ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: БӨКЕЙХАНОВ МАСОН ЛОЖАСЫНА КІРГЕН
- Дихан Қамзабекұлы, сізді көпшілік алаштанушы ғалым ретінде таниды. Бұл тақырыпты зерттеуді 1988 жылдан бастапсыз. Алаш атауын айтуға тиым салған кезде осы тақырыпқа қалай келдіңіз?
- Баршаға белгілі, 80-жылдардың соңында КСРО-да «қайта құру» мен «жариялылық» саясатының серпінімен көптеген ғалым Алаш тақырыбын қаузай бастады. Ол кезде біз студентпіз, алғашқы ізденісіміз мұрағаттардағы Алаштың жұқанасын оқып, «осындай да болған екен-ау» деген таңдана сіңіру бағытында жүрді. Алғаш «Владимир мен Зара» аталынатын Клер Клермонт деген француз тілді әйел ақынның еңбегімен танысуым, ХХ ғасырдағы ғылыми айналымға түспеген көркем аудармаларға байланысты ізденістерім әдебиет тарихындағы ақтаңдақтардың мол екеніне көзімді жеткізді. Нәтижесінде 1990 жылы ХХ ғасырдың басындағы әдеби-мәдени үдерістерді, бұрын ғылыми айналымда болмаған мұралар мен тұлғаларды зерттеуді өзіме мақсат тұттым. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМУ, Абай атындағы ҚазПИ, Ғылым академиясының жас ғалымдары үшін Алаш тақырыбы күн тәртібінде тұрды. Естеріңізде болса, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабай, Ж.Аймауытұлы, Шәкәрім туралы алғашқы мақалалардың жарық көре бастағаны сол шақ еді. Бірақ ол кезде М.Дулатұлы, Ә.Бөкейхан жартылай жабық тұрды. Басқа тұлғаларды іздеп-табу - әркімнің жеке бастамасындай күйде еді. Алаш атты тұтас дүние әлі де бөлшектеніп ұғынылды. Алғашында баспагерлер олардың «Алла», «Құдай» деген сөздерін «табиғат», «жаратылыс» деп өзгертіп, бұрмалап шығарды. Өзімізше қысылып, «орыс» дегенін «солдат» деген сөзбен ауыстырдық. Бұл енді оларды «атеист», «интернационалист» деп өткізгіміз келген жартылай советтік таным еді... Бұған тек баспагерлер ғана кінәлі деп айту артық шығар.
1990 жылы Ғылым академиясына қызметке келген кезде, үкіметке дәлелденіп, арнайы қаржы бөлінген зиялылардың мұрасын жинақтау шарасына қызу кірісіп кеттік. Кейінгі ғылыми зерттеу жұмысымыздың барлығы дерлік Алашқа қатысты болды. 1988 жылғы зерттеуім балаң түрдегі: «Шоқан, Ыбырай, Абай мен Сәкен, Ілияс, Бейімбет арасындағы қазақ зиялылары қайда, әдебиетімізде басқа кімдер болды?» деген сұраққа өзімше жауап іздеу секілді еді. Екіншіден, 1986-1987 жылдары орталық Мәскеудің өзінде жазықсыз жазаланған тұлғаларды ақтау үдерісі жүріп жатты. Оның дүмпуі бізге 1988-1989 жылдары келіп жетті. Кеңес Одағы болғандықтан бәрі өзара тығыз байланыста көрінді. Қазіргідей, ақпараттың кең дамымаған, интернеттің исі де сезілмеген кезі болса да, газет пен журналдардан-ақ бәрін біліп отырдық. Ол кездері әскери тарих пен түрлі музей мен мәдениет ошақтарына байланысты басылымдарды жазаланған тұлғаларға байланысты жекелеген деректер жарық көріп жататын. Соны оқып, «Біздің зиялыларымыздың осындай еңбектері қайда? Олардың тағдыры не болды?» деген сұрақтар мазалап, ақыры сол сұрақтар Алаш тарихын зерттеуге алып келді. Рас, 80-жылдардың соңында ұлт зиялылары Алаш атымен емес, жазықсыз репрессияланған ақын-жазушылар ретінде жарыққа шықты. «Алаш» ныспысы атпай қоймайтын таңдай бірте-бірте шұғыласын шашып, елдікті аңсаған халық жүрегін, рухын жаулап алды. Әлі есімде, 1987-1988 жылдың бірінде тікелей эфирден бір азамат «Осы М.Шоқай кітабы қашан шығады?» деп сұрақ қойғанда, студияда отырған, кейін «алаш үшін күйдік» дейтін біраз баспагер, ғалым әлгі сұрақ қоюшыны жерден алып-жерге салды... Осыдан-ақ Алаш таңы оп-оңай ата қоймағаны түсінікті болады-ау деймін.
