Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 13567 0 пікір 7 Тамыз, 2015 сағат 10:53

ҚҰРАН КӘРІМ ЖӘНЕ ТҮРКІЛЕР

Аудармашыдан: Мұрат Әжі түркі әлемі үшін екінші Мұхмұт Қашқари болды. Түркі өркениетінің өзгелер иеленіп жүрген мұрасын әлемге қайыра сыйлаған оның  кітаптары бізді ұмыт болған ескі күндермен қайыра қауыштырады. Әжінің кітабы бұрын ешкім айтпаған ойды айтуымен, бірін-бірі танудан қалған жұртының басын бір жерге қосуымен құнды. Жоғалған рухани-мәдени құндылықтарымызбен қайыра табыстыруымен бағалы.

Түркі өркениетінің әлемнің дәстүрлі діндерінде қалдырған таңбасы бұрын ешкім ескермеген дүние болса, енді ол – өзін түркімін деп санайтын гуманитарлық ғылымдағы әр азат ой иесінің есі кете, құлшына бел шеше зерттейтін өмірлік мүддесінің басты нышанатына айналды.

Және Мұрат Әжінің кей ойлары әлемге кең тараған дәстүрлі діндердің 150-ден астам тармақтарын ұстанушылардың шамына тиіп, жүрегіне қаяу салуы да мүмкін. Сондықтан саналы оқырман түркі данышпанының өзіндік пікіріне түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз.

Сонымен, біз бұл мақалада түркі дүниетанымның көкжиегін кеңейткен, өзгеге кеткен рухани-мәдени есесін қайтарған атақты кемеңгердің   еуротектіліктің қамалын бұзар кесек те, кесімді ойларына кезек беріп отырмыз.

...Мәсіхшілдік пен мұсылмандық әуелде бір-бірінен еш ірге ажырата қойған жоқ, олардың арасындағы өзгешелік кейін өмірге келіп, саяси сипатты иеленді. Батыс өзінің отаршылдық жүйесін құра отырып, дінді бірнеше қатпарларға жіліктеп, бүгінгі күні бізге мәлім келбетін сомдады. Бұны еш ұмытпауымыз керек.

Дәл сол сияқты исламның орталықтары саналатын Таяу және Орта Шығысты ұзақ уақыт бойы Ұлыбританияның атақты отар елдер бойынша істер министрлігінің басқарып келгенін де естен еш шығармауымыз керек.

Ғасырлар бойы осы аймақтар ағылшындар жағдайдың қожайыны болды, әлі де болып келеді. Еуропалықтар өз қолайына жаққан әміршілерді, діни көшбасшыларды билік басына әкеліп, ұлттық қаһармандарға айналдырып, дінді бүгінгі бізге белгілі репетке түсірді. Тек Түркілерсіз.

Мына бір жайтқа кез келген парасатты жан көңіл аударып, өзінше түйіндеу жасай алады. 1583 жылдан бастап Мекке мен Мәдинаның әл-Харам мешіттері тәу ету орнына айналып, Қажылықтың орталығы болып шыға келді. Неліктен? Себебі бұған дейінгі дәстүр мүлдем басқатын: мұсылмандар Құдыстағы (Иерусалим немесе әл-Құдыс: ивр. יְרוּשָׁלַיִם‎ — Йерушалаим; ар.: القُدس‎ — әл-Құдс) қасиетті мешіт алтын күмбезді Мәсджид Құббат ас-Сахраны(ар. مسجد قبة الصخرة‎‎; ивр. ‏ כיפת הסלע‏‎‎‎) 691 жылы түркі шеберлері салған. Бұл – ислам әлеміндегі ең бірінші мешіт еді. XVI ғасырда оны түркінің мұрасы ретінде шатқақпайлау керек болды.

Ең алғашқы ислам дүға оқу орындарының мәселесі В.В.Бартольдтың еңбектерінде біршама толық қарастырылған. Онда Пайғамбарымздың кезіндегі Мәдина-Құба төңірегіндегі ғимарат турасында сөз етіледі. Бірақ та бұл мүлдем мешіт емес, “сарайға ұқсас” дұға оқу алаңы еді. Кейін оны “араб репетіндегі мешіт” деп атап кетті. Мұсылмандар бұл кезде аяқтарын байқап басыңқырап, өздеріне сәулет стилін іздей бастаған дәуір болатын.

