Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 16609 0 пікір 21 Қазан, 2015 сағат 10:12

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

Бүгінгі  XXI ғасырдағы әлем картасындағы тәуелсіз мемлекеттер қатарында Қазақстанның алар орны ерекше. Ол әлемдегі территориясы жағынан алып мемлекеттер қатарында алғашқы ондыққа кіреді.

 

Ел территориясындағы қазба-байлықтар да жетерлік. Мұның барлығы қазіргі таңда еліміздің тәуелсіздігінің бекіп, мәңгілік мемлекет болуына бірден-бір жағдай жасауда. Осынша байлық иесінің қазақ екені де даусыз, оған ешкім де күмәнданбайды. Көне заманнан бүгінге дейін қазақ халқы Еділ мен Алтай аралығында көшіп-қонып, талай арпалыс заманды өткізіп, өзіне мәңгілік атамекен жасады. Асанқайғы іздеген қазақ үшін жерұйық та осы жер болды. Әрине, тарихта ұлан-байтақ жерімізді мекен еткен қаншама тайпа мен ұлттың болғаны белгілі. Әйтсе де, олардың базбіреулері өз дамуларында өзге мықтыларына қосылып, түпкі негізін жоғалтты. Өзгелері алып империялардың құрамына кірді, мемлекеттілігі жойылды, олардың мәдениетін қабылдады, аз ұлттың тілі, діні және ділі жоғалды. Ал қазақ ұлттық ерекшелігін ғана емес, сонымен бірге тілін, салт-дәстүрін, атамекенін  сақтап, жаңа ғасырда  тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қауымдастық қатарынан лайықты орнын алды. Бұл арада сөз жоқ, біз көршілес алып елдердің жүргізген саясатын жиі еске алып, жүріп өткен жолдарымыздан  үнемі тағылым алуға міндеттіміз. Өйткені, олар өз дамуында талай ұлтты өзіне сіңірді, мемлекеттерін жоқ қылды, оларға дегендерін жасатты. Көп алысқа бармай, кешегі аты алысқа жеткен Қазан, Астрахан, Сібір хандықтары, Ноғай ордасы, Жоңғар мемлекеті тарихына назар аударсақ жетіп жатыр. Оларды көршілес алып империялық елдер өздеріне түкпілікті қосып алды. Осынша мемлекеттермен көршілес тұрған қазақтарды не құтқарды? Біздіңше, ұлан-байтақ территорияны мекендеген сонау сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, ұлы иозы, аландардан бастауын алатын кейінгі Алтын Орданың негізін құраған қыпшақтарды, олардың жалғасы қазақтарды қандай қиын-қыстау заманда да ішкі ұлттық бірлік, өзара сенім, тағдыр тұтастығы сақтай білді. Алтайдан Еділге дейінгі аралықта түбі бір түркі тілдес халықтар орнықты, олар шаруашылық, мәдени, тілдік ұқсастықтарын сақтап қана қоймай оны дамыта түсті. Моңғолдар шапқыншылығы да ішкі тұтастыққа түбегейлі бетбұрыс әкеле алмады. Жошы ұлысы, Ақ орда, Өзбек ұлысы, сайып келгенде, Қазақ атауымен алғаш рет пайда болған хандықтың құрылуына ықпалын тигізді. 1465 жылы құрылған Қазақ хандығы ұзақ жылғы табиғи дамудың заңды нәтижесі болды.  Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Ал Қазақ мемлекеті, қазақ ұлты Жошы ұлы­сының әскери сол қанаты, Ақ Орда дәуі­рінде «Алаш Елі», билеушісі Орыс хан – «Алаш хан» атанды. «Алаш» атауы қазақ атауының тікелей баламасы. Бұл мен аш­­қан жаңалық емес, оны Қадырғали Жа­­лайыр, Ш.Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Кө­пеевтер әлдеқашан айтып кеткен. Бұл туралы парсы, моңғол, орыс деректерінде жет­кілікті материалдар бар. Бірақ Қазақ хандығы қазақ мемлекеттілігінің бастауы да, соң­­­ғысы да емес. Сақ, Үйсін дәуірінен бас­тап, бүгінге дейін өсіп-өніп келген ди­на­микалық құ­былыс», - деп түйіндейді (MINBER Ұлттық интернет газеті. -2013. -2 наурыз). Сонымен 550 жылдығын атап отырған Қазақ хандығы қайнар бастауын бүгінгі Қазақстан территориясын сонау көне заманнан көшіп қонып, тұрақты мекенге айналдырған тайпалардан, олар құраған мемлекеттерден алады.

Жер бетіндегі барша халықтардай қазақтар да өз дамуында табиғат сырын терең меңгеруімен қатар, оның заңдылықтарын игерді. Содан барып  ел болудың, оны басқарудың өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырды. Біздіңше, оның бастамасы ортағасырлық түркілердің мемлекеттік институттарынан,  Алтын Орданың әскери басқару жүйесінен алынды.  Ұлы даланы басқарудың ғасырлар бойы қалыптасқан жүйесін пайдалана отырып, қазақтар бұрыннан қалыптасқан  аталық дәстүрді жаңғыртты. Соның нәтижесінде жеті аталық басқару үрдісі ұрпақтар санасына сіңірілді. Міне, осы үрдіс қазақ қоғамындағы мемлекеттік құрылымның өзіндік ерекшеліктерін қалыптастырды. Сайып келгенде, басқарудың жеті сатысы – ауыл, ата аймақ, ру, арыс, ұлыс, жүз, хандық қазақ өміріне берік орнықты. Бір кезеңде ең жақын, қандас туыстардан тұратын ауылдың жеті атаға дейінгі бауырлары құрайтын бірнеше ауылдарымен қосылып ата аймақ, содан он үш, он бес ата аймақ бірігіп біртұтас руды, олар көбейіп арысты құрады. Оларды ауыл басы, ақсақал, ұлыс басы басқарды. Кейін үлкен рулар ұлысқа, бірнеше ұлыс жүзге бірікті. Арысқа сұлтандар, жүзге хандар жауап берді. Соңында  барлығы  біртұтас хандықта жинақталып, олардың өкілдері қатысқан арнайы шақырылған Құрылтайда Ұлы қағанды немесе Ұлы ханды сайлады. Ел сайлаған қаған немесе хан көне түріктердің ескерткіштерінде бірін-бірі толықтырып лайықты орын алды. Елбасын көктүріктер, ұйғырлар, хазарлар, аварлар, түргештер қаған, бұлғарлар, куман-қыпшақтар, пешенектар хан атаған.  Осылайша төменнен жоғарыға қарай басқару жүйесін сақтаған Қазақ хандығы дала демократиясының сара жолын жалғастырды. Хандықтың ірге тасын аталастар құраған рулар, олар біріккен жүздер құрады.  Мұны ескерген Құрбанғали Халид: «Қазақияның негізі – үш жүз» - деп анықтаған-ды (Халид Қ. Тауарих Хамса, 50 б.).  Қазақ шежірелерінің де қазақ жүздерінің негізгі бастауларын бір атадан іздеуінің өзі ішкі тұтастықты білдіреді. 1876 жылы Меккеден Құнанбай, Мырқы, Досжан  хазіреттер алып келген шежіреде Қазақ-Алаштан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстың, Мұса Шорманов жасаған шежіреде қазақтың түп атасы Құтаннан Ақжол, Алшын, Үйсіннің, Ұлы жүз шежіресіндегі Алаша ханнан Байшора, Жаншора, Қарашораның  жан-жаққа тарауы үш жүздің ірге тасының қалану жолдарын айғақтайды. Бүгінге дейін қазақ рулары осы аталардан өрбіп, өсіп-өніп оны ұрпақтан-ұрпаққа таратты. Белгілі ғалым Ж.Артықбаев: «Рулық қатынастардың қалыпты жүйесі - қазақтың қоғамдық тәртібінің, әкімшілік жүйесінің, этно-әлеуметтік өмірінің ірге тасы. Қазақ ұғымындағы ру - тек генеалогиялық қатынастардың алғы шарты ғана емес, ол - тарихи құбылыс. XVIII ғ. қазақ ішінде кең тараған аңыз-әңгімелер қазақ руларының барлығын бір ортақ бастаудан шығарады. Оның бір айғағы әр түрлі деректерде қазақтардың «алаш ұлысы» атануы», - деп қорытады (Артықбаев Ж.О. Қоғам және этнос, 157 б.).

