Жақсылықов:Мұнай қымбаттауы АРМАН БОЛАТЫН СИЯҚТЫ
Мұнай саласындағы кәсіпкер десе көз алдымызға шекесі шылқыған алтын сандықтың иесі елесетейтіні бар. Қара алтынның қайырын көріп, шаруасын дөңгелентіп, шырт-шырт түкіріп жатқандай көреміз. Бірақ қара алтынның да қадірі кетті. Құны құлдырады. Оны емген адамзат та абдырады. Жер қойнауын пайдаланушылардың керек-жарағын сайлап қажетін өтеп отырған мыңдаған отандық кәсіпорындардың да шаруасы шатқаяқтап қалды. Бүгінде олардың басына үйірілген қара бұлт қоюланып келеді. Бір жағынан қара алтынның құны қысса, енді бір жағынан дүниежүзілік сауда ұйымымен бірге келетін шетелдік компаниялардың мысы басты. Қиыны сол, мұнай саласындағы қызмет көрсетуші компаниялар бейнетінің зейнетін көре ала алмай отыр. Бүгінде осы сервистік компаниялардың мұң-мұқтажын биік мінберлерге жеткізіп жүрген Қазақстан мұнай -газ және тау -кен саласы сервистік компанияларының одағы бар. Бүгін осы одақ төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
Төраға бізді өзінің кабинетінде қарсы алды. Кабинет дегенде кішігірім ғана қарапайым бөлме. Жалт-жұлт еткен дүниенің бұл жерде ізі де жоқ. Жұмысқа қажетті заттар ғана. Есесіне асып-тасқан молшылықты Төрағаның өзінен, кең пейілінен байқадық. Жарасымды әзілі мен ағалық ақылын аңқылдап айтып қарсы алған ол, көп созбай өзін ашындырған мәселені де ақтарыла жайып салды. Осы кезде кейіпкерімнің бойынан ұлтына ұнамсыз әрекеттер үшін арқырай атылған намысты, әрі елінің ертеңі үшін алаңдап қана қоймай қолынан келгенінен аянбайтын мінезді ер азаматын көрдік. Әрі қарай әңгіме барысында да бұл түйгенімнің дұрыстығына көз жеткізумен болдым...
-Рашид Хасенұлы, бүгінде барлық сәтсіздіктерді мұнай бағасының арзандауымен байланыстыру дағдыға айналғандай. Қит етсе, кәсібі жүрмей жатса, ақшасы түспей жатса, айлық қысқарып жатса, қара алтыннан көретіндер көбейді. Мұнай құнының құлдырауы осы салада қызмет көрсетіп жүрген компанияларға соққы болғанын білеміз. Бірақ осы соққының екпіні қандай? Сұлатып бір ақ жықты ма, әлде компаниялар әлі де тыныстап жатырма?
-Соққы компанияны түбегейлі құлатып тастамаса да, аяқтан шалып біраз есеңгіреткен жайы бар. Мұны біз өкінішке орай анық көріп, көз жеткізіп отырмыз. Бұл жайтқа бей-жай қарауға болмайды. Қазірдің өзінде Ақтөбе, Қызылорда өңірлеріндегі мұнай саласына қызмет көрсетуші сервистік компаниялар «шықпа жаным шықпа» деп отыр. Себебі олар жасаған жұмыстарының ақысын бір тіпті екі жылдап ала алмауда. Себебі ірі мұнай компаниялары қара алтын құнының құбылуынан шығындарын реттей алмай қалды. Биылғы берешек көлемі өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Дер кезінде төленбеген қаражат мыңдаған жұмысшылардың нәпақасы, отандық компанияның ертеңі екені даусыз. Сервистік кәсіпорын мұнай компаниясына қызмет көрсету кезінде өзі де өзгелерден тауар алды, қызметін пайдаланды, сәйкесінше оларға да берешегі бар. Жағдай осы күйінде қалар болса, бұл әлеуметтік мәселелердің ушығуына алып келері сөзсіз. Қазір сервистік компаниялардың облыстық әкімдіктермен жасаған меморандумына сәйкес, көбі жұмысшыларды қысқартпауға тырысуда. Бірақ өздері де қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жатыр. Қазіргі таңда мүмкіндіктері сарқылып, тығырыққа тірелгендері көп. Сондықтан олар бізден мұнай компанияларының берешегін дер кезінде өтеуіне ықпал етуімізді сұрап жатыр.
-Енді Сіздер одақ ретінде бұл шағымды тиісті құлаққа жеткізген боларсыздар.