Мәдинадағы екінші мешітті де түркі шеберлері салды. Ол алтын күмбезді Құббат ас-Сахра мешіті сияқты Алтайға бағдар ұстанды. Себебі Пайғамбарымыздың кезінде мұсылмандар Шығысты бетке ұстап сыйынатын. Аңыз бойынша бұл мешітті Қылыса (Килиса) деп атап, ғимрат түрін “түркі репетті мешіт” депті. Ол әлі күнге классикалық ислам стилі ретінде сақталынған.  XVIІІ ғасырда Мұхаммад ибн Әбд әл-Уаххабтың (Мұхаммад ибн Әбд әл-Уаххаб әл-Мүшаррафи ат-Тәмими: ар. محمّد بن عبد الوهّاب المشرّفي التميمي‎‎; 1703-1792) пайда болуын түрлінше ұғындыруға болады, бірақ уағызшының ислам әлемін бөлшектейтін жаңашылдықтарға қарсы шыққандығын мойындауымыз керек. Ол – нағыз араб Мартин Лютері еді, ал, оның іс-әрекеттері – мұсылман протестантизмі болып табылады. Реформа жасалуын – кез келген “жаңашылдыққа” жаны қас, ғұрып тазалығын ықтияттайтын, ағайыншылдыққа, бұрынғы (түркілік) дәстүрдің мызғымастығына үндейтін  мәсіхшілердің отарлауына және олардың тағайындап қоятын жандайшап дін иелеріне қарсы күрескен – уаххабшылар құп көрді (оларға дейін бұл қадамға ханбалиттер барғантын)... Уаххабшылық пен басқа да ислам “дінбұзарлықтарындағы” қазіргі кезде кейбір дін егелері ауыз ашпай айналып өтуді жөн көретін дүниелер мүлдем басқа еді.

Еуропалықтар ислам Араб жарты аралында аяқ астынан пайда болып,  VIІ ғасырда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің аузынан шыққан Аллаһ сөзінен бастау алды дегенді енгізді. Олардың арам пиғылына керегі ислам туралы ілкі түсінікті аяқ асты ету еді. ХV ғасырдағы мұсылмандардың түсінігі бүгінгі біздің ұғымымыздан мүлдем бөлектін. Бағзы ислам әдет-ғұрпы өзге дүниетаным арнасынан бөлектеніп, ең бастысы ислам тарихының алдындағы ханифтар тарихы әспеттелетін. Оны бәрі білді, әрі оны мақтан тұтты.

Ол Арабстаннан бастау алған жоқ. Әрі жоқ жерден пайда бола қалған жоқ. Тіпті VIІ ғасырда да емес. Пайғамбарымызға дейінгі мың жарым жылдықта адамдар Жаратушыны көкке көтерген, алақанын жайып дұға еткен, жүрегін жайып пәрмен сұраған Алтайда... Отаршылар билікке әкелген дін иелері мұсылманның ұлығ өткенін джахалийя дәуіріне айналдырды, әрине, бұның бәрі әл-әзір ештеңкенің ұштығын ұстатып отырған жоқ. Зайырлы ғылым жоқтан өзгеге сене салмайды, оның қырағы назары түскен мәдени ескерткіштер тарихи шындықты алдымызға өзі-ақ жайып салады. Жұртқа айқын болатын дүние – “мәжүнденген мәңгүрттік” – джахалийя отаршылардың Таяу және Орта Шығыстағы саясатын жасырып-жабу үшін керек болды. Исламды әлсірету үшін оны түп тамыры мен тарихынан айырған ләзім.

Бұған нақты дәлел Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын), бар құпия сонда: исламға дейінгі болған тарихтың қаһарманы Аллаһтың Пайғамбарымен құпталған, сондықтан, ол турасында жазуға болады, әрі оны көкке көтере дәріптеуге рұқсат етіледі. Өйткені, ол джахалийя ережесінен тыс, себебі оны бізге отаршылар Батыстан әкеліп отыр.

Иезуиттер мен оның алдындағы зәнталақтар талай дүниені лайлады.

Тіпті Әбілқасым Фирдоусидің “Щахнамесіндегі” ислам расулы болып табылатын Искандер Меккеде болып, Қағбаны айналады... Бірте-бірте фантастика мен аңыздар мұсылмандықтың тарихи тағантасын шөктірді.

Шындық рухы шынжырланып, өтіріктің тасы өрге өрледі. Ол кезде осыған қарсы уаххабшылар өре түрегелді. Олардың білетіні, Құран Кәрім Пайғамбарымыз Мұхаммедтің кезінде түрікше жазылып, ислам тарихы мүлдем басқаша болатыны еді.

