Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 11669 0 пікір 1 Қараша, 2015 сағат 03:00

НҰРЛЫ ЖОЛ. ЖОЛДАУ ТУРАЛЫ НЕ АЙТЫЛЫП ЕДІ?

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында   «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың жүрігізілетінін мәлімдеген еді.  Осыған байланысты Президент Жолдауына үн қосқан қоғам және мемлекет қайраткерлері не деп еді. Оқырман талқысына ұсынып көрелік

Светлана ЖУМКИНА: Болашақ білімді ұрпақтың қолында!

Жолдауға өзек болған «Мәңгілік ел» идеясы кемел елдің білімді азаматын тәрбиелеуге қызмет етеді. Бұл туралы Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің директоры Светлана Жумкина былай деген болатын:

«Биылғы Елбасы Жолдауының білім саласы қызметкерлері үшін де орны ерекше болды. Президент дәстүрлі Жолдауында «Мәңгілік ел» қағидасына айрықша көңіл бөлуі тегін емес. «Нұрлы жол» даму бағыты аясында жастардың болашаққа деген сенімін айқындап, қажырлы еңбек ете отырып, келешекті кемел ету жолында жастардың үлесі зор екендігін баса айтты. Болашақта тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар отансүйгіш жастар ғана бар белесті бағындырары хақ. Біз ұстаздар қауымы әрдайым Көшбасшымыздың әр Жолдауынан тың серпін, жаңа бағыт-бағдар аламыз»,-дейді колледж директоры.

Елбасы Жолдауында білім саласында қордаланған мәселелерді көтерді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында Қазақстан кейбір ұстанымдарын қайта қарап, алдағы кезеңдегі Жоспарларына өзгерістер енгізуі керектігін айтты. Бұл туралы Абай Құнанбаев атындағы №5 мектеп-гимназия директоры Айжан Ашаева өз ойымен бөлісті.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында Қазақстанның білім саласына ерекше назар аударып келеді. Болашақ ұрпақ үшін заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, білімге қолжетімділікті кеңейту, білім сапасын арттыру Қазақстанның одан әрі қарыштап дамуына үлкен үлес қосады. Сонымен қатар апатты мектептер мәселесін шешу үшін Үкімет қосымша 70 млрд теңге бөлетін болды. Бұдан бөлек, Президент балабақшалардың жетіспеушілігіне де тоқталып, осы бағытта мектепке дейінгі мекемелердегі мәселелерді алдағы үш жылда шешуді жүктеді. Бұл үшін қосымша 20 млрд теңге бөлінбек»,-дейді білім қызметкері.

«Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, болашақтың тірегі жастардың білім саласында толыққанды білім алуына жағдай жасалып отыр. Осының барлығы Елбасының қамқорлығының арқасында», - деп қорытты директор.

Гүлмира ИСИНБАЕВА: «Нұрлы жол» – әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсартып, экономиканың өсуіне бағытталған деді

Жолдаудағы тек жолдарды салу тапсырмасы арқылы 200 мың отбасының әл-ауқаты жақсарады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингі барысында ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исинбаева айтты.

«Осы уақытқа дейін Жол картасы, моноқалаларды дамыту бағдарламасы іске асырылып отыр. Осы екі бағдарлама бойынша бүгінгі күнге дейін 300 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды. Ал, Жолдау бойынша, тек жол салу арқылы ғана 200 мың жұмыс орны ашылады. 200 мың адам ертең жұмыскер болса, осынша отбасының әл-ауқаты жақсарады деген сөз», - дейді Г.Исинбаева.

Сонымен қатар, халық қалаулысы өз сөзінде Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында білім және ғылым саласына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Бүгінгі күні әлеуметтік саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – мектептедің жаңадан салынуы. Апаттық жағдайдағы, үш ауысымды мектептердің орнына жаңасын салу өте маңызды жұмыс. Осы уақытқа дейін 204 мектеп апаттық жағдайда үш ауысыммен жұмыс істеп келді», - дейді ол.

Депутат үш жылдық мемлекеттік бюджеттің өзінде мектептер құрылысына тек 16 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті.

