НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫНДА СЕЛ ЖҮРДІ
Алматы қаласының Наурызбай ауданында лай көшкіні үйді басып қалған. ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі Алматы қаласында бағбандар қоғамында болған лай көшкіні туралы ақпарат таратқан. Бұл туралы nur.kz сайты жазады.
Ведомствоның мәліметтеріне сүйенсек, 30 қараша күні 23:49-да Алматы қаласының Наурызбай ауданында «Алма» бағбандар қоғамына тиесілі жер телімдерінің бірінде лай көшкіні орын алған.
Оқиға орнына келген Алматы қалалық ТЖД қызметкерлері су құбыры жарылып, топырақтың ылғалдануына себеп болғанын анықтады. Лай массасының көлемі 120 текше метрді құрайды.
Оқиға салдарынан саяжайдағы екі қабатты үйдің шатыры және үй ауласында тұрған «Волга» автокөлігі зақымданды. Жапа шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.
«Қазселденқорғау» мекемесінің техникасымен сағат 2.28 шамасында жүретін жол тазаланды. Су беру тоқтатылды. Оқиғаның қайталану қаупі жоқ.
Қауіпсіздік ретінде жақын маңдағы учаскеелрдің 5 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орны «Қазселден қорғау» ММ мен ТЖ бөлімінің қызметкерлерінің бақылауында.
Abai.kz