Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 10510 0 пікір 25 Маусым, 2015 сағат 16:39

ҚАЗАҚ КИНОСЫНДА ДАЛА САРЫНЫ ЕСУІ КЕРЕК

«Қазақ елі» көп сериялы көркем фильмі түсіріледі дегенді естігенде өз ойымды ортаға салуды парыз санадым. Менің айтпағым негізінен, фильмнің кадрдан (экраннан) тыс естілетін музыкасы жайында болмақ.

     Осы күні қай кинофильге қарасаңыз да экраннан тыс естілетін музыка әуендері Батыстық үлгідегі үндер мен дыбыстардың басымдылығы айқын аңғарылып тұрады. Мысалы, скрипка, труба, тромбон немесе фортепиано, гитара, одан қалса симфониялық, эстрадалық оркестрлер, бәрі Батыстық үлгідегі жанрлар. Әрине біз оған қарсы емеспіз. Алайда, киноның мазмұны ұлттық, далалық көшпелілер жайлы болса ше? Оған жатжұрттың музыкалық аспаптарын пайдалану қалай бола қояр екен? Фильмнің мазмұнын аша ала ма? Қайта осындай фильмдерді пайдаланып біз өзіміздің ұлттық музыкалық аспаптарымыздың үнін, дыбысын насихаттауымыз  керек емес пе? Үйткені көшпенділердің музыкасында дала мәдениеті, дала демократиясы, даланың үні мен рухы өзектесіп жататынын түсіндіріп жатуымыздың қажеті бола қоймас. Сондықтан бұл орайда да жауырды жаба тоқыған жаттандылықтан іргені аулақ салсақ нұр үстіне нұр болар еді.

     Ең алдымен Қазақ хандығы заманындағы музыка деген не? Осыған келейік.

     Ол, көшпенділер музыкасы... ол – ел айырылғандағы халық мұңы, қайта түлеу қуанышы, ананың ақ сүті, аялы әлдиі, нәресте күлкісі, ел шетіне жау тигендегі үрейі, батырдың алмас қылышы мен ерлігі секілді тарихи көріністердегі болмыстың көне күй әуендерінің үлгісімен, көне музыкалық аспаптарының үнімен жеткен сарабдал сарындары. Ол – қазақ халқының рухы. Сақ тайпалары мен Түрік қағанаты мәдениетін айтпағанның өзінде оғыз-қыпшақ дәуірінде ғұмыр кешкен Қорқыттың күңіренткен қылқобызы осының бір дәлелі. Абылай хан заманына, яғни ХVІІІ ғасырға дейінгі тарих бедерін көктей шолсақ, Қорқыт, Кетбұға, Асанқайғы, Қазтуған, Байжігіт тәрізді ойшыл жырауларымыздың бүгінге жеткен күй мұраларының өзі қаншама. Осындай мол музыкалық қазынамызды, дәстүрлі жолды бүгінгі ұрпақ қалай жалғастырып, қалай насихаттап жүр? Міне, бізді ойландыратын сауал осы.

     Мұны айтып отырған себебім, көркем фильм өз заманына сай, қазақтың өзіне ғана тән көне музыккалық аспаптарының үн-әуендерімен көркемдік тапса дейміз. Фильмді ұлттық музыка аспаптары үнімен айшықтау аталмыш шығармадағы дәстүр сабақтастығының негізгі факторы да болмақ.

     «Қазақ елі» фильміне қазақтың қандай музыкалық аспаптарын пайдаалануға болар еді. Ендігі әңгімемізді осы бағытта өрбітейік.

     Беті көн терімен көмкеріліп жабылған дауылпаз бен шындауыл деген ұрмалы аспаптар бар. Бұл екеуі де жаугершілік заманда белгі беретін құрал ретінде пайдаланылған. Сап түзеген дауылпазшылар мен шындауылшылар қатары болған. Сарбаздар дауылпаз бен шындауылды ыңғайлы етіп ертоқымға ілгек қайыспен байлап, керек сәтінде ағаш тоқпақпен біркелкі дүбірмен дыбыс ритімін шығарған. «Қамбар батыр» дастанында:

Тоғыз санды торғауыт,

Он сандайын оймауыт,

Барабан соғып, шың қағып, - деген жолдар бар. Мұндағы барабан да бііздің ата жұртымыздың төл мұрасы, көне түркі дүниесінен жеткен ұрмалы аспап. Кейін Еуропаға сіңіп, олар да барабанды пайдаланған. Барабанның түп тегі түркі дүниесі екені  жөнінде  1966 жылы «Советская энциклопедия» баспасынан жарыққа шыққан «Энциклопедический музыкальный словарь» деген кітапта жақсы жазылған.

