ҚАЗҰУ-ДЕГІ ШИКІЛІК немесе БІЗДІҢ ЕЛДЕ НЕГЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ КӨП?
ҚазҰУ-дың «Инемен құдық қазған» студенттерді білім қазынасын іздеп келіп, базынаға жолықты. Даудың басы оқудың төлем қаражаты. Елдің білдей білім ордасы ҚазҰУ-дың 191 студентінен келіп түскен арыз нәтижесінде алдыңғы аптада оқу ордасының 3 есепшісі қамауға алынды. Оларға студенттер оқуға төлеген қаражаттан 120 миллион теңгені жымқырды деп айып тағылуда. Студенттердің айтуынша, Университет басшылығы 100-ден астам студентке оқудың қаражатын төлемесе диплом бермейтіні туралы айтқан. Ал студенттер ақша төлегендерін айтып, зар қағады. Ал, іс қозғаған полицейлер тергеудің құпиялығына байланысты қандай да бір нақты ақпарат жарияламады.
Әділдік іздеп, арыз айтқан студенттер Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне миллиондап ақша қарыз. Бірінің 4 жыл бойы төлеген оқу ақысы жоғалып кетсе, енді бірінің карточкасына есепшілер алдап ақша құйып, артынша өздері сол қаражатты шешкендері үшін жауапқа тартылған.
«Алматы» арнасының тілшілері оқу ордасының басшылығы қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып, әуелде тілшілер мен студенттерден жасырынғанын жазады. Олар кеңселерінің есігін іштен іліп, бұқпантайлаған. Соңында, бой бермей, ақыры басшылықпен жүздескен студенттерге университет ректорының қабағы қатулы орынбасары студенттердің өзін «тұтқындалған есепшілердің сыбайласы» деп айыптайды. Сондай-ақ ақшасы жоғалған білімгерлер 200 емес, бар-жоғы 10 студент деп отыр.
«Өкінішке қарай келісім-шарттағы шарттар орындалмайтын болса, біз өз тарапымыздан ешқандай диплом бере алмаймыз. Толыққанды төлеу керек», – деп ақшаларын қайтадан толық өтемегенге диплом берілмейтінін кесіп айтты ҚазҰУ оқу-ісі жөніндегі проректоры Дархан Ахмет-Заки.
Ал, бұл іске байланысты Білім және Ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев:
"Қазіргі уақытта университеттің басшылығы өткен жылы мекеменің экономикалық қызметінің, бухгалтерияның кейбір жұмысшыларының өз қызметтік бабын пайдалана отырып, заңсыз ақша ала бастағанын анықтады. Бүгінде тергеу жүріп жатыр, студенттермен жұмыс жасалып жатыр, бұл жағдайды шешіледі. Тергеу аяқталғанда білеміз. Қазақ Ұлттық университетіміз рейтингтер бағаланатын халықаралық байланыстары, ғылыми мүмкіншілігі, мұғалімдерінің мүмкіншілігі жағынан елдегі ең үздік оқу орындарының бірі болып саналады, сондықтан бұл жағдай оқу орнының абыройына айтарлықтай нұқсан келтірмеуі керек. Қазіргі уақытта заңды бұзды ма, жоқ па, тұжырым айтпаймыз, тергеу жүріп жатыр. Бірақ бұл жағдай оқу процесіне, қабылдау процесіне әсер етпейді", - деп түсініктеме берді, әрі тергеу аяқталғанынан кейін белгілі бір кеңес пен шаралардың қабылданатынын айтты.
Істің шикілігінің шеті 2014 жылдың соңында біліне бастаған. Баспасөз қызметінің мәліметінше, есепшілер 2008 жылдан бастап қаражаттарды жымқырумен байланысты заңға қайшы алаяқтық әрекеттер жасап келген.
Естеріңізге салсақ, 2008-2010 жылдары Университет басшылығына Бақытжан Жұмағұлов келген еді. Кейін Білім министрі болған Бақытжан Жұмағұлов, орынбасары Шаяхметов «1 миллиард теңге жымқырды» айыбымен істі болған соң қызметінен кеткен болатын. ҚазҰУ-дегі батпан құйрық қылмыстың тамыры Жұмағұлов ректор болған тұсқа сай келеді.
Істің анық-қанығын құзырлы органдар анықтай жатар. Біз оқырманға: «Ел болып, етегімізді жиғалы еңбектеген баладан, кемсеңдеген қарияға дейін ұры боп кеттік пе?» деген сауал тастаймыз. Алпауыт компанияларды былай қойғанда ең зиялы деген білім ордасы, жазушылар одағы, мектеп, баспа ... жемқорлықпен басы шатылмаған бірде-бір мекеме қалмай барады. Билікті сынау, басшыны кінәлау барлық жерде бар үрдіс. Ал миллиондаған халықтың соған жол беруі, мекеме, басшы біткенді жемқор атандырып, парамен істі шешуге халықтың пейілді боп тұратыны қалай? Халықтың ақшасы көп пе, әлде білімі жоқ па? Ұры біткенге таңдай қаға бергенше, ұятымызды бір сәт таразылап көрсек екен.
Abai.kz