- Әрине, жер қойнауын пайдаланушылар сервистік компаниялардың базынасын біледі. Бірақ мұнай компаниялары қара алтын бағасының түскендігін алға тартуға үйреніп алыпты. Бірақ бұл сылтау жасалған жұмыстың ақысын төлемеуге еш негіз бола алмасы анық. Біз әлі де болса бұл бағытта жүйелі жұмысты жалғастырамыз. Бұл қиындықты тиісті деңгейге көтеріп те келеміз. Мұнай құнының қымбаттауы әзір бізге арман болатын сияқты. Қазір әлемде болып жатқан құбылыстар осыны меңзейді. Сондықтан белді бекемірек буынып, қара алтынның бүгінгі құнын қанағат тұтып, икемделген жөн болар.
- Мұнай бағасы түсінікті болды, ал осы жылдың соңында әлемдік нарыққа қақпамызды айқара ашатын кез келеді. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған қазақ еліне, шетелдік тауар мен қызмет түрінің кедергісіз келетіні белгілі. Бұған онсыз да кішкене соққыдан теңселіп қалған отандық сервистік компаниялар қарсы тұруға қауқарлы ма? Әлде ДСҰ мен олардың да күні біте ме?
-ДСҰ мол мүмкіндік алаңы. Алайда біздің отандық мұнай саласындағы сервистік компаниялар үшін мүмкіндіктен гөрі қауіп-қатері көбірек болып тұр. Себебі олардың бәсекеге қабілеттілігі техникалық, технологилық, қаржылық жағынан да бекімеген. ДСҰ-ға кірмей тұрып Қазақстанның Сервистік компаниялар одағы бірнеше рет отандық кәсіпорындарды дамытып, шетелдік компаниялармен бәсекеге түсе алатын «ұлттық чемпиондарды» өсіру қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Бірақ отандық компанияларда даму мүмкіндігі болмағандықтан, олар сәйкес техникалық және технологиялық модернизация жасай алмады. Мамандарды да оқытып, біліктілігін арттыра алмады. Одан бөлек тендерде қаржылық кепілдік талап ететін ірі жер қойнауын пайдаланушылардың келісім шартын алуға қажет болатын «қаржылық жастық» та жинай алмаған. Сондықтан бұл жерде заманауи түрде жұмыс істей алатын бәсекеге қабілетті отандық сервистік компания пайда болады деп күтудің өзі әбестік. Тіпті қазірдің өзінде жергілікті кәсіпорындардың жеп отырған нанына ортақтасып, тіпті қолынан жұлып алып жатқан шетелдік компаниялардың белсенділігін байқау қиын емес. Әсіресе Қытай мен Ресейлік компаниялардың қарқыны қатты. Әзірге заңнама мүмкіндік берген жергілікті қамту мен мемлекеттік қолдаудың арқасында шетелдік операторлардың мысы қайтып тұр. Ертеңгі күні бұл жеңілдіктер тоқтаған сәтте отандық кәсіпорындардың жағдайы қыл үстінде тұратынын сезіп, біліп отырмыз.
- Бағана бір сөзіңізде сервистік компаниялардың жағдайы әсіресе Қызылорда, Ақтөбе өңірінде мүшкіл деп айтып қалдыңыз. Бұған Ақтөбе өңіріндегі жер қойнауын пайдаланушы инвестор Қытайлық СНПС компаниясының қатысы бар ма?
-Тікелей қатысы бар. Қытайлық инвестор қазақстандық үлесті арттыруға аса қызығушылық танытып отырмағанын айтып жүрміз. Қысқаша, бұл жердегі мәселені жүйелеп айтатын болсам, біріншіден тендер процедурасын өткізуде ашықтық жоқ. Екінші, тендерге процессіне қатысушы жергілікті компаниялардың өтініштерінен бас тарту себебінің негіздемесі болмайды. Үшінші құқықтық формада қазақстандық компания болып табылатын, бірақ бенефициары қытай компаниясы немесе Қытай азаматы болған үлестес компаниялардың тендерлік мүдделерін қытайлық инвестор жоғары қояды. Төртінші тендерге қатысқан қытайлық және жергілікті компаниялардың құқықтары тең емес. Бұл күрмеулі мәселе Ақтөбе облысындағы бұрғылау саласын тоқыратты. Ал бұрын осы аймақта жұмыс істеген кәсіпорындар өлместің күнін кешіп, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы мұнай саласын сағалап жұмыс іздеуде. Тау тау техникасы мен жұмыс күшін өзге аймаққа көшірудің өзі едәуір шығынға ұшыратады. Дәл осындай аумалы төкпелі жағдай Қызылорда өңірінде де байқалады. Қытай компанияларына қатысты қалыптасқан келеңсіз көзқарасқа байланысты жасырын әлеуметтік шиеленісті де сезу қиын емес қазір.