«16 млрд теңге, ол дегеніміз – 16 жаңа мектеп. Қажетті көрсеткіш 200-ді құрайды. Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа Жолдауға сәйкес, тек білім саласына 100 млрд теңге қосымша бөлінеді. Бұл деген – балалардың жағдайының жақсаруы, оқу сапасының артуы. Апаттық мектептер бала өміріне күнде қауіп төндіреді. Біз одан арыламыз. Жолдау әрбір қазақстандықтың жағдайын, тұрымысын жақсартуға, экономиканың өсуіне бағытталып отыр», - деп толықтырды Исимбекова өз ойын.

Қабиболла ЖАҚЫПОВ: Елбасы тарихи Жолдауда еліміздің жақын келешектегі даму бағытын айқындады

Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» тарихи Жолдауында еліміздің жақын келешектегі даму бағытын айқындады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

«Елбасы кеше «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Бұл ауқымды Жолдау, өйткені, онда өте үлкен жоспарлар белгіленіп, халыққа мемлекет тарапынан зор көмектер жасалмақ. Бюджеттен, Ұлттық қордан, шетелдік инвестициялардан экономиканы дамытуға, жол салуға, халықтың әлжуаз тобына, шағын және орта бизнесті қолдауға қомақты қаражат тартылмақшы. Барлығы 24 млрд доллар жұмсалады. Тарихи Жолдау, өйткені, Елбасы геосаяси жағдайға нақты баға берді, еліміздің жақын келешектегі даму бағытын айқындады. Осылайша, ел басшылығының Қазақстан тағдырына қатысты саяси жауапкершілікті алуға дайын екенін көрсетті», - дейді Қ.Жақыпов.

Палата төрағасының айтуынша, әлемдік экономикалық дағдарыс, алып державалардың санкциялық қақтығыстарының салдары, энергия тасымалдауларға бағаның құлдырауы, бірқатар көршілес елдердегі тұрақсыздық біздің еліміздегі ахуалға да жағымсыз әсер етеді. Өйткені, Президент атап өткендей, Қазақстан геосаяси шиеленістің эпицентріне жақын орналасқан.

«Мемлекет басшысы жақын жылдардың жаһандық сынақ уақытына айналатынын, сонымен қатар, бүкіл әлем архитектурасы өзгеріске ұшырайтынын алға тартты. Бұл кезеңнен кез келген мемлекет өте алмайды. Мұндай тарихи кезеңде Елбасы Қазақстанның тағдырына, қауіпсіздігіне, халқымыздың келешегіне алаңдамай тұра алмайды. Ел Президенті халыққа «Нұрлы жол» атты жаңа және біртұтас бағдарлама ұсынды», - дейді ол.

Жаңа экономикалық саясаттың өзегі жеті бағыт бойынша инфрақұрылымдық даму жоспары болып отыр. Көлік, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік-тұрғын үй инфрақұрылымдарын дамыту бойынша кешенді жұмыс межеленген. Сондай-ақ, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылу мен сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту да назардан тыс қалмайды.

«Елбасы айқындаған осы жеті бағыт бойынша бүгіннен бастап Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс жасап, жоспардың заңнамалық қамтылуына барлық жағдайды жасауымыз қажет. Бұл біздің міндет және жауапкершілік. Қазақстандықтар «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық бағдарламаны жан-жақты қолдайды деп сенемін», - деп қорытты Мәжіліс төрағасы өз сөзін.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында халыққа жолдау арнайтындығын жария етті. Биыл Жолдау аясында Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың жүрігізілетінін мәлімдеді. Осыған орай Президент Жолдауына үн қосып, арнайы El.kz үшін ой бөлісіп жатқан азаматтардың пікірлерін LIVE режимінде толықтырып отырамыз.

Алмас Тұртаев, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Президент Жолдауының күтпеген жерден болуы соншалықты маңыздылығын да көрсетіп отыр

Соңғы уақыттардағы әлемдік экономикалық ахуал, геосаяси дағдарыстар, шикізат ресурстарына әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі жаңа сынақтар мен жаңа экономикалық талаптармен беттестіріп отыр.

Күні кешегі Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік экономикалық ахуалдан туған азаматтарымыздың көкейлеріндегі сұрақтарға нақты жауап болды. Президент алдағы жылдарды жан-жақты экономикалық сараптай отырып, негізгі бағыттарды айқындап, Жаңа Экономикалық Саясатты жариялады.

