ЭСТОНИЯ РЕСЕЙДІ ЖЕР ШАРЫНАН АЛЫП ТАСТАДЫ
Жақында Эстония Республикасында Халықаралық масштабтағы дау тудырған, мектеп жасындағы балаларға арналған жаңа жер шарының шағын макеті (глобус) саудаға шығарылды. Бұл жер шары макетінің өзгелерден ерекшелігі – онда Ресей Федерациясы бейнеленбеген. Дәлірек айтсақ, Ресей Федерациясының аумағында Тынық мұхиты орын тепкен. Бұл туралы украиналық «Пресса Украины» сайты жазады. (қараңыз: http://uapress.info/ru/news/show/104471?_utl_t=fb).
Ал өндіруші және тапсырыс беруші тарап жіберілген геосаяси қателікті мойындаған.
«Эстон балаларына арналған ойыншық глобуста Ресей Федерациясы жер бетінен мүлде сызылып тасталған. Ал оның алып жатқан үлкен территориясы "Тынық мұхиты" деп көрсетіліп, РФ туралы бірде-бір белгіше қойылмаған» деп жазады басылым.
Аталған мәселе эстониялық БАҚ-тың да назарын аударған. Эстониялық бір топ журналист геосаяси провокациялық бағытта жасалған глобустар туралы журналистік зерттеу жүргізген және ондай жер шарының шағын макеттері Эстония дүкендерінде сатылымда бар екенін айтқан.
Журналистердің айтуынша, ол глубстарда Ресей, Кремль, Мәскеу деген атаулар мүлде кездеспейді. Бірақ, Эстонияның шағын қалалары мен көшелері анық көрсетілген. Эстония, Таллин, тіпті Ратушная деген орталықта орналасқан шағын алаңдарына дейін картада айшықталып белгіленген. Айта кетейік, бұл макеттерде (глобустар) жер-су атаулары эстон тілінде жазылған.
Тағы бір қызықты жағдай: Ресей аумағы Тынық мұхиты деп белгіленгендіктен Қазақстан Тынық мұхитымен шектесетін болып шыққан.
Дегенмен, сауда дүкендерінде эстониялық глобустың орыс тіліндегі нұсқалары да сатылымға шығарылған. Бірақ, орыс тіліндегі макеттерде жоғарыдағыдай қателіктер мүлде жоқ. Ресей Федерациясы да, оның құрамдастары да өз орнымен белгіленген.
Ресей Федерациясының Сыртқа істер министрлігі эстониялық глобустарға қатысты түсініктеме берді. Ресей саясаткрелері «бұл эстондықтардың әдейі арандатушылық (провакациялық) мақсатта жасап жатқан әрекеттері» деп есептейді.
Түйін: Кремльдің қожайыны Украинаның шығысындағы басқыншылық әрекеттері үшін төңірегіндегі мемлекеттердің қаһарына ұшырағаны туралы айтудай-ақ, айтылып жатыр. Мысалы, Эстонияның өз бүлдіршіндерінің жадына Ресейсіз әлемді тоқытуы, Грузия, Литва, Латвия Молдова, Украина секілді бірқатар посткеңестік республикалардың ресейшілдік синдромына қарсы түрлі әрекеттері Путин мен оның қарамағындағылардың ашуын туғызатыны рас.
Ресейдің бұрынғы державалық, империялық әлеуетін аңсайтындар әлеуметтік желілер мен БАҚ-та «Кеңес одағын қайта тірілтуді» жиі айтады. Сондай-ақ, "қырғи-қабақ" соғыс әлі біткен жоқ" деген ұрандары тағы бар. Осындай пиғылдағы бүгінгі Ресейді эстондар, латыштар, литвалықтар,т.б.«Орыстар сенімсіз - дос» деп біледі. Олар өз бүлдіршіндерін мектеп жасынан Ресейге тәуелді санадан құтқарғысы келеді. Эстондардың Ресейді жер шарынан "алып тастаған" әрекеті соның көрінісі болса керек. Ал кеңестік кер қоғамнан шыққан кей мемлекеттер керісінше Владимир Владимиричтің саясына асық. Оны да көзіміз көріп жүр...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz