Сенбі, 23 Қараша 2024
Талдау 10136 0 пікір 3 Шілде, 2015 сағат 16:25

АҚМОЛА ТОПОНИМІ ЖӨНІНДЕ БІРЕР АУЫЗ СӨЗ

Астана күні қарсаңына

Ақмола-Қараөткел атаулары жайлы 

Ел ордасы Арқа жеріне көшкеннен кейін, қаланың бұрынығы Ақмола атауы туралы біраз дау болғаны әлі есімізде. Оған себеп-Ақмола атауындағы «ақ»  дегенге қосарланып тұрған «мола» сөзі. Сонау 1961 жыл осы сөз мемлекет басшысы Н.Хрущевке де ұнамай, қала атауы Целиноград болып өзгеріп еді. Енді Ақмола ел астанасы атанатын болғасын, «мола» сөзі тағы да көмекейге  тұрған сүйектей, жоғарыдағылардың мазасын ала бастады. Жергілікті қаламгерлерге «мола» сөзіне «реабилитация» жасаңдар деген нұсқау берілсе керек, олар бұған өздерінше неше түрлі балама іздеп әлекке түсті. Тіпті Ақмола атауы «Ақ мол, ә?» деген сөзден шықты деп, кісі күлерлік болжам жасағандар да бар. Ақыры осы сөздің әсерінен Астананың түбіндегі Малиновка ауылы (АЛЖИР) «Ақмол» атанып кетті. Ал шындығында ол жердің тарихи атауы-Қосқопа болатын.

Жарайды, енді осы айналаның бәріне жеккөрінішті болған Ақмола топонимі жөнінде бірер ауыз сөз. 1822 жылы Сібір генерал-губернаторы М.Сперанскийдың «уақытша ережесі» шыққан соң, патшалық Ресей қазақ даласын толықтай бақылауға алу үшін, бірнеше сыртқы округтер ашқанын білесіздер. Дәл осындай себеппен 1830 жылдың 25 мамыры күні Ақмола сыртқы округін ашу туралы шешім қабылданып, жаңа округтің орталығының орнын белгілеуге Петропавл бекінісінен подполковник Ф.Шубин басқарған отряд жолға шығады.

Шубинның қызметі жайлы жазбаларда бұл жөнінде былай дейді: «25 мая 1830 года командирован в киргиз-касацкую степь с отрядом из 20 урядников и 150 казаков под начальством подполковника Шубина для открытия Акмолинского округа».

Бұған дейін Жеке Сібір әскери корпусының штаб бастығы, генерал-майор С. Броневский Жоғарыға мынадай рапорт жолдапты: «В Карпыковской волости, управляемой волостным султаном Конуркульджой Худаймендиным, желают открыть округ при урочище Ак-Мола». Орыс әкімшілігіне округ ашу қазақ даласын отарлау үшін қажет болса, Қоңырқұлжа секілді төрелерге округтің ашылуы жоғары лауазым-аға сұлтандық дәреже алу үшін керек болған.

Ақмола бекінісінің ашылуына байланысты мынадай бір тарихи дерек «Өмір шежіресі» атты кітапта баяндалады. Аталмыш кітап Ерейментау елінің белгілі адамы, кезінде Қоржынкөл болысын басқарған Ералы Саққұлақұлының жазбаларының негізінде құрастырылған. Нақтырақ айтсақ, Ералы өзнің әкесі, белгілі Саққұлақ биден естіген деректерін естелік ретінде қағаз бетіне түсірген секілді. Кейін Ералының ұлы, филология ғылымдарының кандидаты Тұрсынбай Ерғалиев жазбаны кириллицаға көшіріпті. Енді осы кітапта әңгімеленетін, Ақмола бекінісінің құрылуы туралы деректі назарларыңызға ұсына кетелік.

«Ақмола қорғаны салынуға алғаш белгіленген орын Нұра өзенінің бойындағы Ақмола дейтін моланың жаны болатын. Ол қазіргі қала салынған Қараөткел деген жерден 25 шақырым алыс тұрады. Осы жерден қаланың орнын өлшеп, жаппа үйлер тұрғызып жатқан Қоңырқұлжа сұлтанның нөкерлері біраз адам болады. Ішінде Қоңырқұлжаның үлкен баласы Бегәлі төре бар»-дейді.

Бұл өңір ол уақытта Баянауылды жайлаған Сүйіндік-Қаржас Азынабай байдың балалары Сейтен мен Тайжанның жайлауы екен. Мұрағаттық құжаттарға сенсек, жазғытұрым Баянауладан көшкен елдің алды Есіл өзеніне дейін бартын болған. Патша әскерінің бекініс салам деген орны Тайжанның Жалғызағаш деген жайлауымен жапсарлас. Бұл төңіректе Қаржас атасына байланысты топонимдер әлі де сақталған. Мысалы, кезінде «Белояровка» совхозының бөлімшесі болған Сейтен аулы осының айғағы.

