Сенбі, 23 Қараша 2024
Тажал-Ғазал 5736 0 пікір 28 Шілде, 2015 сағат 09:51

ПЕДОФИЛ СОТТАЛДЫ. ПЕДОФИЛДІҢ ӨЛІМІ

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 28 жастағы Ақтөбе облысының тұрғынын 17 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу барысында мәлім болғанындай, 28 жастағы педофил өзінің 12 жастағы туысқан қарындасын үш жыл бойына өзімен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеп келген екен. Мұны тиісті медициналық сараптама қорытындылары да дәлелдеді. Рас, ресми мәліметтерге қарағанда, педофилдің ақталып кетуі де мүмкін көрінеді, өйткені үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

 

Суретте: Атыраудағы педофилге қатысты сот процесінен көрініс. 

Ал осы кезде...

Томпиған найсаптың жұдырығы мұндай қатты болар ма, иектің астынан сақ ете қалған жуан жұдырықтың жылдам соққысынан шалқасынан түсті. Әгәрәки үстіне қонжиып міне кетсе, жағдайының мүлде мүшкіл болатынын секунд ішінде сезініп үлгерген Секенай жандәрмен оң жағына қарай домалап кетті де, апалақ-сапалақ орнынан атып тұрды.

Атып тұрғаны сол еді… алдында талтайып тұрған әлгі нақұрысқа көзі түсіп кетті. Есін жиып та үлгермеді – нақұрыс мұны бұл жолы баспен ұрды. «Мұрным бет болған шығар…» деген мазасыз ой бұл жолы да миының бір қалтарысынан зу-зу ете қалды. Қаны бұрқ ете қалған мұрнын басып, бүкжиіп қалды. Аяқпен оңдырмай тепкен болса керек, іштен тиген тағы бір соққыдан айналып түсті. Сол күйі тырп етпей жатып қалды. Бір ойы – нақұрыс соққысын шамалы тоқтатса, ес жиып алмақ. Тағы бір ойы – талып қалғанның кейпін танытып, тырп етпей жата беру. Осы ойлары жүзеге аса қалса, қайтсе де бір амалын табады. Қайтсе де нақұрысты ұстайды. Ұстап қана қоймайды, тірі болса – түтіп жейді… түтіп жейді. Одан кейінгісі не болса, о болсын – атасына нәлет!

Сығырайтып… кірпіктері жабысып қалған екен, сығырайтып… әрең-әрең көзін ашты. Көргені – нақұрыс талтайып тұр екен. Ары қарап тұр бірақ… ары қарап. Арғы жағында тілден айырылып, көздері көбелектей жыпылықтап… кішкентай қыз бала жатыр. Бес-алты жастағы қыз бала. Көздері жыпылықтайды. Бір уыс денесі дір-дір етеді. Дүниенің не болып кеткенін түсінбей қалған тәрізді.

Нақұрыс еңкейіп, кішкентай періштенің кішкентай көйлегін дырылдатып жырта бастады. Әп-сәтте дала-даласын шығарып жыртып тастады да, өзінің тыртысқан шалбарының ауын ағытуға кірісті. Әлемде… айналада не болып жатқанын ұмытып кеткендей. «Артқы жағымда адам баласы бар-ау!» деп ойламайтындай… мұны мүлде адам баласына санамайтындай… жайбарақат тіпті. Бұдан арғыға Секенайдың шыдамы жетпеді… шыдамы мүлде жетпеді. Жатқан жерінен ақырын-ақырын түрегеліп келе жатты да, қайдан ілінгені белгісіз, қолына ілінген кеспелтек томармен нақұрыстың тура қарақұсынан ұрды. Ұрғанда да оңдырмай ұрды, өйткені жөпелдемеде не болғанын түсінбей қалған нақұрыс сол тұрған күйі… сол тұрған күйі бес-алты секундтай теңселіп тұрды... тұрды да, бір кезде кесілген теректей гүрс етіп құлады. Оңбай құлады. Оңбай құлағаны емес пе, сол күйі қимыл-қозғалыссыз қалды. Секенай тәлтіректеп барып, дір-дір етіп бүрісіп жатқан кішкентай періштені ақырын ғана орнынан тұрғызды. Сөйтті де – «джинсовкасын» шешіп алып, періштені соған орады. Орады да, көтеріп алып, кеудесіне басты. Көзінің алдына «папа-папа» деп папалаған өзінің кішкентай қызы елестеді. «Үйде шығар-ау өзінің кішкентайы, үйде шығар? Мамасының жанында шығар…»

Осы кезде саябақ ішіндегі осынау түпкірге жан-жақтан жүгіріп, адамдар да келе бастады. «Аяна… Аяна…» деп еңірегенде етегі жасқа толған жап-жас бір келіншек Секенайдың қолындағы кішкентай періштені бас салды. «Сен қайда жоғалып кеттің, а, Аяна, қайда жоғалып кеттің деймін?» деп «джинсовкаға» оралған кішкентайын айналып-толғанып, есі шығып жүр. Қара-құра көбейіп, адамдар мәселенің мән-жайына қаныға бастаған кезде ғана Секенай қайырылып, нақұрысқа қарады. Нақұрыс жатыр екен. Сол… гүрс етіп құлаған жерінде қозғалмай жатыр екен. «Өліп қапты мынау, — деп оның тамырын басқан біреу күбірлей сөйлеп, айналасындағыларға аңырая қарады, — өліп қапты. Тезірек кетейік бұл жерден, пәлесінен аулақ!»

…Секенай сотталып кетті – он бес жылға. Педофилдігі үшін сотталып, жақында ғана бостандыққа шыққан… бостандыққа шыға сала тағы да «ескі әдетіне» басқан нақұрысты «байқамай өлтіріп» алғаны үшін. Саябақта Секенайдың кішкентай қызды педофилден құтқарғанын көрген адамдар оқиғаға куә болудан тас тартыпты – «пәлесінен аулақ...» деп.

Марат МАДАЛИМОВ 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341