Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8455 0 пікір 8 Шілде, 2015 сағат 15:49

БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ «ӨМІР САБАҚТАРЫ»

Қоғамда орын алып жатқан түрлі мәселелерді сөз еткен «Өмір сабақтары» деректі драмасының жарыққа шыққанына үш ай болды. «Хабар» агенттігінің тапсырысымен «Mass Media Group» компаниясы түсірген бұл телеөнімнің тұсауы 6 сәуірде «Ор қазу» атты бөліммен кесілген болатын. Бүгінде телетуындының 22 бөлімі көрермен назарына ұсынылып, ол «Хабар» агентігінің ұтымды жобаларының біріне айналды.

«Әр бөлімнің өзіндік оқиғасы мен кейіпкерлері, берер сабағы мен тәлімі, айтатын ақиқаты мен үндеуі бар» - дейді жоба жетекшісі Бауыржан Ибрагим. Әкенің зары, ананың шарасыздығы, жетімнің мұңлы көздері, ақша қуған жандар тағдыры, тұтастай қоғам мен жекелеген отбасының түйіткілді мәселелері «Өмір сабақтарының» басты тақырыптарына айналды. Ең бастысы телетуынды өмірден алынған шынайы оқиғалар ізімен түсіріледі. Көрерменнің ерекше ілтипатына ие болған бұл деректі драма әлеуметтік желі қолданушылары назарынан да тыс қалмады. Massmediagroup аккаунтымен тіркелген компанияның инстаграмдағы жеке парақшасына жазылушылар күн санап артып келеді, сондай-ақ қазіргі уақытта фильм you tube парақшасында 20000-нан астам көрермен жинап отыр. Бүгінде бағдарламаның рейтингісі өте жоғары. Осы орайда көрермендер пікіріне құлақ түрсек:

Анар Жанпейісова – үй шаруасындағы әйел, 52 жаста:

- «Өмір сабақтарының» әр бөлімін асыға күтемін. Оқиғалары өмірден алынғандықтан көрерменін баурап барады. Мәселен, «Ене тәрбиесі мен келін құрметі» тақырыбы маған өте жақын. Себебі менің өзім екі келін ұстап отырмын. Фильмді көріп, өзімді танығандай болдым. Әсіресе, осынау жүгі ауыр тақырыпты көрерменге жеңіл, әрі ұғынықты етіп жеткізу тәсілі өте ұнады.

 

Ақерке Ильясова – студент, 19 жаста:

- Мен «Өмір сабақтарын» Ютубтан көремін. Сондай қызықты фильм! Отандық режиссерлардың жұмысын көріп, риза болдым! Көрерменге өтімді кино түсіру өте қиын ғой. Жақында шыққан «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» сериясы өте ұнады. Шынында, әйел затына қарындасыңдай қарау керек қой. Сонымен қатар, фильмге түскен актерлар да өте кәсіби.

 

Аслан Мырзабаев – банк қызметкері, 34 жаста:

- Сәтті шыққан отандық жоба. Үйдегілердің бәрі қарайды. Өз басым қолым босағанда интернеттен көремін. Кешкі уақытта эфирге шығып тұрса, тіпті жақсы болар еді!

«Өмір сабақтары» - оқиғалар топтамасынан құралған көп сериялы деректі драма. Мұндағы әр оқиға қоғамдағы белгілі бір мәселені қозғайды. Бұл ретте «Өмір сабақтарының» сценаристеріне артылар жүк ауыр. «Біз халықтың мұң-мұқтажын дөп басып, олардың ыстық-ықыласына бөленіп жүрміз» - дейді, бас редактор, сценарист Айжанар Мұратқызы. Бүгінде редакцияға келіп түсетін хаттар, қоңыраулар, әлеуметтік желілердегі хабарламалар легі таусылар емес. Бірінде жылы лебіздер мен алғыстар айтылса, бірінде көрермен ой тастайды, пікір қосады, өзінің басынан өткен оқиғаны баяндайды. Сценаристер оларды іріктей отырып, іліп аларлық, әсерлі оқиғаларды теріп жазады. Осылайша, көрермен оқиғасының ізімен жазылған бөлімдер де жарыққа шығып жатыр. Кейіпкер образына келетін болсақ, актер таңдауда режиссердің қоятын ең басты талабы – образға ене білу. Бүгінде Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, Жастар театрының актерлары, Қазақ Ұлттық өнер университетінің актер шеберлігі және театр режиссурасы кафедрасының студенттері басты рөлдерді сомдауда. Сонымен қатар екінші, үшінші пландағы рөлдерге актерлар кастинг арқылы да іріктеліп алынады. Бағын сынап көремін деушілерге әрдайым есік ашық! Бұл ретте бойында дарыны бар, актер болуды армандайтын кез-келген адам үшін аталған жоба керемет мүмкіндік.

«Кейіпкердің образын аша алатын актер қарапайым халық арасында да жүруі мүмкін, сондықтан біз үнемі ізденіс үстіндеміз» - дейді, қоюшы режиссер Айбол Сейлхан. Бұрын соңды қазақ киносы тарихында болмаған жәйт- бүгінде түсірілім тобы аптасына екі бөлімнен түсіруде. Әрине, бұл ең алдымен «Өмір сабақтары» ұжымының аянбай еңбек етуінің, кәсібилігінің, ізденісінің арқасы. Ендеше, «Mass Media Group» компаниясы ұжымына сәттілік тілеп, «Өмір сабақтарынан» қызықты да шытырман оқиғалар күтеміз!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394