Мұсылман тарихында көне көз тарих ерек орында тұрды, амал не бүгінде бұл турасында ешкім жақ ашпайды. Оны айтасыз-ау, бұл жайында дымды да білмейді. Оны не дінтанушы, не тарихшы еш ауызға алмайды. Бүгінгі мұсылман әлемінің танауының астындағыны көрмейтін көр соқырлығы, мүскін қауқарсыздығы  отар елдер бойынша істер министрлігінің аяр әрекетінің нәтижесі... “Аспанға түкірме, бетіңді айғыздайсың”,-деп бір кездері Алтайда тәлім беретін.

Өткенге ТҮКІРУШІЛЕР қашанда рухын айғыздайды және жан-дүниесін настықпен былапыттайды!

Ғасырларға созылған отарлық таңбасының мөрі Шығыс мәдениетіне өшпестей болып басылды. Ислам әлемі бұл шақта шешек ата гүлдеген халифаттан емес, өзі туралы жадыдан емес, ғылым мен саясаттағы көшбасшылықтан айырылды. Енді осыларды тарқата айтар болсақ, соңғы бес ғасырда бірде-бір соғыста жеңбеу, бірде-бір кемеңгер тұлғаны тәрбиелей алмау... Оларға құр кеудемсоқтықтан өзге ештеңке бермеді. Бұл орайда ХІІ ғасырда шыққан тегі түркі данышпан мұсылман философы Әбу Райхан Бирунидің “Ислам өзінің алғашқы қаз басқан қадамынан-ақ: қарапайым жандарға Аллаһқа қатыс жоқ дүниелерді көйіткен мысықтілеу жандардың арам пиғылының нысанына айналды. Ал, адамдар олардың ауыздарынан шыққан сөздерін шындыққа балап... жан жүректеріне қайдағы жоқты сіңірді.

Міне, осының арқасында, мұсылман аңыздарының өзегіне шым-шытырық, шылдыр-шатпақ еніп үлгерді” деген сөзі өз маңыздылығын күні бүгінге дейін жойған жоқ.

Бұл енді ХІІ ғасырдың ортасы. Ол кезде Құран Кәрім түркі тілінен арабшаға қайыра жазылып, рәсімдерді ауыстыра бастаған болатын. Сол уақыттың өзінде исламның өз ішінде еуропалық отаршылардың баса-көктеп енуін жеңілдеткен бітіспес шайқас орын алған еді.

Бируни өзінің кітаптарында адам жанының зиянкестерін: “Аллаһ тек қана өзіне жүрегін аша ұмсынған жанға қарай нық адым жасайды”,-деп әшкереледі. Бұл жолдар “Киши хақынан”... Шығысқа зор зәбін әкелген манихейлер мен жөйіттер болды, олардың кейбірі исламды бүлдіру әдейі үшін дінге кіріп, түркілер Аллаһ аттандырған Көк Тәңірінен мұсылмандарды басқа жаққа бұрып жіберді.

Дұшпандар Құран Кәрімге өздерінің ыңғайына жағатын толықтырулар енгізді.  Жаратушы жоғарыдан көріп тұрғандай тап солай болды.

Құран Кәрімнің түрлінше оқылуы VІI ғасырда-ақ аңғарыла бастады. Бізге белгілісі қажет етілген бірден-бір мәтінді дайындау үшін Зейд ибн Сәбит басшылыққа алған бірнеше тізім болды, ал, олар кейін Халифтің жарлығымен өртелінді. Бірақ та кейін белгілі болғанындай канонданған мәтін мұсылмандардың бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Керісінше, жұрт арасында өте жиі отқа оранған мәтіндер зор құрметке ие бола түсті... Бұл жерде жұртқа мәлім ашып көрсететін тарихат исламдағы ала ауыздықтың қай кезде бастау алғаны және де оны Шығыстың жаулары кейіннен саудаға салғандығы. Ол Пайғамбарымыздың көзі тірісінде-ақ өрістеді!

Орта ғасырда исламды мысыр ерсілігі (дінбұзарлығы) деп атады, өйткені, ол шығыс (монофизит) мәсіхшілерінің ғұрыптарын қайталайтынды. VIІ ғасырда Халифат мәсіхшілерін (көшеде жүрген өзгелерден) айыру үшін киімдеріне сары үшбұрышты шүперек тағып, атқа әйелдерше жанымен отыруға міндеттеді.

Кейінірек мұсылмандарды қалған екі дінді ұстанушылардан бөлектейтін ерек киім үлгісі өмірге келді.

Басқа еш өзгешелік болған жоқ. Бұған таң қалатын ештеңе жоқ, бұлар – ғылымға белгілі фактілер.

