БАҒА ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Теңгенің еркін айырбас бағамына көшкенін мәлімдеген Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов өңiр әкiмдерiне бағаның негiзсiз көтерiлуiне жол бермеудi тапсырған-тын. Шымкент қаласының әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымов сол күнi түс қайта Ұлттық банктiң Оңтүстiк Қазақстан филиалы, Кәсiпкерлер палатасы, Мемлекеттiк кiрiстер басқармасы, iрi өнеркәсiп орындары, сауда орталықтары, базарлар, фармацевтика компаниялары мен жанар-жағармай құю бекеттерi басшыларын шақырып, келелi мәжiлiс өткiздi. Мәжiлiске облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Дархан Сатыбалды қатысты.
– Бiрiншi кезекте азық-түлiк пен қызметтердiң бағасын бiрқалыпты ұстауымыз керек. Бұл ретте жергiлiктi билiк пен тиiстi органдарға бiрқатар мiндеттер жүктеледi. Бiрiншiден, қала әкiмдiгi жанынан арнайы штаб құрылып, оның құрамы бекiтiлдi. Ол табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау органымен, аудан әкiмдерiмен тiзе қосып, әлеуметтiк маңызы бар тауарлар (азық-түлiк, жанар-жағармай, дәрi-дәрмек) бағасының негiзсiз өсуiне тосқауыл қойып, бақылауды күшейтпек. Биыл Ұлттық экономика министрi 33 түрлi тауардың шектiк бағасын, ал, Энергетика министрi жанар-жағармайдың құнын бекiткен-дi. Сондықтан абыр-сабырды пайдаланып, қалтасын қомпайтқысы келетiндерге қатаң шара қолданылады, – деген қала әкiмi жаңа экономикалық саясат қоғамдық көлiктердегi жолақы тарифiне мүлдем әсер етпейтiнiн де еске салды.
Екiншiден, Ғ.Әбдiрахымов шаїардағы барлық аудан әкiмдiктерiнде құрылған жұмыс тобы сауда нүктелерiндегi бағаға мониторинг жүргiзiп, нәтижесiн кәсiпкерлiк бөлiмiнде жинақтап, нақты жағдайды күнделiктi өзi қадағалайтынын атап өттi. Үшiншiден, жергiлiктi тауар өндiрушi кәсiпорындар мен iрi сауда орындары иелерi және қала әкiмдiгi арасында бағаны тұрақтандыру бойынша меморандумдар түзiлмек. Бұл тапсырма қала басшысының орынбасары әрi штаб жетекшiсi Қайрат Нұртайға жүктелдi.
Сонымен қатар, жиында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау комитетi ОҚО бойынша департаментiнiң басшысы Бақтияр Аталықов сауда орталықтары мен базарларда мониторинг жүргiзiлiп, әлеуметтiк маңызға ие тауарлар құнының шарықтау белгiлерi анықталмағанына тоқталды.
Оның айтуынша, тауар өндiретiн және көтерме саудамен айналысатын кәсiпорындарға бағаны негiзсiз арттырмау жөнiнде ескерту хаттар жолданған. Бұдан бөлек Б.Аталықов судың, жылудың, электр қуатының тарифтерi жыл басында 5 жыл мерзiмге шектi деңгейде бекiтiлгендiктен пәлендей өзгерiстер болмайтынын жеткiздi. Ал, Өзбекстаннан доллармен сатып алынатын табиғи газ мәселесi басы ашық күйiнде қалды.
Мұнан соң ОҚО базарлар ассоциациясының төрағасы Қайрат Балабиев жұртшылыққа жаңа ақша-несие саясатына қатысты қиындықтардың өткiншi екенiн түсiндiрiп, нарықтағы тұрақтылықты сақтауға нақты қолдау ретiнде өзiне қарасты базарлардағы сауда қатарларын 3 ай бойына жалдау ақысынан босатуға уәде еттi. Және өзге әрiптестерiне де осындай қадамдарға баруына кеңес бердi. Сiрә, Қ.Балабиевтiң сөзi қамшы болды ма, iле-шала бiрнеше кәсiпкер мiнберге көтерiлiп, бұған дейiн де бiрқатар дағдарыстар орын алғанын, алайда, Қазақстан мұндай сынақтардың барлығын еңсергенiн тiлге тиек етiп, бұл тығырықтан да дiн-аман шығуға атсалысатындықтарына сендiрдi.
Өз кезегiнде облыстық мәслихаттың депутаты Өмiрзақ Мелдеханов, әсiресе, коммуналдық тарифтердi бiр тиынға өсiрмеудi барынша қатаң қадағалау керектiгiн ескерттi. «Валюталық дәлiз алынып тасталды. Ендi құрдымға кететiн болдық» деп дүрлiгiп, даурығуға бой алдырудан аулақ болған жөн» дедi.
Абай-ақпарат