Батыр Баукеңнің қорқынышын неге қаперге алмаймыз?
Кез келген ел өзінің ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасу жолында жолыққан бір түйіткілді мәселе бар. Ол - ұрпақ тәрбиесі.
Қисық өскен ағашты діңі қатып, діңгегі ұзарған шағында қайта түзей алмайтыны секілді жасынан бұзық, өтірікші, ұрлыққа әуес, жалқау, өнер-білім үйренуге жаны пәс, тер төкпей пұл тапқанды жөн санайтын, жатыпішер болып өскен адамды есейіп, ер жеткен шағында жөнге салу да екіталай. Тіпті, мүмкін емес. Егер бір елдің адамдарында осындай қасиетсіздік басым болса, ондай елдің болашағы да бұлыңғыр: ел ішінде бүлік көбейеді, елдің дамуына еңбек ететін адам аз болады, қорған болар азаматтар да табылмайды, басшыға бағынбай, бет-бетімен жүріп, бірліктен айырылады. Ал «адам адамға - қасқыр» деген қағиданы еске алсақ, ондай ел түбінде көрші халықтың құлына айналады, құрып жоғалады. Бұған тарих беттерінен талай мысал табуға болады. Сондықтан халықтың өнерлі, шебер, еңбекқор, адал, білімпаз, ержүрек, бірлікшіл, отансүйгіш болып қалыптасуына қалай қол жеткізбек керек? Егер осы сұрақтарға жауап іздеген жан болса, сөзсіз, түрлі халықтардың бала тәрбиелеу әдет-ғұрыптарын зерделеуі керек болады. Себебі, бала - адам болып қалыптасады, ал адам - ұлттың бір бөлшегіне айналады, сол ұлт елдің, мемлекеттің негізін қалайды. Осы себепті ықылым заманнан елді қуатты ету ісі баланың тәрбиесінен басталған. Жер бетінде 12 көне халық бар екен. Осы араб, қытай, үнді, парсы, славян тектестер, африкалықтар, ағылшындар сынды бірқатар халықтармен қатар түркі халқы тұр. Бұл алып империядан еншісін алып шыққан әулеттер бүгінде бас-басына бір-бір ел болып кетті. Соның қара шаңырағын ұстап қалған, түпкі мекеніне мұрагер - қазақ халқы екені даусыз. Біздің ел әмірі құрлыққа тұтас жүрген көне империяның әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен рухани байлығын да өзіне мұра еткенін ескерсек, қазақтың бала тәрбиесі институтының тамыры тереңде екенін ұғыну қиын емес. Сондықтан да ол талай буынның сана сүзгісінен өткен, мейілінше тәжірибесі бай, талай данышпан, кемеңгерлер жетілдіріп, кемеліне келтірген институт саналады. Рас, кім-кім де баласына адам бол дейді, адал бол дейді. Ешкім баласының озбыр, надан болып өскенін қаламайды. Алайда, мәселе осы ақылын қалай жеткізді дегенге келгенде туындайды. Мысалы, арамдық дегеннен бейхабар бес жасар балаға адал бол десеңіз ол не ұғады? Ол қулық-сұмдықтың не екенін толық ұғып болмаған жаста болғандықтан не үшін ондай іс жасамау керек екенін де толық түйсіне алмайды. Осы тұста сан ғасырлар бойы бала тәрбиесінің алғашқы сатысын мүлтіксіз жүзеге асырып келе жатқан халық ертегілерін еріксіз еске аласыз. Ертегі «адал бол» ұғымын баланың ақыл деңгейіне, өз жасына сай «тілде» түсіндіріп береді. Мәселен, ақылы толысқан естияр адамға ұрлық жасау заң алдында - қылмыс, құдай