Соңғы кезеңде баспасөз беттерінде «Тағы бір ақтаңдақ: қазақ тарихшылары «жүз» туралы қате пікір айтып жүр. Қазақта ежелден «жүз»  болмаған, қайта «жүздік» сарбаздар болған. «Жүз» атауы 1803 жылы пайда болыпты. Ол кезде барлық қазақтың басында Тәуке хан тұрады. Ел атауы «Үлкен орда, Орта орда, Кіші орда» деп аталады. Яғни, үшеуі – үш мемлекет. Бірақ үшеуі де Тәуке ханға қызмет көрсету үшін, жыл сайын жүздік әскер салығын беріп отырған. Демек, «жүз» атауы осылай пайда болады. 1803 жылы Бөкей ордасы құрылып, шенеуніктер Санк-Петербургке хат жазыпты. Сонда патшағa қазақ халқын ұсақтап көрсету үшін, оның мемлекетін мойындамай, «Орда» деген атауды «жүздікпен»   ауыстырып жазады. Міне, бізге «жүз» атауы осылай келіпті. Мен бұл сөзді мұрағаттардан тапқан деректерге сүйеніп айтып отырмын» деген пікірлер насихаттала бастады (Насенов Б. Қазақта жүз болмаған // Насенов Б. ХҮІІІ том-ХХХІІІ кітап, 11 б.).  Сонымен қазақта жүздер болмаған ба, болса, қандай дәлелдер бар?

Алдымен, тарихшы ғалымдарға таныс Қадырғали би 1602 жылғы еңбегінде «Алаш мыңының»  үш ірі санға, яғни үш жүзге бөлінетінін жазғанын алға тартамыз (Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның Жылнамалар жинағы, 44 б.). 1910 жылы Құрбанғали Халид: «Қазақ үш жүзге шамамен 1300-1400 жылдары бөлінгені байқалады. Ал «Мустафадул-Ахбарда» бұлай бөлінуі 1680 жылдары деп автор тексермей, анығына жетпей жазып жіберген. Қазақ нассабшылары жүз, екі жүз жылғы істерге таласып отырмайды. Уақиға мың жылдан бері болса да, ішінде жүргендей біле береді. Үш жүзге бөлінуі мыңнан ары, тіпті қазақ атауынан да көне екеніне ишарат етсе керек»,  дей келе «Қазақтың үш жүз аталуы Жәнібек ханнан басталатынын» анықтайды. Автор  IХ ғасырдағы ат-Табари, Жүсіп Баласағұнидан бастап, ХХ ғасырға дейінгі аралықтағы еңбектерге арқа сүйеген. Зерттеуші «Үш жүздің жоғарыдағы жазылған хикаялардан байқағанда үш ұлдың аты екендігі, болмаса оларды үшке бөлгенде әкімдеріне берілген мансаптың аталуы екендігі тарихи шындық. Ресейде аға сұлтан, Қытайда уаң, күң сияқты, арабша жүз дегені – бөлшек, топ мағанасында айтылуы ақылға сияды», - деген тоқтамға келеді(Халид Қ. Тауарих Хамса, 66, 234 б.).   1762 жылы жазылған Қытайдың «Сиюй ту чжи» немесе «Батыс өлке карталары мен сипаттамалары» атты тарихи шығармасында «Бастапқыда Абылай хан Чуньдэнаға: «Жоңғарлардың төрт ойраттан құралғаны сияқты, біздің қазақтар да өз ішінен үш жүзге бөлінеді. Соның ішінде Орта жүзді мен басқарамын. Бұдан басқа Ұлы жүз бен Кіші жүз деген екі жүз бар, ол елді менің туысқан бауырларым билейді. Олармен барыс-келіс, ортақ мәмілеге келіп отырамыз» деп таныстырған еді», - деген жолдар бар  (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. І т., 219 б.).  Бұл пікірлерді 1756 жылы қайтыс болған Қазыбек бидің қызы Мәңкенің жоқтауындағы «Үш жүздің ұлы жиналса, Алдыңнан кеңес тарқаған»,  1847 жылғы Сүйінбай мен Қатағанның айтысындағы өлең жолдары дәлелдей түседі. Сүйінбай ақын қырғыздың манабы Орманханның шешесіне берген асындағы Қатағанмен айтысында тұтас үш жүздің бірлігі мен тірлігін, олардың құрамын және территориялық орналасу жағдайын жете талдауы жүз атауының қазақпен бірге жасап келе жатқанын дәлелдейді. Бұл арада Ш.Уәлихановтың кезінде орыс зерттеушілері Риттер мен Георгидің Ұлы жүзді буруттарға (қырғыздарға) қосып, оны Орта және Кіші жүздерден бөлуін сынға алып,  «Қырғыз-қайсақ ордасының Ұлы, Орта және Кіші жүздері біртұтас қазақ халқын құрайды» деп дәлелдеуін ерекше атап өткен жөн (Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов (ХІХ –начало ХХв.). 2-ое изд. доп. Астана, 2007, с.19.].

1731 жылы қазақтармен келіссөзге келген А.И.Тевкелев табын Бөкенбай батырдан қазақтардың Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып үшке бөлінетінін естіп, жазып алғанымен, оны Үлкен орда, Орта орда, Кіші орда деп өзгертіп өз жазбасына енгізеді (КРО І, с.62.). Міне, осыдан бастап орыс шенеуніктері өздері таныған  Қырғыз-қайсақ ордасын үшке бөліп, Үлкен орда, Орта орда, Кіші орда атауын түкпілікті енгізеді.

Тарихшы Зардыхан Қинаят: «Қазақ жүздерін «Әскери жүздік» немесе «Үш орда» деп тарихи ойды тығырыққа тіреген – тағы да орыс тілді әдебиеттер. Қазақ жүздерінің тарихын әскери жүздік (сотня) немесе қазақ шежірелері сияқты сан жеткісіз аталықтардан іздеу - тарихты адастыратын жол. Орыстың «сотня» дегені – ежелгі түркілердің «Juz» сөзін орысшалаған механикалық аудармасы. Ал түркілердің «Juz», қазақтардың «жүз» сөздерінің нақты мағынасы – цифрлық жүз (100) емес, бағыт-бағдарды білдіретін («ортақ жатқан Үйсінім, Дулатым тағы бар, ары барсақ, Қыпшағым» деген сияқты) ұғым», - деп қорытады (Аңыз адам. -2012. №24, 30 б.).