Ешкімді шүбә келтіріп, шек тартқызбайтыны: Украинада да, Қырымда да 449 жылдан бастап, мәсіхшілікті білетін, өйткені, олар қауымдасып қалаларда тұрып жатты. “Скиф епархиясы” Шығыс шіркеуінің бір тармағына жатады, әрі оның рухани үрдіс-жосықтарын ұстанатын қарайымдарды, ендігі жерде ешкімде мәсіхші деп атамайды. Ал, ол дәуірде солай атайтын еді. Себебі, ол кездегі уақыт мүлдем өзгеше болатынды.

 Дегенмен, нық сеніммен сөз қозғар болсақ, қарайымдар бүгіндері ешкім қайыра болғысы келмейтін мәсіхшілер еді. Бұл халықтың тарихы өте көне болса да, өте тұманды. Тілдері жағынан – түріктер, қандары жағынан – жөйіттер. Бұлар парсы патшасы Кирдің кезіндегі бір Жаратушыны мойындаған жөйіттердің тап өздері болатынды. Әрі Түркілердің ізін ала мәжусиліктен бас тартқан – халық. Олар Ұлығ Уақыттың – тұмары. Дәл бір зілдер (мамонттар) сияқты. Олардың сенімдері тарихымен, дәстүрімен ерекше. Олар – Алтайдың сау қалған айнасы, әрі классикалық иудаизмнің жарқын мысалы.

І ғасырдағы Құдыста болған Иудей соғысы кезінде діни сенімді ұстанушыларға тыныштық болмай, римдіктердің қудалауына ұшырады, жөйіттердің бір бөлігі Қырымға қоныс аударып, сол жерді тұрақтап қалды... қарайымдардың мәдениетінде көптеген “бағзы мәсіхшілдік” нышандар бар.

Византияны Исаврлар (гр. Δυναστεία των Ισαύρων, яғни сириялықтар деп аталатын 717—802 жылдар аралығындағы Лев III Исавр ( 717—741); Лев III ұлы Константин V (741—775); өзін император деп жариялаған Лев ІІІ қызы Аннаның күйеуі Артавазд (742—743); Константин V ұлы Лев IV Хазар (775—780); Лев IV ұлы Зағип Константин VI (780—797),  Лев IV жесірі Ирина (797—802) сынды билеушілерден тұратын византия императорларының әулеті) билеген тұста жарты аралға грек ұстанымындағы мәсіхшілдік келді, бұл мүлдем өзге дін еді... Сол себепті XV ғасырда Қырымда орныға бастаған мұсылманшылыққа еш қарсылық көрсетілмегені де сондықтан, өйткені, ислам жергілікті жұртпен рухтас болғандықтан оны бірден қабылдады... Бүткіл Украина ол кезде мұсылман бола жаздады. Бірақ тарихи тағдыр оның сәтін түсіріп, ретін келтірмеді.

Шіркеу осы сәтте асқан айлакерлік танытып, исламды Еуропаға қауіп төндірген жау күшке балай білді, бұл әрине олар еккен жалғандық ағашының өз колониализмдік мәуесін (жемісін) беруі еді.

Бұл арада бір кездері католиктердің өздерін исламның жақтастары санап, Құранды бас алмай оқығандықтарын қайыра айтудың еш сөкеттігі жоқ.

Мысалға, 999 жылы папаның үштиярын (тиара гр. Τιάρα үштік әлемді (аспан, жер және жер астын) билеудің символын танытатын көне парсылық (қоңыраттық) бас киім. Оны Рим папалары XIV ғасырдан 1965 жылға дейін тұтынды. Рим, христиан әлемі және рухани билік дегенді білдірді. Бұл жерде оның XIV ғасырға дейінгі басқа үлгісі болып табылатын билеуші қалпағын басына кигенін Мұрат Әжі сөз етіп отыр) бойынша шақтаған папа Сильвестр ІІ өзі осы мәртебеге қол жеткізгенге дейін мұсылмандар арасында тіршілік кешті, оның кемеңгерлігі Еуропада аңызға айналған. Ал, 1075 жылы Шіркеуде жаңа саясат жүргізген папа Григорий  VІI Еуропадағы Құранның ең білгірі ретінде танылып, мұсылмандар да біз секілді бір Құдайға сыйынады деп жар салған еді.

Содан бері Ватикан жүрегін ашып ақиқатпен де, пышағын жеңіне тығып аярлықпен де мұсылмандар арасында өз адамы болу құлшынысынан еш таңбай келеді... Ол кезде  XV ғасырдың ортасында рим папасы Пий ІІ  Константин XI билеген Византияны жаулап алып, 1453 жылы христиандық Хан-Балық (гректер түркі мәнерімен: “Патшалар қаласы” деп атаған Константинопольді) Стамбулға айналдырған Жаугер Мехмед ІІ әл-Фатих сұлтанға (осм. محمد ثانى; 1451-1481 жж. аралығындағы Осман империясының билеушісі) егерде шоқына қалсаң “Грек және Мұқымшығыстың императоры” боласың деп қолқа салғаны еш оғаш көрінбейді.

