Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5619 0 пікір 9 Шілде, 2015 сағат 17:05

СЕЛТИІП СЕРКЕ БОЛМАҚШЫ

... Тағы да сүйкеніп жатыр. Айдос пен Расулға. Расул Жұмалы әлеуметтік желідегі жазбасында бұл сайттың атын атау былай тұрсын, жұртты мүлде оқымауға шақырған болатын. Ұмытпасақ сол жазбасында саясаттанушы: «Бұл сайт қазақ қоғамының ішіне іріткі салу үшін ашылған», - деп ашық жазған да болатын. Солайы солай сияқты, өйткені әлгі сайтсымақ қазаққа сүйкімі бар азаматтарға сүйкенумен келеді. Сондағысы орынды сын, ойлы сөз болса екен. Жоқ, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп сілтей береді. Қисынсыз. Сірә, сайт басшысына өзінің осы тірлігі қапысыз ұнайтын болса керек, әлде қоқаңдаған қожайындары тапсырған шаруаны атқарған түрі осы ма? Қалай десек те, әйтеуір, кәсібилік пен мәдениеттен, елдік, ұлттық мұраттан жұрдай бірдеңе.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Айдос Сарым мен Расул Жұмалы Мұхтар Шаханов басқаратын Қазақ Ұлттық Кеңесіне жетекші қызметке тағайындалған болатын. Турасына көшсек, Шахановтың Ұлттық Кеңестегі орынбасарларының бірі. Бар қызметтері осы ғана. Ал, Шахановтың орынбасарлары – Айдос пен Расулды қосқанда бесеу. Олар: Жанұзақ Әкім, Еркін Рақыш және Дәурен Бабамұратұлы.

Ұлт ісі «ұлы істердің» тасасында қалып, ұтылыс таба берген соң, ел азаматттары бас қосып осыдан екі жыл бұрын Ұлттық Кеңес құрған-ды. Кеңестің құрылуына заңгер-журналист Мақсат Ілиясұлы көп еңбек сіңірді. Кеңес жұмысына  Жарылқап Қалыбай, Марат Тоқашбай сияқты көсемсөзші, жорналшы жігіттер жұмыла кіріскен-ді. Алайда, қоғамдық жұмыс, ол –  карьера емес. Яғни, мансап қуған, байлық қуғандардікі емес. Азаматтар мәселенің ыңғайына қарай біріне бірі орнын беріп, ұйым ішіндегі жетекшілік қызметті өзара бөлісіп жатады. Ұлттық Кеңестегі таяуда болған ауыс-түйіс те осы реттегі мәселенің бірі еді. Бірақ, әлгі бақырауық сайт өзінше жорамал жасап, әңгімені бұра тартып бағыпты. Сондағы айтпағы: Ұлттық Кеңестің шеңберінде Ұлттық партия құрылуы мүмкін. 

-          «Сонымен, - деп жазады басшысы белгісіз, авторлары аты-жөнсіз сайт, -  Айдос пен Расул белгілі бір күштердің көмегімен жаңа партия құруы мүмкін. Себебі, билік басындағылар қаласа да қаламаса да ұлтшыл күштер бірігіп, топтасып келеді. Көп ұзамай  олар да бір партияға бірігіп, болашақта құзіреті күшейетін Парламентке табан тигізуге барын салатыны анық. Олай болса бұл істің алдын алып, «управляемая» партияны өздері құрып алмақ ниетте. Ал Шахановты олар уақытша пайдаланады да, адамдар жиналып, партия құрылған күні әкімшіліктің қолымен ысыра салады.   

Мақсат Нұрыпбаев  облыстарды аралап, өлген киікті санап жүргенде Айдос Сарым өз тапсырмасын жақсы орындап жатыр. Осы  жылдың күзіне қарай аты ұлтшыл болмаса да, заты соған жақындау жаңа партия өмірге келуі мүмкін. Оның басында Айдос пен Расулдың отыратынына да шүбә болмас. Бірақ ол партия қазақ ұлтына қызмет ете ме? Әй қайдам...» 

Жоғарыдағы сөйлемдерді қайта шолып шықсаңыз  мынандай сұрақтар туады:

-         «Ұлтшыл күштер бірігіп, топтасып келеді». – Қазақстанда ұлтшыл күштер бірігіп, топтаса қалса, соншалықты қауіпті ме? Қазақстандағы «ұлтшыл күштер» нені қиратып, нені бүлдіріпті? Елбасының қандай ісіне қырсығын тигізіпті?

