Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 9694 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 15:30

X. КҮРДЕЛІ САЯСИ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ ЖАҢА РЕФОРМАНЫҢ ҚАЖЕТТІГІ

Жазушы, тарихшы, көсемсөзші Бейбіт Қойшыбаевтың "Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас" атты еңбегін жалғастырып беріп отырмыз. Басы мына сілтемелерде: http://abai.kz/post/view?id=4553;  http://abai.kz/post/view?id=4554;  http://abai.kz/post/view?id=4579; http://abai.kz/post/view?id=4589; http://abai.kz/post/view?id=5256   

 

Елдегі ішкі жағдайды біршама реттеп алғаннан кейін, Тәуке хан жоңғарлар ұстап әкеткен ұлын босатып алуға әрекеттенді. Далай-Лама оның тілегіне құлақ асып, баласын Тибеттен еліне қайтарған. Қасына бес жүз адам ілестірілді. Тәуке хан оларды өз діндерін уағыздау мақсатымен жіберілген буддашылар ретінде тұтқындап, қошеметшілерді басқарып келе жатқан нойонды өлімге бұйырған. Осы жәйтті жоңғарлар кейін қазақ хандығына тағы да бір жойқын шапқыншылық жасау үшін сылтау етті... 

Галдан Бошокту ханның көзі тірісінде іс жүзінде көтеріліспен билікке келген Сенге ұлы Цэван Рабдан бұл кезде Жоңғарияның ресми әміршісіне айналған. Содан 26 жыл ілгеріде оны тақ үміткері ретінде қуғындаған ағасы Галдан, әкесінің туған інісі  Галдан, қанша Шапағатты (Бошоқтұ) атанса да, Моңғолияны Шыңғыс хан секілді біріктіре алмады. Оның халха жеріндегі жеңілісінен кейін  Цин империясы шығыс Моңғолияны мүлдем жұтып қойды. Бұдан былай халханың тайпалық әкімшілік бірліктері манчжурлар өкіметінен талап түсісімен Ұлы дала жүйесіндегідей тәртіппен, әр он отбасынан бір жауынгерді күллі жарағымен цин-қытай әскері қатарына жіберіп, барлық шығынын көтеретін болды. Ал тәуелсіз ойраттар жерден, адамнан, материалдық игіліктен айрылып, қатты зардап шекті. Осындай жағдайда Цэван Рабдан қонтайшының алдына ауыр міндет тартылған – оған хандықты қайта жаңғыртып, нығайту керек еді.

Цин империясымен соғыс кезінде Шығыс Түркістан мен Жетісу Жоңғарияға ауылшаруашылық, қолөнер өнімдерін жіберіп тұру жөніндегі келісімшартпен көзделген міндеттерін бұзған, сондықтан ойраттардың жаңа әміршісіне бұл аймақтардағы саяси үстемдігін қайта қалпына келтіру қажеттігі туды. Сол себепті,  мемлекетіндегі ішкі жағдайды ретке келтірісімен,  қонтайшы 1698 жылы Шығыс Түркістанға қайта басып кірді. Бір жыл ішінде Қашқар, Жаркент секілді маңызды саяси орталықтарды бағындырып, өлкені екінші мәрте жаулап алды.  Сосын Еміл өзеніндегі ордасын жаңа орынға – Іле өзеніне, Құлжа қаласы аймағына ауыстырды. Ескі орданы Солтүстік-Шығыс Жоңғарияны басқаратын немере ағасына қалдырды. Хандықтың қуаты біртіндеп арта түсті. (1700 жылы қытай бодандығын қабылдағысы келмеген екі тайшымен он мың хошоуыт Жоңғарияға келді. 1701 жылы Еділ бойынан қазақ даласын кесіп өтетін Үлкен қалмақ жолымен Аюке ханның ұлдарының бірі, әкесімен ұрсысып қалғандықтан, өз ұлысын – 15–20 мың шаңырақты, яғни 60 мың жанды – көшіріп әкелді. Цеван Рабдан ұлысты ойрат өңірінде қалдырып, ұлын кешірім берген әкесіне қайтарған). Сондықтан қонтайшы Шығыс Түркістанға жасаған басқыншылық жорығын сол жылы-ақ қазақ хандығына қарай ұластырды.