Сонымен біртұтас Қазақ хандығы үш жүзден құралды. Жүз ұлан-байтақ территорияны түркі заманынан бұрын қалыптасқан ел басқарудағы әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерді үйлестіретін, кең-байтақ жерлерін табиғи-географиялық ерекшеліктеріне қарай үшке бөлінген бірлестік болды. Оның әр бөлігін қазақтар «жүз» атаған. Табиғаттың заңдылығына сәйкес, оларды шығыстан батысқа қарай санаған: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Бұлайша бөліністің басты мақсаты өзара байланысты реттеу, ішкі біртұтастықты сақтау жолындағы іс-әрекеттерді үйлестіру еді. Жүздер жеке хандар арқылы басқарылады. Олар ел сеніміне ие болған Бас ханға бағынады.

Қазақ хандығының негізгі тірегі саналған ата аймақты, рулардың бөлімдерін  ақсақалдар басқарады. Ақсақал дегеніміз - ауылдың үлкені ғана емес, оның көрген-білгені көп, айналасына айтары бар, көпшілікті бастай алатын, елдің данагөйі. Оның өзін де руластары сайлайтын. Қазақ тарихының білгірі Х.Досмұхамедов: «Ел билеген ақсақалдар да елдің тілегін тілеп, елдің жоқшысы болды. Ақсақал болу, би болудың өзі елдің сайлауынан болғандықтан, бұлар елден бөлініп кете алмайтын», - деген болатын (Досмұхамедұлы Х. Исатай-Махамбет. Алматы, 1991, 44 б.]. «Дала уәлаяты» газетінде жарық көрген мақалада «Бұрынғы уақытта қазақ арасында көптен келе жатқан құрметті адамдар билік айтады екен. Әр тұқымның, руының өз алдарына ақсақалдары болады екен, ақылшы басшы болып жүретін» дей келе,  олардың білімді, ақылды, әділетті, қазақтың әдет, рәсімдерін тегіс білуі, әр жұмысты қара қылды қақ жарып, орнына келтіруі тиістілігін алғашқы орынға қояды. Ақсақалдардың қадір-қасиетіне шексіз сенген халық оларды би сайлады. Міне, осы ақсақалдар мен билер қазақ руларын басқарумен қатар, ел ішіндегі дау-дамайларды шешті, олардың шешіміне хандар да қарсы келмеген. Өйткені «Жеті жарғы» заңында «дауды шешу билер мен ақсақалдарға жүктеледі», «билерге билік айтқаны үшін кесілген малдың оннан бірі тиісілі» деп анық жазылған. Бұған қоса,  хандық билікті қалың көпшілікпен ақсақалдар мен билер байланыстырды. Яғни, олардың қолында күллі қара қазақтың тағдыры жатты. Қазақ ерекшелігін ескерген «Жеті жарғы» ел тұтастығын сақтау мақсатында «хандар мен сұлтандар, ақсақалдар мен рубасылар жыл сайын күздің күні даланың орта кіндігіне құрылтайға жиналып, халық мәселелерін талқылауы тиіс» дегенді орнықтырды. Қазақ қоғамындағы осындай ішкі бірлікті терең сезінген Шоқан Уәлиханов: «Жүз бен жүздің, жүз ішіндегі рулардың бір-бірімен арасындағы қатынас нағыз тығыз туысқандыққа сәйкес, ал рулардың өз жүзіне деген қатынасы баланың әкеге қатынасындай, ал жүздің аға руына жиеннің нағашыға қатынасындай», - деп сипаттады (Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч. ІІ т., с.148.). Сайып келгенде дала демократиясы жоғары билікті халықпен санасуға мәжбүр етті. Өз кезегінде рулар ішкі тәртіпті сақтауға, өзара қарым-қатынасты жүзеге асыруға жауапты болды. XVIII ғасырдың алғашқы жартысында А.И.Тевкелев: Кіші орда (деректе солай -Ә.М.) тек алшын тайпасынан тұрады, ал «алшын екіге, яғни қаракесек пен байұлына бөлінеді», ал ұсақ жеті руды Тәуке хан бір топқа біріктіріп, алшынға қосқан», - деп анықтап, олардың бір атаға немесе орталыққа біріккенін дәлелдеген болатын (КРО І, с.406.).  Қазақ тарихындағы Төле, Қазыбек, Әйтеке билер тұтастай ел тұтқасына айналар жолда, алдымен, өз аталастары алдындағы тәлім-тәрбиеден, кейін уақыт сынынан өтті. Соның арқасында қазақ билері дала демократиясының  негізгі кіндігіне айналды. Қазақ шежіресіндегі Сырым батырдың ұлт-азаттық күрес бастауында беделді Кіші жүз билері Қаракөбек, Алдар, Шойтас, Итемген, Тұрмамбет, Барақ  билерге келіп  ақылдасуы билер кеңесінің маңыздылығын айғақтайды. Билердің өз аталастары арасындағы  қадір-қасиеті көпшілік сеніміне ұласты, араға уақыт сала ел құрметіне бөлентті. XIX ғасырдағы орыс шенеунігі д Андре билер тарихын зерттеп, олардың беделі сұлтандарға қарағанда жоғары дей келе, билігі байлығында емес, керісінше,   әділеттілігіне сенген халық сенімінде екенін таңдана жазған-ды. Сөйтіп тарихымызда ақсақалдар институтынан бастау алатын билер институты мықтап орнықты. Шыңғыс хан заманындағы Майқы биден  бастап билер «хан атаулының қазығы, қара бұқараның азығы» бола білді. XVII ғасырда өмір сүрген Махмұд ибн Уәли өзінің «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» атты еңбегінде «Жоғарғы мәртебелі әмірлер мен елге сыйлы, пендәуи тірліктен азат адамдардың» барлығын би деп  анықтаған-ды. Қарапайым халық ортасынан шығып, хандарды аузына қаратқан олар ішкі тұтастық пен бірліктің кепілі болды. Ежелгі түркі дәуірінен бастауын алатын «бек», кейін «би» сөздері басқару, билеу, билік ету ұғымдарын білдірген. Ш.Уәлихановтың өзі «би» сөзінің негізгі мағынасы «сотты» білдіретінін атап көрсеткен-ді (Оразбаева А. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты, 55-57 б.). Аттары аңызға айналған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің төрелігіне бас иген Қазақ хандығы XVII – XVIII ғасырлардағы аласапыран кезеңде ел бірлігін сақтады. 1753 жылы 11 наурызда орыс үкіметі Қазыбек бидің бүкіл Орта жүздегі ең басты би болып табылатынын, оған Әбілмәмбет ханның, Абылай ханның, басқа да ұлыстардың сұлтандары мен ел ағаларының әрқашанда келіп, әртүрлі ке­ңес­тер алатынын, тіпті Қазыбек бидің келі­сі­мін­сіз Орта жүзде бірде-бір маңызды мә­селе ше­шіл­мейтінін анықтайды (КРО І, с.648]. Тарихта билер сотының да атқарған маңызды қызметтері белгілі. Бір ғана Әбілқайыр ханның өліміне байланысты ұйымдастырылған билер соты шешімінің өзі түбінде ел бірлігін сақтауға бағытталды. Қазақ билері сот істерімен қатар елдің саяси-дипломатиялық, әкімшілік мәселелерін шешуде де сүбелі рөл атқарды.

XVIII ғасырдың ерекшелігі қазақ билерінің өзге елдермен тікелей байланысқа шығуы деуімізге болады. 1744-1745 жылдары Қазыбек би екі рет Орынбор әкімшілігіне хат жолдайды (РФ ОРОММ 3 қ., 1 т., 8 іс, 110-113 п.). Мұндай байланыстарды кезінде Төле биде пайдаланған-ды. Басты мақсат жоңғар шапқыншылығынан қорғану болатын. Дегенмен осындай хат алмасулар кейінірек жаппай дәстүрге айналады. Оны орыс саясаткерлері кеңірек қолдап, дәстүрлі басқару жүйесін әлсіретуге, билерді хандарға қарсы қоюға пайдаланады.

Билердің адами және мемлекетаралық қарым-қатынастағы шеберлігі қазақ елінің сыртқы саясатында айқын көрініс тапты. 1755-1799 жылдары Қытай патшасына жіберілген 26 қазақ елшілігінe 9 беделді билер бас болған. Олар  Өміртай, Досай, Құттыбай, Мамық, Байтұрған, Отаршы, Бұқар жырау баласы Жарылғап,  Қаратоқа билер. Солардың ішінен Байтұрған би 1764 жылы Қытайға қарсы одақтас іздеген Абылай хан атынан Ауғанстанға да аттанған-ды (Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам. Қарағанды, 1995, 263-266 б.). Қытайлықтар  83 жастағы Төле бидің құзыретін Жолбарыс ханның ұлы Әбіліз ханмен салыстырып,  «Батыс бөлік қазақтар мен Ташкент жеріндегі басқару ісінің барлығы Төле бидің құзырында екен, өзге қолбасшылар мен бұқаралардың барлығы Төле бидің билігіне бойсұнады екен» деген қорытынды шығарғаны бар  (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ т., 56, 60 б.).

Мұның өзі билер институтының хандық басқару жүйесінде хан, сұлтандар тәрізді әлеуметтік топтардан кейін орналасқанымен, ел ішіндегі салмағы жағынан олардан кем түспегенін айғақтайды. Олар елдің темір қазығы болды.

Қазақ қоғамында билермен қатар батырлар институты да лайықты орнын тапты. Батырлар өз бастауын, біздіңше, адам баласының жер бетінде пайда болу кезеңінен алады. Өйткені қай заманда да елді бастайтын, қорғайтын тұлға керек. Осындай адамдар «ер», «батыр», «бахадүр» аталып, ерекшелене бастады. Көне түркі заманында батырлар институтының белгілері анық көрінеді. Білге қағанның мемлекет басшысы, әрі қолбасшы, Күлтегін қағанның  батыр, Тоныкөктің батыр, шешен, әрі данагөй ретінде сипатталып, бізге жетуі жоғарыдағы пікірді дәлелдей түседі. Ел алдына шыққан батырлар әскери қолбасшылық, жауынгерлік қызметпен қатар, дипломатиялық-бітімгершілік істерге араласты. Олар Ш.Уәлиханов жазғандай «батыр қазақтардағы рубасы, сұлтаннан кейінгі бірден-бір үлкен құрметті адамы, бұл ең беделді адам» ретінде мойындалды (Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч. Т.4, с.95). Батырлар әрбір рудың бірлігінің кепілі бола білді. Олардың бастауымен қазақтың соғыс өнері қалыптасты. XVII-XVIII ғасырларда ел тәуелсіздігіне қауіп төнген шақта Жалаңтөс бахадүрдің, Бөкенбай Қараұлының, Есет Көкіұлының, Жәнібек Шақшақұлының,  Бөгенбай Ақшаұлының (Қанжығалы Бөгенбай – Ә.М.), Қабанбай Қожағұлұлының, Райымбек Хангелдіұлының, Наурызбай Құттымбетұлының, Сырым Датұлының,  Абылай хан ерекше құрметтеген Малайсары мен Баянның, XIX ғасырдағы Жоламан Тіленшіұлының, Исатай-Махамбет, Кенесары-Наурызбай батырлардың аттары орыс мұрағаттарында хатталды. Қанды соғыстарға қатыса жүріп, қазақ батырлары билермен қатар дипломатиялық елшіліктерге де ат салысты. Мәселен, 1687 жылғы Тәуке ханның Тобылға  жіберген елшілігін Тәшім, Хұсырауұлы Қайып ханның 1713 жылғы Стамбулға елшілігін Сейітқұл,  Ресей патшасына елшілігін Арыстан, Таңтай, Әбілқайыр ханның Қазан губернаторына елшілігін Тайқоңыр, Орынборға Табын Бөкенбай, Шақшақ Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, 1746 жылғы парсы шахына  елшілігін Ақмырза, Әбілмәмбет ханның 1742 жылғы Жоңғар қонтайшысына елшілігін Малайсары, 1758 жылы Қытайға Қабанбай батырлар бастады. Кезінде Абылай хан: «Батырларымның ішінен Малайсары мен Баян батыр бәрінен де жоғары тұр. Малайсары байлығы, батырлығы, мінезі жағынан, ал Баян ақылы мен ержүректігі жағынан», - деп жоғары бағалаған болатын.   Батырлар қазақ-орыс, қазақ-қалмақ, қазақ-жоңғар, қазақ-қытай, қазақ-парсы, қазақ-ауған қарым-қатынасында ел мүддесін қорғады. Қазақтың Бас хандарының ішінде Жәңгірдің аты 1643-1644 жылдары 5 мыңдық Жоңғар қонтайшысына қарсы 600 сарбазбен күресте шықса, Әбілқайыр мен Абылайдың жоңғар батырларымен жекпе-жекте даңқы өрлеп, бахадүр атағын иеленді.   Батырлар институты түбінде қазақ жерін отарлаудағы басты кедергіге айналады. Сондықтан орыс патшасы XIX ғасырда хандар кеңесін дайындау туралы құжаттарда «батырлардың  пайда болмауы» туралы ерекше нұсқау берген-ді (Есмағамбетов К. Азат рухтың күрескері. -Алматы, 2003, 166-167 б.). XIX ғасырдағы қазақтарды билеу туралы орыс ережелерімен танысқан Х.Досмұхамедов: «Қазақтың о замандағы әлеуметшілігінің бір түрі ру еді, Рулықтан туған батырлар, билер еді. Үкімет руды жоюға, батырларды, билерді жоюға қам қылды», - деп орынды бағалаған-ды (Досмұхамедұлы Х. Аламан. -Алматы, 1991, 77 б.). Олар жаугершілік заманда ел қорғанына айналды.