- Шоқан, Ыбырайлардан кейінгі ақтаңдақтарды айтып қалдыңыз. Астанада Алаш қайраткерлерінің бірі болған Қошке Кемеңгерұлы атындағы көше бар. Бірақ бұл тұлғаны көп адам біле бермейді. Жалпы есімі көпке белгісіз болып жүрген Алаш арыстары жайлы айта кетсеңіз?
- Алаш арыстарынан халық ә дегенде Шәкәрімді, А.Байтұрсынұлын, Ж.Аймауытұлын, Мағжанды, сәл кейінірек Міржақыпты білді. Бастапқы сұраным мен насихаттың әсерінен осы бес тұлға жақсы танылды. Осылардың жанындағы басқа да қайраткерлерімізді халық білмей қалды. Олай болуына түрлі себептер бар. Біріншіден, насихат аздау болды. Сосын ақталды дегеннің көбісінің еңбегі мектеп бағдарламасына ене қойған жоқ. Алаш зиялыларының санына келетін болсақ, саяси белсенділік танытып, баспасөзде жазып жүргендерінің саны кемінде жүзге жетеді. Саясатта белсенділік танытқандарының саны үш жүзден асып жығылған.
Мысалы, жазушы, драмашы, сыншы, тарихшы, тілші Қошке Кемеңгерұлы баспасөз бен саясатта қатар белсенділік танытты. Ол 1896 жылы Омбыда дүниеге келген. Жастай өз бетімен оқып жетілген. Омбыдағы негізгі оқу орындарының бәрінде білім алған. Фельдшерлік мектепте, ауылшаруашылық училишесінде оқып, Сібір академиясында білім алған. Ол кейін медицина институты болған. Өзін-өзі жетілдіріп, алғаш рет «Қазақ тарихынан» атты оқу құралын жазған. Бұл еңбегін 1921-1922 жылдары бастап, 1924 жылы аяқтап, Мәскеуде басып шығарған. Содан кейінгі еңбегі «Бұрынғы езілген ұлттар» деп аталады. Патша өкіметі тұсындағы қаналған 36 ұлттың тарихы мен тағдырына шолу жасаған. Тағы бір тарихи еңбегі - еліміздегі тұңғыш мемлекеттік театр сахнасында қойылған «Алтын сақина» пьесасы. Ұлт театры осы туындымен шымылдығын ашқан.
- Тұңғыш спектакль «Еңлік-Кебек» емес пе?
- Жоқ, «Еңлік-Кебек» емес. Көпшілікті шатастыратын осы қате дерек әлі күнге мектеп оқулықтарынан түскен жоқ. Нақтылап айтар болсақ, 1926 жылы 13 қаңтарда сол кездегі астана Қызылордада кәсіби мемлекеттік ұлт театры «Алтын сақина» пьесасын қойған. Ресми түрде афишасы шығып, артынша мақалалар жазылған. Тарихымызда мұның бәрі қаттаулы тұр. Артынша Қошкелер атылып кеткен соң, совет өкіметі мұның бәрін жоққа шығарған. Ал, киіз үйде қойылған әуесқой драмашылдық 1917 жылдан әлдеқайда бұрын бар.