Тәуке хан қосындары жақсы қаруланған дұшпанның жан-жақтан лек-легімен анталап ұмтылған күштерін тоқтата алмады. Жанқиярлықпен  соғысты, бірақ әбден қалжырады.  Шапқыншылық соғыстар үдей келе,  қазақтар біртіндеп Жетісудағы, Тарбағатайдағы, Ертіс бойындағы жайылымдарынан айрылды.  Ал Жоңғар әміршісі өзінің Қазақ хандығына қарсы соғыс ашқаны мәжбүрліктен болғанын айтып, үлкен көршілері (Қытай, Ресей) алдында ақталып жатты:   соғыстың басталуына «Далай-ламаның өкілдерін өлтірген», «Еділден  Жоңғарияға сапар шеккен Аюке ханның қызын (Цеван Рабдан қонтайшының қалыңдығын) тонаған», «Ресейден оралып келе жатқан жоңғар саудагерлерінің керуенін талан-таражға түсірген» «сатқын» Тәуке хан айыпты деп, цин императоры мен орыс патшасына елшіліктер жіберді. Мәскеуге адалдығын шегелеп көрсетті, адалдығына дәлел ретінде қазақ тұтқынынан босатылған орыстарды еліне қайтарғандығын хабарлады. Әрине мұнысы жәй ғана алдаусырату еді, мұндай ірі әскери жорықтар жоңғарлар тарапынан қазақ еліне дүркін-дүркін жасалды. Ал елдегі күйзелісті күшейте түскен ұсақ қақтығыстарда есеп жоқ-тын.

Қазақ елінің терістігін де тыныш деуге келмейтін еді. Бұл кезде Еділдегі Қалмақ хандығының күш-қуаты артып, шырқау биікке көтерілген. Тақта хандық мәртебені Тибеттегі Далай-ламадан алған Аюке отырған. Ол еліндегі жекелеген билеушілердің дербестенушілік пиғылдары мен әрекеттерін жеңіп,  Ресейге жартылай тәуелді мемлекет құрып алды.  Қалмақ хандығының басты міндеті орыс мемлекетінің оңтүстік шекарасын көшпенділерден, соның ішінде қазақтардан қорғау болатын. 1697 жылы I Петр патша Аюке ханға Ресейдің шығысын күзетуді ресми түрде міндеттеді. Қалмақтар Ресейдің  көптеген басқыншылық жорықтарына белсене қатысты. I Петрдің қолдауы арқасында заманауи қарулармен жабдықталған қалмақтың жауынгер жасақтары орыс армиясымен бірлесе соғысып, қазақтардың аралас-құралас туысы ноғайларды тас-талқан етті, атамекенінен қуды. Башқұрттарды да туып-өскен ежелгі жер-суынан ығыстыруға тырысты, Кавказ елдеріне де шабуылдар жасады, Ресейдің өзге соғыстарына да атсалысты. Әрәдік қазақ еліне де шабуыл жасап тұрды. Қазақтар  қалмақ иеленген мал жайылымдарына шығуға тырысатын, сондай себептермен осынау қос көшпенді көрші ел арасында қақтығыстар мен кезек шабуылдар да жиі-жиі орын алып тұрды. Әр сондай оқиға бір-бірінен мал барымталап, тұтқындар алуға, шайқастар салдарынан халықты қырып-жоюға ұласатын. Қысқасы, солтүстік-батыс жақ мазасыз еді.

Қауіпті мазасыздықты Еділ қалмақтарының алыс Жоңғар хандығынан әлдеқайда жақын жердегі, желкесіндегі қожасы болып отырған орыс мемлекеті астыртын үдетіп келе жатқан. Көшім хандығын жоюға жол салып бергелі казачество қанатын жая түскен. Ертістің бойына, Тобыл өзенінің сағасына таман, Сібір хандығы астанасының орнына 1587 жылы салынған Тобольск қаласы Жайық өзені мен Тынық мұхитқа дейін созылған Сібір губерниясының орталығына айналған. Тәуке хан оны орыс мемлекетінің Ібір-Сібірдегі басты әскери, саяси, әкімшілік және шіркеулік-діни кіндік қаласы деп білетін, кей елшіліктерін сонда жіберетін. (Патшалықтың шекарасын кеңейтіп, көшпенділер ішіне батыл сұғынып қана қоймай, қорғана да алу үшін және жаңа жерге тістесе бекуін нығайта түсу үшін Петр патша Ертіс бойын түгел игеруге кіріскен. 1716 жылы Ертіске Ом өзені құятын жерде Омбы, Ертіс бойына 1718 жылы Семей, 1720 жылы Ертіс пен Үлбі өзендерінің құйылысына Өскемен қамалдарын салдырды). Жалпы, Тәуке хан I Петр басқарған орыс мемлекетімен жүргізген саясатында  екі жақты байланыстарға, негізінен сауда және шекаралық істерге көңіл бөлді.  Орыс патшалығының Шығыс елдеріне баратын сауда жолдарының бір тармағы қазақ елі арқылы өтетіндіктен, қажет келіссөздер жүргізілді. Сауда керуендерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшерін белгілеу, сондай-ақ екі ел  шекарасы аймағындағы тұрғындар арасында ұшырасып қалатын әртүрлі дау-дамайлар, ірілі-ұсақты жанжалдар мен қақтығыстар өзара елшіліктер алмасу арқылы шешімін тауып тұрды. Тарихшылар Тәуке ханның елшілері Ресей мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды дамытуға белсенді түрде атсалысты деп қорытады. 17-ші ғасырдың соңында Тәуке хан орыс патшалығымен тең дәрежелі деңгейде қарым-қатынас жасады деп санайды. Егер әлдебір себептермен қазақ елшілігі Ресейде ұсталса немесе олардың жұмысына қандай да бір бөгет жасалса, Қазақ хандығы аумағындағы орыс елшілеріне де дәл сондай көзқарас көрсетілген. Бірде, шекаралық кикілжіңдерге байланысты, Тәуке ханның елшілері Ресейде тұтқынға алынды. Сонда Тәуке хан І Петрге хатында: «Ұрылар үшін елшіні қамауға алу дегенді Адам атадан бері осы уақытқа дейін ешбір құлақ естіп, көз көрмеген еді», – деген сөздермен реніш білдірген. Тәуелсіз қазақ хандығы әміршісінің орыс патшасына тең дәрежеде көрсеткен табандылығы арқасында қазақ елшілері босатылып, мәселе бейбіт жолмен  шешілді. Тәуке хан Ресей мемлекетімен ғана емес, өзге де көрші елдермен, әсіресе Бұхараны билеп отырған аштархандық әулетпен жүргізген қарым-қатынастарында екі арадағы даулы мәселелерді бейбіт түрде шешуге және сол елдермен бейбіт байланыстарын дамытуға зор мән беріп, күш салып келе жатқан.