Қазақ хандығының қалыптасып, дамуына халқымыздың көне заманнан бастау алатын діни сенім-нанымдарымен қатар мұсылман діні өзіндік ықпал жасады. Орталық Азияда мұсылман діні қабылданғаннан кейін  ел ішінде зор беделге ие болған сайдтар немесе сейіттер, қожалар ақ сүйектер қатарына енгізіледі. Қазақ даласында төрелер тәрізді эндогамиялық топты құраған олар сайд-қожалар аталады.  Мұрағат құжаттары Әбілқайыр хан жанында үш жүздің пірі саналған сайд Мұхаммед қожаның, Абылай ханмен Сарғалдақ,  Сырым батырмен «бүкіл қазақ жұртының пірі» Әбдіжәлел қожаның жүргенін дәлелдейді. Шоқанның әжесі Айғаным ханымның өзі Сарғалдақ қожаның қызы болатын.  Сарғалдақ қожа Бұхарада оқып, Абылай ханға Шығыс Қазақстаннан еріп келген. Орыс деректері оны Сарғалдақ Өтешов деп жазып қалдырған (КРО ІІ). Сайдтар өз бастауларын Мұхаммед пайғамбардың немере бауыры, қызы Фатиманың жолдасы, 4-ші халиф Әли б. Әли Талибтен (661 жылы қ.б.) алса, қожалар  Мұхаммед пайғамбардың төрт жолдасынан немесе Қазақстанға дін таратуға келген арабтардан тараған делінеді. И.И.Гродековтің анықтауынша, сейіттер, сайдтар «қожалар ішіндегі ең бетке ұстарлары». Қожалар Шыңғыс хан әулетінен тарайтын төрелер, Мұхаммед пайғамбардан тарайтын сайдтар дәрежесіне жетпегенімен, мұсылман дінін таратушылар ретінде зор құрметке бөленіп, төрелер мен сайдтарға берілген құқықтар мен артықшылықтарға ие болды. Орыс зерттеушісі А.И.Добросмыслов қожалардың ерекше жарты ай тәрізді таңбасы болғанын, кейде өз құжаттарын сұлтандар таңбасымен де бекіткенін атап өткен-ді (Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа, с.23,31).

Олардың әлеуметтік қызметі зекет жинау, дін тарату, оқыту, діни сенімдер мен дәстүрлерді, емдік шараларды жүзеге асырумен ерекшеленді. Дегенмен Орта Азиядағы өзге елдердегідей қожалар Қазақстанда арнайы мемлекеттік дәрежедегі қызмет атқармағанымен, мұрағат құжаттары олардың қоғамдық – саяси өмірде өзіндік рөл атқарғанын айғақтайды. 1719 жылы орыс патшасына Ф.Жилин арқылы жеткен Сопы Әзіз хатынан «Қазақ Ордасы хандары айтқанымнан шықпайды. Қазақ Ордасы мен Ресей арасында сауда бұрын жиі жүретін. Мұсылман көпестері қиналмай Ресей жеріне жететін. Енді сол баянды бейбітшілікті қалпына келтіріп, екі Орданың (бұл арада Қазақ елі мен Ресей мемлекеттері туралы айтылып отыр – Ә.М.) басын қайтадан қосу керек», - деген жолдарды оқуға болады. 1731 жылы маусымда сайд Мұхаммед қожаның Әбілқайыр атынан Уфаға, 1734 жылы Батыр сұлтан атынан Петербургке барғанын тарих біледі (КРО І, с.46). XIX ғасырдың 1 жартысында Арынғазы, Кенесары хандар да қалың көпшілікті өз төңірегіне жинақтауда мұсылман дінінің аталған өкілдеріне арқа сүйеді. Мұның өзі қожалардың саяси белсенділігі мен ел ішіндегі беделін айқындайды.

Қазақ қоғамындағы жоғарыдағыдай маңызды  басқару институттары жылда өтетін Халық кеңесі немесе Құрылтайда мемлекеттік мәселелерді шешуге жиналды.  «Жеті жарғыда» халық жиынының үш жүз баласына бірдей ыңғайлы жерде, күз айларында өтетіні нақтыланған. Халық жадында Мәртөбе, Күлтөбе, Қарақұм, Қарақорым, Ордабасы және өзге де жерлерде өткен жиындар сақталған. Мұрағатқа түскен жиындардың бірі 1710 жылы Арал теңізі маңындағы өткен Қарақұм кеңесі. Осы жерде 1803 жылы болған Я.Гавердовский ел аузынан кеңестің жоңғарларға қарсы күресте үш жүздің жиналып, табын Бөкенбай батыр ұсынысымен ортақ шешім қабылданғанын жазып алады. Мұндай маңызды мәселелер талқыланған кеңестер 1730, 1733, 1736 жылдары да ұйымдастырылып, негізінен қазақ-орыс қарым-қатынасын талқыға салады. Кейін 1752 жылы үш жүздің игі-жақсылары Ұлытауда жиналып, қазақ-жоңғар мәселесін саралаған. Араға уақыт сала қытайлықтар да: «Олардың ел өмірінде болып жататын күрделі мәселелерді шешу үшін дәйім бас қосып, түрлі жиналыстар өткізіп отыратын жерінің аты Есіл деп аталады», - деп толықтыра түседі(Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. І т., 211 б.). Үш жүз қазағының орталығы Түркістан қаласында да талай жиындар өткен. Соның мұрағатқа түскендерінің бірі Абылай ханның Бас хан сайланған жиыны. Ол турасында ханның өзі орыс үкіметіне: «Менің аталас туыстарым Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар дүниеден өтті. Олардың ізін басқан маған хандық кезек келді. Олар қайтыс болғаннан кейін қазақтың үш Жүзі – Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің хандары мен сұлтандары, Ташкент пен Түркістан аймағының үлкен-кішісі тілек қосып, 1771 жылы Түркістан қаласында... мені үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді», - деп хабарлайды (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы (Құраст., З.С.Тайшыбай), 424 б.).

Құрылтай шешетін басты мәселенің бірі Қазақ хандығындағы Бас ханды сайлау болатын. Бас хан елдің атынан сөйлейтін, ортақ мемлекеттік басқаруды жүзеге асырған Елбасы болды. Ол Халық кеңесі берген құзырет бойынша мемлекет алдындағы маңызды мәселелерді мемлекетті қорғауды ұйымдастырды,  оның ішкі-сыртқы саясатын анықтады, дипломатиялық қатынастарды дамытты, жоғары сот билігін  орнатты. Бас хандар билігі Абылай ханның қайтыс болуымен дағдарысқа ұшырады деуімізге болады. Содан 1781 жылдан бастап біртұтас Қазақ хандығының  іргесі сөгіле бастады, қазақ жүздері арасындағы қалыпты жүйе бұзылды, тұтастай Ресейдің отарлау аумағына алынды. Бұл арада бүгінге дейін тарих ғылымында орыс зерттеушілері қалыптастырған 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң біртұтас Қазақ хандығы жік-жікке бөлінді деген тұжырымын қайта қарайтын уақыт жеткенін атап өтемін.