Ал, енді Сейтен мен Тайжан кім десеңіз, олар кезінде Кенесары көтерілісін қолдап, патша билігіне қарсы шыққан ағайынды адамдар. Көтеріліс басылғасын, Тайжан Ақмолада атылып, Сейтен өмірлік жазаға кесіліп, Сібірдің Туринск деген жеріне айдалады. Оны сол жақта айдауда болған Ғұбайдолла сұлтан көрген екен. Сейтен бір себептермен жазасын ерте бітіріп, бостандық алады, бірақ елге қайтпайды. Сол жаққа әйелімен бірге айдалып барған бір татар өліп, соның әйелін алып, біржола қалып қойыпты.

Сөйтіп, жоғарыдағы әңгімеге қайта оралсақ, қаршыға салып саят құрып жүрген Тайжан бекініс салғандардың үстінен түсіп, «бұл жерден кетіңдер!» деп жанжал шығарады. Бірақ күші басым аналар Тайжанды ығыстырып, қолындағы қаршығасын өлтіріп тастапты. Осыдан соң Сейтен мен Тайжан көтеріліске деп дайындап жүрген жүзге тарта жігітін ертіп әкеліп, Бегәлі төре мен патша солдаттарын ұрып-соғып, құрал-саймандарын тартып алып, салған баспаналарын бұзып, өздерін қуып жібереді. Жұмыскерлерге сауынға және көлікке деп әкелген жүз қаралы жылқысы бар екен, өлген қаршығамның құны деп, оны да айдап әкетеді. Сөйтіп, Сейтен мен Тайжаннан сескенген төрелер ол жерден кетіп, бекіністің іргесін Есілдің бойындағы Қараөткел деген жерден қалайды. Бұл қазіргі Астана қаласы тұрған жер. Нұра бойындағы Ақмола мен Есілдің жағасындағы Қараөткелдің арасы 25-30 шақырым деп айтып кеттік.

Осы жерде назар аударатын бір жайт, бекністің орны Ақмоладан Қараөткелге ауысқанымен, Ақмола деген атау өзгермей қалып қояды. Неге дейсіз ғой? Оның себебі, «Ақмола бекінісі» деген атау ол кезде  Омбыдағы генерал-губернатордың кеңсесінде құжатқа түсіп, Санкт-Петербургке кетіп қалған болатын. Енді Сейтен мен Тайжанның тентектігі үшін, оны қайтадан өзгертпесі белгілі. Егер Омбыдағы бастықтар: «Қазақтар қарсы болып жатыр, бекіністің орнын өзгерттік, атауын да өзгертеміз»-деп Петербургке хабар салса, онда өздері жазаланады. Сөйтіп, бекіністің орын Қараөткелге ауысқанымен, Ақмола атуы қалып қояды.

Бұл жерде атап айтатын бір нәрсе, Саққұлақ би Қоңырқұлжа мен Кенесары заманын көзден өткерген адам. Сондықтан ол кісінің сөздері жай ғана болжам емес, нақты тарихи дерек деп қабылдауымыз керек.

Бір қызығы, қаланың атауы Ақмола болғанымен, өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін Қараөткел атауы қосарлана аталып келгенін білеміз. Енді осы «Қараөткел» атауы жайлы да негізсіз бір дерек бар екенін айта  кетелік. Бұл дерек Бөгенбай ұрпағы болып саналатын Қазыбек Нұралин деген кісінің жазбаларынан алынған. Яғни, Бөгенбай батырдың мәйітін Түркістанға Әзірет сұлтан кесенесіне алып бара жатқанда, Есіл өзенінен өткен жер Қараөткел аталыпты-мыс дейді. Бұл да негізсіз дерек. Оның дәйексіздігі мынада: Ерейментаудан оңтүстікке қарай жүрем деген адам (ол кезде даламен туралап жүрген ғой) қазіргі Астана тұрған тұсқа соқпай, оның шығыс жағымен, қазіргі Аршалы ауданының аумағын басып, Қарағанды қаласының сыртымен, Балқаштың солтүстік жағалауымен кетеді.

Осылай Бөгенбай батырдың мәйтін алып бара жатқан топ, жолшыбай түстеніп алмақ үшін бір ауылға соғыпты дейді ертеден жеткен бір әңгімеде. Сол ауылдағы жасы келген бір кейуана: «Қарақтарым, мыну түйеге теңдеп, әкетіп бара жатқандырың не нәрсе?»-деп сұрапты. «Қанжығалы Бөгенбай батырдың мәйті, Түркістанға Әзірет Сұлтанның басына апар жатырмыз, сол жерге қоймақпыз»-дейді әлгілер. Сонда қарт ана: «Қап, болмаған екен, балалар, болмаған екен, өз жеріне қойғандарың дұрыс еді. Енді елдеріңнен аруақ қашады, орыс билейді!»-деген екен.

Кейін, бір ғасырдай уақыт өткесін, әлгі кейуананың айтқаны айнымай келіп, орыс ипериясының отарына айналдық. Оның салқыны әсересе, Ерейментау өңіріне қаттырақ тиді. Әлі де арыла алмай жатыр ол аймақ.

Ал, жоғарыдағы Ақмола атауын қатысты бір-екі ауыз сөзді бүгінде «Ақмола» мен «Қараөткел» топонимдері жайлы түрлі жорамалдар айтып жүрген кісілердің құлағында жүрсін деп жаздық.

 

Сайлау Байбосын

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371