ТҚЖБ САЛЫМШЫЛАРЫНА ДОЛЛАР ЗАРДАБЫН ТАРТҚЫЗБАЙДЫ
- Клиенттердің мүддесін көздеп, Үкіметпен бірге бірқатар шара жасап жатырмыз. Шешім қысқа мерзім ішінде қабылдануы тиіс. Мұның әртүрлі тетіктері қарастырылады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тек қана салымшылардың мүддесіне қарай әрекет етеді және жинаған ақшасының сақталуы үшін барынша күш-жігер жұмсайтын болады, - деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеев.
Естеріңізге сала кетсек, Ақордада өткен кеңесте Елбасы Ұлттық Банкке екінші деңгейлі банктердегі халықтың депозиттерінде жатқан қаражатқа қатысты өтемақы тетіктерін әзірлеуді тапсырған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің маңыздылығын баса көрсетіп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларын ерекше атап өтті.
- Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары бойынша мәселе туып отыр. Халық пәтер алуға қаражат жинауда. Сондықтан, азаматтардың қаражаты босқа күйіп кетпесін, Үкімет осы жағын ойластырсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚТҚЖБ-ның мәлімдеуінше, қазіргі кезеңде 543 228 шарт бар. Салымдар 276 миллиард теңгеге жеткен.
Банк өкілдері «бағамның өзгеруі Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал етпейді» деп сендіреді. Жергілікті атқару органдарымен шарт жасалған нысандар қаржыландырыла береді. Тұрғын үй бағасы теңгеде белгіленген. Орналасқан өңірлеріне байланысты, 1 шаршы метрдің бағасы 90 000–142 500 аралығында.
2015 жылдың 1 тамызында «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша жалпы аудан 970 мың шаршы метр болатын 15 167 пәтердің құрылысы аяқталды. Биылғы жылдың соңына қарай жалпы ауданы 380 мың шаршы метр болатын 6 мың пәтер салу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда еліміздің тоғыз облысында 1 927 пәтер бойынша пулға қатысуға өтініш қабылданып жатыр. Бұған қоса, жыл соңына дейін тағы да 2 895 пәтер бойынша өтініш қабылданбақ.
Абай-ақпарат