ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША ЖҰМЫССЫЗ БАР?
Кеше Статистика комитеті Қазақстанда 2015 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жұмыссыздар саны 441 мың адамнан асты, деп хабарлады. Комитеттің осы жылғы он айдағы мәліметтері бойынша, жұмыссыздық деңгейі еңбекке жарамды халық санының 4,9 пайызы болған екен.
Осы ресми ақпаратқа сенуге бола ма? Мәселен, биресми салыстырулар жасау үшін, Қазақстан халқының 50 пайызға жуығы тұратын ауылды алып қарайық. Ауылда бүгінде мектептен басқа жұмыс беруші орын жоқ. Орташа мектептің мұғалімдер контингенті техникалық қызметшілерді қосқанда 40–50 адамнан аспайды.
Ал орташа есеппен 3 мың халық тұратын ауылдың тең жартысы еңбекке жарамды дегенде, құрығанда бір мың адам күрек ұстай алады деген сөз. Сонда ауылдағы 40–50 мұғалім бір мың жұмыссыздың қай жыртығын жамайды?
Тіпті ауыл әкімдігінде 3–4 адам жұмыс істесе, дәрігерлік амбулаторияда 5–6 дәрігер болса, тағы да жалпы жиыны он шақты адам сантехник, электрик, мұрап, байланысшы болып жүр дейік. Осыларды мұғалімдерге қоса құрап-сұрағанда, ауылда жұмысты болу бақытына ие болғандардың саны 100 адамға жетпейді. Ендеше қалған 900 жұмысқа жарамды адам жұмыссыздардың қанша пайызын құрамақ? Есептеудің ең оңай жолы – жұмысты халықтың пайызын шығару: ол – 10 пайыз! Қалған 90 пайызы – жұмыссыздар.
Ал енді Қазақстан ауылдары бойынша осындай қарапайым жалпы көрсеткішті қала халқына шағып жіберер болсақ, елдегі жұмыссыздар мөлшері 25 пайыздың маңында болып шықпай ма?
Әлбетте, дәл осы доғал дерекке дау айтар адам табылады: «Өз күнін өзі көрген халықты қай қисапқа қосасыз?» – дейтін. Оны да есептеп көрейік.
Тағы да сол ресми статистикалық ақпарат бойынша, Қазақстанда 2,7–2,8 миллион мөлшерде «өз күнін өзі көрген» халық бар. Бұл жалпы халықтың – 15, ал еңбекке жарамдылардың – 30 пайызы.
Осы 30 пайыздың тең жарымына жуығы (1,4 миллион адамның маңы) – азын-аулақ малы мен егістік жері бар шаруалар. Оларда ай сайын алып тұратын тұрақты жалақы жоқ. Малы семіргенде, егіні піскенде – соны сатып, аузы аз-маз аққа жаритын «күн көрушілер». Ал қазіргі ресейлік және белорустік азық-түліктің қазақстандық нарыққа жаппай экспансия жасау жағдайында ол шаруалар өндірген ет пен егін қара бақырлық құны жоқ күйге түсті. Ендеше осы 1,4 миллион адамның арасында «өз күнін өзі көрушілер» көп болмаса керек.
Ал еңбекке жарамды халықтың қалған жартысы (ол да 1,5 миллион адамның төңірегі) – қала-даладағы базар саудагерлері, базар-вокзалда арба сүйреушілер, 30–40 мың теңгені тіршілік санаған «охранниктер», құрылысқа қарадай жалданған жанбағылдар. Сол 1,5 миллионның арасында «өз күнін өзі көреді» деген патент қолына зорлықпен берілген шемішке мен бәліш сатушылар бар.
Енді тағы бір қарапайым есеп жасап көріңіз: базар біткеннің жартысы жабылды, қалған жартысын қымбатшылық қылқындырып, «саудагер» деген аты бар ағайынға тұрған орнын өтеу мұң болды. Құрылыс қаңтарылды. Сонда 1,5 миллион «күнөлтушінің» қаншасы нан табар халде қалады деп ойлайсыз?
Егер «өз күнін өзі көрген» 3 миллионға жуық адамның үштен бірі құр патентін кеміріп қалды десек, тағы да 1 миллион адам жұмыссыздар армиясын толтырғаны сөзсіз. Ресми тіркелген жарты миллионға мына миллионды қоссаңыз, жұмыссыздардың ең төменгі мөлшерін анықтай аласыз. Ал оның жоғарғы мөлшері құрығанда 2 миллионнан кем түспейді. Ал бұл – Қазақстандағы жұмысқа жарамды (10 миллионның маңы) халықтың 20 пайызы болып шыға келмей ме?
Ендеше ресми статистиканың санындағы 5 пайыз жұмыссыз 2 миллион халықтың қолына су құя алмай қалады...
Ермұрат БАПИ
«Общественная позиция»(проект «DAT» №39 (310) от 12 ноября 2015 г).