     Жорықта белгі беретін музыкалық аспаптардың бірі – керней. «Қамбар батыр» дастанында:

Қараман қайраттанды көңілі тасып,

Хош болып уақыты хадден асып.

Әскерге топ аттырып, керней қойды,

Алам деп Назым қызды болса нәсіп, – деген жолдарда керней әскери белгі (сигнал) беретін аспап ретінде айтылады. «Керней – дегеніміз түйенің өңешіне өткізілген ұзын ағаш түтік», деп жазған болатын профессор Болат Сарыбаев өзінің зерттеуінде. Б.Сарыбаевтың көне аспаптар мұражайында сақталған керней аспабының үлгісі тұр. Сол керней үнін пайдалану парыз.

     Теориялық түрде дәлелденгенімен тәжірибе жүзінде әлі қолдана қоймаған жаугершілік заман музыкалық аспаптарының бірі – урра.

     «Урра аспабы, – деп жазады этнограф ғалым А.Эйхгорн 1870 жылдары өзінің зерттеуінде, – ұран үрлеп ойналады, бітімі «свирель» аспабына ұқсас, біздің күнімізге дейін оны көшпелі қазақтар пайдаланып келген. Урра аспабында жорыққа шығарда немесе жұртты салтанатқа шақыруда біртекті әуендер қайталанып ойналатын болған және урраның үнімен қазақтар ұран шақырған. Урраның тегі қазақтың ұран шақыру, сөзінен алынған болуы керек» деп тұжырым жасаған. Ұран шақыру мен урра музыкалық аспабын да қолға алып, фильмде қолдану қажет деп ойлаймын.

     «Көшпенділер» көркем фильміне пайдалануға қиындық туғызбайтын көне музыкалық аспаптардың бірі – дабыл. Аты айтып тұрғандай қиыншылықта, қуанышта, салтанатты дүбірде дабыл қағу сөзінің түп негізінен алынған атау. Дабыл – аты аңызға айналған, барлық соғыстарда пайдаланылған аспап.

     «Жорықта пайдаланылатын, ұрып ойналатын аспаптардың көлемі үлкен, дауысы зор. Оның жер күңіренткен күшті дауысымен жауынгерлер өз жауларының үрейін ұшыруды көздеген... Дабыл дауысының ақырын, қатты болып келуіне қарай әр түрлі көлемде жасалған. Ауыз әдебиетінде айтылатын, жорықта қолданылатын дабыл дауысы күндей күркіреп шығатын аса үлкен аспап болыпты» – деп жазды Болат Сарыбаев өз зерттеуінде. (Болат Сарыбаев, «Қазақтың музыкалық аспаптары», Алматы, «Өнер», 1981 жыл) 

     Ғалымның жорық дабылын аса үлкен аспап дегені оның көн терімен тартылған екі жақ шеңбер диагоналы 1,5 – 2 метрге жеткендігін дәлелдейді. Сонда ғана екі жақтың сан мыңдаған қолы  айқасқа түскенде оның үні құлақ тұндыра естіліп тұрады. Қазақ қолбасы ұраншылардың қатарына әрқашан сап түзеген дабылшыларды ұстаған. Әр дабыл екі жағы қақталған көн терімен көмкеріледі де әрқайсысы өгіз жеккен үлкен арбаға тиелініп жүруге ыңғайлы болуы үшін арнайы сырық ағашқа өрілген қайыспен байланады.

     Үлкен соғыстарда  дабылшылар қатарының саны он екіден отыз екіге дейн жеткен. Дабыл саны соғыстың үлкен-кішісіне байланысты қойылған. Мәселен, Қабанбай сарбаздарының санында 22 дабылшы болған деген дерек бар.

     Қолбасы Көк Тәңірге немесе Аллаға сиынып ел туын көтереді. Бұл соғыстың басталғаны. Бұған қоса үрлеп ойналатын керней, урра, мүйіз сырнай аспаптарының үндері естіледі. Бұған «Алаш!..Алаш!..», деп ұрандап, күңіренген сан мыңдаған сарбаздар үні қосылады.  Жирма екі дабылшы ағаш тоқпақпен әр дабылды екі қолдап екі жағынан ұрып даланы күңірентеді. Қан сел боп ағады. Мұндай арнайы соғыста қазақ жауын жеңбей қоймаған. Сыбан Дулат Бабатайұлының ел батыры Еспембетке арнаған жырында:

Қарсыласып екі топ,

Іріктеді батырды,

Қалмақ соғып барабан,

Қазақ ұран шақырды –

Дегенде сол Ұлы соғыс көрінісін паш еткен.