Экономикалық сыни кезеңдерде банк секторына үнемі Мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан да болар, Мемлекет Басшысы шағын және орта бизнесті экономикамыздың күретамырына айналдыру мақсатындағы жұмыстарға жаңа қарқын бере отырып, кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу қажеттілігі баса айтылды.

Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытудың кешенді жоспары, индустриялық және энерегрикалық инфрақұрылымдарды дамытудағы мақсаттарымыз экономикамызлық қана емес сонымен қатар әлеуметтік те жаңа серпін берері сөзсіз.

Әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, баспана мәселесі және оның қатардағы азаматтарымызға, әсіресе жастарымызға қол жетімділігін қамтамасыз етуге байланысты Елбасы талаптарын ерекше жауапкершілікпен және толық орындалуы керек. Біз өз кезегімізде дайынбыз.

Президенттің 11 қарашадағы Жолдауы қаншалықты қарқынды және күтпеген жерден болса, атқарылатын жұмыстардың соншалықты маңыздылығын және аса жауапкершілікпен, жылдам, нәтижелі орындалуы керектігін көрсетіп отыр.

 

Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы:

Логистиканың жемісі – елсіз жатқан жерге қан жүгірді

Президенттің бір жылда екі рет өткізген Жолдауына таң қалып жатқандар көп. 2012 жылы да осылай бір жылда екі рет Жолдау арнаған болатын. Биыл да солай, есесіне 2013 жылы Жолдау болған жоқ. Мемлекет басшысы кеше «Нұрлы жол – болашаққа бағыт» келер жылға деп атап өтті. Әдеттегідей мұқият тыңдадық. Бұл жолы жалпылама емес, нақты басымдық беретін дүниеге ерекше тоқталды. Ол – жолдар мәселесі. Логистика – дамудың кепілі. Мысалы қытайтанушы бір ағамыз Дэн Сяопиннің билікке келген соң ең алдымен осы жол мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін айтады. Нәтижесінде қазір Қытай үлкен динамикамен дамыды. Логистиканың екі басты ерекшелігі бар. Біріншіден, ол – экономикалық табыстарға жол ашады. Кеше ғана ашылған Жезғазған – Бейнеу теміржолының бойында елді мекендер пайда бола бастағанын Президенттің өзі айтты. Демек бұрын елсіз жатқан жерге қан жүгірді. Сауда жасалады, алыс-беріс жүреді. Екіншіден, ішкі туризмнің дамуына жол ашады. Алматыда мен 10 жыл тұрып, керемет табиғаты бар Көлсайға бір-ақ рет барып, қайтадан аяқ аттап баспайтындай боп қайттым. Себебі жолы сын көтермейді. Суретін О.Бөкей салып беріп кеткен Катон-Қарағай деген сұлу жер бар. Бірақ жолы сұмдық. Әсіресе Алматыдан Өскеменге баратын жол. Бұл енді бірді-екілі мысал ғана. Үшіншіден, елдің ішкі бірлігін арттыруға да тікелей болмаса да септігі тиеді. Менің ұққаным осы.

Жас отбасылардың баспаналы болуына жәрдем ететін бағдарлама қабылдауды тапсырғанын да айтуымыз керек. Бұған дейін де жас отбасыларды баспанамен қамтуға қатысты бірнеше Үкіметтің бағдарламасы осындай Елбасының Жолдауларында айтылған. Әйтсе де баспана мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Кезекті бағдарлама жан-жақты зерттеліп барып жасалғаны дұрыс. Қазір жастардың жаппай қалаға ағылуына орай баспана мәселесі де қатар жүзеге асуы тиіс. Ал, нәтижесін алдағы жылдары көретін боламыз.

Саясат Нұрбек,  «Нұр Отан» қоғамдық саяси институтының директоры:

Елбасының биылғы Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталды

Биыл еліміз үшін басты жаңалық жыл сайынғы халықтың асыға күтетін Елбасы Жолдауының жылдағыдан ертерек болғандығы еді. Оның бірден-бір себебі, соңғы уақытта орын алған әлемдегі геосаяси қайшылықтардың себебінен туындаған экономикалық дағдарыстың жаңа қарқынмен үрдіс алуы. Елбасы айтқандай, экономикамыз қиын кезеңді бастан өткергелі отыр. Сондықтан, биылғы жолдау өзінің мерзімінен бұрын, бірінші рет «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысы аясында жолданды. Осы орайда, қай кезде болмасын, Президентіміз ел үшін ауыр кезеңдерде, қиыншылықтан шығу жолдарын ұсынып, жауапкершілікті өз мойнына алатындығын айта кеткен жөн.

