БИДҒАТ НАМАЗ(?)
Қазіргі таңда, әлеуметтік желі ақпарат көзінің бірегейі. Іздеген маржанды да, арзанды да табады. Онда шындық та, жалған да жазылады. Клавиатурамен сөзді моншақтап шебер тізбектей білсең, ақты қара, қараны ақ деп айта аласың. Өкініштісі де осы.
Шамамен бір жұма болды-ау деймін, әлеуметтік желіден мынадай бір «шындықты» оқыдым. Әңгіме бала-шағасын асырау үшін амалсыз бидғатпен намаз оқып, ақыры соңында ақыретін ойлап, намазын сүннет бойынша оқи бастаған, матуриди деген «пәлені» тастаған, ақиқат тапқан экс-молда жайлы. Анығын айтқанда, мынаны қара деп жамағаттан жігіттер сілтемесін жіберіпті.
Бастапқыда «ақымақпен ақымақ болмайын» деп көңіл аудармаған ем. Алайда, ойына келгенін айтып, аузына түскенін жазғандардың барлығына бей-жай қарай берсек, былайғы жұрт үшін шындықтың қайсы екенін анықтау қиынға соқпай ма?!
Халифа Мансұрдың құзырына Әбу Ханифа кірген кезде Иса бин Мұса: «Уа, мұсылмандар әміршісі! Бұл қазіргі таңдағы дүниенің ғалымы»,-деп таныстырады. Сонда халифа: «Сіз ілімді кімнен алдыңыз?»,-деп сұрады. Әбу Ханифа болса: «Омардың (р.а.) шәкірттерінен, Әлидің (р.а.) шәкірттерінен, Ибн Масғұдтың (р.а.) шәкірттерінен»,-деп жауап берді. Халифа Мансұр: «Тамаша, сіз өз құжатыңызды мықты еткен екенсіз[1]»,-деген екен.
Ханафи мазхабы негізге алған хадистер бойынша намаз оқуды неге бидғат дейді? Сонда «сүннетшіл» топ хадисті бидғат деп мойындамаса, қандай сүннет жолды ұстануда? Ең қызығы – осы. Пайғамбар сөзін саудагердің заты сияқты ұнағанын алып, ұнамағанын жарамайдыға шығара салғаны қалай?
Ханафи мазхабының тамырын табиғиндер сусындандырған. Ғұлама Әбу Хафс имам Ағзамның төрт мың шейхының есімдерін санамалап,[2] олардың басым бөлігі табиғиндер екенін айтқан. Әбу Ханифа туып өскен Куфа қаласы фиқһ және хадис ғұламаларының шоғырланған ірі қалаларының бірі екенін ескерсек бұл мәлімет заңды.
Ал, Әбу Ханифа шәкірттері шариғаттың әр саласында биік белеске жеткен ғалымдар еді. Имам Шафиғидің ұстазы Уәкиғ мәжілісінде бір кісі: «Әбу Ханифа қателескен»,-деп қойып қалады. Сонда Уәкиғ оны кейіп тастап: «Кім бұлай айтса, «...олар, бар болғаны малдар тәрізді. Жоқ! Олар – жолдан қатты адасушы[3]» қалайша қателеседі. Оның жанында Әбу Юсуф пен Мұхаммед сияқты фиқһ ғалымдары, хадис ғұламалары, араб тілі білгірлері және Фудайл, Дауд әт-Таи сияқты тақуа имамдар бар. Егер қателессе, оны түзетіп отырады[4]»,-деген екен.
Ханафи мазхабының «фишкасы» да осында. Бір ғалымның іліміне емес, мыңдаған ғұламаның талқысынан сүзіліп шыққан пәтуаға негізделген. Әрине, тек Әбу Ханифаның сүннетті түсіндіруін ғана мазхаб арқау етсе, онда сынға ұшырауы мүмкін еді.
Ханафи мазхабы бойынша намаз оқу бидғат деп қалай қорықпай айтады?! Бұл – белгілі бір қауымдастыққа емес, жер бетіндегі мұсылманның 3/1 дініне мін тағу. Бір қызығы, «сүннетпен» намаз оқитындар төрт мазхабты та бидғатқа шығарады. Біздің елде етек жайған ханафи мазхабы болған соң, ханафи мектебіне шүйлігеді.
Ханафи ғұламаларының намаз және басқа да құлшылықтар мен сауда-саттық, неке сияқты қоғамдағы қарым-қатынас мәселелерін Құран және хадис негізінде жазылған классикалық еңбектеріне күні бүгінге дейін ешбір әлемдік деңгейдегі ғалым сын айтқан жоқ. Бұл заңды жайт. Құран мен хадиске қалай сын айтады?! Мысал үшін, ханафи фиқһ еңбектерінің бірнешеуін ғана айта кетейін:
1. Әбу Бәкір Мұхаммед Сарахси, «әл-Мабсут»;
2. Абдулғани Ғунайми Димашқи ханафи Майдани, «Әл-Лубәб шарх әдаб китаб»;
3. Абдулла бин Махмұд бин Маудуд Маусили ханафи, «әл-Ихтияр литаълил мухтар»;
4. Әбу Жағфар Ахмад бин Мухаммад Тахауи, «шарх маъани асар»;
5. Әбу Бәкір бин Масғұд Касани ханафи, «Бадаиъ Санаиъ фи тартиб шараиъ»;
6. Мұхаммад Ъашиқ иләһи Барни, «Тасһил Дарури ли масаил қудури»;
7. Зафар Ахмед Усмани әт-Таһанауи, «Иъләус сунән»;
8. Хасан бин Аммар бин Әли Шурунбулали ханафи, «Нур идах уә нажат аруах»;
9. Мұхаммад Абдулла бин Муслим Баһлауи, «Әдиллат ханафиа мин ахадис набауиа ъалә масаил фиқһиа». Бұл тізім тек менің жеке кітапханамдағы бар әдебиеттер. Менің білетін кітаптарымның легі ғана. Қазақы тілмен айтқанда, «білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз».
Сөздің тоқетері, дұрыс ханафи тәлімін алған дін адамы өз құлшылығын бидғат деуі ақымақтың сандырағы болар еді. Қала берсе, әлігі молда қиялдан туған кейіпкер болуы әбден мүмкін. Ал, расымен-ақ, ойдан шығарылған адам болмаса мешіттің есігі ашық. Келіп, ханафи мазһабының діни әдебиеттерімен таныссын, нақты сауалдары болса, имамдарға қойсын. Еларасына лаң салуды доғарып, Құран Кәрімнің «...білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар[5]»,-деген әміріне амал етсін.
[1] Хатиб, «Тарих Бағдад», 13/334, Ахмад бин Хажар Һайтами, «Хайрат Хисан», 65-бет
[2] Ахмад бин Хажар Һайтами, «Хайрат Хисан», 50-бет
[3] Фұрқан сүресі, 44-аят
[4] Жоғарыдағы сілтеме, 65-бет
Қамбаров Руслан,
исламтанушы
Abai.kz