Басқаша болуы мүмкін емес еді. Рим 615 жылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің Абиссиниядағы Абиссин шіркеуіне адамдарын аттандырып, шығыс мәсіхшілерін дін қарындас санағандығын жақсы білетін. Пайғамбарымыз “діндарларға көмек көрсетіп, құдайға сыйынуына мүмкіндік жасауын” өтініп, мұсылмандардың қалған шаруасын өз мойнына алатындығын ұсынған болатын. Ал, ол шаруа әліпбимен (жазумен) байланысты болатын, хадистерде копт бітікшілерінің (хатшыларының) рөлі ерекше аталады... Бұл – бағзы ислам тарихының кезеңі, ол із-түзсіз кеткен жоқ. Зайырлы ғалымдар исламның қаз тұрып кетуіне түркілердің көмектескенін, әрі олардың орта ғасыр дүниесіндегі барша оқиғаларға қатысқанын жақсы біледі.

Тап тарих Тәңірдің үнемі аузымыздан түсірмейтін: “Менің әскерім бар. Оны мен түрік деп атап шығысқа қоныс тептірдім; қай кезде мен өз кәріме мінем, сол кезде мен өз әскеріме сол халықтың үстінен билеп-төсеуге пәрмен беремін” сөзін қайта оралтты.  Оны сақтаған – Мұхмұт Қашқари.  XIV ғасырда католиктер Шығыстың рухани тұнығын лайлап, тәрк етпеген кезде бұны еске алатынбыз.

Әлбетте, бұл – бізге Пайғамбарымыз қалдырған жоғалған көне Құранның жолдары. Бұл Құрандар алыс түпкірлерде сақтаулы, оның мәтіні түрікше жазылған.

Куфи (әліпбиімен) жазуымен (ар. الخط كوفي‎‎‎  – ирактың қос шаһары Басра мен Куфада VIII ғасырдың соңында дүниеге келген Куфия аль-мухаммаль, Куфия аль-музаффар және Куфия аль-хандаси сынды түр өзгешеліктері бар хұснихат түрі) бізге жетті.  Ол Құранның бір данасы Эрмитаждың сақтау қорында... Бәлкім, Аллаһтың түркілер турасындағы осы сөзі Қырым әміршілерін өзіне тартып, исламды қабылдай отырып, өздерінің тарихи миссияларын жаңаша ұғынуына жетелеген шығар. Жаратушының айтқан сөзінен көрініп тұрғаны, дінді кімнің таратқан, неліктен Алтайдың тілінің Бір Жаратқанының тіліне айналғаны ұғынықты. Және де Қырым ислам дәстүрін Дешті-и-Қыпшақтағы түркілер арасына таратуды құп көрді.

Неге бұлай етпеске!?...

Ол кезде Бір Тәңірге сенетіндердің бәрі: армяндар, сириялықтар, мысырлықтар, гректер, ұрымдықтар түрікше дүға ететін. Қасиетті кітаптар түркі (ғұн) тілінде жазылды. Олар, аталған кітаптар: Ватикан, Айстан (Армения) басқа да шіркеулердің діни орталықтарының кітапханаларында сақтаулы. Оларды мұсылмандар арасынан да кезіктіруге болады, мысалы, Иранның Кум қаласының кітапханасынан.

Тәңір тілінде жазылған кітаптар жоғалмайды... Бірақта оны ендігі жерде ешкім оқымайды. Қолдан келмейді! Тілі түсініксіз, міне, біз неге жетік десеңізші!?

Құдайға құлшылық ету кітаптары – айырықша көңіл аударатын тақырып, ол Алтай, Украина және Мәскеу кінәздігінің өткеніне қатысты. Барша түркі әлеміне қатысты.

Осы кітаптар бойынша католиктік Қайта Өрлеудің алдындағы жолашаршы: әміршілер, кезең тұлғалары тәлім-тәрбие алды. Олар, осы кітаптар: Орта ғасырдағы әлемді қалыптастырып, қоғамға өздік өнегесін таңды... Шынында Қаһарлы Иванның кітапханасы туралы білмекке талпыныс жасау қызықсыз дүние ме?

Мәскеу Русінің немесе Орданың рухани мәдениеті жайында ше?

