АЛДАҒЫ 5 ЖЫЛДА ЕЛІМІЗДЕГІ БАРЛЫҚ ПОЙЫЗ ЖАҢАРТЫЛАДЫ
Екі жарым жыл ішінде Қазақстанда 1250 шақырымдай темір жол салынған. Оның ішінде «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» желісі бар. Айналма жолдар мен іркіліс бұрылыстар артта қалып, елдің оңтүстігі мен солтүстігі, батысы мен шығысының арасы бірталай жақындай түсті. Қазақстан темір жолшылары жолаушы тасымалына да жауаппен қарайды. Алдағы 5 жылда ескі-құсқы поездардың барлығы дерлік жаңартылмақ. Бұл туралы Хабар арнасы хабарлайды.
“Бұрын Алматыға қатынайтын ел-жұрт Ресей елінің шекарасы арқылы екі тәуліктен астам жолда жүрсе, бүгінде 15-16 сағатта оңтүстік астанаға жетеді”, – дейді «Досжан темір жолы» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Қоқаев.
Сондай-ақ билет бағалары да арзандап, жеңілдіктер жасалмақ.
“Неғұрлым жолаушы ерте сатып алса, билетті 35 пайызға дейін жеңілдікті пайдалануға болады. Одан бөлек, бізде бірнеше жеңілдікті карточкалар бар. 16-25 ке дейінгі жастарға 10 пайыз жеңілдік болса биылғы 1 тамыздан бастап 30 пайызға көтерілді”, – дейді «Қазақстан Темір жолы ҰК» Жолаушылар тасымалы» АҚ бөлім басшысы Әубәкір Смайылов. Сонымен қатар ол зейнеткерлерге де жеңілдіктер жасалатынын айтып, елімізде 12 жүрдек пойыз жүретінін хабарлады.
Абай-ақпарат