-          «Көп ұзамай  олар да бір партияға бірігіп, болашақта құзіреті күшейетін Парламентке табан тигізуге барын салатыны анық». – Құзіреті қай кезде күшейетіні белгісіз Парламентке ұлтын сүйетін ұлдар табан тигізіп бастаса, несі айып? Несі жаман? Кім көрінген кіріп-шығатын есік-терезесіз дәлізге айналған Парламентке  «бір партияға біріккен» күштер кірсе, ҚР Парламенті шын мәнісінде Заң шығарушы орган болмай ма? Сондай кәсіби әрі күшті Парламент өмірге келсе, қазақ қоғамында, қазақша айтқанда, «ақ түйенің қарыны жарылмай ма?!» 

-         «Олай болса бұл істің алдын алып, «управляемая» партияны өздері құрып алмақ ниетте». – Биліктің сойылын соғып, билікке жағайымсып отыратын сайттың айтатын сөзі ме бұл? Жігіттер «управляеамая» партия құра қалса, онда олардың да белгілі бір деңгейде ресми билікпен келісіп мәселе шеше алатын болғаны ғой? Солай екен, ендеше, мына сайт және оның көрінбейтін қожайындары қазіргі билікке тіс-тырнақтарымен қарсы болғаны ғой? Егер ондай ойдан аулақ жүрсе, неге мемлекеттік  тұрғыда ойласа алатын билік пен ел азаматтарының бірлігін жек көреді? Неге «бұл істің алдын алып, «управляемая» партияны өздері құрып алмақ ниетте» деп еңірейді. Әлде бұл сайттың қожайындарына шаша ал десе бас алатын, қарадүрсін «не управляемый» ұлтшылдар партиясы керек пе? Ондай партия ұлтты қай ұшпаққа шығарады? Түптеп келгенде бұл қазақты әлемге масқара етіп, қан-қасапқа салып құрту емес пе?  

-            «Ал Шахановты олар уақытша пайдаланады да, адамдар жиналып, партия құрылған күні әкімшіліктің қолымен ысыра салады».  – Шаханов – айты айтпады поэзияда да, саясат пен қоғам өмірінде де аса ірі тұлға. Мұхаңның бүгінгі күнге дейін елге сіңірген еңбегін ешкім сызып тастай алмайды. Ұлттық Кеңестің өткендегі жиынында Мұхаңның өзі: «Мен енді орнымды жастарға беріп, осылардың батыл қимылдануына жол ашуым керек, мүмкіндік беруім керек», - деген екен. Көріп отырсыз ба, Мұхаң уақыттың өзгергенін, уақыт талабына сай қимылдайтын сайыпқыран ұлдардың жаңа толқыны саясат тізгінін қолға алғанын бек түсініп алыпты. Сондықтан ол «ысырыла салатын» әлдекім емес. Ол –  жас өрендер үшін ұлт ісінде өнеге биігін көрсете түспекке бел буған адам. Мұхаңның жаңағы сөзі осы ойымызға дәлел. М. Шаханов маңырап қана отыратын сайттардың айналасындағылар сияқты қортық саналы сандалбайлардың санатына кірмейді. Ол кісіні әлгіндей сөзбен арандатып, сүзістірудің ендіге күні өткен.

-           «Мақсат Нұрыпбаев  облыстарды аралап, өлген киікті санап жүргенде Айдос Сарым өз тапсырмасын жақсы орындап жатыр». – Кімнің тапсырмасын Айдос Сарым жақсы орындап жатқанын сайтан түрткен сайтымыз айта кетсе орынды болар еді. Бірақ, ол айта алмайды. Өйткені мұнысы – домбытпа сөз, жәй долбар. Басқа ештеңе де емес.

-          «Осы  жылдың күзіне қарай аты ұлтшыл болмаса да, заты соған жақындау жаңа партия өмірге келуі мүмкін». – Рас па екен, байқұс-ау?! Мұнысы рас болса, құлағына сайтан сыбырлап тұратын сайтымыздың сөзіне сене қалған болайық. Алайда, бұл шимандай өтірік. Осы жылдың күзіне қарай ұлтшылдар емес, көпұлтты біріккен «Справедливость» партиясы Қазақстандағы көп партияның қатарын толтырмақ.  Сол партияның тездетіп өмірге келуіне асыққан сайтан кейіпті сайт ұлтын сүйген ұлдарға кезекті рет сүйкеніп, сілекейін жағып, айналасын ластап жатыр.

Түйінді сөзінде: Айдос пен Расул басшы болатын партия «қазақ ұлтына қызмет ете ме?» деп қояды білмегенсіп. Міне, бар гәп – осында. Бұл – қазақ ұлтына қызмет ететіндерді қайткенде көпшілікке жек көрінішті етіп, белсенді азаматтардың беделін түсіріп, қазақты қорлауға, мазақтауға арналған жоба. Төңірегін тып-типыл етіп болған соң өзін селтитіп серке сайлап алмақшы. Ондай атты күн саған туа қояр ма екен? Әй, қайдам...

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434