алдында - күнә екенін түсіндіруге болады. Ол адамда қылмыс жасасам - соттайды, күнә жасасам - оған да жаза бар деген қорқыныш қалыптасады. Осы қорқыныш жамандықтан тыяды, ұзақ уақыт жамандықтан тыйылып жүрген адамда жақсы әдет қалыптасады. Жақсы әдет жақсы қасиетке айналады. Ал бағанағы бес жасар бала неден қорқу керек? Онда иман да, құқықтық таным да қалыптаспаған. Ал қорқыныш жоқ болған жағдайда тыйылу, жамандықтан бойды аулақ салу қиынға соғады. Осы тұста ертегілердегі тыюшы, қорқыныш ұялатушы бейне көмекке келеді. Ол - жалмауыз кемпір, жезтырнақ, мыстан кемпір, болмаса сақалы бір тұтам, бойы қырық тұтам шал. Мысалы, ұйықтар алдында бала су ішем дейді. Ол шөлдеп, су ішкісі келіп тұрған жоқ. Жай ғана үлкендердің бірі шөміштен суды қылқылдатып жұтып жатқанын көрді де, әуестігі оянып кетті. Ал су ішсе түнде астын дымдап қоятыны сөзсіз. Осы кезде «ұйықтар алдында су ішкен баланы жалмауыз кемпір алып кетеді екен» деңіз, жым болады. Қайтып су сұрамайды. Ал, мамаң ұрсады, әкең сабайды, атай үйтеді, апаң бүйтеді деген сөз бұл жерде қауқарсыз. Бұл «фокус» іске асуы үшін бірінші шарт - бала жалмауыз кемпірді «таныған», оны білетін, атасы айтып берген ертегілерде оның талай рет ақыл-ойға сыймайтын алапат күш көрсеткеніне «көзі жеткен», оған кәміл сенген болуы керек. Ал, ешкім ертегі айтып бермейтін, ертегі естіп өспеген жас балаға тұтқиылдан «жалмауыз кемпірді» айта қалсаңыз, сескендіре алмайсыз. Ондай баланың тыюшысы жоқ, ол ештеңеден қорықпайды. Ал егер әлі сүт тісі түспеген осындай баланы ерте жастан сабар болса, онда бұл оның психикасына үлкен соққы болады. Бала іштей тұйықталады, қасарысып, қарсылық көрсететінді шығарады. Бала іштей мейірімін сезетін болғандықтан ата-ананың, ата-әженің де өтірік қаһарынан қорықпайды. Ақыры жылап-еңіреп жүріп су ішеді, сөйтіп түнде төсекті дымдайды. Су ішкені - өз дегеніне қол жеткізгені, басқа да нәрсені қалаған уақытта жылап-еңіреп өз дегеніме қол жеткізсем болады екен деген түсінік қалыптастырады. Солай болады да! Сөйтіп бала бетпақтықты үйренеді. Ал «төсек дымдау» - ол әуелгі жаман әдет - бетбақтықтың салдары. Бұл да болашақта бала әр теріс әрекет жасаған сайын оған бір салдар ере жүреді дегенді білдіреді. Ата-анасының тілін алмаған, айтқаның тыңдамаған баланың бір бәлеге душар болатынын көрсетеді. Бұл жерде бір ескерте кетерлік жайт, баланы жалмауыз кемпірден қорқыту ешқандай жасқаншақтыққа ұрындырмайды, ешқандай фобия қалыптастырмайды. Бұны тек алып-қашпа әңгіме деп қабылдаған дұрыс. Себебі өсе келе бала ертегінің тек ертегі екенін, онда талай қиял-ғажайып оқиғалардың кездесетінін түсінеді. Бірақ, ертегілердегі «құпия ақпараттар» бойында қалады. Ғалымдар бала бес жасқа дейін 90 пайыз қалыптасып болатынын анықтапты. Бұны бұрынғы адамдар білді ме, білмеді ме, оны анықтау үшін зерттеу керек. Бірақ, бір анығы ата-бабаларымыз баланы