Елбасының биылғы Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталды. Тарихқа үңілетін болсақ, экономика үшін ауыр кезеңдерде инфрақұрылымды дамыту, экономиканы жандандыру үшін ең тиімді құрал болып саналады. Мысал ретінде, әйгілі Американ Президенті Рузвельт: «Ұлы депрессия» кезінде инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іс-шараларын атап өтуге болады.

Президенттің Жолдауында еліміздің инфрақұрылымының әртүрлі салалары толығымен қамтылған. Яғни, бұл тек қана транспорт-логистикалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар, индустриалды-энергетикалық, тұрғын-үй және т.б. инфрақұрылымдар жүйелері болып отыр. Сондай-ақ, орта және шағын бизнесті қолдаудың арнайы іс-шаралары жайлы атап өтілді.

Еліміздің дамуы үшін аса маңызды мәселе, Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын жерүсті халықаралық дәліздеріне белсенді қатысуы болып табылады. Бұл тек қана, өнімдерімізді халықаралық нарықтарға тиімді жеткізу емес, сонымен қатар транзиттік тасымалдаудан түсетін төлемдердің ел пайдасына түсетіндігінде.

Елбасы Жолдауы әрқашан еліміз үшін маңызды мәселелерді қамтып келеді. Осы жылғы Жолдауда экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғаныменен, Президентіміз еліміздің рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Және де 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығы өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын, сондай-ақ, осы 2015 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70-жылдығы атап өтетіндігін айтты.

Елнұр Бейсенбаев, ҚКХП-ның Алматы қалалық комитетінің хатшысы:

Елбасының бұл жолдауы «Нұр Отан» партиясына сыйлық болды

Жолдаудағы ең негізгі дүние – бұл әрине Ұлттық қор қаражатының жұмсалуы. Менің ойымша, Ұлттық қордағы ақшаны жұмсау өте дұрыс шешім, себебі ол дәл осы дағдарыс жағдайына арналған. Қазір бүкіл әлем дағдарыс жағдайында және осы дағдарыс Қазақстанға әсер етпей қоймайды.

Шындап келгенде, бұл – дағдарыспен күрес емес, дағдарыстың алдын алу шарасы.

Менің көңілімнен шыққаны, Ұлттық қордан бөлінетін қаржының негізінен әлеуметтік мақсаттарға жұмсалуы: 200 мың жұмыс орнының ашылуы, тұрғын-үй, балабақша, жол салу және т.б.

Бастысы, сол бөлінген қаражаттың екінші деңгейлі банктер мен әкім-министрлер тарапынан талан-таражға түспесі болғаны.

Ағымдағы Жолдаудың басты ерекшелігі – бұл Елбасының «Нұр Отан» партиясына сыйлық жасады, себебі Жолдау – бұл партияның дайын сайлауалды бағдарламасы.

Руслан Желдібай, журналист:

Бұл Жолдауда Үкіметке нақты тапсырмалар берілді!

Президент Жолдауының уақытынан бұрын жариялануы бүгінгі геосаяси оқиғалардың экономикаға әсер етуімен байланысты болды деп санаймын. Ресей мен АҚШ, Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық өзара санкциялардың әсері қазірдің өзінде Ресейдің ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағасы тарихи рекордты орнатты. Бұл процесстер сөзсіз біздің мемлекетке де ықпал етеніні анық. Президент осы жайтты ерекше атап өтіп, алдағы ауыр экономикалық кезеңнің басталатынын айтты. Сондықтан, уақытылы әрекет етіп, экономиканың дамуын ұстап тұру үшін "Нұрлы Жол" экономикалық бағдарламасын ұсынды. Бұл Жолдау қысқа әрі нақты болғанын атап өту қажет. Яғни, Үкіметке анық тапсырмалар берілді. Ұлттық қордың қаражатын жұмсайтын уақыт келді деп Президент атап өтті. Жөн-ақ. Экономиканың осындай кезеңдерінде қаражатты инфрақұрылымға (темір, авто жол, электр желілері, жкх, газ құбырлары т.б.) салғаны міндетті түрде ақталады. Бұл - экономикалық заңдылық. 2008 жылы қаржылық дағдарыс кезеңінде Қытай дәл осындай жолды таңдаған болатын. Қателескен жоқ.

