Сенбі, 23 Қараша 2024
Даңғыл 5673 0 пікір 6 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ШЫМКЕНТ. ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА

«2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөнiндегi» мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес, Шымкент қаласының Абай ауданында биыл 1-кезең бойынша 10 көпқабатты тұрғын үй күрделi жөндеуден өтуде. Бұл туралы Абай ауданының әкiмi А.Татыбаев мәлiм еттi.

Аудан әкiмiнiң айтуынша, барлық үйлерде алдымен шатыры мен қас бетi жөнделедi. Алты үйде бұған қоса подъезд жөндеу көрсе, үш үйдiң есiк-терезелерi ауыстырылады. Тағы екi үйде жауын-шашынды кезде ғимаратқа су кiрмеу үшiн бетон не асфальт төселедi. Бiр үйдiң жертөлесi, тағы бiр үйде жертөледегi жылу мен кәрiз жүйесi жөнделмек.

– Бұл Шмидт көшесiндегi №2 үй, М.Әуезов көшесiндегi №1,2,3,5-шi үйлер, Морис Торез көшесiндегi №6а, Ш.Қалдаяқов көшесiндегi №10, 1 мамыр көшесiндегi №19, Темiрлан тас жолы, №54 үй, Кремль көшесiндегi №2а үй, - деп атап өттi Ахмет Өтегенұлы.

Аталмыш бағдарлама бойынша 2013 жылы аудан аумағында – 3, 2014 жылы 14 үй күрделi және ағымдағы жөндеуден өткен. Аудан аумағында 454 көпқабатты тұрғын үй бар.

Биыл осы ауданнан 103 көшенi (94 шақырым) күрделi және ағымдағы жөндеуден өткiзу үшiн Шымкент қалалық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiне ұсыныс берiлген. Ал, бүгiнге дейiн 6 көшеге асфальт, 2 көшеге аяқ жол төселiп, 40 көшеге (45 шақырым) шағал тас төсеуге сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйлердiң 65 ауласын абаттандырып, 15 спорт алаңшасын орнатуға ұсыныс берiлген.

Абай ауданының әкiмi А.Татыбаевтың мәлiмдеуiнше, былтыр Ақтас елдi мекенiн электр қуатымен қамтамасыз ету үшiн бюджеттен 884 млн. теңге, «Қызылжар» шағынауданына 663 млн. теңге, «Ынтымақ-2» шағынауданына 290 млн. теңге бөлiнiп, электр желiлерi тартылған. Ал, «Жаңа Тұрлан» шағынауданына 31,8 млн. теңге бөлiнiп, электр жүйелерi тартылып, бүгiнде оны жаңа жүйеге қосу жұмыстары жүргiзiлуде.

Былтыр Қайнарбұлақ саяжайын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшiн 969,8 млн. теңге бөлiнiп, құрылысты биыл аяқтау жоспарланған.

2015 жылы «Самал-3», «Ынтымақ», «Құрсай», «Ақниет» шағынаудандарын электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 125 көшеге жобалық-сметалық құжаттар әзiрлеу үшiн ұсыныс берiлген. Соның iшiнде Театр көшесi, 112 орамдағы бiр көше, «Самал» шағынауданындағы 4 көше, «Достық» шағынауданындағы орталық көшелер биыл жарықтандырылмақ.

– Тұрғындардың қауiпсiздiгiн сақтау және жасөспiрiмдер арасында қылмысты болдырмау мақсатында Шымкент қаласында көпқабатты үйлердiң аулаларын жарықтандыруға да ерекше көңiл бөлiнуде. Мәселен, былтыр 54 аулаға 155 электр бағанасы орнатылып, жарық берiлсе, биыл 91 көшенi жарықтандыруға ұсыныс берiлген. Бұл тiзiмге «Қызылжар» ауылынан 11 көше, «Жиделiден» – 3, «Ынтымақтан» – 5, «Қатынкөпiрден» – 12. «Қазығұрттан» – 10, «Тұрланнан» – 4, «Жаңаталаптан» – 6, «Ақжардан» – 6, аудан орталығынан 34 көше енген, – дедi аудан әкiмi.

Биыл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлiмiне, сондай-ақ, 132 ауланы жарықтандыру және 50 бейнекамера орнатуға да ұсыныс берiлген.

А.Татыбаевтың айтуынша, өткен жылы аудан бойынша 4413 үй «көгiлдiр отынмен» қамтамасыз етiлсе, биыл 10216 үй газ жүйесiне қосылады деп күтiлуде. «Самал-2», «Самал-3» шағынаудандарындағы былтыр басталған құрылыс биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен бiрге, 2015 жылға Ақтас, Ақтас-2, Жаңатұрмыс, Көкбұлақ, Алтынтөбе және Ынтымақ-2 елдi мекендерiне газ жүйесiн тарту үшiн жобалық-сметалық құжат дайындауға ұсыныс берiлген.

– Биыл Қызылжар, Ынтымақ-1, Ынтымақ-2 елдi мекендерiн ауызсумен қамтамасыз ету үшiн сметалық құжат дайын тұр, осы жобалар мен өтпелi нысандар құрылысы аяқталса, 11 364 үй ауызсумен қамтамасыз етiледi. Тұрғындардың әлеуметтiк мәселелерi шетiнен шешiлiп келедi, – дейдi аудан әкiмi.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371