Тағы бір айта кетер жайт: ол 1925 жылы шыққан «Қазақша-орысша тілмаш» атты сөздіктің редакциясын да басқарған. Еуропалықтарға арнап, қазақ тілі мен дүниетанымы туралы екі томдық кітап та жазған. Ол «Жабыропалықтар үшін қазақ тілі» немесе «Казахский язык для европейцев» деп аталады. «Грамматика казахского языка» деп аталатын еңбек жазған Архангельский деген ғалым «бұл еңбегімді Қ.Кемеңгерұлы лекцияларының негізінде жаздым» деп көрсеткен. Өз заманының үлкен әдебиет қайраткері саналған ол 1924 жылы Омбыдан Ташкентке қоныс аударады. М.Әуезов екеуі Орта Азия университетінде оқып жүргенінде тұтқындалып, Алматыдағы ОГПУ-НКВД түрмесінде отырады. Кейін төрт жылдай Воронежде айдауда болып, Омбыға қайта келіп, жұмыс істеп жүрген жерінде қайтадан сотталып, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен... Бір қызығы, Қошкенің әйелі Гүлсім зиялылар алғаш ақталған 50-жылдардың соңында Мұхтар мен Сәбитке жүгініп жүріп, шағын кітапшасын шығаруға рұқсат алған еді. Бірақ ол 1965 жылы ғана жарияланды. «Алтын сақина» атымен. Осы кітап, құдайдың құдыретімен ауылдағы отбасы кітапханамызда тұрды. Мұқабасындағы суретке дейін есімде... Ол жинақта ешқандай саяси мәселе жоқ, ол – таза көркем шығармалар топтамасы. Мен мұны кейін есіме алдым және сәйкестікке таң қалдым...
Біз, профессор Орынай Жұбаева екеуміз, Қошкенің үш томдық еңбегін құрастырдық. Оның ішінде әңгімелері, пьесалары, аудармалары, зерттеулері, оқу құралдары, мақалалары - барлығы енді.
Астана ономастика мәселесі қиын жағдайда жүріп жатқан кезде, Қ.Кемеңгерұлына қаланың шет жағындағы бір көше атауы тиді. Әрине, халық дұрыс тұрып, түзу тағылым алса, көшенің жаманы жоқ. Қаладағы № 49 мектепке Қошке атын сұрағанбыз. Алайда мораторийге байланысты бұл жұмыс тоқтап тұр.
Есімі көпшілікке аса танылмай жатқан Хайретдин Болғанбай деген Алаш зиялысы өткен. Астана маңындағы Қорғалжын елді-мекенінің тумасы. Ақмола өңірінен шыққан Алаш қайраткерлері аз да емес, көп те емес. Бұл - солардың бірі әрі бірегейі. Хайретдиннің ерекше қасиеті, ел мен қазақтың бірлігі деген мәселелерді шығармашылығында көп көтерген. Заманында қажылыққа барған Әбдірахман (Әбіш) дейтін көзі ашық адамның ұрпағы. Орынбордағы Хұсайыния медресесінде білім алған. «Қазақ» газетіне мақала жазып, А.Байтұрсынұлымен, оның айналасымен араласқан. Ол кезде атақты байлар, балаларын оқыту үшін жаз айларында медресе шәкірттерін елдеріне алдыратын дәстүр болған. Қызылордадағы Шиелі жеріне атақты Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтардың ағасы Қалжанның шақыртуымен барып, ауыл балаларына сабақ берген. Ал, екі ағайын кейін керемет классик ғалымға айналды. Қызылордадан кеткен соң, Ташкентте Мұстафа Шоқайдың қасынан табылып, «Бірлік туы» газетін шығарады. Оның редакторы да болады. Түркістан автономиясы Ташкентте жариялануы керек болғанымен, Қоқанда жарияланады. Автономияның бүкіл трагедиясын осы кісі қағазға түсіріп кеткен. Кейін ол жақтан қайтып, Түркістанда ірілі-ұсақты қызмет етеді. Білім саласына да еңбек сіңіреді. 1930 жылдары бір айдалып келіп, кейін 1937 жылы атылып кетеді.
Осындай тұлғаны Қорғалжын жеткілікті түрде бағаламай отыр. Көше аты әрең берілді. Мектепке атын беру 2007 жылдан бері әлі созылып келеді. Қорғалжында «Мұстафа Шоқай – фашист» дейтіндер әлі бар екен. «Фашистің жанында жүрген адамға мектеп атауын қалай береміз?» деп, мәселе көтерген адамдар да болыпты. Мына заманда осыны айтып отырудың өзі ұят нәрсе. Тәуелсіздіктен және аталарымыздың аруағынан ұят.
