Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Билік 4674 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 03:00

ОҚО: «ХҚКО» РМК ҚЫЗМЕТКЕРІ ТІЛДІ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛЫН АЙТТЫ

Қытайдың атақты философы Конфуций айтқан екен: «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді (түсіндірілмейді). Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды».

Қазақ тілінің маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейтуді сонау Алаш зиялыларынан бастап бір ғасырдан бері айтылып, жазылып келеді. Бірақ  ауыз толтырарлықтай нәтиже шықпады. Сол үшін де қазіргі күні тіл туралы мақала, ой-пікір халықтың психологиясын шаршатып та жіберді. Құр сөз екенін түсінді. Сондықтан бұл тақырыпта құр жыламсырап жазғанды жөн көрмей тіл саясатын дамытудың тетіктері жөнінде нақты ұсыныстарымды беріп отырмын. Енді тіл тақырыбында бәріміз тек ұсыныстар ғана жазып және оны орындауда өзіміз үлгі көрсете білейік.

ҰСЫНЫСТАР:

1.     Адамның табиғаты кез-келген жаста тілді үйреніп кетуге бейім екендігін қазіргі ғылым дәлелдеді. Бәлкім тілдің қадірін «егер осыдан маған тіл бітсе тіл атаулының бәрін үйреніп алар едім» дейтін мылқаулардан сұрап көру керек шығар. 20 жылда қазақ тілін үйрене алмаған Қазақстанның азаматтары мемлекеттік тілді құрметтемейтінін және үйренгісі келмейтінін ашық дәлелдегенін енді бұлтақтамай шындығын айтуымыз керек. Бұндай жағдайда қазақ тілін үйрету үшін 25-кадрды пайдалануымыз уақыт күттірмейді. Ақыры қазір бәрі кітап оқығаннан көріністі (кино, клип, мультфильм, бейнероликтер, т.б.) тамашалауға құштар ғой. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Бұндай тәсіл шетелдерде қолданып жатыр. Ол үшін 25-кадр арқылы үйретудің әдістемесін жасауымыз қажет. Бұл тәсіл арқылы екі айда тіл үйренуге болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Яғни тілді ең қысқа уақытта үйренудің жолы осы. Мұның кереметтігі тіл үйренуге барлық жағдайы бола тұрып үйренгісі келмейтіндерді де, қысқасы бұл көріністерді көрген адамның бәріне үйретіп жібереді. Бұл мәселеде бір мемлекеттің тілін сақтау үшін жеке адамның құқы дегенді ескеріп жатқан ешқандай мемлекет жоқ. Олардыкі дұрыс. Себебі жеке адамның құқынан гөрі ұлттың құқы жоғары тұрғаны дұрыс деп ойлаймын.

2.     Қазақ тілін үйрету үшін Тіл комитетінің жасаған дүниелері қазір 1 бөлмеге сиятындай болды. Сол дүниелерінің электрондық нұсқасы міндетті түрде бар. Соны ғаламторға енгізіп жіберсе болғаны. Әлемнің барлық түкпіріндегі адамдар қазақ тілін үйрену үшін кәдесіне асырар еді. Ғаламторда осы дүниелерін айналымға түсіріп отыратын бір веб-мастер әкімшісін ұстаса тіпті қатып кетер еді. Ғаламторға қазақ тілін үйрететін дайын тұрған барлық дүниелерді енгізер болсақ, қалтафонға да жүктеп алу мүмкіндігі туады. Яғни кез келген адам қалтафонына сөздік, т.б. жүктей алады.

3.     Қалтафонға* байланысты ұсыныстар. Қалтафон байланыс желілерінде қазақ тілін және орыс тілін пайдаланатындардың тізімі бар (Мысалыға мен қазақ тіліндегі қызметті таңдадым. Сол үшін маған Актив желісі хабарламаларын қазақ тілінде автоматты түрде жолдайды). Орыс тіліндегі қызметті пайдаланушыларға күніне бір рет күнделікті қолданатын қызықты қазақша сөздерді орысша түсініктемесімен жолдап отыру, т.б.;

4.     Қазақ тілін тезарада үйретудің төте жолдарының бірі ақпараттық-электрондық технологиялардың бағдарламаларын қазақ тіліне аудару. Солардың бірі қалтафонға арналған Mobile Tutor (мобильді үйретуші) бағдарламасын жасау; Lingvo Tutor-дың қазақша нұсқасын, мобильді қазақша тілашар (Mobile phrasebook) жасау;windows mobile-дың қазақша нұсқасын жасау; қысқасы мобильді Java бағдарламаларды қазақшалау; басқа да бағдарламарды пайдалана отырып (Skype, twitter, facebook, т.б. негізінде қазақша курстар ұйымдастыру) қазақша үйрету мүмкіндіктерін туғызу; Мылқаулар үшін қалтафонға арналған қазақ тілін үйрететін үш өлшемді анимациялық ым тілін жасау;

5.     Ғаламтордың дамуы оны қолданушылардың көптігімен өлшенеді. Ғаламтордың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып қазақ тілін үйрететін сайттарды көптеп ашу. Жоғарыдағы мүмкіндікті іске асырсақ, яғни Тіл комитеті шығарған түрлі еңбектерін жеке-жеке сайт етіп ашып тастауға да болады. Ғаламторда қазақ тілін үйретуге қызықтыратын сайттар көбейсе әлемнің түкпір түкпіріндегі қазақ тілін үйренгісі келген адамдар өздігінен үйрене береді. Қандастарымыз сенбеуі мүмкін, Қазақстан деген кең байтақ елдің тілін үйренгісі келіп жүрген шетелдіктер ғаламторда қаптап жүр. Осы мүмкіндік арқылы әлемдегі 6,5 млрд. (ғаламтор қолданушыларды ғана есептеуге болмайды. Себебі қазақ тілін үйренгісі келген шетел азаматы Қазақстанға келмей-ақ ғаламтордың көмегіне жүгінген әлдеқайда тиімді болады) адамның кемінде жүз мыңдағаны ғаламторға шығып тілімізді үйренері сөзсіз. Бұған ешкімнің дауы болмасын. Мысалыға, Қазақстанда бизнес жасағысы келіп жүрген қаншама шетелдіктер жүр қазақша үйренгісі келіп. Әрине олар Қазақстанның бизнес тілі орыс тілі екенін білмейді. Тек қазба байлықтарға бай ел екенімізді ғана біледі.

Жоғарыда аталған ұсыныстардың бәрі жаңалықтар емес әлемдік тәжірибеде қолданыста бар.

Ұсыныстарымды Альфонс Даудеттің«Соңғы сабақ»атты әйгілі хикаясынан үзінді келтіріп аяқтайын. Хикаяда жау қолында қалған елдегі мұғалім соңғы сабағын«Құлдықтан құтылудың жалғыз жолы ана тілімізді ұмытпау және қорғау»деп аяқтаған екен.

«ХҚКО» РМК ОҚО бойынша Ордабасы аудандық бөлімінің инспекторы К.Битуганов 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320