НАЗАРБАЕВ - ТҮРІК БІРЛІГІНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
Бүгін, Астана қаласында Түрік Академиясының кезекті кездесуі өтті. Кездесуге Түрік мемлекеттерінен ғалымдар келді. Астана күні қарсаңында арнайы сапармен келген Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл де Академия жиналысына қатысты. Ол өз сөзінде осындай Академияның құрылуына ұйытқы болған Қазақстан президентіне алғысын білдіріп:
«Нұрсұлтан Назарбаев - түркі интеграциясы мен бірлігінің ұйытқысы. Түркі кеңесінің құрылуына, осы идеялардың жүзеге асырылуына, әсіресе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор болды деп айта аламын.», - деді.
Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Одан кейін Түркі Кеңесінің аясында ТүркПА сияқты институттарды құрдық. Соның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен мән берген институты - Түркі академиясы. Оның бұл идеясын мен де қолдап, Астананың төрінде, осындай әдемі ғимаратта Академияны аштық. Астанада орналасқанымен бұл Академияның жұмысы бүгінде күллі түркі дүниесін қамтып отыр. Қысқа ғана уақытта көптеген маңызды іс-шаралар өткіздіңіздер», - деп атап өтті Абдулла Гүл.
Оның айтуынша, түрік текті халықтар адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, баға жетпес мұралар қалдырған. Оларды түгендеу, әлем жұртшылығына паш ету осы Академияның жұмысы арқылы мүмкін болып отыр.
Астанаға сапарлап келген Абдулла Гүл мырза бүгін Халықаралық Түркі академиясына келіп, түркі дүниесіндегі ғылым мен білім саласын үйлестіруші ұйымның жұмысымен танысты.
Кездесуге белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Сауытбек Абдрахманов, Ерлан Сыдықов, Ғарифолла Есім, Шәкір Ибраев және басқа бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Абай-ақпарат