Ал енді Хайретдин Болғанбай 1934 жылы түрмеде жатқанда, оның Исмаил Ғаспыралы туралы еңбегі Стамбұлда жарық көреді. Түркияға эмиграцияға кеткен Зәки Уәлиди Тоған естеліктерінде әрдайым Хайретдин жайлы айтып отырған. Басмашылар қозғалысы болды ғой, соны біз әлі «басмашылар» деп айтамыз, негізі ол - большевизмге қарсы Орта Азиядағы күрес жолы. «Сол оқиға барысында Мағжан, Мұхтар, Хайретдиндер келіссөз жүргізуге барды» деп Уәлиди хатираларына (естелік) хаттап жазып кеткен. Хайретдин Болғанбай - әлемдік дәрежедегі қайраткер.
- Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Алаш» ғылыми-зерттеу институтын аштыңыздар. Өзіңіз бір уақытта оны басқардыңыз. Институт аясында қандай жұмыстар атқардыңыз және бүгінгі таңда бұл институт қандай тірліктер тындырып жүр?
- 2007 жылы Алаш үкіметіне, Түркістан автономиясына 90 жыл толды. Жұмыстың серпінін арттыру керек болды. Институт ашылуының негізі – осы ой. Мақсаты - Ақмола өңірінде практикалық шаралар атқарып, кездесулер ұйымдастырып, халықтың Алаш туралы түсінігін тереңдету мен кеңейту болатын. Біз бұл институтты ұйымдастырдық, басқардық, біршама нәтижеге жеттік. Әрине, пікірлестерім мен елорда ақсақалдарының арқасында. Менен кейін-де бірнеше ғалымдар институт тізгінін қолдарына алды.
Институт аясында Қошке Кемеңгерұлы мен Смағұл Сәдуақасұлының үш томдығын құрастырдық. Садуақас Ғылмани мен Хайретдин Болғанбайдың бір томдық еңбектерін жарыққа шығардық. «Омыбының Алаш дәптерін» әзірледік. «Аджип» компаниясының қаржылық қолдауымен Алаш тілі мен мәдениетін насихаттайтын ағылшын, неміс, француз тілдерінде «Қазақ тілі» оқу құралын халыққа ұсындық. Тың тақырыптағы сөздіктер шығардық (мысалы, «Жәдитшілдік және Алаш» т.б.). 2011 жылы Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін Мәскеудегі Дон зиратханасынан Астанаға әкеліп жерледік. Мұсылманшылықпен қарасақ, топырақтан жаралған жан топыраққа жерленуі керек. 1991 жылы көтерілген мәселе араға 20 жыл салып өз мақсатына жетті. Сабыр Қасымов дейтін экс-сенатор ағамыз Мәскеу үкіметімен келісіп, Смағұл сүйегінің күлі елге жеткізілді. Тосылған сана, тоқыраған көзқарас алдымыздан шыға берді. Бірақ елшілдік рух жеңді. Лайықты зират болмаған соң, алғаш «қарамолаға» жерледік. Қазақтарда қарамола деп уақытша жерлеуді айтады. Кейіннен Астана қаласындағы «Жастар» шағын ауданындағы Кенесары сарбаздарының сүйегі қойылған орын анықталған соң, сол қорымға қайта жерледік. Шамамыз келгенше басына белгі орнаттық. Зиялылар болып, елшіл ақсақалдардың ақылын тыңдап, құрметімізді осылайша көрсеттік.