ерте жастан отансүйгіштікке, адалдыққа, қайырымдылыққа, зейінділікке тәрбиелеуге тырысқан. Оған осы тақырыптардағы көне ертегілер куә. Тағы да, санасы «өз үйінің ауласынан» ұзай қоймаған балаға Отан деген ұғымды тықпалаудың өзі ақымақтық. Отансүйгіштік достықтан, бауырмалдықтан, ата-анаға құрметтен, «Отан отбасынан басталатынын» ұғынудан қалыптасады. Осы сезімдердің арнасы кеңіп, кейін келе ұлтқа деген жанашырлықты, ұлтжандылықты адамның ажырамас бөлігіне айналдырады. Ал, егер осы қасиеттер балаға бес жасқа дейін сіңірілген болса ше? Ондай бала өскенде кім болады? Оның кім болатынын елі, жері үшін құрбан болуды парыз санаған ата-бабаларымыздың бойынан көруге әбден болады. Одан бөлек баланың ақыл ойын дамытуға, зейінін шыңдап, зеректілікке тәрбиелеуге бағытталған да ертегілер түрі кездеседі. Мәселен «Не үлкен?» деген бір ғана ертегіні мысалға алайық. Ертегі бір кедейдің алып өгізі болғандығы жайлы баяндаудан басталады. Өгіздің алыптығы сонша, оны бойлай атты адам бір күн жүреді екен. Бір уақытта өгізді алып бүркіт келіп, іліп әкетеді (енді бүркіттің алыптығын ойлай беріңіз). Ол барып бір бәйтеректің басына қонса, ол серкенің мүйізі екен. Серке мүйізін шайқап қалғанда өгіз серкенің сақалын көлеңкелеп жатқан шалдың көзіне түсіп кетіпті. Шалдың көзіне атты адам түсіп, өгізді көздің көліне батып, арам өліп жатқан жерінен тақымға салып сүйреп, шығарып тастапты. Келер жылы өгіздің жауырыны ел жайлайтын үлкен жазық жайлауға айналыпты. Сол жерге ел қонып отырса, бір түлкі келіп, жауырынды ала қашыпты. Ауыл адамдары ит салып, қуып жүріп түлкіні соғып алыпты. Әлгі шалдың кемпірі түлкінің терісінен тымақ тігіп, немересіне кигізсе, сыймай қалыпты. Айтыңдар балалар, не үлкен? Ертегі дәл осылай аяқталады. Ал, осынша шытырманның ішінде қайсысы үлкен екенін тауып көріңіз. Осындай ертегіні айтып берсе, балалар тыңдап отырып, ненің үлкен екенін есте сақтауға тырысары, солайша зеректігі дамып, есте сақтау қабілеті артары анық. Білгенге, қазақ ертегілерінде халықтың мінезі, дәстүрі, ерекшелігі, асыл қасиеттері тұнып тұр. Ол біреудің ойдан шығарған сандырағы немесе босқа, еш мақсатсыз айтылған әңгімесі емес. Оны қазақ халқының жүздеген жылдар бойы жинақтаған бала тәрбиесінің теңдессіз құралы һәм тәжірибесі деп қабылдаған дұрыс. Мына жаһандану заманында ұлттық ерекшелікті сақтап қалу үшін де ертегі айту дәстүрін қайта сабақтау керек. Балаға ерте жастан жақсы тәрбие теру үшін де ертегі тыңдату қажет. Ойымды Бауыржан Момышұлының мына бір сөзімен түйіндегім келеді: «Оттан да, оқтан да қорықпаған Бауыржан едім. Кейінгі кезде қорқынышым көбейіп барады. Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр болама деп қорқамын... ...Ертегі тыңдап өспеген бала толыққанды кісі бола алмайды. Ертегіде халықтың жаны мен намысы бар». Біз неге батырдың осы қорқынышын қаперімізге алмаймыз?
Ербол ЖАНАТ |