Еске салар жайт, ІІ ғасырда қағазды Талас (Таласу) бойындағы Шу алқабында түркілер ойлап тапты, оны қазір санаулы жандар ғана біледі.  Тек Қытайлар емес! Оны “қағит” (“кагит”) деп атады. “Оралған бума” ұғымын білдіретін “книга” (“кінгә”) да түркінікі. Ахменидтер дәуірінен белгілі ең көне кітап тарихы бумалардан бастау алады. Буманың құтысы түрікше “сандық” деп аталады... Аузымыз көпіріп, орта ғасырлық шығыстық авторлардың айтқанын қалыс қалдырмай қайталай бергенімізбен, бәрі бір кітап ісі Алтайдан бастау алғандығы турасында  тек қана қағаз ғана емес,  көне Құрандардың безендірілуі де сөз етеді. Олардағы “Алтай” өрнектерін байқамау мүмкін емес. Әр өзекті ойды немесе мәтіннің жаңа жолын қызыл сиямен жазудың үрдісі азат жол (“қызыл жол”) тіркесімін өмірге әкелді.

Түркі әлемі кітаптар елі еді, онда кітап аса жоғары бағаланды. Алтайдың көне эпосы “қара кітапты”, “үлкен кітапты”, “алтын кітапты”, “алтын мұқабалы кітапты”, “күміс мұқабалы кітапты”, “қағаз бума түріндегі кітапты” тағыда басқа кітаптарды білді. “Қара кітаппен” мысалға: таулар мен өзендер туралы білімге қанықты. Бәлкім бұл атлас немесе жолсілтер болуы да ықтимал.

“Алтын кітап” соғыс өнері туралы тәлім беріп, оны “қара кітап” сияқты әр батырға жатқа білуге міндеттеді. Оған тек соғыс ережесі ғана еніп қана қойған жоқ, әр онда ар-намыс кодексі де орын алды. “Күміс мұқабалы кітап” ас мәзірі, тамақтану ережесі, ораза мен диета турасында әңгімеледі.

“ XVIІ ғасырға дейін сақталған” яғни орыстар Алтайға аяқ басқанға дейін Түріктердің Құдайға құлшылық ететін кітаптары болғандығын мәшһүр археолог, профессор Л,Р.Кызласов өз еңбектерінде жазады. Сол кезде, 1666 жылғы шіркеу жиынынан кейін мәсіхшіге айналып үлгерген Мәскеуден келген келімсектер осы кітаптарды жиып алып, ғибадатханалар және дінбасыларымен бірге өртеп жіберді.

Бірақ діни сенім бірден жан-тәсілім еткен жоқ.

Соңғы кам (дін қызметкері) ХХ ғасырдың 30-шы жылдарыне дейін өмір сүрді. Ол Марьясов болатын, ол руна жазуын, ата-баба ғұрпын білді. Өкінішке орай, осы білгенінің өзі оны “пантүрікші” бабымен айыптауға негіз болуға жетіп артылды, әрі бұл нағыз өлімге бас тігутін.

Көне түркілер “Алтын судур” немесе “Аспаннан Түскен кітапты” қолдарынан ерек құрметпен алды. Көрешек (Жазымыш) кітабы бойынша болашағын болжап, істеген игі істерін саралады. Ол хандар мен әмірлердің үнемі өз тәубәсіне келіп отыруға шақыратын үстел кітабы болды. Оны Орданың басқа да билік белгілерімен бірге Қырымға алып келді. Қырым ханының кітапханасы көргендердің айтуынша, Еуропадағы ең бай сирек кездесетін кітаптардың қоймасына айналды (орыстардың жарты аралды басып алуынан кейін ол жоқ болып кетті, бірақ із-ғайым жоғалған жоқ).

“Алтын судур” немесе “Аспаннан Түскен кітап” бәлкім бұл жалғанда жалғыз дана емес шығар, Тибетте “Алтын сутра” атауымен сақтаулы, бұддашылар оны І ғасырда түркілерден алғандарын еш жасырып жаппайды. Алтайдан оларға “Алтын жарық нұры” келді. Түркі фольклоры жағынан алып қарағанда ол білімділіктің (оқымыстылықтың) символы саналады.

Бұдда әлемінде сақталған “Ырығ бітік” – “Бал ашу жазбасы да” түркілерден келген.

Бұл кітаптардың өзгешеленетін ерекшеліктері бар. Мәтінде сөзбе-сөз Тенгри (Танра) есімі ұшырасады, үнділер – оны “Вишну” деп аударса, бұддашылар – оны “Бұдда” деп тәржімалайды. Дінде осылай деу қалыптасқан! Көбіне Тенгри есімі аударылмайды, оны Оның және Олмен алмастырады. Бұған еш түсінік берілмейді... Және де бәрі де аян.

Алтайдың қасиетті кітаптары турасында Батыс IV ғасырда білді.

