ОЙЛЫ АДАМҒА ҚЫЗЫҚ ЖОҚ БҰЛ ЖАЛҒАНДА
Шөл. Беласқан белдер, бір ұрттам суға зар зәрезәптің кейпіндегі шөлдер, көктен көк кілемін төсенген көгорай шалғындар, шырмауық шөптің шырмауына оратылған тылсым дүниелер мен аспанмен пара-пар таулар менмұндалап тұрған қасиеттерімен лепіріп, қоғадай қарықтырып, теңіздей тулаттырған ұлы жаратылыс тереңнен тербеттіре түседі. Сол іспетті өмірлік аңғарлар да өзіне тән сырларға толы. Лықа байып бебеулеген әсемдігі де, жүдеулі жадағайлығы да жетерлік.
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең, -
дейтұғыны болушы еді, сол сынды жары менен сайы тең сағатша шықылдап өрбіген өтпелі өмір турасында толғамақпыз.
*** *** ***
Әу баста әңгіменің төркінін «шөлден» бастағанымыз сансоқты емес. Ең әуелі діндегі руханият ережелеріне аңдатпа жасар болсақ: «Шөл», «құл», «өлу», «тірілу», «сұралу». Аты айтып тұрғандай осы 4 тарапқа, шешусіз жұмбаққа селсоқ қарамау. Иен далада су іздеп, арман кезген құл екеніміз, арман кезген күйі Әзірейіл жанымызды алар кезі, жан тәсілім етер сәтіміз, қияметте тіріліп, Жәбпар иемізге сұрау берер шағымыз нағыз құл екенімізді куәландырып, тайға таңба басқандай ара жікті ажыратуға себеп болады.
*** *** ***
Қисынсыз қилы ғұмырда минут былай тұрсын, санаулы секундтың қадіріне жетудің өзі бақыт.
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ, қайта келмек, -
деген Абайдың тарамдалған ғұмыры мен күйкі күйі «қолда бар алтынның қадіріне жет» деген емеурін танытатынына сөз жоқ.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Шын біз, сендерді босқа жараттық та тіпті бізге қайтарылмаймыз деп, ойлайсыңдарма?» (Мүминұн сүресі 115) деп Жаратушы иеміз ақиқаттың антымен адамзаттың ойына ұлы үндеу арқылы қозғау салады. Хақ иеміз мұқым адамзат баласын жер бетіне халифа етіп жаратып, парасатымен пайымдай алатындай, түрлі мағлұқаттың байыбына терең үңілетіндей етіп, сондай-ақ ғылым, білім сарасымен сүрлеу салатындай сәулелі ақыл, еңбекпен кәсіп қыларлықтай жігер-қайрат сыйлағаны тек Жаратушының ғана ұлылығы мен құдіретіне тән. Бұрмалаңы, ойдымы көп, ұқыр-шұқырға толы күніміздің де шегі мен шеті бар. Сол шек пен шеттен кейін сұралу бар, тігісті жазып тіксеңіз де, бүгіп тіксеңіз де имани ақиқат осы.
*** *** ***
Зады ойымыздың сойыл-шоқпардай айқасқа тармаса түскен мезетте-ақ жүрек шыңырауындағы түйдекті, мазаланған және қабағы қарс айырылып қабынған мағлұмдарда тереңінен тербеттіре түседі. Дүниеге пәк, сәби болып келіп, түрлі кермектің кебісіне күрмеліп, әурешілікті көре-көре (Абай) дәурен сүреміз. Ғұмырдың баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын (тағы да Абай) біле тұра қақайып, қасқайған қайғының қойнауына құмыға енесіз. Шынында бұл да өзерілмейтін Тәңірдің пендеге берген тағдыры. Ұлы Абайдың «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» деген жан тебіренісі әрбір адамзат баласының ішкі әлемі құсаға толы екендігін торыға толғайды.
Айналып келгенде өмірдің соқпағымен жүріп өткен даналарымыз үш қастерлі де, қасиетті ұлы шындықтың алдында тәу еткен. Сол арқылы жалғанның жалғандығына көзі жетіп, басына қатер бұлты үйірілсе де қалың қолды сермендермен семсерлесті, өйткені ол бабаларымыз Алланың алдындағы ұжданды ұмыт қалдырмады. Руханият шынарының шырыны Шаһкәрім қажы бұл тұрғыда:
Әлемдегі діндердің түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар
деп, - тәпсірлеуі әзелде бекер емес. Ақылға бойлар болсаңыз, Алланың пендені жаратуы тектен-тек емес, оның ұжданының беріктігі мықтылығы, дұрыстығы бұ дүниенің сенімді серігі. Сол ұжданның тексерілетіндігі қияметте яғни ахыретте деп Шәкерімнің сарқа толғап отырған дүниесі біріменен-бірі жалғасқан көштің керуені сықылды болмақ.