Қазақ хандығы құрылған күннен бастап ұлы далада қалыптасқан дәстүрлі хандық басқару жүйесімен үйлесімін тапты. Қытайлықтар «Олардың билеушілері «Хан» деп аталады. Жекеленген руларды хан тұқымынан тараған «сұлтандар» басқарады» (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. І т., 211 б.) десе, 1759 жылы А.И.Тевкелев пен П.И.Рычковтар қазақтарда «хан мұрагерлік тәртіппен сайланбайды. Ру басылары кімді таңдаса, сол хан болады, оның билігі мен абыройы хан тағына байланысты емес, ел ісін атқара алатын ширақтығы мен ақылына байланысты. Әбілқайыр қырдағы белгілі хандардың тұқымынан емес, тек жас кезінде ерлік құрып, топ бастап, көсемдік көрсетіп ел тізгініне ие болып хан сайланған», - деп толықтыра түседі. Орыс шенеуніктері қазақтарда екі-үш хан болатынын да, дегенмен елдің қай уақытта да олардың ішінен көпшілік үшін қызмет ететін ханға бағынатынын да атап өтеді (КРО І, с.579-580).  Орынбор саясаткерлерінің бұл арада «көпшілік үшін қызмет ететін хан» дегенінің өзі барша қазақтың мойындаған Бас немесе Аға ханы емес пе?! 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай хан Омбы әкімшілігіне жолдаған хатында қазақты басқарған Бас хандар туралы толық жазып, «менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын» деп хабарлаған болатын (РИССМ 122 қ., 122/2 т., 1766-1769, 18 іс, 189 п.). Әрине, тізімде Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңіндегі Керей, Қасым, Тәуекел хандар аталмағанымен олардың тарихымыздағы сіңірген еңбектері халқымыз жадында толыққанды хатталған. Біз үшін осы деректің маңыздылығы алғаш рет Бас хандардың ретімен тізбектеліп, оның Абылай хан атынан жазылуы дер едік. Яғни тарихымызда Бас хандармен қатар оларға бағынған кіші хандардың болғаны анық. Бір ғана XVIII ғасырдағы аты тарихта қалған Ұлы жүздегі Жолбарыс хан, Орта жүздегі Сәмеке хан, Күшік хан (Көшек деп те жазылады –Ә.М.), Кіші жүздегі Нұралы хан, Батыр хан, Қайып хан және өзге де хандар сөз жоқ Бас ханға бағынған. Қытай мұрағатынан табылған Қайып, Батыр, Нұралы хандар хатын жариялап саралаған Бақыт Еженханұлы: «Билеушілердің данышпандығы мен патриоттығына тиісті бағасын беруіміз керек. Олардың дипломатиялық жолдау хаттары «біз, қазақ билеушілері өз бастауымызды Шыңғыс ханнан аламыз»; «қазақ халқы үш жүзге бөлінгеніне қарамастан, біз барлық қуаныш пен қиындықты бірге бөлісеміз» деген жалғыз ғана жоғары идеямен суғарылған еді.  Хандар мен сұлтандар өз күштерінің бір ғана нәрседе – қазақ елінің бірлігінде екенін өте жақсы түсінді»,-деген пікірлер біздің мемлекеттік түсінігімізді сөзсіз кеңейте түседі. Бұл хаттар, тағы да ескертемін, 1762 жылдары жазылды. Мұның өзі тарихтағы санамызға сіңірілген «1731 жылы қазақ орыс боданы болды» деген пікірді жаңаша саралауға шығарады. Қазақ халқы қалыптасқан қиын заманда елді сақтаудың жолдарын іздестіру үстінде болды. Оның соңы үзілмеген ұлт-азаттық қозғалыстарға ұласты.

Бас хан  жүздерді хандар, рулардың жиынтығы - арыстарды сұлтандар арқылы басқарды. 1762 жылғы Қытай патшасына жолдаған хатында Кіші жүз ханы  Нұралы: «Қазақтарда үш жүз және оларды басқаратын үш хан бар. Біз Әбілпейіз сұлтан арқылы оның және Әбілмәмбет, Абылай хандардың Сіздермен өзара сенімге құрылған қарым-қатынасын естідік. Біз, Нұралы хан, Ерәлі, Досалы, Қарағай (Әбілқайыр ханның баласы. Зерттеушілер оны Қаратай деп атап жүр – Ә.М.) сұлтандар Кіші жүзді басқарамыз. Біз үш жүзге бөлінсек те жауға қарсы соғыста болсын, бейбіт өмірде болсын әрқашан да біргеміз. Сондықтан біз де, өзге жүздердей Сіздермен қарым-қатынасымызды бекіткіміз келеді»,- деп елшілерін жіберген. Мұндай елшілікті Кіші жүздегі Батыр, Қайып хандар да ұйымдастырып, қазақ билеушілері арасында «Шыңғыс заманынан бері ешқандай ішкі талас-тартыс жоқтығын» алға тартып, өзара байланыс жасауды ұсынады (Еженханулы Б. Записки цяньлунского чиновника // Казахстанская правда. -2013. 17 мая). Кіші жүз билеушілері хаттарынан байқағанымыздай олардың қай-қайсысы да Әбілпейіз сұлтан арқылы Әбілмәмбет пен Абылай хандардың сыртқы саясатын қолдайтынын және үнемі олармен хабардар болып отырғанын аңғартады.

Хандық билік елді басқаруда сұлтандар институтын қалыптастырады. Әбілқайыр хан заманында Нұралы сұлтан 12 ата Байұлын, Айшуақ сұлтан Бөкенбай, Есет батырлармен бірге Жетіруды, Батыр, Қайып сұлтандар Әлімұлын,  Ерәлі сұлтан керей руын, Абылай, Барақ және өзге де сұлтандардың қазақ руларының үлкен бірлестігін басқарғаны белгілі. Олардың барлығы қажетті жағдайда бір орталыққа жиналады. Мәселен, 1742 жылғы қазақ-қалмақ келіссөзіне Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, Күшік хан, Барақ және өзге де сұлтандар, би-батырлар қатысқан (КРО І, с. 201). Біздіңше, сұлтандар төре тұқымы ретінде хан сеніміне ие болып, елдегі қазақ руларымен байланысын орнықтырып, әкімшілік басқаруды жүзеге асырған. Хан-сұлтандардың ұрандары «арқар» болса, ал тулары бөлек-бөлек болатын. Мәселен, Әбілмәмбет хан ұрпақтары қызыл ту, Күшік, Барақ сұлтандарда ақ ту, Абылай ханда көк немесе ала ту болған.