Бәлкім осы “Алтын судурды” олар Бұлғат (Вульгат) атандырған шығар... Бұл – тыйым салынған, әрі мүлдем зерттелмеген тақырып. Айнала толған “ақтаңдақ”. Дегенмен, академик Д.Е.Крымский орта ғасырдағы араб кітаптарын зерттеу барысында олардың араб әдебиетін қалыптастырған тәржімалар (түпнұсқа туындылар еместігін) аңғара білді. Мысалға, “Мың бір түн” әуелде “Гэссер эфсана” (“Хазар-әфсана”) деп аталынып, түркі тілінде жазылғантын, ал, оның тұпнұсқасын ғалымдар Бағдат кітапханасынан тапты... Ауысып алудан араб әдебиеті, оның ішінде, өзгенің жаһұты құлшылық ету кітаптары да түзілді. Және де бұның бәрін байыпты шығыстанушылардың бәрі де біледі.

Араб тілі шын мәнісінде тек ХІ ғасырдың  басында пайда болды. Және де екі ғасыр бойы біртіндеп тұрмыс-тіршілікке енді... Құранның үзіктері “Алтын судурды” қайталады.. Бұл тіптен Құранның өз мәтіндері бойынан да көрініп тұрады. Міне, 96-шы сүренің жолдары: “Бәрін Жаратушы Құдайдың атынан оқы...” Аңыз бойынша, Мұхаммед Хира тауында ойға батып тұрғанда: “Оқы!” дегенді естиді. Бұл Аллаһтың Пайғамбарымызға берген бірінші сөзі еді. Аспаннан келген кітаптардан ислам бастау алады.

Католик мәсіхшілерінің жолдары да тап осы “Оқы!”-дан бастау алып, оны IV ғасырда әулие Агустин, “Шіркеу докторы” естиді... Ал, жазылған нәрсенің ғана оқылатыны баршаға белгілі!

Құран ең алғаш үнділер – “темір татар” атандырған Халифаттың қатал әмірі Махмұт Газневи кезінде жазылды, оның жеке пәрменімен мұсылмандарға “тіл аламандығын қоздырмау үшін” Шығыстағы барлық түрік мұрасын арабтық деп есептеуге құзыр етілді. Ол өте күшті беделге ие болғанымен, ақылман тұлға емес еді. Араб тілі пайда болысымен, Құранға қанша мәрте толықтырулар енгізілгенімен, олар оның өзегін еш өзгеріске түсіре қойған жоқ. Және де бұны білмеу дегеніміз – ислам тарихын білмеу деген сөз.   Не болмаса, оны мүлдем елемеу.  

Құран тілі тақырыбы – айырықша тақырып, оған бет бұрған кезде 696 жылды кәперден шығармау керек. Ол шақта халиф Абд әл-Мәлік өз кеңсесін қайта құрған болатын.

Ол мұсылман істерін грек тілінде жүргізуді қош көрмей, Таяу Шығысты жаулап алып, бауырына басып отырған Византияның тілін құптамай, іс жүргізуді ресми түрде “Құран тілі” және пехлевиге, яғни, түркі тіліне, бүгінгі тілмен сөз безесек, әзербайжан диалектісіне көшірді.

Иезуиттер өз кезегінде халиф жарлығын редакциялауға ұшыратып, “Құран тілі” сөзінің орнына “араб тілі” деп жазды, ал, халиф Абд әл-Мәліктің дәуірінде ондай тіл жоқ болатын, ал, “пехлевидің” ұшырасуын мәтіннен мүлдем алып тастады... Бұл осылайша, кейінгі білместіктің орын алуына әкеп соқтырды.

Академик Крымскийдің өзінің ұзаққа созылған зерттеулерінен кейін Құран тілі – “бейараби тіл”, ондағы сөздер тіркесімі мүлдем бөлектеу деп мәлімдегені кеудемсоқтық еместі. Ғалымның бұл түйіндеуіне мұсылман ғалымдары мен Құранның білгірлерінің ешбірі дау айта алмайды.