-Рашид Хасенұлы, негізі о баста мұнай саласына инвестор тарту еліміз үшін ауадай қажет болды ғой. Өзімізде жер қойнауын игеріп кететін дайын кампания болмады, сондықтан шетелдік кәсіпкерді қызықтыру үшін бар жағдайын жасап шақырдық. Енді бүгінгі Қазақстан инвесторға нақты талабын қойып, дегенін істете алатын ел. Бүгінде шетелдік компания бар байлығымыздың қаймағын алып, мол қаржыны қалтаға басып, тоқ көңілмен кетуіне жол жоқ. Қазіргі талап олардың қазақстандықтарды үйретіп, бірлескен кәсіпорын ашып, артынан сол кеніште істейтін отандық мамандарды қалдыру. Осы қазір жүзеге асып жатыр ма?
-Шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар өздерінің бас мердігерлерімен яғни ірі шетелдік мұнай сервистік компанияларымен жұмыс істеуді жөн көреді. Аталмыш компаниялардың Қазақстанда өкілдіктері бар, бірақ олар елде өндірістерін топтастырмай отыр. Елбасы бірнеше рет шетелдік инвесторлармен олардың әріптестерін өндірістік қуатты локализациялауға мен жергілікті компаниялармен байланыс орнатуға шақырды. Яғни шетелдік және отандық компания бірлесіп, кәсіпорын құрса, шетелдік әріптестіктің арқасында жергілікті компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі арттар еді. Бұл мәселе соңғы 2-3 жыл бойы көтеріліп келе жатыр. Бірақ соған қарамастан әлі толық шешімін тапқан жоқ. Елде өзінің тиімділігі мен жүйелігін дәлелдей алмаған бір екі мысалдан басқа локализация мен жаңа өндірістердің ұйымдастырылуының жаппай мысалы байқалмайды.
- Сервистік компанияларды мазалаған басқа да маңызды мәселелер бар ма?
- Мазалайтын жәйттер таусылған ба өзі... бүгінде отандық кәсіпорындар доллар құнының құбылып тұрғанынан секем алуда. Көбі әлі 2014 жылы болған бір сәттік девальвацияның зардабынан құтыла алмай жүр. Кәсіпорындар жаңа валюта курсымен байланысты туындаған шығындарды өтеуге мәжбүр болды, сонымен бірге мемлекеттік органдардың тапсырмасына сай девальвация шығындарын теңестіру үшін қызметкерлерінің жалақыларын ең аз дегенде 10% ға көбейту үшін қосымша шығын шығарды. Осылайша, бұл шығындар және несие, техника мен құрал-жабдықтарға қызмет көрсетумен байланысты артқан шығындар кәсіпорындарды тығырыққа тіреді. Әсіресе, міндеттемелерді келісім-шарт бойынша теңгемен орындаған компанияларға ауыр соқты, себебі міндеттемелерді кейін орындау жаңа валюта курсымен реттелді. Ол жергілікті компаниялардың шығындарын бюджет пен келісімде көрсетілмеген қосымша 20% арттырды. Нәтижесінде көптеген кәсіпорындар өздерінің мүмкіндіктерін арттыруға технологияны жаңалауға және адам ресурстарының дамуына бағытталған инвестициялық жоспарларын қысқартты. Бірақ бір жағынан теңгенің құнсыздануы отандық тауарөндірушілерді шетелдік әріптестерінен қорғаудың бір тәсілі болып табылады. Себебі шетелдік өндірушілер әсіресе ресейлік кәсіпкерлер біздің нарықта онсыз да өздерін өте жайлы сезініп келеді. Сондықтан өз кәсіпкерлерімізді осындай тәсілмен қорғамасақ, олар бір күні жабылып, жұмысшылар жұмыссыз қалады.
-Бұдан шығар жол қайсы? Отандық сервистік компанияларды тығырықтан алып шығар ұсыныс бар ма?
-Қиындық бар. оған көз жұмып қарамауымыз керек. Жергілікті компаниялар да жағдайдың жақсаруына үміт артып отыр. Қазақстанның Сервистік компаниялар одағы бұл проблемалардың шешілуі үшін тұрақты түрде жер қойнауын пайдаланушылармен, Үкіметпен және Энергетика Министрлігімен кездесулер өткізіп, дабыл қағып жүр. Екі тарапқа да тиімді болар жолды іздеу үшін жергілікті жерде жиналыстар өткізіп, шешімін іздеп келеміз.
Әңгімеңізге көп рахмет, іске сәт!
Сұхбаттасқан Айнұр Күзербаева
Abai.kz