  жұмыссыз қалып, жағдайы тым нашарлап кетті.

Бір күні иесі есекті үйден қуып шыққаны бар емес пе.  Есек адамдардан әбден күдерін үзген соң жұмыс іздеп әлемді шарлап кетеді. Күндердің күнінде басқа лажы қалмаған соң Есек аңдар патшасы Арыстанға іздеп барып жолығыпты. Әбден ашыққан Есек байғұсқа бәрібір еді, ол қаймықпастан бар уайымын, ренішін  Арыстанның алдына жайып салады:

-  Ей, аңдардың патшасы Арыстан, мен адамзат баласының ең еңбекқор, оған деген адал жануарының бірі едім. Өзім жуас, момынмын. Ешкімге зияным жоқ. Менің адамдарға кезінде қажеттілігімнің болғаны сондай, тіптен осы уақытқа дейін олардың жейтін асына да айналмадым. Бірақ менің қожайыным тек өз басын ойлайтын адам болып шықты, ақырында мені осы халге жеткізіп, қиындықта қол ұшын беруден бас тартты.  Әлде мен оның тілін таба алмадым ба екен?,- деп құлақтарын есекке тән қимылмен төмен салбыратыпты.

-  Сонда адам баласына үй жануарларының қажеттілігінің азайғаны ма?- деп сұрайды Арыстан таңданғанын жасыра алмай.

-  Иә тақсырым, адам баласы өмірін тіптен күрделендіріп жіберген сияқты. Біз жануарлар өз ұрпағымызды уақыт оздырмай жаңартып отырамыз. Ал адамдардың қазіргі ойлап тапқан жаңалығы жер асты байлықтарына негізделген, ол қайтсе де бір күні таусылады, тіптен қайтып жаңармайды да. Адамдар осыны түсінбейтін сияқты,- дейді Есек әңгімесін әрі қарай жалғастыра түскісі келгендей.

Сонда Арыстан басын шайқап:

- Ал маған осының бәрін неге айтып отырғаныңа жол болсын, кезінде сендерді мен қумаған сияқты едім ғой, - депті Арыстан орнынан міз бақпай.

Есек осы сұрақтың қойылатынын алдын-ала болжағандай:

-  Сенің үй жануарларына деген өкпеңді түсінемін, тақсыр. Бір кезде біз адамдардың айтқанына сеніп, табиғат аясынан бір жола қоштасқанымызды кім ұмытар дейсің?.. Сол үшін мені қазір өлтірсеңіз де болады. Бірақ өлтірмей тұрып мынаны есіңе салайын, «қаңғыған есекті арыстан ас қылыпты» деген сөзге қаларсың, жайылымыңда жайылып, өзіме келіп алайын, саған да көмегім тиіп қалар, - деп Есек аянышты халін жарялағандай кейіп танытыпты.

Арыстан әрі ойланып, бері ойланып, бір жағынан мына есектің ақылдылығына таң қалып, «адамдардың арасында біраз өмірге үйреніп, тәлім-тәрбие алғаны көрініп тұр, шынында мұны өлтірсем не әбүйір табам,  кейін бір мәнісі болар, әзірше маңызды істерді тапсырып көрейін» деп бір қортындыға келіпті:

-Есек бауырым, мен сені өзіме көмекшілікке алайын, адамдар туралы мағлұмат бере жүрерсің, айналада жайылым жетеді, тамағың аш болмайды дегендей, бірақ сені аңдарға қажетті мінез-құлықтарға үйретуіме тура келеді, ол дегенің адамдармен келешекте тіл табысуыңа қажет, сондықтан жүректі жолбарыстың, күш атасы аюдың, азулы қасқырдың, өткір жыланның, жағымпаз маймылдың, қу түлкінің, әрқашанда сақ жүретін қоянның, не керек, біраз аңдардың тілін үйреніп, тіршілігіне тәнті болуыңа тура келеді, -деп аңдар патшасы кең пейілділгін көрсетіпті.

Есек болса мұндай құрметке ие болғанына өзін бақытты сезініп, дереу іске кірісіпті.

Айлар өтеді, жылдар өтеді. Есек біраз тілдерді меңгеріп, мінезі де өзгергенге ұқсапты, арыстанның да тапсырмаларын аса жауапкершілікпен орындап көзге түсіпті. Бұл кезде жер астының байлығы да біте бастайды. Жанар-жағар майсыз көптеген өндірістер жабылып, электростанциялар тоқтайды. Есектің бұрынғы қожайыны көлігінен түсіп, қолына кетпен алып, жер өңдеп жүрсе керек, ат арба да үй маңайынан көрініс табады.

Арыстан адамдардың арасында бір өзгерістердің болып жатқанын сезіп, есекті дереу шақыртыпты.

-Есек бауырым, сен біраз жылдар бізден тәлім алдың, тіл үйрендің, жұмысқа кірісетін уақытың жеткен сияқты, енді адамдар арасында өмір сүруіңе әбден болады, тәжірибең де жеткілікті, бұрынғы қожайыныңның тілін де тауып қаларсың, ол жақта біздің мүддемізді қорғайтыныңа сенімдімін. Егер жағдайың қиындаса, қайтып келуіңе болады, әрқашан да есік ашық,  - деп иегінің астымен жол жақты мезгепті.

Сонымен не керек, тағы да айлар өтеді, жылдар өтеді. Бір күні Арыстан нөкерлерімен аң аулап жүріп, арқасына саудагердің жүгін тиеп алып, жолда келе жатқан баяғы есекпен кездесіп қалады. Есектің жағдайының жақсы екенін жүрісінен сезіп:

- Есек бауырым, жүзіңнен жақсылықтың нышанын сезіп тұрмын, бізде алған тәлім-тәрбиеңнің зая кетпегені сезіледі, сен ол жақтан әзірше қайтпасыңды да түсінемін, сонда сен адамдардың жүрегін қай аңның айла-тәсілін қолданып жаулап алдың, қалай олардың тілін таба білдің? Айтшы маған жасырмай, - деп бұйыра ұрапты.

Арыстанның сұрағынан жалтармасын сезген Есек:

-Арыстан тақсыр, мен бұрынғы қожайынымды іздеп барған едім, онымен тең тұрып тілдесу үшін барлық аңдардың мінезін көрсетіп, олардың тілінде сөйлеп көрдім: жүректі жолбарыстың да; күш атасы аюдың да; азулы қасқырдың да; өткір жыланның да; қу түлкінің де; жағымпаз маймылдың да; тіптен қорқақ қоянның тілінде де, бірақ өкінішке орай, ол айтқандарымның бірін де түсінбеді. Керісінше, мені Есек тілінде ғана түсінетін болып шықты. Жұмысқа бірден қабылдады. Оны мен осы уақытқа дейін білмей келіппін,-деп Есек бір күрсініп жүрісін жалғастыра беріпті. Арыстан да оны тоқтатпапты.

 Қанша жерден өнер үйренсе де байқұс есек қожайыны үшін тек  есек қана екен ғой.

  Болат Қали

 Астана қаласы.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322