Себебі “түркі ізінің” сілемі тіпті араб әліпьиінің әріп аттарынан да көрініп тұр: ба (байла), са (сана), джим (азық), даль (бұтақ) және т.б. Бұл сөздер көне түркі сөздігінен... (Ескере кететін бір жайт: осы орайда грек әліпбиіне кезек берейікші: оның басталуы да тап арабтікіндей. Гректерге бұл әліпбиді теңіз патшасы әйдік ұлу (дракон) сыйға тартады. Олар: альфа, бета, гамма, дельта... Грек тілінде бұл сөздер еш мағына бермейді. Ал. Түрікшесі мынадай: “Алп бити гамаг делте...” – қазіргі алаш тіліне былайша аударылады “Құдайдың пейлі түскен қаһарман туралы қасиеті жазбаны келтелендірме” деген бітікшіге берілген ұлағат болатын. Міне, бабалар әліпбиі осындай сөздерден бастау алатын, кейін бұл дәстүр гректегідей құр қайталанбай, жөйіт пен араб мәдениетіне ауысты) неліктен осының бәрін ешкім байқамады?! Шынын айтқанда, араб тілін түркі тілінің негізінде өмірге әкелген. Оны тіпті “ұсақ-түйек” дүниелердің әлпетінен-ақ пайымдауға болады.

Араб тілі мұсылмандар арасында кең етек жайған шақта оған “каршуни” (“гаршуни”) деп аталып кеткен “сирия” жазуын таңдап алды. Шын мәнісінде бұл “Аркашидтер жазуының” хұснихаттық түр ерекшеліктерінің бірі, яғни, Көне алтайдың жазуы еді. Басқаша айтар болсақ, әрі мәсіхшілер, әрі мұсылмандар қосар пайдаланған тіл.  “Каршунидің”, яғни, “араб тілінің” пайда болуы өзін мәсіхшілдікке қарсы қоятын ислам мәдениетінің жаңа кезеңін танытты. Бұны көне түркі тілінде “қарсы” дегенді білдіретін осы терминнің атауының өзі-ақ әйгілей танытып тұр.

Кеңес ғалымдары Құрандағы “ақтаңдақтарды” білді, бірақ, ештеңкені түсіндіріп бере алған жоқ. Ал, оларды көне түркі сөздігі тұсіндіріп бере алады. Міне, оның мысалы. Көне түркілер “фұрхан”, “бұрхан” (Пайғамбар – Тәңір елшісі) сөздерін білді. Құранда “фуркан” сөзі кездеседі, бірақ оны (ТМД-ғы орыс тіліне) әрқилы аударып жүр. “Шапағатқа ие сол жан, кім өз құлдарына Фуркан (Құран) жіберіп, ғаламның ұстазы болсын деп санаса” (Саблуков), ал, Крачковский мен Дорохова бұл сөзді “Өзгешелік” [25 1 (1)] деп аударады. Оның үстіне сөз Аллаһтың бізге жіберген елшісі Пайғамбарымыз турасында болып отыр, әрі ол 25 сүренің мәтінінен танылады. Тап осындай жағдай 23 сүредегі “бұрхан” сөзін аударған шақта қайталанып, ол дәл қазір “іргетас пен билік” (Порохованың аудармасы) деп ұғынылып, мәтінмен еш сәйкеспейді [23 117]. Дұрысында бұл арада сөз Пайғамбарымыз турасында болып бәрімізге белгілі фраза: “Аллаһтан басқа Құдай жоқ. Мұхаммед – Оның Елшісі” қайталанады.

Бұдан шығатыны, мұсылмандардың Қасиетті Құран Кәрімі шын мәнісінде, әлі күнге дейін дұрыстап оқылмағаны ма!?

Бұның бәрі түк емес. Мұсылмандарға ақиқат діннің жолын нұсқаған Қасиетті Құран Кәрімдегі ханифтар туралы аңыздар сөз болады.

Ал, олар болса, жөйіт те, араб та емес. Сонда кім болғаны!? Бір Тәңірге ден қоюшылар. Надандықтан Түркіден өзгеге телінетін халық.

Қайғылы тұрақтылық.

...Көріп тұрғанымыздай, тарих – өте-мөте танымдық ғылым. Ал, бұның жауабы мысалға: Қаһарлы Иванның кітапханасында жатқан шығар? Кінәзді тәрбиелеген, оған Қаһарлы деп лақап ат сыйлаған кітаптар иезуиттердің Кремльге тұмсық тығысымен әп-сәтте жоғалып шыға келді? Шындығында ерсі жағдай емес пе?

Көзге ұрып тұрған заңдылық – иезуиттердің келуімен тек қана түркі кітаптары емес, тарихтағы түркі ізі жоғалды. Бұл Еуропада да, Шығыста да Русте де тап солай болды...

Неліктен? Бұл сауал енді тынышсыз ойдағы жандарға қойылып отыр.

 

Редакциядан: Аударма Мұрат Әжінің “Тюрки и мир: сокровенная история” ООО “Издательство АСТ”, 2006 жылы жарық көрген кітабының “ВНОВЬ О БИБЛИИ И О КОРАНЕ” тарауының 961-972 беттерінен тәржімаланып беріліп отыр.

Аударған - Әбіл-Серік Әлиакбар

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394