Мұндай бейбіт қарым-қатынасты Жоңғар хандығымен жасау мүмкін болмай қалды.  Өйткені Цеван Рабдан қонтайшының мақсаты өзінің «Өмірдің берік те мықты билеушісі, қожайыны» сипатты мағына білдіретін есіміне сай, қазақ елінің ұлан-ғайыр аумағын өзіне бағындырып алу, сөйтіп, ойрат конфедерациясының шеткі бір пұшпағына – Еділ бойындағы қалмақ хандығының шекарасына шығу жолымен Шыңғыс хан тәрізді зор империя құру еді. Тәуке хан ойраттардың бір кездері қазаққа жақын халық болғанын жақсы білетін. Қазақтың кей руы өз атасын ойраттан бастайтын, жұрттың  едәуір бөлігінің этникалық түрі де сол ежелгі дұшпанына қатты ұқсайтын. Екі этносты да көшпенділер өркениеті біріктіретін, өмір салты ұқсас, тілдері де соншалықты алшақ емес, бейбіт жылдарда қара да, ақсүйек те қыз алысып, қыз берісіп жататын. Тәукенің өзі де ойратқа жиен еді, оның анасы ойраттың хошоуыт тайпасының әміршісі Күнделен тайшының қызы болатын. Алайда сондай туыстық тамырларға қарамастан, жауласа келген ойратпен енді қазақтың бірігуі мүмкін болмай қалған. Себебі, жер-суға таласу өз алдына,  оларды дін бөліп тұрған. Кезінде Галдан Бошокту мұсылман қазаққа өз иланымын – будда дінін шарт қойып таңғысы келсе, Цеван Рабдан мәселені бірден соғысып шешуге ұмтылды. Оның әскерлері қазақ сарбаздарының қорғаныс мақсатында жанкештілікпен жүргізген күрестерін еңсеріп, Жетісудың бір бөлігін басып алды, алдыңғы шептегі қосындары Сарысу өзеніне жетті.

Осындай саяси ахуал Тәуке ханды қатты ойландырды. Ол елдің бірлігі мен тыныштығын ойлап едәуір реформа жүрізген. Үш жүздің тыныс-тіршілігін әйгілі билер мен белгілі рубасы, ақсақалдар, өзінің бас адамдардан тағайындаған өкілдері және барша жұрт мойындаған, өмірде басшылыққа алған «Жеті жарғы»  арқылы реттеп отырған. Алайда жағдай күрделі күйге түскен еді. Ұлан-ғайыр Дала төсін мекендейтін халқын, бейбіт өмірден қол үзіп, соғыс жағдайында күйзеліп жатқан елін қорғау, айналасындағы қатер төндіре қоршаған жауға қарсы тұруды ұйымдастыру ісін Түркістандағы ордасынан басқару қиын болып бара жатқан. Қарт Тәуке, дана Тәуке, жұрты әспеттеген Әз Тәуке жалпақ елді басқару мәселесіне уақыт талабына сай жаңа реформа жасау қажеттігін зайыр түсінген...

(Жалғасы бар)

Бейбіт Қойшыбаев,

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329