Әрине, көпшіліктің талқылауына біріншіден жаңа тұрғын үй бағдарламасы түскені анық. Себебі, бұл - еліміздің азаматтары үшін өте ауыр сұрақтың бірі. Соңғы әлеуметтік қақтығыстардың көпшілігі үй мәселесі бойынша болғанын ұмытпаған жөн. Жас отбасылардың 80 пайызында жеке баспанасы жоқ деген мәліметтің барын білеміз. Осыған дейін, жаңа ипотекалық бағдарлама қажет, оның пайызы төмен болуы тиіс деген ұсыныс көп айтылған болатын. Міне, енді жүзеге аспақ. Бұл азаматтардың баспаналы болуымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына алып келмек.

Ең бастысы бюджет, зейнетақы қорындағы қаражаттан бөлек, ұлттық қордағы ақша талан-таражға түспеуі керек. Үкіметтің бюджетті тиімді жұмсай алмай жатқандығын ескерсек, 25 млрд. доллардың бөлінуі – үлкен қауіп.

Меніңше, бізді қыруар жұмыс күтіп тұр. Егер, осы бағдарламаның да қағаз, сөз жүзінде айтылып, іске келгенде әдеттегідей кейін тартып тұрса, онда өзімізге қиын болмақ. Сондықтан, тек сөзден іске көшіп, нәтижесін күту қажет.

Арман Халбеков, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының Атқарушы хатшысы:

Кешегі жолдаудағы жастарға арналған 3 бағыт

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - Болашаққа бағыт» атты Жолдауындағы жастарға арналған негізгі 3 бағытқа тоқталғым келеді. Бірінші - білім мәселесі. Бүгінде дамыған елдердің барлығы осы білім саласына ұдайы инвестиция құйып келеді. Соның нәтижесінде, табиғи байлықсыз-ақ, олар өздерін әлемдік сахнада экономикасы жетілген, табысты мемлекеттер ретінде танытты. Елбасының білім саласына қыруар қаражаттың бөлінетінін және еліміздің беделді 10 ЖОО әлемдік стандартқа сай етіп жасақталатынын мәлім ету біздің дамыған ел болуға бағыт алғанымызды көрсетеді.

Екінші - ұлт аралық достық. Еліміздің бүгінгі әлемге үлгі болар тұсы бұл – ұлттар арасындағы татулық, осы жағдайларды жастарға ұғындыру керек екені айтылды. Менің ойымша, достық пен келісім болмаған жерде ешқандайда даму болмақ емес.

Үшінші, 2015 жылдан бастап жас отбасыларға бастапқы жарнасыз және төмен пайыздық көрсеткіште үйлер салуға 180 миллиард тенге қаражат бөлінетінін жеткізді. Өзімізге белгілі бүгінгі таңда жаңадан отбасын құрған жастардың бір жылдың ішінде үштен бірі ажырасып жатыр, әрине бұған көптеген мәселелер ықпал ететіні түсінікті, дегенменде кейбір мәліметтерге сәйкес, еліміздегі жалпы жас отбасылардың 80% жуығында жеке пәтер жоқтығын ескерсек, Елбасы, Н.Ә.Назарбаев жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі дүп басып айтты.

 Ерте жарияланған жолдау

Президенттің жыл басында, алдын ала хабарланып жасайтын дәстүрлі Жолдауы   ерте жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев мұның себебін дағдарыспен байланыстырды. Яғни, Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет 50 күн ішінде әзірленіп, жаңа жылдан бастап іске кірісуі керек. Президент бұл жолдауында Ұлттық қордан жыл сайын 3 миллиард доллар аударып, қыруар қаржы елдің әл-ауқатын жақсартуға жұмсалсын деді. Және халықты арзан баспанамен қамтуға уәде берді.

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019