Осы арада айта кетейін, Мәскеудегі Дон зиратханасы атеистік бағытта кетіп, 1992 жылға дейін крематория (сүйек өртейтін орын) болған. Бертін келе толық христиандық зират болып өзгереді. Смағұл ағамыздың сүйегінің күлі (арнайы ыдыста) тұрған жерге крест ілініп, православ рәсімі күні-түні атқарылып жатты. Осындай жағдайда қазақ тұлғасы сүйегінің күлі тұруы, ол қайраткердің әкесі танымал молда болғаны – қатты ойландыратын, елдік намысқа тиетін жайт еді. Сол үшін дін өкілдерінің кеңесін алдық. Іс басындағы азаматтар тосыла берді. Сонда «Хан Кене сүйегі табылса, не болмақ?..» деп қатты ойландық. Бұл біздің ұрпаққа аманат жайттарды шешуге дайын емес екенімізді де көрсетті. Кезінде ел басқарған, бүгінде «ата сақалы аузына түскен» кісілер абдырап қалды. Бірақ біз салиқалы ақсақалдардың, елшіл азаматтардың ойын жүзеге асырып, мақсатымызға жеттік. Дәл осы кезде ғой «Ұлттық пантеон» мәселесі көтерілгені... Хан Кене сарбаздары мен Смағұл сүйегі қойылған орын «Ұлттық қабірстан» болмағанда, не болады?..
Алаш зиялылары мұрасын зерттейтін институт жұмысын жалғастырып келеді. Әлихан Бөкейханның бірден-бір жүйелі зерттеушісі, журналист һәм ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы – қазір осы институттың басшысы. Ол Әлекеңнің 9 томдығын шығарды, енді 16 томдық шығармалар жинағын даярлаумен айналысып отыр. «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциколопедиясын да 150 жылдық мерейтойы қарсаңында әзірлеп бітіруге жұмылғанын мақтанышпен айта кеткен орынды.
Әлихан Бөкейхан есімі 2016 жылғы ЮНЕСКО-ның белгілі тұлғалар тізіміне енді. Бұл да -біздің үлкен жеңісіміз. Бәрімізді қуантатын дерек айта кетейін: соңғы он жылда ұл балаларға ең көп беріліп жатқан есім - Әлихан екен. Алла жазса, осы кішкентай Әлихандар бізге де, өзіне де «даңқты тұлғаны лайықты қадірлемегендерің қалай?» деп сұрақ қоюы мүмкін. Жақсы істер атқарсақ, жауап беруден тосылмас едік.
- Әңгімеміз Әлихан Бөкейханға көп ойысып жатыр. «Ол кісі заманында масон болған» деген дерек шықты. Осыған не айтасыз?
- Жасыратыны жоқ, ол масон ложасына кірген. Сұлтанхан Аққұлұлы зерттеу еңбегінде бұл мәселе жан-жақты айтылады. Біз не дейміз? Қиын замандағы күрделі мәселелерге байланысты түрлі пікірлер мен қайшылықты ойлар бар. Менің ойымша, ол сол кездегі саны 6 миллионға жеткен қазақ халқын жойылып кету мен жұтылып кетуден сақтау үшін Әлекең масон ложасының әлемдік саясаттағы беделіне сүйенгісі келді, қазаққа теңдік әперуді көздеді. Әлиханның әрбір әрекеті мен мақаласы - осы сөзіме дәлел.
- Деректі фильмге сценарий жазу тәжірибеңіз бар екен, осы бағытта Алашқа байланысты ойыңызда жүрген ізденістеріңіз бар ма?
- Жазушы Сәкен Жүнісовтің Орал есімді киногер інісі бар. Жасы біразға келген. Осы Орекеңнің Смағұл туралы фильм жасауға ықыласы күшті еді... Деректі фильм түсіруші Халилла Омаровқа «Смағұл Сәдуақасұлы туралы фильм жасайық» деген ұсыныс айттым. Ол қарсы емес, бірақ мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. Қазір жастардың көбісі пессимистік, немқұрайлылыққа бейім болып кетті. Жастардың рухын осындай тұлғалардың өмірін көрсете отырып көтерсек деген ойым бар.
- Елімізде драматургия саласы кенжелеу дамығаны мәлім. Пьеса жазып, сахнадан көрсету ойыңызда жоқ па?