     Өз басым, түсіруге жоспарланған «Қазақ елі» фильмінде осы аталған аспаптар көрініс тапса екен деген тілек айтамын. Көшпенділердің әскери тәртіп ережесіне сай, он мыңдық, мыңдық, жүздік делінетін сарбаздар сабының болашақ бұл фильмде қаншалықты қатары болады, қаншалықты адам саны қатыстырылады, қазақтың және жаудың сан мыңдаған қолы қалай көрініс табады, ол – фильмді түсіретін режиссердың және шығармашылық топтың жоспарлы жұмысы, десек те қазақ мәдениеттанушыларының қатаң бақылауында болғаны дұрыс.

     1718 жылы қазақ пен жоңғардың атақты Аякөз шайқасында қазақ қолы Аякөздің оңтүстік шығысындағы Алакөлге тақау тұрған Таскескен жерінен, Қарақол өзені бойына дейінгі аралықта шеп құрғаны белгілі. Бұл аралық 100 шақырымнан асады. Осындайда соғысуға дайындалу, немесе соғысты бастау хабары белгісін дабылшылар үні, яғни ен даланы күңіренткен дыбыс арқылы ғана жеткізе алған. Ал, қазақтың да, жаудың да бір-бірімен айқасқа кірмек сан мыңдық сап түзеген әскер қатары «панорамасын» кинокадрлерге құс ұшар биіктен тікұшақпен ғана түсіруге болар еді. Бұрынғы фильмдерімізде ақсап келген көпшілік көріністердің ендігі жерде қолдан келсе «Гладиатор», «Спартак», «Соғыс және бейбітшілік» тәрізді фильмдерді үлгі тұта отырып одан да ілгерілеп, асып түсу әрекеттеріне ұмтылуымыз қажет. Неге десеңіз санамызда қалыптасқан өз ата-бабаларымыздың соғыс тактикалары мен жетістіктері, рухы біздер ұшін бәрінен қымбат.

     Ал, Болат Сарыбаев айтқан Ұлы соғыста пайдаланылған дауысы зор, аса үлкен дабылдың диаметрін және нұсқасын айқындауда, жалпы фильмдегі көне үндердің кәсіби тұрғыдан көркемдік табуына, дайындық жұмыстарын жүргізу үшін Еуропа мен Америкада «феномен» ерекшелігіне ие болған, қазақ көне аспаптарының барлық түрінде күйлер орындай алатын композитор Еділ Құсайыновты, сондай ақ осы күндерде ерекше жетістіктерге жетіп қазақ көне музыкалық аспаптардың сандаған түрінде өнер көрсетіп жүрген "Тұран" этно-топ ансамблін осы фильмді көне музыкамен көркемдеуге шақырса еш ұтылмайды дер едім. Олай болса, «Қазақ елі» фильмінің музыкасы Еуропаның да Американың да аспаптары үнімен емес, ХVІІІ ғасырға дейінгі  Қазақ хандығы елінің  саф таза музыкалық сарындарымен,  және бүгіндері  жаңғыру үстіндегі қазақтың өзіне ғана тән жетіген, шертер, қыл қобыз, сыбызғы, шаңқобыз, желбуаз, домбыра, үш ішекті қосбұрау домбыра, қос сырнай, мүйіз сырнай, керней, урра, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл тәрізді музыкалық аспаптарымыздың үндерімен көркемдік тапса, біріншіден – шығарманың ажары ашылады, мазмұны айшықталады, екіншіден – әлем жұртшылығы алдында қазақтың көне музыкасының үні естіледі, ұлттық мәдени мәртебеміз көтеріледі.

     Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» көп сериалы фильмін  жарыққа шығару – Ұлы дала өркениетіндегі қаһарман қазақ елінің түп қазығын таныта отырып, туған бабаларымыздың рухты келбетін айшықтайтыны шығар күндей шындық. Осы игілікті жұмыстарға тілекші болайық! Иншалла, көңілімізді тоқтыққа, үмітімізді пәктікке жеткізсін. 

Рамазан айы мүбарак болсын! Ораза қабыл болсын!

 

Жарқын Шәкәрім

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан  Жазушылары  Одағының  мүшесі                                                                                          

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333