Хан маңында арнайы тапсырма орындаушы жасауылдар институты жұмыс жасады. Моңғол заманында «жасауыл – моңғол әскер тәртібін бақылаушы, соғыста түскен олжаны есепке алып, билеуші адам» дегенді білдірген. 1736 жылы Әбілқайыр ханда болған Дж.Кэстль Қалыбек жасауылды адьютантқа теңеп, «сөзі пруссиялықтардың ежелден келе жатқан өлшеміне лайық әскер тәртібіне сай қысқа болса, дене бітімі жағынан сол қайран заманның нағыз үлгісі еді; бүкіл тыртиған бойы сүйек пен тері; тартылған терісі аузын жабуға жетпей, тістері ырсиып тұратын, епті және шапшаң қимылды жасауыл», - деп сипаттайды. Тарихта Әбілқайыр жанында болған Алыбай, Киікбай және Жәнібек батыр тапсырмасын орындаған Қайып, 1736-1740 жылдары Орта жүзден Башқортастанға жіберілген 40 жасауыл белгілі. Олар елшілік қатарына да қосылған. Ол турасында тарихшы А.Сабырханов 1789 жылы Петербургке елшілікке жіберілген Егізғали сұлтанмен бірге аттанған жасауылды жаза отыра, «бұрын елшілік материалдарында кездеспеген «жасауыл» термині бұл жерде бірінші рет ұшырап отыр. Олардың әлеуметтік орнын анықтау қиын», - деген-ді (Сабырханов А. Ұлы бетбұрыс, 157 б.). Жасауылдар лауазымын Сырым батыр, Арынғазы хан, Жәңгір хан, Кенесары хан да пайдаланып, оларға сенімді адамдарын бекіткен-ді. XIX ғасырдың бірінші ширегінде Арынғазы хан қазақ руларының бытыраңқылығын жойып, әр рубасыларының билігін шектеп бір орталыққа жинақтау үшін жасауылдар лауазымын қайта енгізген болатын. Хан оларға жалақы төлеп отырған. Атақты Е.Бекмаханов Кенесары ханға арнаған монографиясында «Жасауыл қырған» дастанын пайдаланып, Наурызбай батырдың 90 жасауылының 1844 жылы қырылғанын атап өтеді. Мұның өзі жасауылдардың ханның ерекше тапсырмаларын орындаушы ғана емес, сонымен бірге салық жинаушылар қызметін атқарғанын айғақтайды.

Хандық басқару жүйесінде төлеңгіттер институты да өз орнын тапты. Қазақ қоғамында төлеңгіттердің пайда болуы туралы ғылымда біржақты көзқарас жоқ. Шығыстанушы В.Радлов, Н.Аристовтар «төлеңгіт» сөзінің этимологиясын негізінен тұтқынға түскен немесе тағдыр тәлкегінен қазақ жеріне өткен алтай халықтарының телес, телеуіт тайпаларымен байланыстырып «телеуіт» сөзінен іздесе,  Бөкей ордасы ханы Жәңгір: «Төлеңгіттер ерте заманда құлға айналдырылған және ақсүйектерге қызмет етуді білген адамдардың ұрпақтары», - деп түсіндіреді (ҚРОМА 4 қ., 1 т., 1587 іс, 4 п.). Қалай болғанда да  төлеңгіттер қазақ даласына қоныс аударған немесе көшіп келгендерден, қолға түскендерден және ел ішінен қосылғандардан құралды. Қ.Халид: «Кім болса да төреге ерген «төлеңгіт» аталады. Бірақ «төлеңгіт» не деген сөз екенін дәл біле алмадым», - деп мойындаса (Халид Қ. Тауарих Хамса, 174 б.), Ш.Құдайбердіұлы: «Орыс зерттеушілері оларды Алтайдағы Толет (Тулет) өзені маңындағы  қалмақтардан, ал қазақтар арғын руының атасы Орта жүз – Дайырқожаның құлдарынан таратады. Яғни, олар - қазақ-қалмақ соғысынан қолға түскен тұтқындар. Әбілғазы да төлеңгіттерді  ойрат-қалмақтар, хан төлеңгіттері деп есептейді. Хан төлеңгіттері нағыз төлеңгіттер емес, олар ханның нөкерлері», - деген қорытынды жасайды (Кудайбердыулы Ш. Родословная тюрков... , с.75-76). Олар Қазақ хандығындағы жаңа әлеуметтік топты құрап, төре тұқымдарының төңірегіне топтасты, хандар мен сұлтандардың айрықша сеніміне ие болды. Төлеңгіттер хандық саяси билікті нығайтудың ерекше құралы ретінде  хан-сұлтандардың арнайы жасақтары, әскері, сенімді өкілі қызметін атқарды, кей жағдайда елшілік құрамына да қосылды. Әбілқайыр ханның, кейін Нұралы ханның төлеңгіті, «хан сарайының қызметшісі» болған Байбекті көрген Дж. Кэстль оның міндеті хан тапсырмасын орындау екендігін атап өтеді.  Ағылшын суретшісі: «Қарақұрым халықтың көзінше Байбек пен тағы бір кісі екеуі екі жақтан қолтықтап, жетелеп мені ханға алып кетті» деп сипаттаған-ды (Кэстль Джон 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы, 20 б.). Хан - сұлтандар сеніміне әбден енген Байбек кейін аталық деңгейіне жеткен. Аталық– хан ордасында тақ мұрагеріне әскери тәрбие беретін және оқытатын жоғары мәртебелі адам саналды. Ол өзі тәрбиелеген ханзада билікке жеткен соң, оның кеңесшісі қызметін атқарған. Қ.Халидтің мәліметіне қарағанда, оның билік құзыры қатардағы уәзірден жоғары болған. Демек, аталық ханның аса ықпалды жақын кеңесшілерінің бірі болса керек. Тарихшы М.П.Вяткин XVIII ғасырдағы қазақтармен жақсы таныс П.И.Рычковтың «кінәлі адамдарды жазалайтын хан жанындағы ерекше қызметкерлерді төлеңгіт деп атайды» деп анықтағанын жаза отырып, төлеңгіттердің барлығы бірдей қазақ болмағанын ескертеді. Ғалым төленгіттер өз бастауы тарихында моңғолдардың нөкерлер институтына ұқсас болды және билеушілерге өте жақын адамдарды құрады деген тоқтамға келеді. Сонымен бірге  XIX ғасырдың 30-шы жылдарында төлеңгіттер жағдайының терең өзгеріске ұшырағанын атап өтеді. Төлеңгіттер туралы анық деректі 1762 жылы Орынбор губернаторы генерал-майор А.Р.Давыдовқа жолданған хаттан табамыз. Хатта Абылай хан: «Мен өз төлеңгіттерімді қазақтардан кем көрмеймін, себебі олар менің басыбайлы жалшыларым емес. Оларды жақсы көргендіктен өз қасымда ұстаймын, бірге көшіп жүремін», - деп жазған-ды (Вяткин М.П. Политический кризис...,  с.8-10].

XVIII ғасырда Ресей, Цин патшалығы қазақтардың дәстүрлі басқару жүйесіне ықпал жасауға күш сала бастады.  Олар қазақтар арасына жік салып, өз қолдаушыларын көбейту мақсатында атақ-лауазымдарын өз грамоталарымен таратуды қолға алады.