- Дұрыс айтасыз, Алашқа қатысты дүниелер драма жанрында тым аз жарық көрген. Бірақ әр түрлі идея бар. Естеріңізде болса, жақында Алаштың бұрын белгісіз болып келген мұрасын таптық. Бұл - Мұхтазар Титықұлының «Мұрат үшін майдан» деген пьесасы. Ерекшелігі - мұнда күллі Алаш қайраткері кейіпкер. Өкініштісі, мұраның бірнеше парағы ғана сақталған. Мұны табуға Айдын Ырысбекұлы деген азамат себепкер болды. Ал, Өтен Ахмет телавтор ретінде пьесаны толықтырып жазып шықты. Драматург емеспін, бірақ оларға ақыл-кеңес беруге әрқашан даярмын. Елордалық театр қайраткері Болат Ұзақовқа Қошкенің «Алтын сақинасын» қайта қоюға ұсыныс беріп жүрмін.
- Соңғы сауалым: Алаштың мына бір тұсын жете зерттесем, қайта қарасам дейтін ойыңызда жүрген жоспарлар бар ма?
- Әрине, бар. 1922–1927 жылдары Алаш зиялылары Мәскеуде тұрып, жұмыс істеген. Смағұл Сәдуақасұлы 1928 жылы Мәскеуге барып, сонда 1933 жылға дейін тұрды. Алаштың Мәскеудегі сол қиын да күрделі кездерін зерттеу мен үшін күн тәртібінде тұр. Бұл кезеңге қатысты зерттеулер өте аз. Бұл бір жауапты күрестің кезеңі болған шақ қой.
Біз аз зиялының өзін бөлуге даярмыз. Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұлов большевиктік бағытта болды, Әлихандар Алаш бағытында қалғанымен саясатқа араласқан жоқ. Бірақ соның өзінде Тұрар мен Сәкенді өздері қызмет еткен билік трагедияға алып келгенін, оны өздері сезінгенін жеткізетін деректер бар. Сол деректерді жарыққа шығарсам деймін. «Олар бірыңғай большевиктің бағытта болды» дегенге де сенуге болмайды.
Тұрар Рысқұлов Жаһанша Досмұхамедұлымен бажа болған. Сондай-ақ, Тұрар атақты Мұхамеджан Тынышбайұлына Түрксіб темір жолының жауапты учаскесін басқаруды сеніп тапсырған. Сол Тұрар Әлихан Бөкейханның «Большой Кисловскийдегі» пәтеріне барып, ақылдасып отырған» деген де дерек кездеседі. 1933 жылы Смағұл жұмбақ жағдайда қайтқан соң қаралы жиында Әлекеңді Тұрар мен Нығмет (Нұрмақұлы) демеп жүрген. Ал, Т.Рысқұловтың басмашылармен тығыз байланысы болғанын білген адам оны «қып-қызыл коммунист» деп айта ала ма?..
Қаскей Өтекин деген танымал кісі: «Сәкенді біз жылауық комиссар деп айтатынбыз. Себебі ел аралап жүріп, халықпен кездескен соң пәуеске үстінде еңкілдеп жылайтын. Халықтың жағдайын көріп жаны ауырып, көңілі босайтын» деп жазғаны бар. Адам санасының екіге жарылуы, жеке басының трагедиясы деген осы емес пе? Францияда эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай большевиктік өкіметтің басында жүрген Сейітқали Меңдешұлы мен Смағұл Садуақасұлына бүйрегі бұрып тұрады. Тіпті ол Тұрарды сынай отырып, «коммунистік келбетінің астарында түрікшілдігі тұнып тұрады» дегенді айтады.
«Анау большевик, мынау Алаш» деп жазып, онсыз да аз зиялыны бөлшектеуге даяр тұратын авторлар кездеседі. Жоқ, ел боламыз десек, біз зиялыларымыздың арасындағы байланысты іздеуіміз керек. «Бар қазақ - бір қазақ» дегендей, олардың қиын жағдайлардағы қарым-қатынасын жаңа форматта түсіндіре алуымыз қажет. Қатесі мен таргедиясы болса айтуымыз керек. Бірақ бірыңғай қара бояу жағудан қашқанымыз дұрыс. Менің осы мәселені зерттеп, елге ой тастап, көпшілік назарын байыптауға бұрсам деген ниетім бар.
Сұхбаттасқан Олжас БЕРКІНБАЕВ
© e-history.kz
(Түпнұсқадағы тақырып: Дихан Қамзабекұлы ф.ғ.д., профессор: «Алаш тақырыбында ақтаңдақтар көп»)