Шам жарығы сөнсе бітеді,
Қанша қызық дәурен сүрсең де,
Дүние қызығы өлсе бітеді, -
деген зерделенген зеректі ой пәлсафаға толы, мағыналы мазмұнның жыртысын жазады. Расыменде қызық дәурен, салтанатқа толы әсемдік, сүйінішінен күйініші көп ғұмыр, тән азығының күйбеңі, михнатсыз ғұмыр кешу қабірге дейінгі өткінші жаңбыр іспетті. Қабірден ары қыша дәннің түйіріндей жасалған амалдар мен жан жолдасың иман болмақ. «Әуел не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы дәлел испат қыларға жараса, мұны якини иман десек керек» деп Абай данышпан түйреленген түйінді түймелейді. Манағы имандылық турасында әжемнің өзі Жаратқаннан көл көсір ғұмырлық жас тілеп көрген жан емес, «қарағым, кәперіңе сақта, кәріге ұзақ жастан гөрі иман керек» дейтін сөзін жиі айтып отырады. Осы мазмұнды қорытымнан кейін-ақ біраз дүниенің төркініне үңіліп, руханияттың байыбына баруды түйсінгендей болам.
*** *** ***
Сондай-ақ Алла Субхан уа Тағала адам баласын бұлдүниеге құлшылық ету үшін жаратып, мерзімі мен дәм-тұзы таусылған шақта өзіне қайтарып алуы, өзінің құзырындағы өзгерілмейтін жарлығы екендігі Құранда айтылады. Қасиетті аятта: «...Әй адам баласы! Егер өлгеннен кейін тірілуден күдіктенсеңдер, әрине біз сендерді топырақтан сонан соң тамшыдан, кейін ұйыған қаннан тағы бейнеленген, бейнеленбеген кесек еттен өздеріңе тектеріңді білдіру үшін жараттық» деп ұлы саналылықтың самалын есіп өтеді де «Сондай-ақ жатырларда қалаған мерзімге дейін қойып қоямыз. Соңында бөбек түрінде шығарамыз. Одан кейін ержетесіңдер. Кейбіреулерің қайтыс болып, кейбіреулерің әр нәрсені білгеннен кейін түк білмейтін өмірдің ең нашарына қайтарыласыңдар...» (Хаж сүресі 4) деп Жәбпар иеміз сараланған ұлы салихалылығымен фәнидің сындарлы сынақ екенін қадап-қадап өтеді. Сол себепті де санаға қанағатшылдықпен серпін берген ләзім. Өйткені адам ғұмырдағы минут сынды, келеді, келген жағына кері кетеді.
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен
Алған сайын көңілі тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен, -
деген дәргей ажалдың араны ешкімге ырық бермейтінін һәм сол аранның ешкімді шет қалдымайтынын ақын Абай ұлы толғамымен ақиқатты ажарлайды.
Бұл дүниеден кімдер өтпеген, кімдер кетпеген?! Болмашы бүгінгі жарқылдап тұрған көз қыздырарлық мағлұқаттардан қашық болайық. Себебі бұл ғұмыр мәңгі тұрақтарлық дүние емес. Тал бесікте жатқан бас табыттада жатады. Құндаққа оралған тән, кебінге де оралады, әспеттелген тән құрт пен құмырсқаға жем болады. Ұлы діндар бабамыз Қожа Ахмед Яссауи пәлсафалы хикметінде мұны былайша өрбітеді:
Жаназаңа үлкен кіші тегіс келер,
Көрстанда көптен бөлек сен ішке енер –
Жетпіс жерде сұрақ сұрар періштелер,
Бір-біріндеп жауаптарын беру керек, -
деп ұлы тәмсілімен құйындатады да:
Кіріп көрсең, бір сәуле жоқ – қараңғы ерек,
Толған қайғы.
Жан табылмас алар дерек.
Сол сағатта кім қылады саған көмек?
Қиямет таңы атқанша оған төзу керек, -
деген ұлы ой кеш болмай тұрғанда Алланы ұлықтаудың зор бақыт екенін, оның жемісін ақыретте көретінін айқындап, күнәһар пенденің ауыр азапқа байланып, тоғытыларын өрбітіп шындықтың шынжырын матай отырып өлеңімен өрнектейді.
Түйсікті түйіндегенде күллі адамзатқа Алладан рахым, пайғамбардан шапағат болып, екі дүниеміздің бақыты мен қанағаттың қанатын қағатын, Абай мүмин айтқан, ақыл, қайрат, жүректі тең ұстайтын пенде болуымызды Жаратқан нәсіп етіп, иманымыз ибалылығымыздың серігі болғай.
Тәмам!
Әзімхан ИСАБЕК
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
Мемлекеттік Университетінің студенті.
Abai.kz