Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 6096 0 пікір 28 Қазан, 2015 сағат 13:13

ЕРДОҒАНҒА ДАУЫС БЕРМЕСЕҢ – ТОЗАҚҚА БАРАСЫҢ!


Кеше Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған  Түркиядағы парламент сайлауына 5 күн қалғанда елдегі оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдарын жауап тастаған.

Түркиялық www.bugun.com.tr сайтының мәліметтеріне сүйенсек, қазанның 27-і күні түрік Президентінің тікелей пәрменімен оппозициялық БАҚ холдингтеріне «Кайюм» жасалған. «Кайюм» – түрік тілінен аударғанда компания акцияларын күшпен "тартып алу" дегенді білдіреді. Оппозициялық CHP (Республикалық Халық партиясының)  өкілі Барыш Йаркадаштың айтуынша, «Коза Холдинг» пен «Ипек Медия» компанияларын ТР құқық қорғау органдары  ешбір негізсіз  «DJ Turk» желісінен және  «Turksat» спутнигінен шығарып тастаған.

Түркиялық www.aktifhaber.com сайтының таратқан мәліметтеріне сүйенсек,  бұл фирмалар осының алдында мемлекеттік тексерістен өткен және холдинг бухгалтериясынан ешбір кілтипан табылмаған.  Алайда Ердоған билігі  жеке меншік компанияның жағдайы жоғары деңгейде болуы мүмкін емес деген күмәнмен оппозициялық  2 телеарна, 2 газет және 3 радионың ақпарат тарату мүмкіндігін шектеген.   

Оппозициялық CHP (Республикалық Халық партиясының) өкілі Барыш Йаркадаштың  айтуынша, Президент және билік басындағы партияның жетекшісі – Ердоған аталмыш компанияның басшысына қоңырау шалып, Ердоған билігін сынап жазған Ерхан Басюрт, Адем Йавуз, Гүләй Гөктүрк, Ахмет Ташгетірен және Арслан есімді 5 журналисті жұмыстан шығаруды талап етеді. Алайда холдинг басшылығы Ердоғанның бұл тапсырмасын орындаудан  бас тартады. Осыдан кейін Президент Ердоған  аталмыш екі холдингті Түркия территориясы аумағында ақпарат тарату мүмкіндігінен шектеу туралы шешім шығарған.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның авторитарлық жүйеге бағытталған демократиялық тәсілі туралы осыған дейін де жазған болатынбыз. Жалпы Түркияда сайлау өте тартысты өтетіндігімен елдің назарын аудартатыны рас. Өйткені партия көп,  саяси талас-тартыс ушығып кеткен.  Алайда соңғы кездері Ердоғанның дінді саясатқа айналдыруы елдегі демократиялық принциптерге қайшылық келтіргені рас. 

Ал елдегі оппозициялық CHP, МHP  партияларының жетекшілері Ердоғанның  альтернативті БАҚ-ты толықтай жауып тастауы – өзге де партия кандидаттарының құқығын шектегені деп есептейді.

Ердоған басшылық ететін  Әділет және даму партиясы билік құрған соңғы оншақты жылда халықтың  түсіне де кір­мейтін экономикалық өсуге қол жеткізгені рас. Дегенмен,  дәл осы Ердоған билігі кейбір көршілері армандай да алмайтын дә­­режеде секуляризм (кемализм) не­гізінде құрылған республикада за­йыр­лы тұрғындардың наразылығын ескерместен саяси ислам принциптерін орнықтыра бастады.

Ердоған авторитаризмі қазіргі билік басындағы Әділет және даму партиясы (АК партия) өкілдері ішінен алауыздық тудыра бастаған. Түркиялық БАҚ таратқан мәліметтерге сүйенсек, партияның негізін қалаған экс-президент Абуллах Гүл билікті тартып алған Ердоғанға өкпелі. 

Сонымен сайлау алдындағы  Ердоғанның диктаторлық әрекеттеріне қайта оралайық. Ердоған өз билігін сақтап қалу үшін қандай әрекеттер жасады?

Антидемократияның түркиялық тәсілі немесе Ердоған авторитаризмі туралы...

Соңғы бес-алты жыл ішінде «Ер­до­ған үкіметін астыртын түрде секулярист интеллигенцияның қолдауымен төңкеріп тастамақ болды» деп айыпталған 200-ден астам жоғары лауазымды әскери басшы мен қызметкер қамауға алды. «Ергенекон ісі» аталып кеткен осы қылмыстық істің аясында 100-ге тар­та журналист «терроризмді на­си­­­хаттағаны үшін» және түрмеге жа­пты. Түркия үкіметі ха­лық­аралық ұйым­дардың бағалауы бойынша интернет пен баспасөз ер­кіндігін шектеді. Өткен жылдың желтоқсанында Түркияны дүр сілкіндірген «Жемқорлық операциясы» мен белгілі теолог Фетхуллах Гүленмен айқасы. Айтпақшы, Ердоған  әуелде кең тараған бір конспирация бойынша  теолог Фетхуллаһ Гүленнің мү­риді ретінде сипатталған. Кейін күтпеген жерден қас дұшпанға айналып, Гүлен ізбасарлары қуғындауға ұшырады. Twitter  мен Youtube желілеріне былтырдан бастап тосқауылдар қойылды.  Ердоған мен баласы Біләлдің арасындағы телефон арқылы байланыс пен Ахмет Давутоглуның  кабинетіндегі тыңдау құрылғысының табылуы т.с.с. Қысқасы Ердоған партиясының беделін түсіретін жағдайлар соңғы уақыттары жиілеп кеткен. Түркиялық www.bugun.com.tr, www.samanyoluhaber.com, www.aktifhaber.com сайттарының жазуынша Ердоған партиясының осы Парламенттік сайлаудағы жеңіске жету коэфиценті өте төмен болған. Сонымен қатар, «Жемқорлық операциясы» кезіндегі бұлтартпас дәлелдер  Ердоғанның билік басында қалуына ешбір мүмкіндік бермейтін болғандықтан, ол оппозицияға  ашық қысым жасауға көшкен.  Тіпті түркиялық журналист Фатих Ортакал өзінің бағдарламасында Әділет және даму партиясы (АК партия) өкілдері «Ақ партияға дауыс бермегендер – жаһаннамдық!» деген үндеуін сынға алған. 2013 жылғы Президент сайлауы кезінде Ердоған партияластары «Президент Ердоған – пайғамбар!» деген болатын.  

Ал Түркия Президенті Ердоғанның антидемократиялық әрекетері мен оппозициялық БАҚ-ты жауап тастағанына Еуропа журналистер одағы наразылық танытуда. Сонымен қатар, Еуропарламент төрағасы Мартин Шюльз мырза Түркиядағы қос бірдей холдингтің заңсыз жабылғандығын негізге ала отырып, Ердоғанның бұл әрекетін Нигериядағы диктаторлық режиммен салыстырған.

Ердоған мен оның партиясы өз электораттарын уысынан шыға бастағаны рас. Бұл Ердоған авторитаризмінің бір көрінісі. Ашықтық. Сонымен, оппозицияны бір жолата ығыстырған Ердоған партиясы  біржола үстемдік орната ма, әлде әскер мен әлеуметтік желіге сүйенген секуляристер заң аясында өз бостандықтарын қорғап қала ма, ол арасын болжап білу және қиын.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021