Алдымен осы ғасырдың екінші ширегінде Қазақ хандығында тархандар институты Ресей саясатымен қайта енгізіледі. Бұл кезеңде Ресей империясы орта ғасырларда қазақтар арасында көп байқала қоймаған, бірақ түркі жұртына жат емес құрметті атақты өз мүддесіне пайдалануды көздеп, башқұрттарды отарлауда пайдаланған «тархандық атақты үлестіру» тәжірибесін қолға алады. Тархандық тарихын арнайы зерттеген башқұрт тарихшысы А.З.Асфандияров  тархандықтың скиф, иран, түркі, монғол, бұлғар, Алтын Орда, башқұрттарға ортақтығын дәлелдеді (Асфандиаров А.З. Башкирские тарханы, с.17]. Түркілер заманында тархандар сарай қызметкелері санатына еніп, салық жинаушы, кейін өзі де салық төлеуден босатылып, елдегі беделді әлеуметтік топтар қатарына енеді. Әбілғазы  Шыңғыс ханның тархандықты ең сенімді адамдарына бергенін алға тартып, «тарханның мәнісі мынада. Бұл атақты алған кісіден ешбір алым-салық алынбайды, ханға кіргісі келсе, есікте оны ешкім тексермейді, өзі кіріп, өзі шығады. Егер ол кісі кінәлі іс жасаса, тоғызға шейін кешіріледі, тоғыздан кейін ғана сұралады. Бұл артықшылық одан тараған тоғыз ұрпаққа дейін сақталады» деп анықтаған-ды (Әбілғазы. Түрік шежіресі. -42-43 б.). Осындай ерекшелікті қолдан жасаудың империя үшін тиімділігін ескерген Орынбор экспедициясының 1734-1737 жылдардағы басшысы И.К.Кирилов  қазақ батырларын Ресей саясатына тарту мақсатында тархан тағайындау қажеттігін көтеріп, одан үкімет қазынасына салмақ түспейтінін патшаға хабарлаған болатын (Добросмыслов А.И. Материалы по истории России. Т.1, с.21). Орыс тарапынан тархан атағы Жәнібек батырға 1742 жылы 30 тамызда, Есет Көкіұлына 1743 жылы 3 шілдеде беріледі. Мұндай өзгерісті байқаған Жоңғар қонтайшысы да өздеріне елшілікке келген Малайсарыға 1743 жылы тархандық атақ береді. Тархандардың құқықтары туралы Ішкі орданы басқару жөніндегі уақытша Кеңес: «Олар егер қолдарында ханның грамоталары болса, сұлтандармен және қожалармен қатар тек алым-салықтарды төлеуден ғана босатылады, басқа артықшылықтары жоқ»,- деп анықтаған болатын (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында, 103 б.]. Қазақ тархандары патша үкіметі тарапынан тек қана алым-салықтан босатылған жеңілдік қана алды, башқұрт тархандарындай әскери қызмет атқармады, патша үкіметінің қызметіндегі адамдары  санатына кірмеді. Атақтың әскери шенмен ешқандай қатысы болмады.

XVIII ғасырдың екінші жартысында Цин патшалығы сұлтандарға гүң, динлин, тайжі атақ-лауазымдарын таратқан. Ол турасында тарихшы Б.Еженханұлы: «Расында, Цин императоры әу баста қазақтардың ісіне араласпауды жөн көрген. Цяньлунның орда естелігі «Цин Гаозун шилуге» және сол кездегі Цин патшалық мұрағат құжаттарына қарағанда, Цяньлун өзінің Абылай хан сынды қазақ көсемдеріне жіберген хатында қазақтарға: [билеушілерінің] киімдерін өзгертпеймін, лауазым-титул тағайындамаймын, алым-салық алмаймын», [Цин патшалығына бағынған Моңғол сияқты елдерге жүргізген] «чжасакэ» билік жүйесін жүргізбеймін», «өздерінің бұрынғы әдет-ғұрыптарыңды тұтып өмір сүре беріңдер» деген саясат жүргізгендігін және Қазақ елін «патша құзырынан тыс, шалғайдағы ел» деп қарайтындығын мәлімдеген. Алайда, Жоңғарияның тыныштануына байланысты Цин патшалығы бұл саясатын әрі қарай жалғастырмаған. Көп ұзамай-ақ олар Абылай, Әбілмәмбет сияқты қазақ тұлғаларының елшілері мен ұрпақтарына сыйлық ретінде құр лауазым-атақтар мен торғын-торқа беру арқылы қазақтарды өздеріне тартып, өздерінің билік жүйесіне бірте-бірте бойларын үйрете бастаған. Цяньлун жылнамасының 25-жылғы 5-айының «гэң у» күнгі (1760 жылғы шілде айының 9-жұлдызындағы) орда естелігінде («Шилу»-да) Цяньлунның Әбілмәмбет, Абылай және Әбілпейіз, Ханбаба қатарлы қазақ билеушілеріне жазған бір хаты сақталған. Онда аталмыш қазақ билеушілерінің жер мәселесі, сауда мәселесі және шекара дау-дамайына қатысты талаптарына жауап берумен қоса, Цин патшасы Цяньлун өзінің бұрынырақ айтқан «[билеушілерінің] киімдерін өзгертпеймін, лауазым-титул тағайындамаймын» деген сөзін ұмытып, қазақ елшілеріне торғын-торқа, күміс ақша және басқа бұйымдарымен қоса цин шенеуніктерінің киетін арнаулы киім-кешектерін және олардың лауазымдарын белгілейтін «хуалин», «чжаожу» сияқты әшекей бұйымдарды сыйлаған. Цин патшалық қытай деректемесі – «Синьцзян шилюенің» «Қазақ шежіресі» атты тараушасында берілген мағұлматтарға сүйенсек, цин патшасы Цяньлун «асыл тас тағылған, қос көзді хуалин» әшекей белгісін 1768 жылы елші болып Пекинге барып, өзімен кездескен Әбілпейіздің екінші ұлы Жошыға, 1769 жылы елші болып барған Абылайдың ұлы Уәли сұлтанға беріп үлгерген. Ал қазақтың ақсүйектері болса, не өздерінің елдегі билік орнын нығайту мақсатында, не басқалармен бәсекелесу мақсатында Цин патшалығынан өздерін «хан» деп мойындаған грамотасын сұраған. Олардың кейбіреулері «хан» лауазымына ие бола алмаса да, сол Цин патшалығының «ван», «гун» деген құр атақтарын алуға тырысқан» - деп орынды атап өтеді. Мұның барлығы сайып келгенде қазақтың дәстүрлі басқару жүйесін іштен ыдырату мақсатынан туындаған айла-шарғылар екені даусыз. Дегенмен ғалымдар қытайлық атақтардың іс жүзінде Қазақ хандығының ішкі иерархиясына ешқандай ықпалы болмағанын жаза келе, ел билеушілері өздерін әрдайым дәстүрлі биліктегі атақтарымен атағанын ескертеді. Мәселен, Әбілпейіз Цин патшасына жолдаған хаттарында оларға жақынырақ болу үшін өзін «Әбілпейіз ван» деп атағанымен, хат соңында ресми түрде «Әбілпейіз баһадүр сұлтан» деп атаған (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ т., 15-16 б.).

Қорыта келгенде, қазақ халқының елдігін сақтауда халқымыздың дәстүрлі басқару жүйесі  замана сынынан өтті. Өз тарихын ежелден алатын төменнен жоғарыға қарай басқару жүйесін қалыптастырған ақсақалдар, билер, батырлар, жасауылдар, төлеңгіттер, сұлтандар институттары еліміздің іргесінің сақталуына қызмет жасады. Олардың барлығы тұтастай Қазақ хандығының дәстүрлі басқару құрылымын құрады. Дегенмен Ресейдің отарлау заманында өз саясатына басты кедергі болған басқару  институттары түбегейлі өзгеріске ұшырап, орыстық жүйемен ауыстырылды. Араға уақыт сала күштеп  жойылып, тарих қойнауына кетті.

Әбілсейіт Мұқтар тарих ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385